Батыр бауыржанның ТӘрбиелік тағылымдары жүнісова Дана Заурбайқызы Тараз қаласы №32 орта мектебі



Дата15.09.2017
өлшемі128,56 Kb.
#32763


БАТЫР БАУЫРЖАННЫҢ ТӘРБИЕЛІК ТАҒЫЛЫМДАРЫ

Жүнісова Дана Заурбайқызы

Тараз қаласы №32 орта мектебі
Кейде ол – күй көңілді ақын жандай,

Кейде ол – көк семсерлі генералдай.

Бойы бар бізден гөрі биігірек,

Тіп – тік боп абыройын тұрған тіреп,- деп Қасым Аманжолов ағамыз жырлағандай Ұлы Отан соғысының қаһармандары арасында тағдырының өзі сыйға тартқан әрі азамат, әрі батыр Бауыржанды елімізде ғана емес, өзге елдерде де қастерлеп, ұлыға балайды[1,274].

Бауыржан Момышұлы байсалдылық, данышпандық қасиеттерімен көзге түскен шешен ақын еді.Батыр ұлдың ұлттық мұраға рухани азық боларлық «Отан үшін отқа түс, күймейсің», «Намысыңды нанға сатпа», «Ұлттық сезім - қасиетті сезім», «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі» және басқа да нақыл сөздері мен мақалдары ел аузында жүрген, санасына сіңген, мәңгіге халық жүрегіне жазылған туындылары болып қалмақ. Баукеңнің шығармалары ішінде нақыл сөздер – тәрбиелік мәні бар, ұрпаққа рухани азық боларлық дүниелер. Жастарды тәрбиелеудегі тәртіп мәселесіне батыр көп көңіл қойған. Нақыл сөздерге өрім болған тәртіп тақырыбы – тәрбиенің биік шыңы, межелі мәресі:

«Тәртіп тән үшін, ынтымақ жан үшін керек»;

«Тәртіпке бас иген құл болмайды,» - делінген нақыл сөздерінде Баукең бәрінің, білімнің де, ынтымақтың да бастауы тәртіпте екенін түсіндіреді [2,79]. Гвардия полковнигі 1943 жылы 8 желтоқсанда Кеңес Одағы «Жазушылар» кешінде сөйлеген сөзінде отырғандарға: «Тәлім-тәрбиенің мәні неде?» - деп сұрақ қояды. Оған жауапты өзі іздейді: «Адамның ауыртпалықты, мұқтаждықты жеңе білу қабілетінде. Жеке мақтаныш сезімі еңбекте, тұрмыста ғана емес, сонымен қатар ұрыста да ерлікке бастайды. Парыз сезімі, адамгершілік - жеке басының, ұлттың, Отанның мақтанышы»[2,82]. Батыр Баукең күнделікті тұрмыстағы, өмірдегі, қала берді ұрыстағы жеңістің төркінін осы тәлім-тәрбиеден іздейді:

«Тексізден тезек артық,

Тәрбие – таза ниет атасы.

Тәрбиелі – тәртіптің құлы,

Тәртіпті – елдің ұлы», - деген нақыл сөзінде де тәртіпсіз адамның – болашағы қараңғы екенін дәлелдегендей [3,226]. Адам – қанша ақылды болса да, тәлім – тәрбиесіз шыңға шыға алмайды. Себебі, баланың баспалдағы енді қаланып жатқан кезде бала дұрыс тәрбиеленбесе, ол болашақта да тәрбиесіз болып қала береді. Қазақта: «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген мақал бар ғой, сол мақал мен Баукеңнің нақыл сөзі бір мағыналас.Тәлім көрген, тәрбие алған азамат – өмірді де, өлімді де жеңе алады деген қағида бар. Батырдың өмірді ұрысқа теңеуі де символика. Өмір батыр үшін қашан да мақсат пен мүдделер, көзқарас пен идеялар майданы. Бұл майданның да жазылмаған ережелері бар. Өскелең ұрпаққа өз анасын сыйлау, елі, жұрты үшін күресу, туған жерін құрметтеу, ана тілін қастерлеу рухындағы нақыл сөздер қашан да өрелі де, өзекті бола бермек:

«Мен істедім дегенше,

Мың істеді десеңші,

Мың істеді дегенше,

Ер істеді десеңші,

Ер істеді дегенше,

Ел істеді десеңші.

Мен мыңдікі болмасам,

Ер елдікі болмаса,

Кім істеді дер едің?» [3,226].

Міне, мыңның тілегі мен бірдің тілегі, бірдің ісі мен мыңның ісі ел мен ердікі екендігін Бауыржан Момышұлы жақсы айта кетеді. Ерлік пен елдік батырдың мәңгілік арманы, адалдық пен асылдық мәңгілік тақырыбы болды.

Соғыс жылдарында қаншама ерлеріміз Отаны, елі, Отанның ең кішкене бөлшегі отбасы үшін жауға қарсы қан майданда жанталасып күресті. Үйінің алдында күні-түні көз ілмей «жарым, балам, қашан келеді екен?» деп отырған анасы, жұбайы, күнде анасынан «әкеміз қашан келеді?» деп сұрап, әкелерін күтіп жүрген кішкене балалар да олардың тірі, өлісін білген жоқ, сонда да хат жазумен болды. Сол азаматтардың қаншамасы дүниеден өтті? Талай өмір деген гүлін аша алмаған ер жүректі ерлер, Қозы мен Баян сияқты көкірегінде маздап жанған ыстық махаббат отының жылуына жылына алмай, арманда кеткен жастар қаншама? Ерлер елінің қамы үшін соғысып жатқанда сол майданнан қашып кеткен, тіпті майдан даласын көрмей үйінде тығылып жатқан адамдар да болды, ол өтірік емес. Сондай адамдарға ызаланған, олардың түйсігіне жасап жатқандары дұрыс емес екендігін жеткізгісі келген Баукең:

«Қара бет болып қашқанша,

Қайрат көрсетіп өлген артық», - деген нақыл сөзі арқылы сол адамдарға ұғындыра алмаса да, болашақ ұрпақ сол адамдардай болмасын деп ниеттенді[3,226].

Тек ерлік дастанының, тәлім-тәрбие шежіресінің шебері болып қоймай, ана тілінің шын жанашыры, әділ арашасы бола білген Баукең: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», - деп халықты ана тілін құрметтеуге үндейді. Ана тілінің болашағы – халықтың болашағы екенін зерек те, зерделі түсінген.

Баукең үшін адам бойындағы ақыл мен қайрат та жұп сезімдер. Оны біз жазушының мына нақал сөзінен байқаймыз:

«Қайратыңа әдісіңді жолдас ет,

Әдісіңе ақылыңды жолдас ет,»– нақыл сөзінде жазушы бір істі бастар алдында ойлану керек, ол істі істегенде ақылмен ойлап, түйсікпен жасасаң ғана оның қызығын көретініңді жас ұрпақтың санасына нақыл сөзбен жеткізеді [3,227].«Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген мақал да соның дәлеліндей:

«Ел дегенде езіліп,

Жұрт дегенде жұмылып қызмет ет.

Жерге тер төгіп,

Халыққа қан төгіп қызмет ет,» - деген нақыл сөзі жазушының ұлт болашағын ойлауынан, халық көшін бастар ерлерді тәрбиелеудің қамынан туған десек болады [3,227]. Бұл нақыл сөзі өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятуда үлкен септігін тигізеді. Нақыл сөздің негізгі ойы – ел үшін қасық қаның қалғанша қызмет етіп, жұртың қайғырса, бірге қайғырып, жұртың қуанса, жұртпен бірге қуанып, халыққа адал қызмет ету. Жас бала еліктегіш келеді. Жас жүрек қашан да үлгі іздейді. Міне, Баукең жазған нақыл сөздерінде осы ұрымтал сәтті ескергендей. «Үлкенді ізетте, кішіні күзетте» - дей отырып, оларды кішіпейілділікке, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуға шақырады [3,228].

Мәселен, батыр:

«Айқаймен ала алмайсың,

Айламен, ақылмен алғын,» - деп жастарға ақыл мен айла, байсалдылық пен ептілік өмір өнерінің мәнері екенін жеткізе отырып, құр айқайдан ештеңе өнбейтінін, ақыл, айламен ғана ісіңді өндіре алатыныңды ұқтырады [3,229].

«Көп тұрған су сасиды,

Ойламаған ми сасиды,» - деп Бауыржан ата жас ұрпақты білімге, ізденіске шақырады. Қазақ халқы өзінің өмір сүру тарихында бір емес бірнеше рет білімсіздіктен, сауатсыздықтан зардап шекті [3,229]. Патша үкіметінің үстемдігінде болған кезде қараңғы қазақ халқында сауатты адамдар болмады емес, болды, бірақ, қатігез үстем тап басшылары сол азын-аулақ ұлт зиялыларының да көзін құртты.Себебі олар қорықты, қазақтар өздеріне қарсы азаттық бағыттағы көтеріліс жасайды ма деп қорықты. Егер сол кезде халық тұтас сауатты болғанда Ресей империясының бізге жасап жатқан озбырлығын ертерек көрер ме едік? Біз бұдан бұрынырақ егемендік алар ма едік? Әттең! Дегенмен қазір егемен елміз, тарих сахнасынан жойылып кетпей, бүгінде көк туымыз желбіреген «Қазақстан Республикасы» атанып отырғанымыз сауатты аға-апаларымыз бен батыр ерлеріміздің арқасы! Сондай ерлеріміздің бірі Бауыржан Момышұлы - сауатсыз жас ұрпақтан ел болашағы жарқын болмайтынын түсініп, өзінің нақыл сөздерін еліміздің болашағы – жастарға рухани мұра ретінде қалдырған. Ойлы жас – сапалы ұрпақ болатынын, парасат – салтанат құратынын армандаған батыр:

«Білек бірді, ақыл мыңды жығады,» - дей отырып, бүгінгі таңда білектілердің емес, білімділердің заманы екенін тағы бір рет дәлелдегендей. Себебі, қазір білім – ең басты еліміздің даму көзі. Қазір тек оқыған адамдар ғана өзі армандаған жұмысына кіріп, өз қалауынша өмір сүре алады. Бұл - замандағы нағыз, шынайы шындық [3,229].

Баукең тек білім, ерлік, тәрбие жайында ғана емес, сонымен қатар, бірлік жайында да нақыл сөздер жазып қалдырған:

«Жалғыз батыр – жалғыз жан,

Майданға тұлға бола алмас.

Азынап жалғыз арыстан

Орманды билеп ала алмас.

Жалғыз батыр болғанша,

Жалпы батыр болсашы»[3,230]. Бұл нақыл сөздің басты тақырыбы – бірлік. Жалғыз адамның қолынан ештеңе келмейді. Себебі, адам баласы қоғамда, яғни басқа адамдармен бірлесіп тіршілік ету үшін жаралған. Жалғыз арыстан – бір үйір бұқаға төтеп бере алмайды, жалғыз аю – бір тобыр қасқырға қарсы шыға алмайды, сол сияқты жалғыз адам да, қанша мықты болса да, бір топ адамға қарсы шыға алмайды. Ерте замандарда да, қазір де, ел бірлігі өте маңызды болды, болып тұр, болады да. Ең қарапайым мысал – үй тапсырмасын алсақ болады. Егер үй тапсырмасына мұғалім – мектептің немесе басқа ғимараттың шағын үлгісін жасап кел дейтін болса, оның сұлбасын өзің істеп барсаң, сенің жұмысың топтық жұмыстарға қарағанда сапасыз, әрі қарапайым болып шығады. Ал топтасып, бірігіп істелген жұмыста мін болмайды, себебі әр бала өз ойын айтып, сол ойлар жинақталып, өте керемет дүние шығады.Баукең:

«Көргеніңді көпірместен, шынын айт,

Сезгеніңді сезіміңмен сеніп айт»[3,230]. Жазушы бұл нақыл сөзінде - адам баласы шыншыл болу керектігін, өтірік айтып, көрмегенін көрдім, білмегенін білдім деп айтуға болмайтындығын жастарға ұғындырады. Абай атамыз айтқандай өтірік айту – ол адам бойындағы ең сорақы әдет. Өмірің бір рет өтірікке шырмалды ма, мәңгілік өтірік айтып, өтірікші болып өтесің. Дәл осы жаман әдеттен болашақ өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ аулақ болсын деп жас ұрпақты тәрбиеге шақырады.Бұған қоса Баукең жүрегіңмен сезінген сезіміңді өзіңе сенімді болсаң ғана айту керектігін, ал сенімсіз болсаң құр бос сандырақтай бермеу керектігін басты қағидалары ретінде санап, өзі өмірде түсінгенін нақыл сөздері арқылы жас ұрпаққа, соның ішінде бізге жеткізді.

Бауыржан Момышұлы – нақыл сөздерінде ардақты аналарымызда да ұмытқан жоқ:

«Ана үшін аянба – ант ұрады,

Бала үшін аянба – бетің күйеді.

Ел үшін аянба – ерлігіңе сын,

Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын»[3,231]. Бұл нақыл сөзінде батыр - ана, бала, ел, жұрт мәселелерін қозғаған.Ол - тоғыз ай толғатып, дүниеге әкеліп, күн, түн демей асырап, жетілдірген, түн ұйқысын төрт бөліп, бағып-қаққан аяулы анамызды құрметтеп, қартайған шағында сол жасаған жақсылығының қарымтасын қайтаруды насихат етеді. Сонымен қатар жазушы бауыр етің балаңнан да қолда барыңды аямай, оқыту керектігін, сонда ғана болашақта балаңның жемісін көретініңді ескертіп қана қоймай, әр адам елдің, жұрттың бір бөлшегі, сол ел, жұрт үшін әрқайсысымыз ел басына қатер төнгенде қасық қанымыз қалғанша күресіп, аянбай еңбек етуміз керектігін өскелең ұрпаққа өнеге боларлық көркем тілмен жеткізді. Осындай жас адамның санасына жасының жарқылындай әсер етер, ақыл-ойында жатталып қалар жолдардың құдіреті қаншама? Елдік қасиеттер аспаннан түспейді, жоқтан жаралмайды. Өзі туған топырақ тозаңы және ана сүтімен ұйыған ұлтжандылық сыртында, өскен ортасы мен азамат ретінде қалыптастырған қоғамы дарытар терең де текті дүниетаным негізінде ғана түзіледі.

Міне, бұл Бауыржан атаның жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін ғажайып нақыл сөздерінің бір парасы ғана. Ал, қазақ тілін құрметтеу бағытында айтқан қанатты сөздерінің өзі бөлек дүние. Алдағы уақытта «Бауыржантанушы» ғалымдарымыз атаның мол мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеп-зерделеп, қазақ жастарының бойына сіңіре беретініне сенемін. Алайда, бұл нақыл сөздерді бесіктен бастап бала санасына құю, әрбір ата-ананың ұрпақ алдындағы басты парызына айналуы тиіс. Сонда ғана Бауыржан атадай өр тұлғалы, елім дегенде өзегін жұлып беретін, өжет те намысты азаматтарды тәрбиелейтінімізге кәміл сенемін.

Бауыржан Момышұлы бір емес, бірнеше жанрда қалам тартқан. Соның бірі – эпистолярлық жанр. Алдымен бұл сөзге түсініктеме бере кетсем. Эпистолярлық жанр дегеніміз (грек. epіstole – жолдау, хат) – хат түрінде жазылған шығарма.[4,343] Эпистолярлық әдебиетке ірі қоғам қайраткерлерінің өзара жазысқан, тарихи мәні бар, әдеби мұраға айналған хаттары жатады. Эпистолярлық әдебиет жанр ретінде көне дәуірден басталады. Цицеронның, Горацийдің, Сенеканың хаттары эпистолярлық публицистиканың негізін қалады. Кейін хатпен жазылған роман пайда болды. Мысалы, орыс жазушысы Н.М.Карамзиннің “Орыс саяхатшысының хаттары” (1789 – 1792) – эпистолярлық әдебиеттің тамаша үлгісі. Қазақ әдебиетінде Ш.Уәлиханов пен Ы.Алтынсариннің орыс достарына, Абайдың өз туыстарына жазған хаттары – эпистолярлық қымбат мұра. Эпистолярлық әдебиет 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты халық поэзиясынан кең көрініс тапты. Бұл жыр-хаттар патшаның бұйрығына наразылық, ыза-кек білдіріп, тікелей көтеріліске шығуға, Амангелді Иманов бастаған топқа қосылуға үндейді. Майданнан жазылған хаттарда жауыздық пен әділетсіздікке қарсылық білдірсе, майданға жазылған хаттарда ел-жұрттың сағыныш сезімі, амандық-саулық баяндалады. Эпистолярлық әдебиет кеңестік дәуірде кең өріс алып, айрықша дамыды.1916 жылғы сәлем хат жырлары екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында туған эпистолярлық әдебиетке келіп жалғасты. Бұл кезде жазылған хаттарда патриотизм, Отанды қанқұйлы жаудан қорғап қалу, дұшпанға деген өшпенділік сезімі басым. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Қ.Аманжолов, т.б. жазысқан хаттар эпистолярлық әдебиеттің көрнекті үлгілері болып табылады [5,630 ].

Бауыржан Момышұлының эпистолярлық жанрдағы бірден-бір шығармасы - «Майданнан жазылған хаттар». Бұл шығарма – 1980-1999 жылдарда жарық көрді. Шығарма алғаш «Қанмен жазылған кітап» атты туындыда жарық көрді. «Майданнан жазылған хаттар» шығармасында Бауыржан Момышұлының қоғам қайреткерлеріне жазған хаттары жинақталған [6,349].

Оның шығармасының бірінші бетінде Бауыржан Момышұлының Мұхтар Әуезовке жазған хаты берілген.Ол хатты Баукең: «Неліктен екені қайдам, қолым қазақша жазуға жүрмей отырғаны – кешірерсіз»,-деген сөзінен кейін бірден бастап кетті.Бұл хатында ол – Әуезовтың пьесасына байланысты өз ойын жеткізген. Ол хатын мундир киген кез-келген пенде емес, нағыз офицерлер туралы ойын айтудан бастады. Олардың үш категорияға бөлінетіндігін және адамдардың бұл жолы ақылмен, ептілікпен соғысатынын баяндап жазды.Сосын бірден тақырыпты бұрып алып кетіп, пьеса бойынша Әуезовтың «Намыс» гвардиясына байланысты бейғам, аңғал сенгіштігіне ой өрбітіп келіп құдайдың суретін салушылар, орысша «богомазы» суретті суретшіден жақсы салғанымен, еш уақытта суретші болып саналған еместігін, оған қоса пьесада әдеби нормалардың сақталмағанын айтты. Пьесаның кейіпкерлерінің образдары түсініксіз екендігін, басты рөлдегі Төлеген – ұрыс даласының солдатына емес, сахна сайқымазағына көбірек ұқсайтындығын жазды. Бұған қоса, жауынгерлік тапсырманы орындау жөніндегі неғылған әңгіме екендігін, тымақты аспанға ататын жеңісті қайдан алғандығын, оған қоса «ура» деген неғылған парықсыз, жүрек айнырлық сөз екендігін айтып Әуезовтың пьесасына қарсы өз ойын айтты. Сонан соң өз еркін қарамағындағы жауынгерлерге ғана емес, дұшпанға да таңатын билікті де қолына алған офицерлердің қайда екендігін, пьесада неге кездеспейтінін, неге Панфилофты қоян-қолтық ұрыстың шебері қылып көрсеткендігін айтқан: «Тактика мен стратегияның не екенін шынымен түсінбегеніңіз бе?», - деген сөздерінен-ақ хатты ашуға булығып жазғаны байқалды.

Жұрттың бәріне қолына винтовка ұстаған солдаттай қарауға болмастығын да хатында жеткізді. Олардың әскери ғылымы, оперативтік-тактикалық ойлары, операциялардың тактикалық-стратегиялық маңызы мен қарама-қарсы жақтардың маңызы мен жай күйінің қайда екендігін сұрады. Хаттың соңына келген кезде: «Достармен қарым-қатынаста тік әрі дөрекілеумін – бұл менің кемшілігім. Сіздің ағаттығыңызға тек жазалаумен ғана көмектесе алатыныма өте өкініш білдірмекпін», - деген соң, хаттың астына: «Аса құрметпен өзіңіздің: Бауыржаныңыз. 17.11.1942», - деп хатын аяқтады [7,390].

«Майданнан жазылған хаттар» атты туындысында Момышұлының тек біреуге ғана емес, өзгелердің өзіне жазыған хаттары да бар. Оған дәлел «Знамя» журналының редакторы Михайлова Екатерина Никалаевнаның Баукеңе жазған хаты. Хаттың негізгі мазмұны - «Знамя» журналында А.Бектің «Арпалыс» трилогиясының басыла бастауы. Ол хатын: «Құрметті Момышұлы жолдас!», - деп бастады. Бұл хатта Екатерина Никалаевна Бауыржан Момышұлына «Арпалыс» трилогиясын жазуда А.Бекке көрсеткен көмегі үшін, соның нәтижесінде соғыстың аса маңызды мәселелері совет әдебиетінде өз бейнесін тапқаны үшін алғыс білдіреді. Ол сөз арасында редакция Бектің повесін аса жоғары бағалаған оқырмандардың хаттарын үнемі алып тұратындығында айта кетті. Трилогияның екінші бөлімі өте қызық екендігін бірақ, әлі басып шығаруға дайын еместігін жазған. Е.Николаевна екінші бөлімде әлі ішкі өзекті желі табылмағандығын, сондықтан да бірінші повестке тән шиеленістің онда жоқтығын, негізі екінші бөлімде өзекті желі командирдің шешімі – ұрыс жүргізу кезінде көрініс табатын командирдің еркі мен парасаты болуға тиіс деп ойлайтындығын да тілге тірек ете кеткен. Екініші бөлімде Панфилов бейнесінің солғын көрсетілгендігін, Баукең сол кемшіліктерді түзетуде Александр Бекке көмектесетініне толық сенетіндігін әдеби сөздерімен жеткізген. Сонымен қатар Баукеңе «Знамяның» 5-6 нөмірлерінің бірнеше данасын Александр Бектен беріп жіберіп отыратындығын және Бектің повесі жөнінде Б.Момышұлының, оның жауынгерлері мен командирлерінің ойын білгісі келетінін, ол пікірді «Литература и искусство» газетіне берсе жақсы болатындығын хатында жеткізген. Хатын: « Біздің барлық редакция коллективінің жауынгерлік табыс пен денсаулық тілеген жалынды сәлемін қабыл алыңыз. Сізді Москвада «Знамя» журналының редакциясында көрсек өте қуанышты болар едік. Е.Михайлова.

Сияның нашар жазылуына байланысты хатымның айғыздалып кеткенін кешірерсіз. 20. ІХ. 1943», - деп аяқтады [7,291].

Бұл хатқа Бауыржан Момышұлы өз жауабын жазып жіберді. Ол хатын: «Құрметті Екатерина Николаевна! Москва қаласы. 5.4.1944жыл. 1944 жылғы 2 апрельдегі стенограмманың сапасыздығына байланысты, Александр Бектің «Ұрыс» деп аталатын екінші повесі туралы өзімнің ескертпелерімді жазбаша түрде баяндап беруіме тура келіп отыр», - деп бастады. Ол 1944 жылы 28 наурызда Екатерина Николаевнаға Бектің «Арпалыс» деген кітабы әскери-ағартушылық сипаттағы шығармалар циклінің бөлігі болып табылатындығын баяндағанын, бұл шығармаларда олар соғыс, ұрыс, әскери тәрбие тақырыбын көтеруді, ұрыс тәжірибелерін, игілікті дәстүрлерді қорытуды, осынау Ұлы Отан соғысындағы игілікті солдат кәсібіндегі совет халықтарының туысқандық пен ынтымақтастығының ұлы сезімін бейнелеуді ойлағандықтарын хат жолдарында жазған. Ол Бектің тақырыбы – қорғаныс ұрысының табиғаты және оның психологиясы екенін де сөз арасында айтып кетті: «Александр Бектің міндеті өте күрделі де ауыр, өйткені оның шығармасы ең алдымен, саяси, тарихи, бас кейіпкері ойлап, әрі бүгінгі таңда жазатын, әскери-өмірбаяндық документ болмақ – бұл жағдай авторға оның қиялын қатаң шектейтін үлкен жауапкершілік жүктейді, қаламының стилистикалық тұрғыдан құбылуы мен жазушының қиялын белгілі дәрежеде ығыстырады, тарылтып тастайды және т.б. қиындықтар тудырады»,-деп хатта жазылған. Оған қоса, «Арпалыс» трилогиясындағы кемшіліктердің әрқайсысына тоқтала кеткен. Ал хат соңында: «Менің ескертулерім негізінен ойдағыдай аяқталған повестің бәріне тұтастай әрі толық қатысты емес, ол шығарманың авторы ниет еткен жағдайда таяудағы болашақты жөндеп, тұтастығы мен сапасын ойдағыдай етіп жақсартуға болатын нақты кемшіліктеріне арналған. Көрсетілген олқылықтар орын алып отырған кезде екінші повесті басуға әлі дайын емес, ол жекелеген приципті мәселелер бойынша түбегейлі қайта өңдеуді қажет етеді деп санаймын. Бұл хаттың тексімен Бек танысып шығып, өзінің келісетінін білдірді.Гвардия полковнигі: Бауыржан Момышұлы», - деп хатын аяқтады [7,292-299]. «Майданнан жазылған хаттар» атты эпистолярлық жанрдағы туындысында Бауыржан Момышұлының тек бұл ғана емес бірнеше хаттары жазылған. Әр хат жекеленген тұлғаларға арналған.

Бауыржан Момышұлының тәлімдік мұрасы – нақыл сөздері мен эпистолярлық жанрдағы шығармалары өскелең ұрпаққа үлкен ой салып, оларды Отансүйгіштікке тәрбиелейді. Бүгінгі таңда біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бұл қасиеттерді бір ғана Бауыржан Момышұлындай аңыз адамның бойынан табуға болады.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:


1.Ә. Нысанбаев. Қазақ энциклопедиясы –Алматы, «Қазақстан» баспасы, 1998ж. - Х том. 274 бет.

2. Б.Момышұлы.Майдан дәптерінен - Алматы «Жалын» баспасы, 1995ж. - 79 – 82 беттер.

3. Б.Момышұлы.Ұшқан ұя - Алматы «Атамұра» баспасы, 2003ж. - 226 - 231беттер.

4. Б.Момышұлы. МомышұлыБ. Шығармалар – Алматы «Жазушы» баспасы,1968ж. - 2-том 343бет.

5.Тасмағамбетов И.М., Тәжин М.М. Қазақ әдебиеті энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, «Аруна» баспасы, 2005 – 630бет.

6.Тоғысбаев Б.Е.Тарихи тұлғалар – Алматы, 2006ж. - 349 бет.



7.Б.Момышұлы, аударған М.Қазыбеков.Қанмен жазылған кітап – Алматы, «Қазақстан» баспасы, 1991ж. - 291 – 292 беттер.
Каталог: uploads -> doc -> 0e64
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
0e64 -> Сабақ тақырыбы: «Семей полигоны»
0e64 -> 18 сабақ МҰҒалімге ақпарат 
0e64 -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин «Бай мен жарлы баласы» 6-сынып. «Әке мен бала»


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет