5.Өзін-өзі тексеретін сұрақтар:
Есімдік қандай сөз таптарының орнына жүреді№
Мағыналық жақтан нешеге бөлінеді?
Тұлғалық ерекшеліктері туралы не білесің?
6.Пайдаланатын әдебиеттер
1. Қазақ тілінің грамматикасы . - Астана, 2002.
2. Ысқақов А . Қазіргі қазақ тілі. - А., 1991.
3. Қалыбаева А . Оралбаева Н . Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі . - А, 1986.
4. Аханов К . Грамматика теориясының негіздері. - А ., 1996.
5. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. - А., 2007.
6. Оразбаева Ф.Ш., Сағидолда Г., Қасым Б., Қобыланова А және т.б. Қазіргі қазақ тілі. - А., 2005.
7. Маманов Ы.Е . Қазіргі қазақ тілі. - А., 1966.
8. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. - А.,1998.
9. Төлеуов Ә . Сөз таптары . - А., 2002.
10. Кузнецов П . Ц . О принципах изучения грамматики М . 1961г. стр 25.
11. Қазақ тілі энциклопедия. – А., 1998.
12. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. –А., 1992.
13. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – А., 1956, 1993.
14. Жұбанов Қ. Қазақ тілінің жоғарғы курсы. – А., 1999.
15. Сауранбаев Н.Т. Қазақ тілі. Педучилищелерге арналған. - А., 1953.
16. Исаев С. Етістіктің грамматикалық сипаты.- А., 1997.
17. Төлеуов Ә. Қазақ тіліндегі зат есім категориясы. - А., 1971.
18. Фердинанд де Соссюр. Курс общей лингвистики. - М.,1933.
19. Сарыбаев Ш.Х. Табыс жалғаудың тасалануы. –Халық мұғалімі. - 194О.№3.
20. Төлеуов Ә. Кейбір көрсеткіштердің тасалануы, тасаланбауы. Қазақстан мұғалімі. 1960. 7 январь, № 2.
11.Тақырыбы: Есімдік.
2.Қарастырылатын сұрақтар:
Есімдіктің түрлері.
Есімдіктің түрлері, айырмашылықтары.
Есімдіктерің синтаксистік қызметі
3.Дәрістің мақсаты: Сұрау есімдіктерінің басын қосып біріктіріп тұратын негізгі белгі- олардың сұраулық мәні сұрау қалпында қолданылуы. Енді сұрау есімдіктерінің синтаксистік қызметі туралы бірер сөз. Сұрау есімдіктері негізінен сөйлем ішінде сұрау мағынасын тудыру мақсатында жұмсалады. Бұл баланы қалай оқытуым керек? Кейде сұрау есімдігі сөйлемде қосарланып та айтылады. Мұндай қолданыста сұрау мағынасынан гөрі саралау, жекелеу мәні басым болады. Үйге кім келді? Қайсың келдің?
Сөйлемнің мағыналық ерекшелігіне қарай және қолдану өзгешелігіне сәйкес сұрау есімдіктері кейде сұрау мәнін бермейтін кездер де болады. Мысалы: Ырысты, еркің, азат елім қандай,
Кең байтақ, кең дәулетті жерім қандай.
Осы сөйлемдегі қандай сөзі сұрау мағынасын емес, адамның көңіл- күйін білдіріп, экспрессивтік мағына беріп тұр.
4. Дәріс мазмұны: Сұрау есімдіктері заттың атын, санын, сапасын, мекенін, мезгілін және т.б. қасиеттерін білу мақсатында айтылады. Оларға мынадай сөздер жатады: кім, не, неше, қанша, қалай, қандай т.б.
Бұл аталған есімдіктер басқа да сұрау есімдіктері қатарына жататын сөздер бар. Алайда, олар белгілі бір жолдар бойынша жоғарыда көрсетілген есімдіктерден қалыптасқан. Мысалы: нешеу, нешінші есімдіктері есімдік формасына сан есімнің қосымшалары жалғану арқылы қалыптасқан.
Қайсы, қайдан есімдіктері қай сөзінен туындаған. Қайсы есімдігіндегі -сы көрсеткіші қазір өзінің мәнін жоғалтқан тәуелдік жалғауының III жағы болса керек. Қайсы формасына қазіргі қазақ тілінде тәуелдік жалғауы жалғана бараді.
Қайдан, қайда сұрау есімдіктерінің құрамында шығыс және жатыс септіктерінің қосымшалары кездеседі.Қазақ тілінде қай есімдігіне басқа сөздердің қосымшалары жалғанбайды. Мұндай ерекшелік көптеген түркі тілдерінде кездеседі.Қанша есімдігінің құрамы қан және ша формаларының қосындысы негізінде қалыптасқан.Соңғысы үстеудің жұрнағы деп айтылып жүр. Ал қандай есімдігі қан сөзі мен -дай жұрнағының бірігуі арқылы жасалған.Қалай есімдігінің құрамында -лай жұрнағы бар. Мысалы: осы- лай, сол-ай деген есімдіктерімен салыстырып қарауға болады.Ал қашан есімдігінің этимологиясы туралы тюркологтар қызықты пікір айтады.Академик А.Серебренников «Түркі тілдердің салыстырмалы- тарихи грамматикасында» әзірбайжан тілінде осы есімдік қай-шақ деген мағыналы екі сөздің қосындысы деп есептейді. Бұл тұжырымқазақ тіліне де бөтен емес.
Осы пікірлерді ескере отырып, біз мынадай тұжырым жасай аламыз. Қай, қайсы, қайдан, қалай, қашан есімдіктерінің о бастағы төркіні бір болуы керек, яғни қай, қан, қа сөздері.
Кім, не, қайсы, нешеу секілді сұрау есімдіктері септеліп те, тәуелденіп та, жіктеліп та қолдана береді. Қайсы есімдігі тәуелденіп барып септеледі.Қашан есімдігі тек атау, барыс, жатыс, шығыс септік формаларында келе алады.
Сұрау есімдігінің септелу үлгісі.
А. кім, не, неше, қай, қайсы, қанша, қашан.
І. кімнің, ненің, неменің, қайсының.
Б. кімге, неге, неменеге, нешеге, өайсыған, қаншаға, қашанға.
Т. кімді,нені, неменені, қайсыны.
Ж. кімде,неде, неменеде, нешеде,қайда, қайсыда,қаншада.
Ш. кімнен, неден, неменеден, нешеден, қайдан, қайсыдан,қашаннан, қаншадан.
К. кіммен, немен, неменемен.
Тәуелдік жалғауы сұрау есімдіктерінің бәріне бірдей жалғана бермейді. Қай, қашан, неше, қалай есімдіктері мүлде тәуелденбейді. Ал қандай есімдігі тек III жақта ғана тәуелденеді.
Кейбір сұрау есімдіктері жіктеледі. Сондай-ақ барлық сұрау есімдіктері де көптік жалғауын қабылдап, түрлене алмайды. Тек кім, не, неше, қандай есімдіктері көптеле алады. Қазіргі қазақ тілінде қані деген сұрау есімдігі бар. Мысалы: Менсіз барып бітірген ісің қані. Осы есімдік әні, міне сілтеу есімдігімен ыңғайлас келеді.
Яғни, сұрау есімдіктерінің басын қосып біріктіретін, бәріне бірдей ортақ грамматикалық белгі болмайды. Олар тек белгілі бір формалар мен қызметтер арқылы бірігеді.
Сұрау есімдіктерінің басын қосып біріктіріп тұратын негізгі белгі- олардың сұраулық мәні сұрау қалпында қолданылуы. Енді сұрау есімдіктерінің синтаксистік қызметі туралы бірер сөз. Сұрау есімдіктері негізінен сөйлем ішінде сұрау мағынасын тудыру мақсатында жұмсалады. Бұл баланы қалай оқытуым керек? Кейде сұрау есімдігі сөйлемде қосарланып та айтылады. Мұндай қолданыста сұрау мағынасынан гөрі саралау, жекелеу мәні басым болады. Үйге кім келді? Қайсың келдің?
Сөйлемнің мағыналық ерекшелігіне қарай және қолдану өзгешелігіне сәйкес сұрау есімдіктері кейде сұрау мәнін бермейтін кездер де болады. Мысалы: Ырысты, еркің, азат елім қандай,
Кең байтақ, кең дәулетті жерім қандай.
Осы сөйлемдегі қандай сөзі сұрау мағынасын емес, адамның көңіл- күйін білдіріп, экспрессивтік мағына беріп тұр.
Сұрау есімдіктері өзінің сұрау мағынасынан алшақтап, контексте айтылатын қызметіне қарай, заттар мен құбылыстар, амал, мекен, мезгіл ұғымдары дәрежесінде қолданылатын кездері де болады. Ондай қолданыста сұрау есімдіктері өзіне жауапты керек етпейді, ол жауап сұрау есімдігінің өз бойынан жалпылама түрде сезілетін заттық және белгілік, мекендік не мезгілдік мағыналарының аңғарылуы арқылы беріледі. Мысалы: Қызыққан кісің кім, оны мына Жиренше танытты. Құдіретімді кім қостаса, досым, жаным сол. Осы сөйлемдерде сұрау есімдіктері сұрау мағынасын емес, қатыстық мағынаны беріп тұр. Есімдіктердің бұлай қолдануы әсіресе, құрмалас сөйлемдер жүйесіне тән. Соның ішінде шартты бағыңыңқылы сабақтас құрмалас сөйлемнің жасалуында мол кездесіп отырады.
Сөйлем ішіндегі орны жағынан сұрау есімдіктері тікелей баяндауышқа тете тұрады, себебі, білуді мақсат етіп, сұрау қойған кісі сұраулы сөзге жауап беруші адамның назарын аударады. Сұрау есімдіктері көптеліп те, септеліп те, тәуелденіп те , жіктеліп те / барлығы болмағанмен/ қолданылатын болғандықтан, олар сөйлемнің барлық мүшесі қызметін атқарады.
Өздік есімдігі.
Қазіргі қазақ тілінде есімдіктердің бұл түріне бір ғана өз сөзі жатады. Өз сөзі көбіне өзім, өзің, өзі, өзіңіз, формасында тәуелденіп қолданылады. Өздік есімдіктері обьектіні не субьектіні өзге субстанциялар мен құбылыстардан бөліп алып кқрсетуші сөздер болып есептеледі.Мысалы:
Кісіге өзім қатар бас ұрмаймын,
Өзім ақын, өзім сал кімге зармын...
Осындағы өзім есімдігі сөз иесі Біржанды өзге субстанциялардан бөліп алып көрсетіп тұр.
Өздік есімдігінің құрамында қолданылатын тәуелдік жалғаулары кейде түсіріліп те айтыла береді. Мысалы: Өз үйім, өлең төсегім.
Өздік есімдігінің тәуелденуінің екі түрлі ерекшелігі бар:
а) Жіктік есімдіктері қатар келіп те, қатар келмей де қолданыла береді. Қатар келгенде өздік есімдіктері тәуелдік жалғауының қай жағында тұрса, жіктеу есімдіктері де сол жағында тұрып қолданылады: өзім- мен өзім, өзің- сен өзің, өзіңіз- сіз өзіңіз т.б.
ә) Егер тәуелділік жалғаулы өздік есімдігі сөйлемде бастауыш қызметін атқарса, онда баяндауыш жіктік жалғауын қабылдап, жақ жағынан қиысады. Тәуелденген зат есімде мұндай қасиет болмайды. Мысалы:
Өзім оқыдым Балам оқыды
Өзің оқыдың Балаң оқыды
Өзіңіз оқыдыңыз Балаңыз оқыды
Өзі оқыды Баласы оқыды
Өздік есімдіктері тәуелденіп барып септеледі. Септелу формасында байқалатын ерекшелік жоқ. Өздік есімдігі тәуелдеулі зат есімше септеледі.
Өздік есімдіктеріне әр түрлі сөз тудырушы қосымшалар қосылу арқылы, сөздердің бірігіп және қосарланып айтылуы арқылы қазіргі қазақ тілінде біраз жаңа сөздер де пайда болған. Ол сөздерді топқа бөліп қарастырамыз:
1. Морфологиялық тәсіл арқылы қалыптасқан сөздер. Өздік есімдіктеріне -шыл, -шіл, -дік, -ке қосымшаларын жалғау арқылы туынды сын есімдер пайда болады. Мысалы: өзім- шіл, өзің- дей т.б. -ше, -дігінен қосымшасы жалғанған кезде үстеу жасалады: өзінше, өздігінен. -сін жұрнағы жалғанып туынды етістік қалыптасады.
2 . Синтаксистік тәсіл арқылы. Өзді- өзі, өзіне- өзі, өзін- өзі сияқты қосарланып айтылу нәтижесінде туынды үстеу қалыптасады.
Белгісіздік есімдіктері.
Есімдіктердің бұл түрі заттар мен құбылыстарды және олардың сапа белгілірін, санын, мекен, амал тағы басқалары анық етіп, ашып айтпай көмескі түрде көрсетіп, белгісіз етіп айтады.
Белгісіздік есімдіктерінің пайда болуында үш сөздің маңызы ерекше. Ол сөздер белгісіздік есімдігінің жасалуына негіз болады. Ол сөздер : бір, әр, әлде. Белгісіздік есімдіктері осы сөздердің басқа есімдіктермен бірігуі нәтижесінде пайда болады. Сонымен белгісіздік есімдіктерінің қатарына мына сөздер енеді: біреу, кейбіреу, әрбір, әрне, әлдекім, әрқайсы т.б.
Белгісіздік есімдіктері шығу төркіні, жасалу жолы жағынан екі салаға бөлінеді.
1.Олар - кейбір сөздердің негізгі лексикалық мағынасынан алшақтай келе, белгісіз мағыналарға ие болып, сол негізде белгісіздік есімдіктері қатарына ауысуы жолымен пайда болған, яғни лексикалық тәсіл арқылы жасалған сөздер. Бұған сан есімдерден ауысқан бір, біреу сөздері және кей сөзі, араб тілінен ауысқан әр, әлен, пәлен сөздері жатады.
2.Белгісіздік есімдіктерінің бәріне тән өзіндік ерекшелік деп көрсетерліктей морфологиялық түрлену формасы жоқ. Олардың грамматикалық өзгеру формалары қай сөз таптарына бейім екендігі байланысты болып келіп отырады.
Бір, пәлен, әлдеқалай сөздері сын есімге ұқсас, ал біреу, әлдене, әркім есімдіктері зат есімдерше түрленеді. Бірнеше, әлденеше сөздері сан есімге бейім болады. Белгісіздік есімдіктері қолдану сипатына сәйкес сөз түрлендіруші грамматикалық формаларды қабылдайды. Ол формалар белгісіздік есімдіктерінің бәріне бірдей жалғана бермейді. Белгісіздік есімдіктеріне сөз түрлендіруші формалардың жалғану еолардың атрибутивтік не субстантивтік түрде қолданылуына байланысты, соған сай болып отыратын құбылыс. Тәуелдік жалғаулары белгісіздік есімдіктерінің әлді, әрне, әлдекім, әлдеқалай, әркім сияқты түрлеріне жалғанбайды. Бірнеше, бір, біреу, кей, кейбір сияқты түрлері тек ортақ тәуедеу түрінде ғана тәуелдік жалғауларын қабылдайды. Мысалы: бірнешеміз, бірнешесі, бірміз .
Осы аталған белгісіздік есімдіктерінен басқалары оңаша және ортақ тәуелдеудің жалғауларын қабылдайды.
Белгісіздік есімдіктері жіктік жалғауларын қабылдамайды. Кқптік жалғаулары тек бірдеңе, бірнәрсе, біреу, әлдекім, әлдене, әркім секілді есімдіктерге жалғанады. Белгісіздік есімдіктерінің септелу үлгісі де бірдей емес. Мысалы; үнемі атрибут есебінде қолданылатын әрне, әл, әлдеқашан есімдіктері септік жалғауларын ешқашан қабылдамайды. Ал әлдеқашан, әлдеқалай сөздері әлдеқашаннан, әлдеқайдан, әлдеқайда деген формада қолданылады.
Бір, бірнеше, кейбір, әлденеше, әрбір есімдіктері тәуелденіп барып септеле алады.
Белгісіздік есімдіктері бірдеме, бірдеңе, бірнәрсе, кейбіреу, әлдекім секілді түрлері көбіне зат есімнің орнына өызмет атқарады. Сондықтан олар толық септеле алады.
Белгісіздік есімдіктерінің сөзжасам ерекшеліктері туралы біз жоғарыда айттық. Алайда, тек есімдіктер ғана жасалып қоймай, басқа сөздер де жасалады. Мысалы: пәлен есімдігіне -ше, -дей жұрнақтары жалғану арқылы пәленше, пәлендей сөздері жасалып тұр. Немесе бір есімдігіне -ер жұрнағы тіркесіп бірер сөзі қалыптасқан.
Болымсыздық есімдіктері.
Қазіргі қазақ тілінде болымсыздық есімдіктеріне мына сөздер жатады: еш, ешкім, ешнәрсе, дәнеңе, түк, дым.
Болымсыздық есімдіктерінің жасалуында біркелкі ерекшеліктер бар:
а) Болымсыздық есімдіктерінің басым көпшілігі еш сөзі мен сұрау және белгісіздік есімдіктерінің бірігуінен жасалған. Мысалы: ешбір, ешкім т.б.
ә) Болымсыздық есімдіктерінің бір тобы белгілі бір сөздердің лексикалануы арқылы жасалады. Кейбір сөздер өзінің лексикалық мағынасынан алшақтап, болымсыздық мағынасын білдіреді. Мысалы: дым, түк.
б) Бір сөзі мен де шылауы тіркесінен де болымсыздық есімдігі жасалады. Мысалы: Жұмыссыз жүрген бір де жан жоқ.
Сондай- ақ бірде-бір сөзі де болымсыздық мағынасын білдіреді.Бір де , бірді-бір есімдіктері еш деген болымсыздық есімдігімен мағыналас болады да, есім сөздермен тіркесіп, атрибут есебінде қолданылады.
Еш сөзі қазақ тіліне парсы тілінен ауысқан. Болымсыздық есімдіктерін жасауда актив қызмет атқаратынын көріп отырмыз. Өз алдына жеке тұрып, тілімізде сирек қолданыс табады.
Болымсыздық есімдіктерінің де грамматикалық түрленуі де басқа есімдіктер сияқты біркелкі болып келмейді. Көптік жалғаулары олардың түбіріне тікелей жалғанбайды,тәуелденіп барып жалғанады, онда да болымсыздық есімдіктерінің бәріне бірдей емес, тек ештеме, ешнәрсе түк, дәнеңе секілді есімдіктерге жалғанады.
Мысалы: ештемелері, түктері т.б.
Тәуелдік жалғаулары болымсыздық есімдіктерінің жекеше түріне түгел жалғана бермейді. Ешкім, ештеңе, ешнәрсе, дәнеңе, түк есімдіктері тәуелдене алады:
Ешкімім Ештеңем Ешнәрсем
Ешкімің Ештеңең Ешнәрсең
Ешкіміңіз Ештеңеңіз Ешнәрсеңіз
Ешкімі Ештеңесі Ешнәрсесі
Болымсыздық есімдіктерінің септелу жүйесі де біркелкі емес. Ешкім, ештеңе, ешнәрсе, дәнеңе, түк есімдіктері тек жекеше формада септеледі. Ал көпше түрде септелмейді.
5.Өзін-өзі тексеретін сұрақтар:
Прономиналдану дееніміз не?
Есімдіктің синтаксистік қызметі қандай?
Есімдіктердің түрленуі туралы әңімеле?
6.Пайдаланатын әдебиеттер
1. Қазақ тілінің грамматикасы . - Астана, 2002.
2. Ысқақов А . Қазіргі қазақ тілі. - А., 1991.
3. Қалыбаева А . Оралбаева Н . Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі . - А, 1986.
4. Аханов К . Грамматика теориясының негіздері. - А ., 1996.
5. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. - А., 2007.
6. Оразбаева Ф.Ш., Сағидолда Г., Қасым Б., Қобыланова А және т.б. Қазіргі қазақ тілі. - А., 2005.
7. Маманов Ы.Е . Қазіргі қазақ тілі. - А., 1966.
8. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. - А.,1998.
9. Төлеуов Ә . Сөз таптары . - А., 2002.
10. Кузнецов П . Ц . О принципах изучения грамматики М . 1961г. стр 25.
11. Қазақ тілі энциклопедия. – А., 1998.
12. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. –А., 1992.
13. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – А., 1956, 1993.
14. Жұбанов Қ. Қазақ тілінің жоғарғы курсы. – А., 1999.
15. Сауранбаев Н.Т. Қазақ тілі. Педучилищелерге арналған. - А., 1953.
16. Исаев С. Етістіктің грамматикалық сипаты.- А., 1997.
17. Төлеуов Ә. Қазақ тіліндегі зат есім категориясы. - А., 1971.
18. Фердинанд де Соссюр. Курс общей лингвистики. - М.,1933.
19. Сарыбаев Ш.Х. Табыс жалғаудың тасалануы. –Халық мұғалімі. - 194О.№3.
20. Төлеуов Ә. Кейбір көрсеткіштердің тасалануы, тасаланбауы. Қазақстан мұғалімі. 1960. 7 январь, № 2.
12.Тақырыбы: Етістік.
2.Қарастырылатын сұрақтар:
Етістік туралы түсінік.
Етістіктің есім сөздерден айырмашылығы.
Етістіктің морфологиялық сипаты.
Оның мағыналары мен лексика- семантикалық топтары.
3.Дәрістің мақсаты:
Туынды етістіктер есімдерден де, етістіктен де жасала береді. Сондықтан, тіліміздегі туынды етістік жасайтын жұрнақтарды екі топқа бөліп қарастырамыз: есімдерден етістік тудыратын жұрнақтар және етістіктерден етістіктер жасайтын жұрнақтар. Осыған сәйкес туынды етістіктер де екі топқа бөлінеді.
А) есім нешізді етістіктер; б) етістік негізді етістіктер
1. Есімдерден етістік тудыратын қосымшалар:
-ла, -ле, -да, -де, -та, -те жұрнақтары. (Қысқаша –ла жұрнағы, қалғаны варианттары).
Етістік тудыратын жұрнақтардың ішіндегі ең өнімді, өрісі кең қосымша болып табылады. Тек есімдерден ғана етістік тудырмай, сондай-ақ етістіктерден де, басқа сөз таптарынан да етістікті мол жасай алатын форма. Бұл қосымша көне тілімізде де кездеседі.
4. Дәріс мазмұны: Қазіргі қазақ тіліндегі сөз таптарын қарастырған кезде, етістік тақырыбына біз ерекше тоқталамыз. Себебі, етістік – тіліміздегі сөз таптарының іщіндегі ең күрделі және функциясы өте кең грамматикалық категория. Есімдерге қарағанда, етістіктердің лексикалық-грамматикалық мағыналары да, грамматикалық тұлғалары да әр алуан, сөйлемдегі атқаратын қызметі де ерекше. Сондықтан, әдетте етістікті күрделі сөз табы деп түсіндіретін факторлар мыналыр:
1) мағынасының жан-жақтылығы, 2) категорияларының көптігі, 3) синтаксистік қызметінің аясының орасан кеңдігі.
Етістік-қимылдың немесе қимыл түрінде өтетін түрлі процестердің атын білдіретін сөз табы. Етістіктің мағынасының жан-жақты, өрісті болатын себебі-оның мағынасы тек субъектінің іс-әрекетін ғана емес, табиғат пен қоғамда кездесетін, адамның абстракты ойы мен санасында туатын неше түрлі амал-әрекет, іс-қимыл, қозғалыс, жай-күй секілді процестерге қатысты ұғымдарды түгел қамтиды. Етістіктің осф кең мағынасы үнемі мезгіл не шақ ұғымымен ұштас болып келеді. Етістіктер сан-салалы динамикалық процестерді жүйелі материалдар негізінде жеткізеді. Етістік – динамиканы сипаттай алатын сөздердің жиынтығы. Өз алдына жеке сөз табы ретінде етістік лексикалық, семантикалық және грамматикалық жағынан белгілі бір ерекшеліктерге ие болады.
Етістіктің лексикалық құрамында қанша сөз болса, солардың әрқайсысының өзіне ғана тән лексикалық мағынасы болады. Бірақ, олар әрқайсысы тек өзіндік жеке ерекшелікке ие болғанымен, мазмұнындағы ортақ сипатына қарай белгілі бір сөздердің тобына телінеді. Яғни, іштей мағына жағынан жақындықтарына, қызмет жағынан орайлас болып келуіне қарай етістіктерді қазіргі қазақ тілінде бірнеше топтарға бөледі: амал-әрекет етістіктері (босат, көтер, күрес, ки, сыз, өлше т.б.), қимыл-қозғалыс етістіктері: (ауна, аудар, домала, жылжы, қаш т.б.), қалып етістіктері (жүр, отыр, тұр жатыр), ойлау – сөйлеу етістіктері (айт, сөйле, ескер, жатта), өсу-өну етістіктері (өс, өн), бағыт-бағдар етістіктері (бар, кел, әпер, әкет), көңіл-күй етістіктері (жыла, өкін, күл, қуан), бейнелеу-еліктеу етістіктері (жарқыра, күркіре, дүркіре, сырқыра), дыбыс-сес етістіктері, көру-есту етістіктері, мінез-құлық етістіктері және басқа.
Етістіктерді сыртқы түр-тұрпатының ұқсастығына сәйкес немесе мағына-мазмұн алшақтықтарына қарай о м о н и м етістіктер, с и н о н и м етістіктер, а н т о н и м етістіктер деп те жікке айыруға болады.
Етістікті мағынасына сәйкес топтау белгілі бір мақсатқа негізделіп жүргізіледі. Етістіктерді жоғарыдағыдай саралау – тіл білімінің лексикология, лексикография, семасиология, стилистика, тіл тарихы ғылымдары үшін қонымды болғанымен, грамматиканың талап-талғамы үшін ұтымды бола қоймайды. Сондықтан, етістіктің грамматикалық формаларф мен функцияларын дұрыс анықтау үшін етістік сөздерді түбір форма мен туынды формаға, туынды форманы аналитикалық және синтетикалық түрге орай жіктеу керек болады. Бұлай жіктеу тиімді әрі қонымды болады. Себебі, грамматикалық семантика сөздің құрылысы мен құрамына байланысты болады.
Қазақ тіліндегі байырғы түбір етістіктерді грамматикалық семантикасына және негізгі функциясына қарай үш салаға бөлеміз:
Бірінші сала. Негізгі функциялы етістіктер. Бұл салаға өзінің негізгі лексикалық мағынасын толық сақтаған, соған сәйкес грамматикалық қызмет атқаратын түбір етістіктер жатады. Бұл етістіктер өзінің негізгі мағынасын үнемі сақтап отырады. Және үнемі жетекшілік қызмет атқарады. Қазіргі қазақ тіліндегі түбір етістіктердің басым көпшілігі осы топқа жатады. Мысалы, айт, ас, аш, байла, ем, илан, күл, көн, кір т.б.
Екінші сала. Қос функциялы. Бұл топқа лексикалық мағыналарын толық сақтап, сөйлемде дербес мүше бола да алатын, сондай-ақ жетекші етістікпен тіркескенде өзінің мағынасын жартылай не бүтіндей жоғалтып, көмекші қызмет атқаратын түбір етістіктер жатады. Яғни, бірде негізгі, бірде көмекші қызмет атқаратын мұндай етістіктердің саны тілімізде отыз шақты. Мысалы, ал, бар, баста, бақ, бер, бұл, біл, жүр, жат т.б.
Үшінші сала. Көмекші функциялар. Бұл топқа енетін етістіктің саны аз. Ол сөздер - өзінің алғашқы мағынасын жартылай, не толық жоғалтып, қазір тек бірыңғай көмекші қызметін атқаратын сөздер. Мысалы, е, еді, екен, жазда, да, де.
Бұлардың барлығы жалаң негізгі етістіктер. Басқа сөз табынан жұрнақ арқылы жасалатын, немесе екі сөзден құралатын күрделі, туынды етістіктер осы негізгі етістіктердің семантикалық жүйесіне, морфологиялық формасына және синтаксистік функциясына қарай құрылып, негізгі етістіктердің заңдарына лайық қалыптасып отырады.
Туынды және күрделі етістіктерге бұл лекцияда біз тоқталмаймыз. Себебі, оларға арнап арнайы лекциялар өтіледі.
Қазіргі қазақ тіліндегі етістік сөз табы грамматикалық категорияларға өте бай болып келеді. Әр категорияның өзіне тән формалары бар. Ол формалар өзге түркі тілдеріндегі сияқты жалғамалық принципке сәйкес арнайы қосымшалар арқылы белгіленеді. Әр қосымшаның сөз құрамында өзінің тиянақты орны, мағынасы және атқаратын қызметі жүйелі түрде қалыптасқан. Бір формадан екінші форма, екінші формадан үшінші форма сатыланып жасалу – қазақ тіліне тән қасиет. Мысалы, жаз – түбір етістік, жазыс – ортақ етіс, жазыспа – етістіктің болымсыз түрі, жазыспадың – жедел өткен шақ, жазыспадыңдар – жедел өткен шақтың көпше түрі. Міне, осы сөзге жалғанған әр қосымша белгілі бір грамматикалық категорияның көрсеткіші болып табылады.
Етістіктің категориялары деген түсінікке етіс категориясы, шақ категориясы, көсемше категориясы, есімше категориясы, рай категориясы, көрініс немесе вид категориясы, жақ категориясы, салт және сабақты етістіктер кіреді. Бұл категориялардың ішінде көп жылдар даулы таластар туғызған категориялар да бар. Ол - көрініс категориясы. Біз бұл тақырыпқа әлі ораламыз.
Етістіктің категорияларының формаларының түбірге тіркесуі әдетте біркелкі болып келмейді. Оны біз сөйлем не сөз тіркесінен, яғни нақты контекстте анықтай аламыз. Етістік – категориялары көп сөз табы. Олар сөз құрамында бірімен-бірі сыйыса береді. Сондықтан етістіктің формаларының түбірге тәртіппен жалғанатынын анықтай білу керек.
Етістік сөйлем құрылысына не сөз тіркесіне түскенде өзінің категорияларының формаларын қабылдайды. Етістік тек бір ғана категорияны қабылдап тұрмайды. Категорияларға бай болғандықтан, бұл сөз табы бірнеше категориялардың формасында тұрып, олардың әрқайсысының мағынасын да білдіруі жиі кездеседі. Категориялардың көрсеткіштері түбірге тікелей жалғана береді. Бұл қағидаға қайшы келетін тек жақ категориясының көрсеткіштері. Түркі тілдерінде жақ категориясының көрсеткіштері түбір етістікке тікелей тіркесе алмайды, себебі ол раймен байлаулы. Рай қимыл-әрекеттің шындық өмірге қатысын білдірсе, сол қимылдың иесін жақ білдіреді. Рай мен жақ көрсеткіштері етістікке үнемі қатарласа жалғанады.
А) бұйрық райда (келсін, кел-ің-дер, кел-іңіз)
Б) нақ осы шақта (отыр-мын, отыр-сың, отыр-сыз)
Түбір етістікке бірінші болып етіс формасы жалғанады. Мысалы, ал-дыр-ма, әкел-дір-мек, ет-кіз-е-ді.
Етістен кейін түбірге көрініс немесе сипат категориясы жалғанады. Сипат категориясы тюркологияда біраз даулы талас тудырған категория. Ғалымдардың бірсыпырасы, тіпті басым көпшіліг бұл категория қазақ тілінде жоқ деп есептейді. Бірақ, профессор Н.Оралбаев 1971 жылы осы сипат категориясы бойынша докторлық диссертация қорғап, ол категорияның қазақ тілінде бар екендігін дәлелдеді. Бұл категория бойынша етіс жұрнағынан кейін қимылдың өту сипаты көрінеді. Яғни, етістікте алдымен қимылдың объекті мен субъектіге көрсетіліп, содан кейін ол қимылдың қалай жасалғанын білдіреді. Мысалы, айтқыза сал, оқыта бер деген етістіктерді алып қарайық. Негізгі қимыл айту және оқыту. Оны біреуге жасату мағынасы және бар. Бірінші етістікте сол қимылды жасауды немқұрайлы формада жасау мағынасы болса, екіншісінде ол қимылды жасауды әрі қарай жалғастыру мағынасы жатыр. Осыдан көрініп отырғандай әрбір етістікте екі категорияның көрсеткіші бар. Оның алғашқысы етіс категориясы, ал соңғысы қимылдың өту сипаты, сипат категориясы. Сипат категориясын тіл білімінде а к ц и о н с а р т деген терминмен белгілеп жүр. Орыс тіл білімінде оны «категория характера протекания действия» деген ұғыммен түсіндіреді. Сипат категориясы түркі тілдерінде өте дамыған. Оның өзіндік мағынасы бар және сол мағынаны білдіретін көрсеткіштері бар. Сипат категориясының жалпы мағынасы – қимылдың қалай жасалғанын суреттеп, сипаттап беру және қимылдың қалай қандай сатыда екенін білдіру. Мысалы, келіп қалды, келе қалды, келе қойды, келе берді, келіп жүрді, келе салды, келе түсті, келіп алды, келіп бақты, келе жатыр, келе бастады, келіп отыр, келіңкіре деген етістіктерді алып қарайық.
Осы мысалдардағы негізгі қимыл К Е Л , ол түрлі формада тұр, әр формада е т і с т і к сол қимылдың түрлі жасалу тәсілін білдіріп тұр.
келе салды – қимыл немқұрайлы жасалған,
келіп қалды – қимы жедел, кенеттен жасалған,
келе қалды, келе қойды – қимыл ойда жоқта жасалған,
келіп қойды – қимыл жасалып біткен,
келе берді, келіп жүрді – қимылдың қайталанғанын,
келіңкіре, келе түсті – қимылдың жасалуы үдегенін,
келіп алды – қимы субъектінің өзі үшін жасалған,
келе жатыр, келіп отыр – қимыл жасалу үстінде,
келіп бақты – қимыл бар ынтамен жасалған,
келе бастады – қимылдың жасалуының І этапы деген мағынаны білдіреді.
Тек кел сөзі ғана емес, қимыл атаулының бәрі де өмірде түрлі жағдайда, түрлі кезеңде түрліше жасалады. Біз жоғарыдағы мысалмен бір қимылдың түрлі тәсілмен жасалатынын көрсетіп өттік. Бір тәсілмен де түрлі қимылдарды жасауға болады: Мысалы, айта сал, келе сал, бере сал, жаза сал, оқи сал, бара сал, қайта сал, көре сал, сұрай сал, тыңдай сал. Осы мысалдағы айт, кел, бер, жаз, оқы, бар, қайт, көр сұра, тыңда қимылдар бір-ақ тәсілмен жасалып тұр. Бәрінде де қимылдың сипатында немқұрайлылық бар.
Міне, осындай дәлелдерді келтіре отырып, сипат категориясының қазақ тіліндегі көптеген етістіктерге ортақ екендігін ескере отырып, көрсеткіштерінің барлығын айғақ профессор Н.Оралбаева сипат категориясын қазақ тіліне тән құбылыс деп санайды.
Көрініс не сипат категориясы негізінен славян тілдері грамматикалық құрылысының бір ерекшелігі. Алайда орыс тілінде бұл категория мүлде басқаша түсіндіріледі.
Көрініс категориясы туралы пікріді белгілі совет тюркологы Кононов та қолдайды. Ол – оны бірінші зеттеген және таныған ғалым.
Сипат категориясынан кейін етістіктің құрамында орын алатын формалар – рай көрсеткіштері. Рай категориясынан кейін етістікті аяқтайтын формалар болады. Сөйлемде етістікті аяқтайтын формалар санаулы ғана. Олар: жіктік жалғаулары, көсемше, есімше және тұйық етістік формалары.
Осы формалардан басқа болымсыздық категориясы деген бар. Тілімізде болымды мағынаны білдіретін арнайы көрсеткіш жоқ. Ал болымсыздық мағынасын арнайы көрсеткіш бар екенін бәріміз білеміз. Осы жағдай тілімізде болымсыздық категориясының танылуына себепші болды. Алайда, болымдылық пен болымсыздық мағыналары бір категорияның құрамына қарастырылып жүр. Академик Кононов А.Н. оны етістіктің болымды, болымсыз аспектісі деп бірлікте алып қарайды.
Етістіктің болымды мағынасының арнайы көрсеткіші жоқ дедік. Сондықтан оның орны туралы да сөз болуы мүмкін емес. Ал болымсыз форманың орны көрсетілуі керек. Болымсыздық формалары рай, шақ, көсемше, есімше, тұйық етістік формаларының алдында, етіс формасынан кейін орын алады. Етістіктің категорияларын біз қысқаша айтып өттік. Кең түрде осы категорияларды өзіне тоқталған кезде айтамыз.
Енді етістіктің есім сөздерден айырмашылығы деген мәселеге байланысты бірер сөз.
Етістіктер мен есімдердің бір – бірінен түбегейлі айырмашылығы бар екендігі жеке-дара тұрғандығынан гөрі сөйлем ішінде, сөз тіркесі құрамында анық көрінеді.
Сөз жоқ, есім сөздер мен етістіктердің арасындағы айырмашылық – біріншіден, лексикалық мағынасынан көрінеді. Етістік – қимылды динамикалық тұрғыдан беретін сөз табы. Етістіктер тек іс-әрекетті көрсетіп қана қоймай, оның мезгілін, жекеше-көпшесін, объектінің субъектіге қарым-қатынасын т.б. көптеген мағыналарды береді.
Етістікке тән ерекшеліктердің бірі – категорияларының көптігі. Етістік сөз таптарының ішіндегі ең категориясының көбі. Атап айтатын болсақ, сабақтылық және салт етістілік формасы, етіс, сипат категориялары, болымды - болымсыздық категориясы, тұйық етістік формасы, әсіресе шақ, рай, жақ категориясы. Сабақты және салт етістік, етіс, жақ, шақ, рай категориялары етістікті есімдерден көрсететін бірден – бір белгі.
Етістік есімдердің категорияларын да кабылдай алады. Септік, көптік, тәуелдік категориялары (зат есімнің) етістікке де аса жат емес. Зат есімге қарағанда етістікте байқалатын бір ерекшелік – олар жіктік жалғауын түбір күйінде тұрып қабылдай алмайды. (Бұл жерде тұр, жүр, отыр, жатыр секілді қалып етістіктері ғана қабылдай алады деп айтуға болады).
Бұл айырмашылық тек мағыналық не грамматикалық ерекшелігінен көрініп қоймайды. Синтаксистік қызметінде де елеулі айырмашылық бар. Етістік баяндауыш пен пысықтауыш жасауға аса ыңғайлы келеді. Ал есімдер бастауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш болуға бейім.
Міне, осындай ара алшақтықтарын айта отырып, біз, есімдер мен етістіктердің арасындағы тығыз байланысты жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, сөз тудыру процесі. Белгілі бір тәсілдер арқылы есім сөздер етістікке, керісінше, етістіктер есім сөздерге айналып жатады. Бұл процесс – негізгі сөздік құрамның молаюына, толығуына, содан тілдің қызметінің жан-жақты кеңеюіне себепші болады.
Етістіктің морфологиялық сипаты және жасалу жолдары
Жалаң және күрделі етістіктер
Түбір етістіктер және туынды етістіктер
Етістік тудыратын қосымшалар:
а/ есімдерден етістік тудыратын қосымшалар
б/ етістіктен етістік тудыратын қосымшалар
Етістік басқа сөз таптарынан, соның ішінде есімдерден тек өзіндік категориялармен ғана емес, сондай-ақ жасалу жолдары арқылы ерекшеленеді.
Морфологиялық құрылымы жағынан етістіктер жалаң және күрделі етістіктер деп аталатын екі топқа бөлінеді.
Жалаң етістіктерге бір буынды және екі буынды түбір етістіктер мен жұрнақ арқылы жасалған туынды етістіктер жатады. Мысалы, кел, жу, ой, көр, қоры, оян, қолда, сабала, үймеле.
Жалаң етістіктер құрылысына қарай түбір етістіктер және туынды етістіктер болып бөлінеді.
ТҮБІР ЕТІСТІКТЕР
Түбір етістіктер қатарына арнаулы морфологиялық бөлшектер жоқ, жеке тұрған күйінде түбір және жұрнақ деп бөлшектеуге келмейтін сөздер кіреді. Мысалы, аз, ал, алда, бер, бол, байла, же, жыла, илан, шаш т.б.
Түбір етістіктердің құрамына қарай бөлінуі әр түрлі болып келеді. Бір буындысы да, екі буындысы да, бірнеше буындысы да бар. Бұндай әркелкілік – тарихи дамудың жемісі. Етістіктердің ішінде жылдар бойы туынды етістік ретінде жұмсалып келіп, бірте-бірте түбір мен жұрнақ ажыратылмайтын болып кеткен сөздер де бар. Мысалы, қоры, қорға деген етістіктер бар. Екеуі екі етістік. Мағыналары жақын. Көне ескерткіштерде қоруғ-ла түрінде беріледі. Оян, оят, ояу етістіктері туралы да осыны айтуға болады. Тарихи даму процесіне түскен етістіктерге мысалды көптеп келтіруге болады: ай-т, ал-да, бай-ла, бау-ла, қақ-ырай, жыла(йығ-ла),баста, сөй-ле (сез-ле), шегін (шек-ін), шегер (шек-ер) т.б.
Міне, осы келтіріліп отырған етістіктердің құрамындағы жұрнақтардың кейбірі деформаланып, кейбірі деформаланбай бөлшектенбейтін түбірге айналып кеткен.
Тілдегі болатын осындай әр алуан өзгерістердің нәтижесінде омоним етістіктер қалыптасқан.
Мысалы: 1. Су жылы-ды. 2. Жылы су.
2. Бала тоң-ды. 2. Тоң қатты.
Осындай ерекшеліктерін ескере отырып, ғалымдар түбір етістіктерді негізгі түбір немесе етістіктің негізі және көнеленген түбір деп шартты түрде екіге бөледі.
Енді етістіктің негізі деген түсінікке тоқтала кетейік. Бұл түсінік төңірегінде көптеген бері талас мәселе болып келе жатыр. Талас доцент Ы.Е.Маманов пен профессор А.Ысқақов арасында болуда. Көптеген тюрколог ғалымдар, соның ішінде Ысқақов та бар, етістіктің негігі дегенді былай түсіндіреді:Неизменимая часть любого глагола, наличествующая во всех его грамматических формах, считается глагольной основой. В чистом виде глагольную основу представляет форма второго лица единственного числа будущего времени повелительного наклонения при обращении на ты, Мысалы, айт/сен айт, кел-сен кел, ойла-сен ойла/.
Бұл теорема бойынша етістіктің өзгермейтін бөлігін негіз дейміз. Егер ол өзгермейтін бөлік болса, онда бұйрық рай формасында қалай тұрады? Сондықтан, Маманов негіз бен бұйрық райдың жекеше екінші жағында тұрған етістік бір емес деп тұжырымдайды.
Қандай болмасын сөз форманы қабылдағаннан кейін негіз болудан қалады, себебі грамматикалы мағынаға ие болады.
Т У Ы Н Д Ы Е Т І С Т І К Т Е Р
Етістіктердің бұл тобына түбірге арнаулы жұрнақтар жалғану арқылы жасалған сөздер жатады. Басқа сөз таптарындағы сияқты сөз жасаушы жұрнақтың префикс түрі қолданылмайды. Аффикстер постпозитивті жағдайда жалғамалы тәртіппен тіркеседі.
Туынды етістіктер есімдерден де, етістіктен де жасала береді. Сондықтан, тіліміздегі туынды етістік жасайтын жұрнақтарды екі топқа бөліп қарастырамыз: есімдерден етістік тудыратын жұрнақтар және етістіктерден етістіктер жасайтын жұрнақтар. Осыған сәйкес туынды етістіктер де екі топқа бөлінеді.
А) есім нешізді етістіктер; б) етістік негізді етістіктер
1. Есімдерден етістік тудыратын қосымшалар:
-ла, -ле, -да, -де, -та, -те жұрнақтары. (Қысқаша –ла жұрнағы, қалғаны варианттары).
Етістік тудыратын жұрнақтардың ішіндегі ең өнімді, өрісі кең қосымша болып табылады. Тек есімдерден ғана етістік тудырмай, сондай-ақ етістіктерден де, басқа сөз таптарынан да етістікті мол жасай алатын форма. Бұл қосымша көне тілімізде де кездеседі.
Етістік жасау процесінде байқалатын кейбір ерекшеліктер де бар: а)ұйқы, қозы, ұры, жетек секілді есімдерге жалғанғанда соңғы дыбысына барып қосылады: ұйық-та, қоз-да (қозы-ла), ұр-ла, жете-ле (жетек-те).
ә) сөз, саз, жаз, бау сиқты –з, -у фонемаларына аяқталатын сөздерге жалғанғанда соңғы фонемалар –й дыбысына айналып кететін түрі де кездеседі: бау-бай-ла, сөз-сөй-ле, жаз-жай-ла, сөз-сай-ра.
ә) керісінше, кейде бұл жұрнақтар түбірге дәнекер дыбыс арқылы жалғанатын кезі де кездеседі. Мысалы, ер-т-те, зер-т-те, акт-і-ле т.б.
-ла жұрнағы өнімді жұрнақ деп айтқанымызға қарамастан, ол жұрнақтың да белгілі бір қолданылу орны мен шегі бар.
Олар затесімге жалғанған кезде мынадай мағыналар бере алады:
А) уақыт атауларынан, мерзім атауларынан қалыптасқан етістіктер: жыл-да-п, сағат-та-п, ай-ла-п.
ә) Адамның дене мүшелері атауларынан жасалған етістіктер: аяқ-та-й, қол-да, арқа-ла, өкпе-ле, жұдырық-та, уыс-та (ұс-та), шынтақ-та, жамбас-та, білек-те, езу-ле, иық-та, қолтық-та. Бұл етістіктер көбінесе, өзінің тура мағынасынан гөрі ауыспалы мағынада жиі беріледі.
В) Мекен, орын атауларынан қалыптасқан етістіктер: базар-ла, өр-ле, аспан-да, мекен-де, тұрақ-та.
Г) Өлшем атауларынан қалыптасқан етістіктер: тонна-ла, метр-ле, литр-ле, адым-да, құлаш-та, аршын-да.
Ғ) Мал, жан-жануар балаларының атауларынан, өнім атауларынан ұалыптасқан етістіктер: қозы-ла, құлын-да, бұзау-ла, лақ-та, гүл-де, жапырақ-та.
Д) Іс-әрекетті жүзеге асыруға объект болатын зат, мағына, бұйым, материал атауларынан пайда болған етістіктер: тұз-да, бұрыш-та, үңгір-ле, мая-ла, шыны-ла, сабын-да т.б.
Е) Қаратпа сөз қызметін атқарып тұрған зат есімдерден: апа-ла, мама-ла-п, көке-ле-п.
Ж) Дыбыс атауларынан: мияу-ла, шәуіл-де, шиқыл-да, шіңкіл-де, ысыл-да, шу-ла, гүрсіл-де.
Осы атап көрсеткен топтан басқа да зат есімдерден қалыптасқан етістіктердің тобы көп. Олардың мағыналары да әр түрлі болып келе береді. –ла жұрнағы арқылы қазіргі қазақ тілінде зат есімнен етістіктер мол туындайды.
Сын есімнен қалыптасқан етістіктер: әдемі-ле, уақ-та, қара-ла, ақ-та, арық-та, көңілсіз-де-н, т.б.
Сан есімнен қалыптасқан етісттіктер: мың-да-п, жүз-де-п, он-да-ған, екі-ле-н-іп, жетеу-ле, т.б.
Үстеулерден қалыптасқан етістіктер: жоғары-ла, төмен-де, ілгері-ле, жылдам-да-п, жай-ла, орысша-ла.
-ла жұрнағы еліктеу сөздерден де (елп-іл-де, емпең-де, жалтақ-та), одағай сөздерден де (ойбай-ла, аһ-ла, үһ-ле), модаль сөздерден де (бар-ла, жоқ-та) етістік тудыра алады.
ІІ. –а, -к жұрнақтары. Көне қосымшаның бірі. Бұл жұрнақ арқылы сабақты да, салт та етістіктер туындай береді. Бүгінгі таңда сөз тудыру қызметі самарқауланған аффикс: ат-а, ас-а, жас-а, сан-а, мін-е, дем-е, ойн-а, сын-а т.б.
ІІІ. –ы, -і аффикс. Бұл қосымшалар кей жағдайда түбірден бөліп алуға болмайтындай болып кірігіп кететіндей жері де болады. Мысалы, қалқы (қалық-та сөзімен түбірлес). Түбірі қалық болуы керек. Ренжі (түбірі-реніш). Ш дыбысы Ж дыбысына айналған. Ғалымдар аффикстің обастағы төркіні –а, -е болуы керек деп топшылайды. Мысалы, бай-ы, жуас-ы, кем-і, кең-і т.б.
ІV. –ра, -ре аффиксі. Күй-ре, жай-ра, түй-ре, сай-ра. Бұл жұрнақ күрделіленіп –ыра, -іре түрінде жалғанады: барқ-ыра, бұрқ-ыра.
V. –лан, -лен, -дан, -ден, -тан, -тен жұрнағы. –ла және –н қосымшаларының бірігуі арқылы пайда болған құранды қосымша. Сондықтан –ла жұрнағы және ырықсыз етістің –н жұрнағы жалғанған туынды етістіктермен түрлес болып келеді: ой-ла-н, таза-ла-н, арқа-ла-н. Кейбір сөздерге бұл жұрнақ бөлшектенбей жалғанады: ашу-лан (ашу-ла-н емес), ар-лан (ар-ла-н емес), борыш-тан, ие-лен, күдік-тен, мал-дан.
VІ. –лас, -лес, -дас, -дес, -тас, -тес жұрнағы. Бұл жұрнақ та о баста –ла жұрнағы мен –с жұрнағының бірігуінен қалыптасқан. Сондықтан сөй-ле-с, сыбыр-ла-с сияқты екі жұрнақ арқылы жасалған туынды формалармен түрлес болып келеді. Тек бір форма есебінде қызмет атқарып, бөлшектенбейтіндері ғана құранды жұрнақ болады: бір-лес, көмек-тес, бәс-тес т.б.
VІІ. –лат, -лет, -дат, -дет жұрнағы. Бұл да –ла және –т формасынан біріккен өнімсіз жұрнақ. Мысалы, тез-дет, дауыл-дат, боран-дат, сел-дет.
VІІІ. –ай, -ей, -й жұрнағы. Мысалы, күш-ей, мұң-ай, қарт-ай, көр(і)к-ей т.б.
ІХ. –қар, -кер,-ғар, -гер жұрнағы. Аса көне өнімсіз жұрнақ: бас-қар, ес-кер, аң-ғар, оң-ғар, тең-гер т.б.
Х. –ар, -ер, -р жұрнағы. Көне мардымсыз жұрнақ: жаңа-р, жақс-ар, ескі-р т.б.
ХІ. –ал, -ел, -ыл, -іл, -л жұрнағы. Аз ғана сөзде ұшырасатын көне қосымша: жоғ-ал, су-ал, сұй-ыл, ұя-л, тең-ел.
ХІІ. –ық, -ік жұрнағы. Көне жұрнақ: аш-тық, бір-лік, жол-ық, зар-ық, дем-ік, кез-ік, мол-ық, құн-ық, өш-ік т.б.
ХІІІ. –шы, -ші жұрнағы. Бұл да өнімсіз жұрнақ: тер-ші, тықыр-шы, шап-шы.
ХІV. –сы, -сі, -ымсы, -імсі жұрнағы. Бұл көне жұрнақтар, бірақ әлі де өнімді қызмет атқарып жүрген жұрнақтар: пысық-сы, ширақ-сы, қамқор-сы, мықт-ымсы т.б.
ХV. –сын, -сін жұрнағы. –сы және –н жұрнағынан құралған өнімді жұрнақ: өзіс-сін, жат-сын, көп-сін, аз-сын, кәрі-сін, мықты-сын т.б.
ХVІ. –сыра, -сіре қосымшасы. –сы және –ра жұрнақтарының бірігуі арқылы құралған қосымша: әл-сі-ре, жетім-сіре, ой-сыра т.б.
ХVІІ. –са, -се жұрнағы. Өнімсіз жұрнақ: бу-са, су-са.
ХVІІІ. –сан, -сен жұрнағы. –са және –н жұрнағынан құралған құранды, өнімсіз жұрнақ. Тек кейбір сөздерде ғана кездеседі: құр-сан, бұр-сан. Мысалы, буырқанды, бұрсанды, мұздай темір құрсанды.
ХІХ. –ырай, -ірей жұрнағы. –ыр және –ай формаларынан құрылған көне қосымша. Бұл аффикс сын есімдер мен еліктеуіш сөздерге жалғанады: кіші-рей, тік-ірей, тыс-ырай, аж-ырай, бад-ырай т.б.
ХХ. –ғы, -гі, -қы, -кі жұрнағы. Өнімсіз жұрнақ: ор-ғы, көл-кі, сор-ғы.
ХХІ. –т, -ыт, -іт жұрнағы. Бұл аффикс өзгелік етістің –т жұрнағымен омонимдес. Оларды тек сөз жасам процесінде айыра аламыз: құНАР-Т, ТұМАН-ЫТ, ШАң-ЫТ, КүРЕң-Іт т.б.
ХІІ. –пы, -пі жұрнағы. Өнімсіз жұрнақ: жел-пі, шар-пы т.б.
ХІІІ. –си, -жи, -ши, -ди, -ти, -би, -ми, -пи, -ки, -қи жұрнақтары. Бұл аффикстер тіліміздегі санаулы ғана сөздермен тіркесіп етістік жасайтын көне, өнімсіз жұрнақтар. Бұлардың кейбірін бүгінгі түбірден ажфратудың өзі қиын: ақ-си, түк-си, бүк-ши, бағ-жи, қаз-ди, бат-ти, ар-би, іл-ми, тым-пи, дөң-ки, тың-қи т.б.
ХVІ. –қа, -ке, -ға, -ге жұрнақтары. Бұл да өнімсіз жұрнақ: иіс-ке, шыр-қа т.б.
ХV. –қан, -кен, -ан, -ен жұрнақтары. Соңғысынан алғашқылары пайда болған, олар құранды аффикстер. Есімшенің формасымен сәйкес: сес-кен, тітір-кен, күш-ен, емір-ен т.б.
ХVІ. –ырқа, -ірке, -ырқан, -іркен жұрнақтары. Соңғы варианттары құранды түрі: ес-ірке, мүс-ірке, тос-ырқа, аз-ырқан, аш-ырқан, шөл-іркен. Бұл форма біздің тілімізде өнімсіз форма болса, туыстас хакас тілінде –рха, -ырха, -рке, -арха, -орха, -орке түрінде өте өнімді форма болады екен.
ХVІІ. –қыр, -кір, -ғыр, -гір: ө-кір, а-қыр, шыңғ-ыр (шыңқ), бақ-ыр (бақ ету)
2. Етістіктен етістік тудыратын қосымшалар:
-ла, -ле, -да, -де, -та, -те жұрнағы. Жұл жұрнақтың актив қызметі туралы біз жоғарыда айтып кеткенбіз. Бұл жұрнақ етістіктерге жалғанып, жаңа сөз жасаған кезде оған қимылдың жиілену, үсті-үстіне еселену мағынасын береді: саба-ла, төпе-ле, түйре-ле, қама-ла, тісте-ле, тырна-ла.
Жоғары оқу орындарына арналған Қазіргі қазақ тілінің оқулығында бірнеше осы жұрнақтардан құралған жұрнақтар берілген. Кейбір еңбектерде ол құранды жұрнақтар бөлек түрде беріледі:
–қыла, -кіле, -ғыла, -гіле жұрнағы: ат-қыла, кес-кіле, соз-ғыла, үр-гіле, түрт-кіле т.б.
-мала, -меле, -бала, -беле, -пала, -пеле жұрнағы. Бұл да құранды жұрнақ: қаз-бала, бастыр-мала, тіз-беле, қақ-пала т.б.
–қышта, -кіште, -ғышта, -гіште жұрнағы: ал-ғышта, бар-ғыш-та, кел-гіште, айт-қышта т.б.
Бұл құранды жұрнақтар да етістіктің түбіріне жалғанғанда –да жұрнағы секілді үстемелеу мағынасын береді.
–ыңқыра, -іңкіре, -ңқыра, -ңкіре жұрнақтары. Күрделі, құранды жұрнақ, құрамында –ың. –ің, -ң көрсеткіштері бар. Осы көрсеткіштер туралы Ы.А.Мамановтың құнды пікірлері бар. Көптеген ғалымдар етістіктің негізі мен бұйрық райдың ІІ жағының жекеше түрінде қосымша көрсеткіш болмайды деп есептейді. Сондықтан, етістіктің негізі-бұйрық райдың жекеше түрінің ІІ жағы деген көзқарасты қолдайды. Маманов бұл пікірді қолдамайды. Бұл категорияның көне формсы бар. Тек қазақ тілінде қазір қолданыста қалған, алайда басқа туыс түркі тілінде әлі де бар деп санап, ол формаға өзбек тіліндегі –ың, -ң жұрнағының бұйрық райдың ІІ жағының жекеше түрінде келуін айтады: кел-ің, ал-ың т.с.
Бұл құранды жұрнақ қазақ тілінде қимылдың үдей түскенін аңғартады: бар-ыңқыра, көр-іңкіре, байқа-ңқыра, бер-іңкіре.
–ымсыра, -імсіре, -мсыра, -мсіре жұрнағы, қимыл мен амалдың толымсыз екенін білдіретін форма: жыла-мсыра, күл-імсіре т.б.
–лық, -лік, -дық, -дік жұрнағы: и-лік, шай-лық, бу-лық т.б.
–ғы, -гі, -ғыт, -гіт жұрнағы: кер-гі, ат-қы, құй-ғыт, ора-ғыт т.б.
–ыс, -іс, -і жұрнағы: таны-с, айт-ыс, көр-іс, арала-с т.б.
–ырай, -ірей жұрнағы: бүк-ірей, сығ-ырай, бақ-ырай т.б.
–сын, -сін жұрнағы: сүй-сін, түй-сін т.б.
–шы, -ші жұрнағы: көн-ші, шап-шы, көпір-ші т.б.
Етістік тудыратын қосымшаларды қарастырып өттік. Етістіктердің жасалуын тіл білімінде екіге бөледі:
А) морфологиялық тәсіл арқылы жасалған етістіктер.
Б) синтаксистік тәсіл арқылы жасалған етістіктер.
Алғашқысының қалай пайда болатыны туралы айтылды. Енді синтаксистік тәсіл арқылы жасалған етістіктерге тоқталайық:
1. Қос сөзді етістіктер: екі етістіктің қосарлануы арқылы, бір мағынаны білдіретін етістіктер. Қос сөзді етістіктердің бірнеше түрі бар:
А) алғашқы сыңарына көсемшенің –ып, -іп, -п жұрнағы жалғанып, екіншісі басқа грамматикалық формалармен түрленетін етістіктер: қарғап-сілеу, алдап-сулау, сылап-сипау, сасып-пысу, бөліп-жару т.б.
Б) бір етістіктің қайталануы арқылы жасалған етістіктер: жүре-жүре, келе-келе, сұрай-сұрай т.б. Етістіктің бұл түрі қайталама етістіктер деп аталады. Қайталама етістіктер қимылдың дүркіндік, созылыңқы түрде өтетінін сипаттайды.
В) бірінші сыңарына болымсыздық қосымшасы жалғанбай, тек соңғы компонентіне болымсыздық жұрнағы жалғанған етістіктер: ішіп-жемей, ұрып-соқпай, асып-саспай т.б.
Г) екі компонентіне де болымсыздық жұрнағы жалғанған етістіктер: ішпей-жемей, ұрмай-соқпай, аспай-саспай т.б.
Д) Кейбір етістіктен жасалған қос сөздердің үстеуге жататыны да бар: жүре-келе, ырғап-жырғап, кеуіп-семіп, өйтіп-бүйтіп т.б. Бұл сөздердің құрамындағы компоненттері бастапқы сөздік мағыналарынан ауытқып, біртұтас жаңа мағынаға ие болған.
Кіріккен түбірлі етістіктер: Құрамындағы сөздердің жігі білінбей, бір-бірімен жымдасып, кірігіп кеткен сөздер кіріккен түбір деп аталады. Кіріккен түбірлі етістіктердің саны тілімізде аса көп емес, жиырма шақты. Мысалы: әкел-алып кел, апар-алып бар, бүйт-былай ет, сүйт – солай ет, өйт-олай ет т.б.
3. Күрделі етістіктер. Күрделі етістіктерге кемі екі не одан да көп компоненттерден құралатын етістік тіркестері мен етістікті тіркестер жатады. Мысалы: көмек бер, құлақ сал, қол ұшын бер, келе жатыр, лақтырып тастай салғысы келді т.б. Күрделі етістіктер – қазақ тіліндегі өте көп қолданылатын етістік формаларының бірі. Күрделі етістіктердің классификациясы мәселесі де қазақ тіліндегі ортақ пікірге келмеген сала болып табылады. Маманов күрделі етістіктерді құрамындағы негізгі етістіктердің (жетекші) мағынасына қарай төртке бөледі:
1. Кесімді күрделі етістік.
2. Босаң күрделі етістік.
3. Бейімдік күрделі етістік.
4. Қалау мәнді күрделі етістік
Сондай-ақ Маманов тіркесті түбір етістік пен еді көмекші етістігі арқылы жасалған өткен шақ формалы күрделі форманы күрделі етістіктер қатарына жатқызбайды. Себебі, бұл күрделі форма тек өткен шақ формасында ғана қолданылады. Ал күрделі етістіктер барлық шақ формасында түрлене алуы керек деп санайды.
Шынында да күрделі етістіктерді саралау мәселесінде қиындықтар да жоқ емес. Құрамындағы компоненттерінің қай сөз табына сәйкес келуіне және тіркесу ерекшелігіне қарай қазіргі қазақ тіліндегі күрделі етістіктерді мынадай топтарға бөлеміз:
1. Күрделі етістіктің компонеті есім болып, ал ІІ компоненті сол есімді етістікке айналдыратын дәнекер көмекші етістік есебінде келетін түрін құранды күрделі етістіктер деп атайды: жәрдем бер, үлгі қыл, бас и жанжал шығар, серуен құр т.б.
2. Әр компоненті дербес мағынаға ие және сол мағыналар бір-бірінен кем емес болып келетін, екі сыңары да етістіктерден құралатын түрі жай күрделі етістіктер деп беогіленеді. Мысалы: алып кел, барып кел, келіп кет, жинай сал, ала кет т.б.
3. Аналитикалық күрделі етістіктер. иБұл форма бойынша жасалатын күрделі етістіктің лексикалық мағынасына алғашқы етістік негіз болады да (оны жетекші етістік деп атайды), оған қосылатын көсемшенің жұрнағы (-а, -е, -й, -п, -ып, -іп) мен көмекші етістік селбесіп алғашқы етістіктің мағынасын саралай түседі: айта сал, жаза түс, қарай көр т.б.
4. Суреттемелі күрделі етістіктер. Мысалы: түсінуші едік, кешігіп қалған екенмін, жас екен, бармақ болды т.б. Бұл формада көмекшілер жетекшілерді етістік сипатына түсіріп, оларға шақ, жақ ұғымына байланысты таза грамматикалық мағына жамап, қызмет атқарады. Бұл форма белгілі бір амал әрекетті суреттеу үшін, баяндау қызметін атқарады.
5. Тұрақты күрделі етістік. Мысалы: бетке шіркеу түсіре көрме, бойын аулақ салды, жұмған аузын ашпады, жігері құм бола жаздады т.б. Бұл күрделі етістіктер – тұрақты тіркестер, яғни идиомалық тіркестер.
Енді Мамановтың күрделі етістіктерге берген классификациясы бойынша әр етістікке түсінік беріп көрелік.
1. К е с і м д і к ү р д е л і е т і с т і к. (ККЕ) ККЕ-тің алдыңғы сыңары өткен шақ көсемшенің формасында жұмсалады. Бұл форма іс-әрекеттің тиянақты, кесімді түрде өтетінін білдіреді. Өткен шақ көсемшенің жұрнағы –ып, -іп, -п түрінде келеді. Мысалы: алып кел, қуып кел, жеп қой, айтып жүр т.б.
2. Б о с а ң к ү р д е л і е т і с т і к. Алдыңғы сыңары келер шақ көсемшенің –а, -е, -й формасында қоладнылады: ала кел, бара кел, көре кел, кіре шық, отыра кет т.б.
Қазіргі қазақ тілінде күрделі етістіктің бұл түрлері жарысып, кең түрде қолданылады. Бір-бірінен лексикалық жағынан айырмашылығы жоқ, тек семантикалық жағынан ерекшелігі бар. Мысалы:
ККЕ БКЕ
Оқып отыр Оқи отыр
Алып кел Ала кел
Айтып кел Айта кел
Тыңдап жат Тыңдай жат
Біріншісінде сөйлеуші орындаушыға кесімді түрде бұйрық берсе, екіншісінде сөйлеуші бұл іске немқұрайлы, босаң қарайтының білдіреді. Міне, осындай үстеме грамматикалық мағына ерекшеліктеріне қарай оларды кесімді және босаң күрделі етістіктер деп бөлінеді.
Күрделі етістіктердің құрамында қолданылатын кейбір етістіктер кейде мағынасын сақтап, кейде мағынасын жоғалтып отырса, бар, кел, кір етістіктері өзінің лексикалық мағынасын жоймайды.
3. Бейімдік күрделі етістіктер. Күрделі етістіктердің бұл түрі мақсатты көсемшенің –ғалы, -гелі, -қалы, -келі жұрнағы мен қалып етістіктерінің (отыр, тұр, жатыр, жүр) тіркесі арқылы жасалады. Бейімдік күрделі етістік қимылдың, іс-әрекеттің басталар кезеңін және соған қимыл иесінің бейімделуін білдіреді: жазғалы отыр, қайтқалы жатыр, кеткелі жүр т.б.
4. Қалау мәнді күрделі етістіктер. Алдыңғы сыңары –ғы, -гі, -қы, -кі формалы қимыл есімі тәуелді формада келіп, соңғы сыңары кел көмекші етістігінен тұрады: барғым келеді, барғың келеді, барғысы келеді т.б.
Академиялық грамматикада да күрделі етістіктерді түрге бөледі. Онда көсемше формасының түріне байланысты үшке бөледі де, соңғы форманы мүлде бермейді. Шнында да күрделі етістіктердің түрі құрамына қарай және грамматикалық мағынасына қарай бөлінеді. Құрамына қарай күрделі етістіктер үшке бөлінеді:
1. Есімдердің, еліктеуіш сөздердің көмекші етістіктермен тіркесуі арқылы жасалған тіркесті түбір етістіктер.
2. Еді көмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалған күрделі формалар.
3. Көсемше формалы етістіктер мен көмекші етістіктердің тіркесуі арқылы жасалған күрделі формалар. Мамановтың классификациясы осы соңғы күрделі формаларғар сәйкес берілген. Демек, көсемше формалы емес күрделі форманы осы түрге саю дұрыс емес. Күрделі етістіктің құрамындағы алғашқы сөзді жетекші етістік деп, соңғы сыңарын көмекші етістік деп атайды.
Достарыңызбен бөлісу: |