Батырдың торқалы тойы



Дата07.02.2022
өлшемі19,65 Kb.
#92292
Байланысты:
Баяндама Қ. Жазықов 100 жаста


Батырдың торқалы тойы.
«Ел ортақ, жер ортақ, батыр ортақ» дегендей Кеңес одағының батыры, жерлесіміз Қожабай Жазықовтың биыл 100 жылдық торқалы тойы. Торқалы той - топырақ беру деген сөз. Топырақ тойы - ас беру тойы. Осыған орай “Ас пен той ортақ” деген қағида қалыптасқан. Көзі тірісінде елге атағы жайылған, соңында қалған ағайын-туысы мол адамдардың асы ұлан-асыр той дәрежесінде өткен. Ас беру - дәстүр, қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси, рухани қатынастар жүйесіндегі атқаратын функционалдық қызметі әр кезеңдердегі тарихи-этнографиялық, ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиет пен көркем шығармаларда көбінесе отбасылық салт-дәстүрлер мен діни ғұрыптық жоралар жосындарының ішінде ат үсті ғана қаралған болса, қазіргі кезде астың қоғамдық қатынастарды реттеушілік әлеуметтік-саяси институционалдық рөлі жоғары болып қалыптасты. Бүгінгі күні тәуелсіз еліміздің өзіндік ұлттық-мемлекеттік идеологиялық тұғырнамасын жасау, қалыптастыру мен дамытуда сан мың жылдар белесінен бүгінгі күнге дейін мазмұнын жоғалтпай жеткен, ұлттың ұжымдық ұйтқысының негізі болған салт-дәстүр, әдет-ғұрып заңдарының танымдық, тәрбиелік және құқықтық мәні зор.
Барша қазақ халқына ортақ батыр Ұлы Отан соғысына қатысып жиырма бес жасында батыр атағын алған бес жүзге жуық қазақстандықтардың бірі. Сұрапыл соғыс майданынан аман келіп, халқына адал қызмет еткен абзал тұлға. Ол Ақтөбе педагогикалық училищесін бітіріп соғысқа дейін бастауыш мектепте балаларға сабақ берген екен. Содан соғыс басталып кеткенде мектеп мұғалімі соғысқа аттанып кетеді. Байғанин топырағында өскен, батыр бабаларының рухын сіңірген ол соғыста бірнеше рет ерліктер жасап наградаларға ие болады, жарақаттар да алады. Соғыста барлаушылар алдыңғы шепте өлім мен өмірдің шегінде жүретінін ескерсек, оның өткен жолы қауіп-қатерге толы болғанын айтуға болады. Соғыс майданында ол ерлік жасаймын деп барған жоқ, елін, жерін, халқын келген кесапаттан қорғаймын, ерлермен бірге боламын, жаудың басын қайтарамын деп барды. Ал ерлік дегеніміз адам бойындағы батылдықты, батырлықты, ұстамдылықты, табандылықты, қайсарлықты, өжеттікті білдіретін ұғым. Ерлік істеген сәтте адам өзіне өлім қаупі төнсе де тайынбай, рухын жоғары ұстайды. Басына түскен ауыртпалықты мойымай көтеріп, мұны негізгі борышым деп есептейді. Ерлік, көбінесе, қоғамдық мәні бар істерде көрінеді. Сондықтан да ол адамның азаматтық қасиеттерінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Ерлік қоғамдық мәнді мақсаттарды алға қойып, қабылданған шешімді жүзеге асыру барысында айқын көрінеді. Қожабай Жазықов майдан шебінде гвардия сержанты шенінде взвод командиры болған, взвод командиры ретінде ол қоластындағы жауынгерлерге де жауап берген, взводта оннан кем емес солдат болатынын ескерсек, ол алдына қойған жауынгерлік борышымен қатар, сол адамдардың өміріне де жауапкершілік арқалаған. Батырдың 80 Жылдығына шыққан «Ерліктің мәңгілік алауы» атты кітапта оның майдандос болған әскери бөлімінің бастығы П. Штатенконың хатынан майдан шебінде ол адал дос болғанына куә боламыз. «Ел басына қатер төніп, ер етігімен су кешкен» заманында біздің жерлесіміз, батырымыз небір сұрапыл шайқастардан аман өтіп, майданның алдыңғы шебінде жүріп, аса жауапты тапсырмаларды ерлікпен орындап, көптеген жаудың көзін құртып, тұтқынға алып, жеңіске жетіп, Европа елдерін фашисттерден азат етуге үлес қосып, жоғары марапаттарға ие болып, батыр атанып елге оралған. Дәстүрлі қазақ қоғамында ерекше әлеуметтік топ – батырларға тән қасиеттер мен өмір салты болған. Қазақ батырларының өзіндік қоғамдық қызметі, басқа қоғамдық топтармен ара-қатынасын реттейтін этикасы, тағы басқа ерекшеліктері болған. Міне, Қожабай Жазықов біздің заманымыздың сондай батыры болған деуге болады.
Біз бала кезімізде мектепке барар жолымызда Батырды күнде көретінбіз, өйткені оның үйі мектептің қасында болатын және қазірде сол жерде тұр, ол жұмысына бара жатқанда, біз сабаққа баратынбыз. Мектебімізде оның жұбайы Қаншайым апай сабақ беретін, ал балалары бізбен қатар кластарда оқыған. Енді сол кезде біз ол туралы көп ойламайтынбыз, бірақ мектеп бітіріп Ақтөбе педагогикалық училищесіне түскенімде, біздің батырдың портреті мен өмірбаяны қақ төрінде алдымнан қарсы алғанда, туған топырағым үшін мақтаныш сезімі сол кезде пайда болды деп айтсам болады. Оқу бітіріп ауылға келгенімде Қаншайым апаймен жұмыстас болдық. Өте қарапайым, байсалды жан еді. Ел сыйлаған ұстаз болды. Кейін жұмыс барысында тарихшы ретінде Балғали ағаймен әріптес болдым. Осы кезден бастап Батырдың өмірі мен ерлігі туралы деректер терең қызықтыра бастады. Батырдың немересі Қуатбекке тарихтан сабақ бере отырып, оған зерттеу жұмысын жаздардым «Батыр атаның шежіресі» тақырыбында, ол жұмыс аудандық және облыстық ғылыми жобалар жарыстарына да ұсынылды. Он шақты жыл бұрын мектеп әкімшілігінің бастамасымен және қолдауымен мектебімізде батыр аталарымыз Қожабай Жазықов пен Сарсенғали Ешпаевқа және мектебіміздің тарихына арналған мектеп мұражайы да ашылды. Батыр ұрпақтары қолдарында бар дереккөздерді беріп мектеп мұражайына көп экспонаттарды тарту етті. Мектеп мұғалімдерінің күшімен біраз деректер де жинақтадық. Мектеп оқушыларынаҰлы Отан соғысындағы жерлестеріміздің ерлігі туралы «Ерлік сағаттарын» өткізген кезде осы мұражайдағы деректерді де қолданамыз. Батырлардың рухы қашанда елін қорғасын, біз оларды ешқашан ұмытпаймыз.


Қарауылкелді орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Нұрлан Ақалтын Алпысбайқызы.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет