Сөздік әдіс
Оқушылардың ой дербестігін, өздігімен істейтін жұмыс даралығын, оқу әреккеттерінің тиімділігін арттыруда сөздік әдіс пен оның тәсілдері маңызды орын алады. Сөз-тіл, тілдің дамуы, сөздің мән-мағынасына түсіну, ауызша берілген сұрақка жауап іздеу, оған жауап қайтару, ой желісінен сол сәтте айтуға керекті тізбегін ажырату оны айтып беру - үлкен ой қызметін керек ететін, оқушыларды шығармашылықка жетелейтін әрекет. Дегенмен, көп жағдайда сөздік әдісті оқушылар белсенділігін төмендететін әдіс ретінде қарайды. Бұлай қарау орынды емес. Сөздік әдістің күші сөздің орынды қолданылуы мен оның білім берудегі дұрыс құрылуына байланысты. Мәселен, сөздік әдіс оқушыға керекті ақпаратты толық бере алумен қатар, олардың алдына мәселе қойып, оны шешуге бағыттайды. Бұл оқушылардың ойлануына, ойқорытуына жағжай жасайды.
Біз сөздік әдіс тобына әңгіме, әңгімелесу, түсіндіру, пікірсайыс диспут, оқулықпен жұмыс, лекцияларды жатқызғанмен, бастауыш сыныптарда лекция әдісі қолданбайтыны белгілі.
Әңгімелесуге мұғалім де, оқушы да қатысып, екі жақты қарым- қатысқа түсіп, олардың бір-біріне психологиялық әсері күшейеді. Мұғалімнің әңгімелесу барысындағы әрбір тәсілі оқушының ой жүйесінің дамуына әсер етеді. Оқу жоспарында белгіленген және белгілі айқындалған уақыт ішінде, оқу бағдарламасына енген мазмұнды қоғам талабына және әр буынның психологиялық ерекшелігіне сәйкестендіре отырып меңгерту, оны өмірде қолдана білуге үйрету - оқытудың алдына қоятын негізгі мақсаты. Сонымен қатар, оқыту - белгілі білімді оқушыларға меңгерту үшін мұғалімнің қолданатын іс-әрекеті. Ал оқу-білімді меңгеру барысындағы оқушының іс-әрекеті арқылы жүзеге асады.
Оқытудың әдістерімен бұрында-соңды шұғылданған әдіскерлерге жоғарыда тоқталғанбыз. әдістемелік ізденістер көп болғанымен, әр пәннің оқыту әдістерін сол пәннің мазмұнына қарай тиімді қолдану, іске асырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Мұғалімнің оқыту әдісі мен оқушының оқу әрекеті білім мазмұны мен мақсатына қарай өзгеріп отырады. Оқытушының мақсаты - арнаулы білімді оқушыларға меңгерту. Меңгеру деген ұғымды психологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, И.М.Сеченовтың іліміне сүйенбей өте алмаймыз. Меңгеру бұл - жаңа тәжірибенің бұрынғы бар тәжірибемен, жаңа мәліметтің бұрынғы ертеде алған мәліметпен қосылуы. Бұл жиналған әлеуметтік тәжірибенің жеке бастың игілігіне, сөйтіп оның қасиетіне айналуы.
Философтар мен психологтар білімді меңгеру мәселесіне келгенде оны екі түрге бөледі. Стихиялы меңгеру - бұл кенеттен кездескен затқа, не құбылысқа көңіл аудару. Екіншісі - мақсатты меңгеру. Мақсатты меңгеру де екі түрлі жолмен жүзеге асады. Оның біреуі - алдына мақсат қойып, білгісі келген, танығысы келген затты не құбылысты адамның өздігінен ізденіп, зерттеп білуі. Екіншісі - мақсатты оқу, білім алу арқылы меңгеру. Бұл екеуіне ортақ мәселе меңгеретін білімінің ғылымилығы. Бұл екеуінің қай-қайсысында да ғылыми негіз бар.
Белгілі ғылым жүйесін меңгергенде адамның қабылдауы, ойлауы, есі қатысады. қабылдау арқылы барып меңгеру жүзеге асады. Себебі қабылдау - меңгерудің алғы шарты. Білім мазмұнын оқушыларға мақсатты меңгерту оқыту әдістері арқылы жүзеге асады.
Қазіргі кезде оқыту әдістеріне жаңаша қарауға, оны ғылыми дидактикалық, психологиялық жағынан дамыта отырып қолдануға үлкен мән беріледі. Оқыту мазмұнының интеграциялық принципінің өзі оқыту әдісінің дидактикалық тұрғыдан дамуын керек етеді. Осы тұрғыда ғалым, педагог А.Қараевтың “Әдістемелік жүйе деп біз оқытудың мақсат, мазмұн, әдіс, түр, құралымдарының кешенді бірлігін айтамыз. Бұған дейінгі жүргізілген реформаның тоқырауға ұшырауын біз осы жүйенің тұтас қаралмай, оның әр түрлі компонентерінің жеке-жеке қарастырылуынан деп білеміз” /103,б– 9/ -деген пікірге толығымен қосылуға болады.
Оқытудың әдістемелік жүйесі жаңартылып отырған жағдайда оқыту әдістерінің ең басты мақсаты- базалық білімді саналы меңгерту, пән аралық байланысты күшейту. Бастауыш сынып оқушыларында ұғымның қалыптасуына жағдай жасайтын - тиімді қолданылған оқыту әдістері.
Оқушыларда ұғым қалыптасу барысында бірнеше қарама-қайшылықтар кездеседі. Олар: оқушының бұрын қалыптасқан ұғымы мен жаңа алатын ұғым арасындағы қарама-қайшылық, жаңа ұғымды түсінуге әлде де білім қорының жетіспеуі, өмір тәжірибесі мен ғылыми түсініктің арасындағы қарама-қайшылық. Осылардың әрқайсысы оқушы үшін үлкен психологиялық құбылыс. Ондай қарама-қайшылықты жеңу үшін мұғалім оқушылардың бұрынғы білім деңгейін, олардың өмір тәжірибесін, қосымша білім көздерін (ғылыми көпшілік әдебиеттерінен, күнделікті ағымдағы ақпарат құралдарынан алатын мағлұматтары) меңгеру сапасын біліп отырады. “Формирование понятий в сознании учащихся- сложный и продолжительный... не сразу овладевают понятием, а постепенно усваивает его содержание, обьем, связи и отношения с другими понятиями” /101,б– 54/.
Әдіскер К.Жүнісова дамыта оқыту осы кездегі оқушыларға тиянақты білім берудің негізі екенін айта келіп, оқыту әдісінің тиімді қолданылуы осы қарама- қайшылықтарды жойып, оқушылардың оқу, ойлау әрекетін тудыруға, тиянақты білім алуына әсер етеді. “Білім -ойдың нәтижесі және оны алудың үрдісі... эмперикалық білімге (ұғымға) эмперикалық ойлау амалдары, теориялық білімге (ұғымға) теориялық ойлау амалдары сәйкес келеді”.
Оқушыларға білім беруде олардың ойлау процесін дұрыс бағыттай білу ең басты мәселе. “Абайдан дүниедегі ең жүйрік не - деп сұрағанда “ой” деп жауап беріпті” /105,б– 3/. Бастауыш сынып оқушыларының ой жүйріктігін дұрыс бағыттауға оқыту әдісін дұрыс қолдана білу негіз салады.
Бастауыш буын оқушыларының маңайымен қарым-қатысқа төселуіне, өз ойын тұжырымдап айтуға жаттықтыратын әңгімелесу әдісі. Әңгімелесуге бастауыш сынып оқушылары біртіндеп жаттығады. Әңгіме сабақтың кіріспе кезеңінде өтсе, оқушылардың бұрын алған білімдерін жаңа материалдың мазмұнымен байланыстыруға көмектеседі. Сонымен бірге оқушылардың әртүрлі білім көздері бойынша (кітап, кино, өмірден, табиғатты бақылаудан) қабылдаған шашыраңқы ұғымдарын жүйеге келтіруге, білімдерін тұжырымдауда да кіріспе әңгіменің мәні зор.
Кіріспе әңгіме кезінде мұғалім оқушылардың шашыраңқы ұғымдарын жинақтайды, соладың ішіндегі дүниетану ұғымын жекелеп, өткен сыныпта алған білмдерін де, өткен сабақтарда меңгерген ұғымдарын да қайталайды, жаңғыртып, естеріне түсіреді. Мәселен, күздегі табиғат, күзгі адам еңбегі, өсімдіктер, жануарлар тіршілігі жайында бұрыннан бірқатар білімі бар оқушыларға “қысқы адам еңбегі” туралы оқыту барысында кіріспе әңгіме өткізілсе, олардың ой қорытып, бұрын алған білімдерін жаңа тақырыппен байланыстыруға мүмкіндік туады.
Кіріспе әңгіменің дидактикалық мақсаты –оқушылардың бұрын алған ұғымдарын еске түсіру, күнделікті табиғатқа жүргізген бақылауларын жүйелеу, сол арқылы жаңа тақырыпты түсінуге дайындап бұрынғы білімдерін “актуалдау”. Ол үшін мұғалім бірнеше сұрақ қою арқылы кіріспе әңгімені жүзеге асырады: Күзгі табиғатқа қарағанда қысқы табиғаттың қандай басты ерекшелігін байқадыңдар? Табиғат өзгерісінің адам еңбегіне тигізетін қандай әсері бар? Неге? қыс маусымына тән еңбек түрлерін, олардың шаруашылық мәнін ашыңдар. Бұл әңгімеде оқушылар еңбек өзгерісінің себебін, олардың байланысын іздестіреді, дәлелдейді. Проблемалық оқыту жүйесі түгел жүзеге аспағанмен, оқушылардың бұрынғы білімдерін “актуалдау” мақсаты орындалады. Бұл М.И.Махмутовтың пікірінше “...ес жұмысын жандандырып, жаңа білімдерді жемісті қабылдау мен меңгерту үшін оқушының тірек білімдерін әзірлеу” /5б, б–191/. Әңгімелесу кезінде пән аралық байланыс, пәнді интеграциялап оқыту мақсаты да жүзеге асады. Дүниетану пәніндегі ұғымдар мен ана тілі, сурет, еңбек сабақтарында берілетін түсініктердің ара қатысы да байланысып, сабақтаса түседі. әңгіме үстінде оқушының таным әрекеті жанданады. Оқушы айтуға тиісті ойын дәлелдеу үшін керекті ұғымды басқа түсініктер арасынан іріктеп, жекелейді. Бұл ой қорыту нәтижесінде жүзеге асады. Алдын-ала әңгіменің түпкі мақсатын ойластырып, оған оқушыларды дайындаған жағдайда ғана әңгіме әдісі нәтиже беріп, тиімді болмақ.
Психологтардың пікірі бойынша, оқушылардың жүйелі ойы сөзбен байланысты болғандықтан, ол екеуін бөліп қарауға болмайды. Түрлі ситуациялар барысында оны шешуге жұмылдыру арқылы оқушылардың ой мен тілінің қатар дамуына мүмкіндік туады. әңгіме арқылы оқушылардың ойын жеткізу қаблеті, тілі дамиды. Олар өз пікірін айту үшін сөз үйлесімдігін іздейді, ой қорытады. Тіл-ойдың жемісі екендігін ескерсек, бұл жұмыстың қаншалықты маңызды екендігін аңғару қиын емес.
Әңгіменің нәтижелі болуы мұғалімнің оқушыларға дұрыс бағыт беруіне тікелей байланысты. Бұл әдіс сөздік әдістердің ішіндегі ең күрделісі. әңгімелесу үшін оқушының білім қоры мен сөз байлығы жеткілікті болуға тиіс. Дүниетану пәні бастауыш сыныпта оқытылатын болғандықтан, әңгіме барысында оқушылардың жас ерекшелігін ескеру бірінші орында тұрады.
Адам, қоғам блоктарын оқығанда адам мен адам, қоғам мен адам арасындағы қатынастарды, байланыстарды ашуда берілетін ұғымды түсіндіріп баяндаудан гөрі, проблемалық сұрақтар қою, ситуациялар тудыру арқылы әңгімелесу басым болуға тиіс.
Әңгімелесу кезінде оқушылардың өткен білімдерін еске түсіру, өмір тәжірибелерін пайдалану санадағы бұрын қабылданған деректерді жаңғырту жүзеге асады. Сабақ барысында оқушылардың жүйелі жүргізген бақылауларының нәтижесін пайдалану, оны жаңа ұғыммен байланыстыру әңгімелесу әдісі арқылы жүзеге асады да, оқушылардың ойланып сөйлеуіне, ой қорытуына мүмкіндік беріледі. әңгімелесу барысында “айтып бер” сияқты нұсқаудан гөрі “қандай ерекшелік байқадың”, “неге олай деп ойлайсың”, “бақылаған құбылысыңды дәлелдеп көр” деген сияқты, шешімін оқушының өзіне жүктейтіндей тапсырмалар мен сұрақтар орын алуға тиіс.
Әңгімелесу арқылы оқушылардың индуктивті, дедуктивті ойын қалыптастыру да жүзеге асады “Туысқа кімдер жатады, талдап айтып көр”, “адам мен адам қатынасын қалай түсінесің” деген тапсырмаларды орындауда оқушы талдау, жинақтау әдістерін қолданады.
Дүниетануды оқыту әдістері білім беру, тәрбиелеу, дамыту мақсаттарын қамтитын болғандықтан, сөздік әдіске тоқталғанда оны білім беру барысында кеңінен қолдана отырып, оқушылардың қисынды ойын дамытудағы, түрлі оқу әрекеттерін жүзеге асырудағы, ой қорытудағы маңызы тұрғысынан қарастырамыз. Сөздік әдісінің маңызы жайында әр әдіскер әр түрлі пікір айтады. Сөздік әдіске дайын мәліметті айтып беру құралы ретінде қаралып, оны қолдану көп сыналатыны белгілі. Мәселен, М.И.Махмутов мұғалімнің оқу барысында қолданатын сөздік әдістерінің түріне тоқтала келіп, сабақ барысында ақпараттық баяндаудың оқушылар ойын қозғамайтынын, дайын материалды ғана тыңдап қабылдауға душар ететінін айтады. Біздің пікірімізше сөздік әдіске үнемі немқұрайлы қарау, сөздік әдістің тиімділігін ескермеуден туады. Кез-келген оқыту әдісін қолдану сөздің қатысынсыз жүзеге асыруы мүмкін емес.
Сөз бала ойын тербететін, түрлі проблемалық ситуациялар туғызатын күшті де, құдіретті “құрал”. Әрине, сөздік әдісті қолдану арқылы оны оқушының іс-әрекетімен қалай байланыстыруға болатын жағын қарастыру проблемасы туады. Бастауыш сынып оқушылары үшін сөз табу, оны тиісті жерінде орынды қолдану ойдың жұмысы. Бұл оқушылар есінің тұрақтылығын, оның көлемін молайтудың басты шарты және жаңа ұғымды бұрын алған ұғыммен байластырудың тиімділігін арттыру жолы. әңгімелесу барысында салыстыру, топтау, жіктеу, айырмасын табу сияқты ой жұмысы нәтижесінде екі жақты қатынас жүзеге асатындықтан (мұғалім мен оқушы, оқушы мен оқушы), оқушы өз жауабындағы кемшілігін аңғарып, сыныптағы оқушыларға оны жөндеу мүмкіндігі туады, оқушының ойы шынығады.
Әңгімелесу сабақта жаңа тақырыпты түсіндіру барысында нақты заттар мен құбылыстардың. не адам әрекеттернің маңызын ашу мақсатымен көрнекіліктерді пайдалану үстінде жүзеге асуы мүмкін. Мұндай жағдайда оқушылардың тірек білімі мен жаңадан меңгеретін ұғымы арасында байланыс туып, олардың ізденісіне жол ашады. әңгімелесу кезінде мұғалім оқушылар жауабының мазмұнына ғана емес, сөйлем құрылымына, сөз пайдалану ерекшелігіне, көңіл аударып, олардың тілін дамытуға негіз салады.
Оқушылардың алған білімін жүйелеп, келешекте алатын ұғымдарына оларды дайындау мақсаты қорытынды әңгіме арқылы орындалады. Мәселен, 1-сыныпта “жануарлардың жазғы тіршілігі” тақырыбының қорытынды бөліміндегі әңгімені байқайық: -Жануарлардың жазғы тіршілігінің ерекшелігін айт. Су құстары мен дала құстарының тіршілігінде қандай айырма бар? Жазда бунақ денелілер неге көбейіп кетеді? Мұндай әңгіме барысында оқушылар сабақта алған ұғымын тұжырымдап қана қоймай, жыл бойына табиғаттан байқағандарын естеріне түсіріп, олардың себебін айтып дәлелдейді. Бұл оқушының қисынды ойына түрткі болады. қорытынды әңгіме барысында адам мен табиғат арасындағы қатынастарды, қоғам дамуындағы табиғаттың ролін аша түсуге мүмкіндік туады.
Әңгімелесу тек сынып сабақ барысында ғана емес, үлескідегі, табиғат бұрышындағы сабақтарда және топсаяхат кезінде де кеңінен қолданылады. Әңгімелесудің құндылығын жоғарғы сыныпта биологиялық пәндерден сабақ беру әдістемесімен айналысып жүрген Р.Әлімқұлова, Қ.Жүнісова, бастауыш сыныптардың ана-тілі және тіл дамыту мәселелерімен шұғылданған С.Рахметова, К.Бозжановалар тілге тиек етеді. Сол сияқты, тікелей бастауыш сынып әдістемесіне байланысты, әсіресе табиғат тану сабақтарының оқыту мәселесінен зерттеу жұмыстарын жүргізген В.П.Горощенко, И.А.Степанов, В.М. Пакулова, В.И.Кузнецовалар да бұл әдіске тоқталады. В.М.Пакулованың пікірі бойынша “Все виды бесед, связанные с практическими и наглядными методами обучения. Так, например после проведенных наблюдений и опытов в ходе беседы выясняется, насколько глубоко школьники осмыслили и правильно поняли то, что наблюдали: могут ли рассказать ход опыта; объяснить, почему получили такие результаты, и где их можно использовать в дальнейшей учебной и практической работе” - дейді /91,б–100/. Сондықтан да, әңгімелесу әдісін тиімді қолдану үшін оқушылардың түрлі ұғымдарды өздігінен талдауына, олардың ой әрекеттерін туғызуға көңіл аудару қажет.
Бастауыш сыныптарда қолданылатын сөздік әдістерді (әңгіме, әңгімелесу, баяндау, түсіндіру) оқушыларға ой тастайтын, көңіл күй, эмоция тудыратын дәрежеде жаңа ұғым беруде, бұрын таныс емес теориялық білімді меңгерту барысында қолдану арқылы олардың тиімділігін арттыруға болады.
Әңгіме әдісінің әңгімелесуге қарағанда ерекшелігі бар. “Кез келген әдісті тиімді қолданғанда оқушылардың белсенділігін арттыруға көмектеседі. Біреуі- қабылдауға, екіншісі- есінде сақтауға, үшіншісі -ойлауға, төртіншісі- эмоцияға әсер етеді”.
Оқыту әдісінің зейінді, қиялды, ерікті, ойлауды, ұғымды, білімді, білікті дамытудың көзі екенін ескерсек, оқыту барысында қолданылатын әдістер осы процестерді жүзеге асыруға бағытталады.
Әңгіме оқушыларға белгілі бір теориялық мәселелерден ақпарат беруге не олардың көңіл-күйіне әсер ететіндей жағымды құбылысты, табиғат көрінісін, тірі табиғаттың тіршілік әрекетін не адам өмірімен байланысты суреттеулерді мұғалімнің оқушыларға айтып түсіндіре отырып, олардың ойына, қиялына жағдай туғызу үшін қолданылады. әңгіме оқушылардың оңай шешетін проблемасына арналмай, оларды қызықтырып, ізденіске жұмылдыратын тақырыптарға арналады. Сондықтан әңгіменің әсерлілігіне, мазмұндылығына көңіл бөлінеді, оның проблемалық түрі басым болады. “Мұғалім ұдайы проблемалық ситуациялар жасап, сол арқылы оқушыларды оқудың жекеленген кезеңдерінде белгілі танымдық дербес қызметке құлшындырады /16,б– 140/. Мұндай әңгіменің арасында бастауыш сынып оқушыларына сөз көрнекілігін пайдаланып, өлең оқу, кітаптан қызықты үзінділер келтіру, проблемалық сұрақтар қойып, олардың зейінін әңгіме жүйесіне аударып отыру сияқты тәсілдер жүйесі қолданылады. әңгіме барысында мұғалім түрлі көрнекіліктерді де пайдаланады. Мұндай жағдайда көрнекілік әңгіме мазмұнын күшейту құралы есебінде қатысады. Мұғалімнің әңгімесі нәтижесінде оқушылардың пікір сайысына, өз ойларын айтып, оку мақсатын шешуге көшуіне жағдай жасалады.
Әңгімеде сөйлем тұжырымдылығы, сөздің нақтылығы, ойдың айқындығы ескеріледі. Бастауыш сынып оқушыларына айтылатын әңгіме қысқа, тартымды, әсерлі болуға тиіс. “Професиональная речь учителя выполняет функции организационные, познавательные, воспитательные и развивающие”.
Оқулықпен жұмысты сөздік әдістер тобына жатқыза отырып, оның әңгімелесу мен әңгімеден айырмашылығын ескеруіміз керек. әдістің қолданылуында сөз қатысының күші басым болғанмен, мұнда оқушылардың өздігінен атқаратын жұмысы, ой әрекеті белгілі орын алады.
Оқушыларға ғылыми білім беруде оқулықпен жұмыстың алатын орны ерекше. Оқулықпен жұмыс барысында мәтіннің негізгі түйінін табу, оның басқа бөлімдермен байланысын ажырату, тақырыпты түсіну, түсінігін айту т.б. тапсырмаларды орындау арқылы оқушылар ой қорытып, белгілі бір тұжырымға келеді.
Оқулықпен жұмыс оқушылардың ғылымға сенімін арттырады, олар ой жұмысымен шұғылданады да білімді қабылдауда логикалық ойдың қатысы күшейеді. Сонымен қатар бұл жұмыстың өзіндік ерекшелігі- тек мәтінді оқумен шектелмей, оқулықтың суретін, сұрақтары мен тапсырмаларын орынды пайдаланып, оқулықтың әдістемелік аппараттарымен жұмыс істей білуге төселуде.
Оқулықтағы сұрақтар мен тапсырмалар мазмұны білім меңгерудің бірнеше деңгейіне сәйкес келеді. Кейбір тапсырма оқулықтағы мәтіннің мазмұнын ашуға құрылса, енді бірі өмір тәжірибесімен байланыстыруға не жаңа ситуацияға қолдануға лайықталған. Осылардың мәнін түсіне отырып оқушыларға жаттығу жұмысын орындату арқылы мұғалім оқулықпен жұмысты шығармашылық деңгейге көтере алады.
Сабақ барысында оқулықпен жасалатын жұмыстың бірнеше түрі бар:
а. Мәтінді оқып түсінігін айту;
ә. Мәтіннің негізгі мазмұнын табу;
б. Мәтін мен суреттің байланысын анықтау;
в.Мәтін мазмұнын өмір тәжірибесімен, күнделікті бақылау нәтижелерімен байланыстыру;
г. Мәтіннен сұрақтар мен тапсырмалардың жауабын іздеу;
д.Мәтінде кездескен атаулар мен ережелерді талдау, мәніне түсіну, дәптерлеріне жазу;
Оқулықпен жұмыстың түрлері оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып бөлшектеп орындатылады. үйге берілетін тапсырма кезінде де осы жұмыстар қайталанып отыру арқылы оқушылардың білім алудағы ең негізгі құралы- оқулықка сенімін артырып, келешекте кез келген әдебиетпен жұмыс істей білу дағдыларын қалыптастыруға негіз салынады.
Достарыңызбен бөлісу: |