Зерттеу әдісі оқушылардың шығармашылығын арттырудың көзі.
Зерттеу әдісінің кезеңдері.
Бастауыш сынып оқушыларына білім беруді шығармашылық деңгейіне көтеру-оқыту барысында зерттеу әдістерін (тәжірибе, эксперимент) жиі қолдануды талап етеді. Зерттеу әдістерінің ортақ белгісі-ізденушілік, оқушылардың меңгеретін білімге өздігінен атқаратын жұмыстарының нәтижесінде жетуі.
Зерттеу әдістерін қолданғанда үнемі оқушылардың ой әрекетінің дамуы, жасаған тәжірибелері мен жүргізген экспериментері бойынша күрделі ситуациялар шешу басым болады. Оқушы тәжірибе арқылы белгілі заттың немесе құбылыстың қасиетін түсініп, оның ғылымға деген сенімі қалыптасады. Ол топпен бірге тәжірибе жасау барысында ұжымдық әрекет тәсілдерін меңгеріп, даму мүмкіндіктерін арттыратын жағдайға ие болады.
Тәжірибе мен эксперимент жұмыстары кезінде “Неге назар аудару керек?”, “Нені зерттеу керек?” деген проблемалық сұрақтар туады. Ізденіс арқылы оқушының репродуктивті қабілетінен гөрі шығармашылық қабілеті дамуға жағдай жасалады. Оқушы өздігінен орындаған іс арқылы белгілі бір нәтижеге жетеді, өзі атқарған жұмыстың қорытындысын жасап, білімін дамытады, оны керекті жерінде қолдануға төселеді. Топырақтың, судың, ауаның қасиеттері туралы тәжірибелер сыныптағы сабақ барысында жасалатын болса, экспериментті сыныпта да, табиғат бұрышында да, үлескіде де жүргізуге болады. Оқушылар өсімдіктің өсуіне қажетті жағдайлардың бірі жетіспеген жағдайда өсімдіктің қалай өсетінін байқау үшін эксперимент жүргізуіне болады. Эксперимент нәтижесін байқау ұзаққа созылуы да мүмкін.
Зерттеу әдістеріне үш кезең тән. Бірінші дайындық кезеңі: мұғалім не үшін ізденіс жүргізу керектігін түсіндіреді, керекті құрал-жабдықтарды дайындайды; екінші, мақсат қойып, ізденіс жүргізу кезеңі; үшінші, ізденіс нәтижесін қорыту, тұжырымдау кезеңі. қорыту ауызша, жазбаша немесе сурет салу түрінде де болуы мүмкін.
Зерттеу әдістерін қолдану мұғалім оқушыларды топқа бөлуіне не жеке тапсырмалар беруіне болады.
Зерттеу кезінде оқушылар өздері үшін жаңалық ашады. Бұрын тікелей байқай алмай жүрген ерекшеліктерді. қасиеттерді түсініп, меңгереді. Оқушыларда шығармашылық әрекет дами түседі. Ізденіс нәтижесінде алған білім олардың логикалық ойының дамуын тездетеді. Оқушылар ізденіс арқылы жеткен нәтижеге баға беру, оны басқа ситуацияда қолдану, ұқсас мысалдар келтіру әрекеттерін меңгереді. Бұл сияқты ой қорытындысын жасау- дамудың белгісі екенін психологтар дәлелдеп отыр.
Зерттеу кезінде оқушы адамзаттың осы кезге дейін жинақтаған тәжірибесінің нәтижесін өзі үшін “жаңалық” ретінде іздестіріп, оны жүзеге асырудың әдіс-тәсілдерін меңгереді. Оның шығармашылық қабілеті шыңдала түседі.
Жаттығу зерттеу әдістерінің бәріне ортақ. Зерттеу әдістері барысында оқушылар өздігінен жұмыс атқара отырып, бұрын алған білімдерін іс жүзінде қолданып үйренуі. Жаттығу жұмыстары барысында біліктілікке жету, білікті кез келген жағдаяттарда қолдана білу дағдыларының дамуы. Жаттығу көптеген жұмыс түрлерін қамтиды және оны ұйымдастыру мен қолдану мүмкіндіктері де сан-алуан. Жаттығу оқушылардың қабылдаған білімін шыңдап, дағдыға айналдырады, осының нәтижесінде оларды жаңа білім мен білік деңгейіне көтереді. Жаттығу кезінде оқушылардың бүкіл мүмкіндігі (көру, есту, шеберлік, ұқыптылық, зейінділік т.б.) жұмысқа қатысады.
Жаттығу кезінде оқушылардың өздігінен атқаратын жұмыстары екі деңгейде өтеді. Біріншісі, мұғалімнің айтып түсіндірген әдіс- тәсілі бойынша жұмыс орындау; екіншісі, бұрын алған ұғымдары мен дағдыларына сүйеніп, жаттығуды өздігінен орындау. Екінші деңгейде оқушының дағдыға айналған, қалыптасқан білігі жетекші рөл атқарады. Жаттығу жұмысы кезінде оқушының сабақта, бақылау кезінде, тәжірибе мен эксперимент барысында алған ұғымдарының нәтижесі қорытылып, іс жүзіне асады. Бұл пән аралық байланысты, кіріктіре оқыту процесін жүзеге асыруға жағдай туғызады.
Әдістемелік құралдарда сабақ барысында ұйымдастырылатын жаттығу жұмыстарының түрі талданбайды. Оқушылардың өздігінен атқаратын жұмыстарының мазмұны ашылмай қалады. Ал шындығына келсек,табиғаттанұғым беруде оны оқытып үйретуде орындалатын жаттығу жұмыстарының түрі өте көп.
Жаттығудың жазбаша түрлеріне: жердің сұлбасын сызу, географиялық карталарды оқу және оны кескін картаға түсіру, шартты белгілерді ажыратып, дәптерге, не бақылау күнделігіне салу, өсімдік пен жануарлар бейнесінің суретін салу т.б. жатса, жаттығудың табиғатта орындалатын түрлеріне: үлескідегі өсімдіктерді күту, табиғат бұрышындағы жұмыстар кіреді. Осы жұмыстардың қай-қайсысы да оқушының қиялы, есі, зейіні және меңгерген білімінің нәтижесінде жүзеге асады.
Жаттығу бір рет қана ұйымдастырылатын әрекет емес. Ол үнемі қайталанып, түрі мен мазмұны өзгеріп, көлемі кеңейіп отыратын әрекет. Бір ғана мағлұматты меңгеру барысында бірнеше рет жаттығу жұмысы ұйымдастырылуы мүмкін.
Жаттығу жұмыстары жаңа ұғым алу үстінде де, ұғымды бекіту барысында да, үй тапсырмасын тексеру кезінде де жүзеге асады.
Жаттығу әдісінің нәтижелі болуы оқушылардың білім қорына байланысты. Жаттығудың бірінші деңгейі іскерлікке үйрену, білікті қолданудың әдісін меңгеру, екінші сол іскерлікті кез келген ситуацияда қолдану деңгейі.
Жаттығу екі жақты процесті қамтиды: алғашында оқушының меңгерген білімін қорытып, тиянақтаса, онан кейінгі білім нәтижесінде білік қалыптасады. Жаттығу ой жұмысы арқылы іске асатын саналы процесс. Сондықтан мұнда біліммен қатар икемділік, шеберлік керек. Білім қолдану шеберлігі, іс орындау икемділігі - жаттығу әдісінің мақсатты шарты.
Жаттығу көбіне сарамандық жұмыс түрінде орындалады. Оқушының бұрын түрлі тәжірибелер кезіндегі байқағандары, алған білімдері, қалыптасқан біліктері жаттығу кезінде шыңдала түседі. Мәселен, оқушылар топырақтың қасиетін анықтау үшін тәжірибе жасаған кезде оның құрамында өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтары, су, ауа, құм, саз барын біледі. Енді табиғатта жүргізілетін жаттығу кезінде топырақ қимасын қарап, оның беткі шірінді мол қабатын, құмды, сазды қабатын, беткі қабатын өсімдіктер тамыры шырмап жатқанын анықтайды. Ол қабаттарды өлшеп, суретін салады. Осы тұста олардың бұрын алған білімдерін еске түсіру арқылы ес тұрақтылығы жүзеге асады. Дүниетануды оқытуда мұндай жаттығу жұмыстары жергілікті өзеннің ағысын, жағасын, ондағы өсімдіктер мен жануарларды анықтау кезінде де жүргізіледі.
Топсаяхатта да, сыныптағы сабақта да т.с.с. білім берудің барлық түрінде жаттығу әдісін қолдану арқылы білімді біліктендіру процесі жүреді. Бірінші сыныптың өзінде-ақ, бағытты анықтай білу дағдысына жаттығу жұмыстарының нәтижесінде жетуге болады.
Жаттығу әдісін жиі қолдану арқылы оқушылардың жекебас дербестігін, өзіне сенімін арттырып, шығармашылығын дамытуға болады.
Жаттығу кезінде оқушылардың сенсорлық, сезімдік қабылдаулары түгел қатысады. Сондықтан да, ол ақыл-ой әрекетінің дамуына әсер етеді. Жаттығу әдісін қолдануда мұғалімнің оқушыларды дұрыс бағыттауы шешуші орын алады. Оқушылар өздігінен орындаған жұмыстарының нәтижесін қорытуда белсенділік көрсете алады. өйткені өздігінен орындаған жұмыстың нәтижесін қорыту оқушыларда жағымды көңіл-күй туғызып, шабытқа жетелейді, олардың өзіне сенімін арттырады. Р.Г.Лемберг жаттығу жұмысының мәнін айта келіп, “...дают возможность и углубить и расширить знания, уточнить их, проверить их качество, а также сохранить на долгие сроки накопленный познавательный капитал” - дейді /92,б– 83/.
Жаттығу әдістерін топтап бір жүйеге келтірмегенмен, оны әр тұрғыдан талдап, оның оқушыларды дамытудағы маңызын сөз еткен ғалым-әдіскерлер мен психологтар баршылық. И.Я.Лернер жаттығу жұмысын орындауды мұғалімнің тікелей басшылығымен атқаратын жұмыстар қатарына жатқызып, репродуктивті әдіс ретінде қарастырды. Бұл жұмыс үнемі мұғалімнің басшылығымен орындалса да оқушының психологиясына әсер ететінін ашып, “...в ходе которых развиваются его воля, внимание, память, мыслительные операции...” дейді /11,б– 96/.
Достарыңызбен бөлісу: |