Автобус жүргізуші
Ойын мақсаты: Балаларды жүргізуші мамандығымен таныстырып, оның пайдасы мен қажеттілігін айқындау, еңбекті сүюге баулу, қоршаған ортаға деген сүйіспеншіліктерін арттыру.
Қажетті атрибуттар: руль, абонементтер, орындықтар, микрофон.
Ойын шарты. Бір баланы автобус жүргізуші, екіншісін тексеруші етіп тағайындайды. Қалған балалар жүргіншілер. Егер ойын бөлмеде өткізілсе, орындықтар екі қатар етіп қойылады. Борменен еденге алдыңғы, артқы есік белгісін, яғни екі параллель сызығын сызады. Аялдамада тосып тұрған жүргіншілер артқы есіктен кіріп, біртіндеп қолдарындағы абонементтерін компостерге тесіп орындарына отырады.
Жүргізуші рөліндегі бала «ал кеттік» деп, аузымен мотордың дүрілін салып жүргізеді. Біраз жүрген соң, келесі аялдамаларды «дүкен, дәріхана, парк» деп микрофонмен хабарлағанда, әр аялдамада 4-5 баладан түсіп отырады. Тексеруші рөлін алғашқы кезде тәрбиеші өзі атқарады. Балалар автобустан түскенде қолдарындағы абонементтерін жинап алады. Автобустан түскен балалар «дүкен», т.б. орындарға кіріп, оны-мұны сатып алып, тағы да аялдамаға келіп тосады.
Ойынды осылайша қайта жалғастыруға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |