Кіріспе бөлім Эпитет-бір заттың айрықша сипатын, сапасын анықтау үшін қолданылатын бейнелі сөздер. Мұндай бейнелі сөздер “Қобыланды батыр” жырында да кеңінен қолданылған. Батырдың ерлігін, түр-тұлғасын, сүйген жарының, жан серігі болған тұлпардың, қару-жарақтың батыр үшін маңызын, қадір-қасиетін ашық та айқын етіп көрсетуде эпитеттердің рөлі ерекше. Жырдағы эпитеттерді мынадай топтарға топтастырдым:
1.Сұлулыққа байланысты эпитеттер;
2.Киім атауларына байланысты эпитеттер;
3.Жылқы атауына байланысты эпитеттер;
4.Қару-жараққа байланысты эпитеттер;
5.Түр-түске байланысты эпитеттер.
Менің жобамның мақсаты- осы жырдағы эпитетті сөз қолданысын айқын да ашық көрсету. Оқушыларға “Қобыланды батыр” жырында эпитеттер кеңінен қолданылғанын дәлелдеу болмақ.
Негізгі бөлім
1.Сұлулыққа байланысты эпитеттер. Адамның мінезін, оның жақсы қасиеттерін сипаттауда әр қырынан көрінетін эпитеттер:арқаңды жапқан қолаң шаш, құмырсқа бел, қобаған мұрын, қой көзді, талма бетті, нұр жүзді т.б.Мысалы: “Алтын иек, ақ тамақ,
Көтеріп басын сөйлейді” дегендегі эпитеттер Құртқаның портретін, сыртқы келбетін сипаттайды.
Жырдағы сырлы есімдердің бірі- Құртқа. Оның жырдағы эпитеті- қыз: “Үйдемісің қыз Құртқа,
Түздемісің қыз Құртқа
Қатын болдың амал жоқ”...Осындағы “Құртқа” сөзі тура қазақ тілінің өзінде айтыла бермейді. Басқа түркі тілдерінде ол “қартайған, қураған кемпір”дегенді білдіреді. Ал ауыспалы мағынасы “мыстан”
дегенге келетіндей. Қазақтарда қыз балаға “білгішсімей отыр” деп тежеу айтқанда “мыстансыма” дегені сияқты Құртқа есімі де “жас болса да бәрін білетін қыз” дегендей терең мағына береді. Қазақ тілінде құртқа сөзіне тұлғалық жағынан кәрі-құртаң дейтін қос сөздің екінші сыңары ғана сырттай ұқсайды. Егер қарт түбірінің әрідегі нұсқаларының бірі құрт түрінде айтылатындығын ескерсек, онда кәрі-құртаң дегендегі құртаң қазіргі тіліліміздің “қартаң” сөзінің бір кездегі сәйкесімі деп айтуға болады.
2.Киім атауларына байланысты эпитеттер. Эпоста кездесетін ноғай бөрік, кәмшат бөрік,сусар бөрік, айыр қалпақ, алтын қалпақ, дулыға тәрзді баскиім атауларына қатысты эпитеттер неше түрлі сипатта көрініс тапқан. Мысалға алатын болсақ, ноғайша тігілген бөрікті ноғай бөрік деп атаған. Оған: “Тайбурыл атқа мінеді,
Ноғай бөркін киеді” деген жыр жолдары дәлел болады. Ақ сауыт- көз-көз етіп темір сымнан тоқылатын батырлар киімі. Ақ сауыт- асыл, таза, қоспасыз (болат, құрыш, алмас т.б. металл жайында). Жырдағы ақ сауыттың түсін емес, оның тазалығын, асылдығын аңғартады.
3.Жылқы атауына байланысты эпитеттер. Таза күмісті сымға тартып, жіңішке жіптей етіп созып зерлеген бұйымдардан аса бір әдемілікті, сұлулықты байқауға болады. “Осы бір жіңішке істің оңайлықпен жасалмай, қас шеберлікті талап ететіні әрі екінің бірінің қолынан келмейтін көркем іс екендігін тілімізде сымға тартқан күмістей деген теңеу бағалайтындай ”. Мысалы:
“Үкілі құйрық, майда жал,
Сөзіме менің құлақ сал.
Жан серігім, Бурыл ат,
Терлемессің күн салқын.”
“Тобылғы меңді торы атпен,
Дөңгелетіп жөнелді.
Атып жатқан жеріне,
Іркілместен келеді.”
4.Қару-жараққа байланысты эпитеттер. Толғамалы сөзінің орау мағынасы да жырда өз орнын тапқан. Найза, сүңгі, айбалта сияқты суық қаруларды ұстағанда оның сабы қолдан сусып, түсіп кетпес үшін былғары, жіп, қайыс тәрізділермен орап немесе олардың ағаш саптарын орама түрінде кертіп қоятын болған екен. Сондықтан оларда толғамалы (сабы оралған) деген эпитет пайда болған.
“Қозы жауырын қу жебе,
Алтыннан ойған алпыс кез.”
“Алтын құлаш ақ семсер,
Көрсетпей алып берейін”
“Ат басындай тас шоқпар,
Тақымына басыпты.”
“Қозы күрең астына мінді дейді,
Құрсай садақ беліне ілді дейді.” Бұндай эпитеттер халық ауыз әдебиетінің басқа жанрларында да, атап айтсақ лиро-эпостық жырларда да жиі қолданылады. Сондықтан айтылған эпитеттерді ауыз әдебиетінің ортақ дәстүрі деп айтуға болады.
5.Түр-түске байланысты эпитеттер. “Түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тіліне келетін болсақ, түр-түс атауларының тілдік негізі, пайда болу жолы, лексикалық құрамы, морфологиялық тұлғасы, жасалу модельдері мен мағыналары арнайы зерттеуді талап етеді”дейді академик Әбдуәли Қайдар. Жырда ақ түсіне байланысты эпитеттер кеңінен қолданылады. Мысалы: ақ отау, ақ тамақ, ақ орда, ақ сауыт, ақ шатыр, ақ семсер, ақ мойын және т.б. Ақ түсіне қарама-қарсы қара түспен әдемілендіретін айқындаулар көп кездеседі: қара жүнді, қара жол, қара қазан, қара қасқа тұлпар, қара бөрік, қара батыр т.б. Жырда сары,қызыл түспен берілетін айқындаулар да дәстүрлі көрініс такпқан: қызыл тіл, қызыл ер, қызыл нар, сары алтын, сары қамыз, сары таң т.б. Жырдағы боз бала, боз қой, боз ат тәрізді эпитеттер қасиетті түске қатысты сипатталып, әсіресе халықтың ерекше ұнататын төрт түліктің түсін ажарлай түсу үшін жырға енсе керек. Ал жырдағы көк түстің берілуінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Мәселен, көк бурыл, көк дөнен, көк қасқа сияқты эпитеттердің жылқы малының тектілігі мен тұлпардың түр-сипатын орамды тәсілмен жеткізудің бір қисыны екені белгілі. Тағы бір айта кететін жайт батырдың ашулы, ренішті, ызалы көңіл-күйін нақтылай түсудің тағы бір әдісі көк түспен беріледі. Мысалға алатын болсақ: көк бөрі, көк бура, көк сұңқар т.б. Сондай-ақ батырдың сауыт-сайманы мен қару-жарағын беруде көк түс елеулі қызмет атқарады. Мысалы: көк дулыға, көк найза, көк сүңгі, көк семсер т.б.
Қорытынды бөлім
Жоба барысында 6 сынып оқушылары арасында сауалнама жүргіздім. Сауалнама сұрақтары мынадай болды:
1.”Қобыланды батыр” жырын оқыдың ба?
2.Жырдағы эпитеттерге мән бердің бе?
3.Эпостағы адам есімдерінің де, эпитет болып тұрғанын байқадың ба?
4.Жырдағы эпитеттер көнерген сөздердің қатарынан екенін байқадың ба? Осындай сауалдар арқылы мен оқушылардың жырды қаншалықты түсінгенін, ондағы эпитеттердің қалай жұмсалғанын анықтадым. Сауалнама нәтижесі:
1-сауал бойынша 100%
2-сауал бойынша 57%
3-сауал бойынша 43%
4-сауал бойынша 34%
Оқушылар оқы дегенді оқиды, тек ондағы бейтаныс сөздерге мән бермейді. Сондықтан әңгімелеген кезде шатасады. Әңгімені түсініп, бар ынтасымен оқымайды. Міне, осындай қателіктерден әңгімені толығымен түсінбейді. Халықтың ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып келе жатқан сөйлеу тілі дәстүріндегі сөз саптау үлгілері “Қобыланды батыр” жырында қолданылған эпитеттер арқылы сипатталған. Назар қойып тыңдағандарыңызға шексіз алғыс білдіремін!