Сонымен бірге оқушылардың өзіндік жұмысы тек сабақ барысында ғана емес, үй тапсырмасын орындау кезінде де жүзеге асатыны ескерілді. Бастауыш сыныпта оқыту әдістерін қолданғанда негізгі көңіл оқушылардың өздігінен жұмыс істеуін қамтамасыз етуге көңіл бөлінеді. Оқушылардың табиғаттан бақылағандарын тақырыптың мазмұнымен байланыстыру кезінде де өздігінен жұмысқа сүйенуге тура келеді. Мысалы, 1 – сыныпта «Күзгі табиғат» тақырыбын оқыту кезінде сабақтың кіріспе бөлімінде -ақ оқушыларға күз табиғатын бейнелейтін суреттер мен карточкалар таратылып беріледі. Мұндағы мақсат – оқушылардың өздігінен табиғатқа жүргізген бақылауларына сүйене отырып, оларға табиғат ерекшелігін ұғындыру және табиғатты онан әрі де бақылауға жұмылдыру. Карточка мазмұндарынан мысал келтірейік: Алтын сары, қызыл көк, Алуан – алуан жапырақ. Бақша іші күлімдеп, Көз тартады атырап. (Қ.Шаңғытбаев) - Бұл қай кезде болады? Өз жеріңнен күздің қандай белгісін байқадың? Бұл бір карточкадағы тапсырма болса, екінші карточкада, Самал қозғап қалғанда, Үзіледі сары алма. Шолып едім бақшаны, Қауын біткен сап – сары. (Қ.Баянбаев) Бұл қай кезде болады? Өз жеріңде қандай жемістер пісті? Ағаш жапырақтары қашан түсе бастады, неге? Шөптерден қандай өзгерісті байқадың? Таратып берілген карточкалардағы өлеңдердің бірі күзгі ауа райын суреттесе, екіншісі өсімдіктер көрінісін, жеміс-жидектердің күзгі қалпын суреттейді. Ал, сұрақтар мен тапсырмалар оқушылардың күз туралы ұғымдарын жергілікті табиғатпен байланыстыруға бағытталады. Мұндай тапсырмалар арқылы әңгімелесуге дайындық барысында оқушылардың қиялы, бейнелеу, елестеу қабілеттері дамиды, қоршаған ортадан байқағандары мен жаңа тақырып мазмұнын байланыстыру шеберліктері артады. Бастауыш сыныпта топсеруен ұйымдастырудың өзіндік ерекшелігі бар. Топсеруенге бірнеше сынып оқушылары қосылып, бірге шығуға болады. Бірақ әр сыныптың топсеруенде атқаратын жұмысы мен бақылайтын нысананың мазмұны әртүрлі. Сынып оқушыларына жеке-жеке тапсырма беріліп, әртүрлі мақсат қойылады. Соған сәйкес оқушылардың зейінін тек өздеріне керекті нысананы бақылауға ғана жұмылдыру міндеті қойылады. Сондықтан да мұғалім сынып бойынша бақылауға тиісті құбылыстарды, не заттарды, жинауға тиісті материалдарды алдын-ала ойластырады. Бастауыш сыныпта нәтижелі білім беруді жүзеге асыруда практикалық әдісті кеңінен қолдануға тура келеді. Бұл әдісті қолданғанда оқушылар тікелей өздігінен сабақта және үй тапсырмасын орындау кезінде де, топсеруен барысында да пайдаланылды. Сөйтіп, практикалық әдіс оқушылардың сабақта алған теориялық білімін іс жүзіне қолдануды жүзеге асырады. Мысалы, мұғалімнің басшылығымен сабақта сұлба туралы ұғым алып, шағын, үлкен заттардың сұлбасын салып жаттыққан оқушылар кейін топсеруен кезінде өз жерінің сұлбасын салып үйренеді. Сұлбаның шартты белгілерін орынды жеріне қолдана білу шеберліктері артып қана қоймай, кез келген жердің сұлбасын оқи білуге де жаттығады. Сондықтан да жоғарыда келтіргендей, топсеруен кезінде жүрген жолдарының сұлбасын салу үнемі назарда ұсталады. Практикалық жұмыстың кейбір түрлері — мектеп үлескісіндегі сабақ арқылы жүзеге асады. Көктемдегі жер өңдеу жұмысымең танысқан оқушылар онда отырғызылған көкөністерді танып, оны күту әдістерін, өніп-өсу ерекшеліктерін біліп, өсімдікке керекті жағдайды өздері қатыса отырып түсінеді. Осы арқылы олар өсімдіктің өсуі жайында ой қорытады, ғылыми ұғым алады. Ұғымға жетудің екі жолы бары белгілі: ол баланың күнделікті өмірден алатын өз тәжірибесі және оқыту арқылы берілетін ғылыми ұғым. Дүниетануды оқыту барысында оқушылардың дүниетанымы кеңейіп, осы екеуінің де байланысы күшейеді. Бастауыш сыныпта пәндерді оқыту барысында оқушылардың өз бетінше жұмысын ұйымдастыратын қосымша оқу құралдарының мәні зор. Соның бірі оқушыларға сабақ үстінде таратылып берілетін карточкалар. Оларды мазмұнды жағынан бірнеше топқа бөлуге болады.