Шарттары: • оқылатын материалдарды әрбір жас кезеңдеріне бөлу; • баланың ақыл-ойы белгілі бір пәнді оқуға әзір болу керек екенін ұмытпау; • баланың дайындығын, дамуын және мүмкіндігін ескере отырып оқыту. Балалардың өмір тәжірибесін, қызығушылықтарын, даму ерекшеліктерін зерттеу және ескеру; • балаларды оқыту арқылы дамыту; • мүмкіндіктері бірдей оқушыларды біріктіру; • жақсы оқушылардың дамуын тежемеу, оқу үлгерімі нашар оқушыларды тез қарқынмен жұмыс істеуге үйрету; • оқытудың қарқынын белгілеп, керек жағдайда өзгерту; • ұқсатуды, салыстыруды, қатар және қарама-қарсы қоюды кең қолдану; • жаңа және күрделі материалдарды оқып үйренуге жақсы оқитын оқушыларды, бекітуге оқу үлгерімі нашар оқушыларды қатыстыру; • өте асықпау! • оқушыға келген ойды танымның соңы емес, басы деп түсіну; • түсініктілік мұғалімнің анық түсіндіруіне және тіліне байланысты; ұғымдарды нақты және біржақты етіп тұжырымдап өмірден, әдебиеттен жарқын мысалдар келтіріп, бірсарынды сөйлемеу; • монологты ұзаққа созбау, мұғалім іс-әрекеті мен оқушы іс-әрекетін анықтап алу. Балалардың түсінігіне жеңіл оқу материалдарын өз бетімен оқуға беру; • оқытудың алғаш сәтінде барлық білімді емес, тек негізгілерін беріп, бекітуге жаңа мысалдар, фактілер алып, жаңа білімді нақтыландыру; • оқушылардың танымдық іс-әрекетін басқару; • оқушылардың оқу жұмысын жеңілдете бермеу, олардың өз бетімен оқуына, оқу материалын талдауына көмектесу, бағыт беру; • түсініктілік баланың жүмыс қабілетімен байланысты, сондықтан баланы жұмыс істеуге үйрету. Көрнекілік принципі. Бұл ертеден қолданылып келе жатқан принцип. Оның негізіне мынадай ғылыми заңдылық жатады: сезім мүшелері сыртқы тітіргенгіштерді түрліше қабылдайды. Ең сезімталы – көру мүшелері; Олар арқылы миға енетін ақпараттар оқушылардың есінде жақсы сақталады. Кейбір заттарды есте сақтау көрнекіліксіз мүмкін емес. Саналылық және белсенділік принципі. Өз бетімен меңгерілген білім санаға жақсы сіңеді. Білімді саналы меңгеруге оқу желісі, өз бетімен жұмыс, белсенділік, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру, оқушының танымдық іс-әрекетін басқару, мұғалімнің әдіс-құралдары көмектеседі. Оқушының өзінің танымдық белсенділігі оқытуға аса қажет жағдай және оқу материалын терең және берік түсінуге орасан зор ықпал етеді.