Пайдаланған әдебиеттер...........................................240
Кіріспе
Халық шаруашылығында ауыл шаруашылығы тарихи да күрделі орындардың біріне ие. Өйткені ол екі өзара сабақтас міндеттерді шешеді: бір жағынан, халықты азық-түлікпен, екінші жағынан өндіріс кәсіпорындарын ауыл шаруашылығы дақылдары шикізатымен қамтамасыз жасайды. Ауыл шаруашылығының қоғамдағы осындай маңызды ролі Қазақстан Республикасы тарихына тән жағдай болып саналады. Қазақстан патшалық Ресейдің отарлау саясаты кезінде де, кейінгі жиырмасыншы ғасырдағы кеңестік дәуірде де ауыл шаруашылығы дамыған аграрлы елдің бірінен саналды. Алайда, Қазақстанның ХХ ғасырдағы ауыл шаруашылығы дамуының жетістіктері маңызды, әрі қарама-қайшылыққа толы күрделі процестердің бірі болып есептеледі. Егер, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қазақ өлкесінде социалистік меншікке негізделген ұжымдастыру саясатын жүргізу қолға алынып, колхоз, совхоз құрылысының негізі қаланып, екінші дүние жүзілік соғысқа дейін жаңа сипатқа ие болса, ал соғыстан кейінгі жылдарда бұл аграрлық саясат одан әрі жалғасып, республикада елуінші жылдардың аяғына қарай совхоз, колхоз құрылысы толық жеңіске жетіп, 60-80 жылдарда бұл саясат одан әрі тереңдеп, Қазақстанда ірі экономикалық жағынан қуатты энергетикалық техникалық жағынан жоғары еңбекті ұйымдастыру тұрғысында сол кезеңге сай тиімді ірі аграрлық ұжымшарлар мен кеңшарлар барынша қызмет етті. Сөйтіп, Қазақстан КСРО-ның шығыстағы ірі аграрлық-экономикалық аймағына айналды. Тіпті, 80 жылдардың басында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің өзара жақындасуы барысында ірі аграрлық-өнеркәсіптік кешендердің дүниеге келуіне жол ашылды. Алайда, 80 жылдардың бірінші жартысында жалпы КСРО секілді Қазақстанда да ауыл шаруашылығының дамуында жетістіктер мен қатар күрделі қиындықтар, қарама-қайшылықтар, тежелу процесі тән болды.
Қазақстанның ауыл шаруашылығының дамуында Батыс аймағы (Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстай облыстары) өзінше үлес қосты. Оның айқын дәлелі Батыс Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда мал саны өсіп, жоғары егіншілік дамып, нәтижесінде бұл өлке ірі аграрлық-экономикалық аймақ дәрежесіне көтерілді. Сөйтіп, 70 жылдардың аяғы - 80 жылдардың басында Батыс Қазақстан аймағы жалпы республикалық ауыл шаруашылығы жиынтық өнімін өндіруде астық дақылдары бойынша 10 пайыз, ет өндіру 15, жүн 24 пайыз, сүт өндіру 10 пайыз үлеске ие болды. Ірі ұжымшарлар мен кеңшарлар, агро өнеркәсіптік кешендер, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдейтін құрылыстар салу жүзеге асырылды.
Әрине, республика жағдайындағы ауыл шаруашылығына қатынасты жетістіктер мен күрделі қарама-қайшылықтар, тежелу процестері Батыс Қазақстанның ауыл шаруашылығына да тән еді. Қазіргі егемендік және тәуелсіздік жағдайында бұл ауыл шаруашылығының дамуына сәйкес, тарихи күрделі процестерді, қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени-рухани және әлеуметтік-демографиялық өзгерістерді шынайы тұрғыда зерделеу, оның оң және теріс ықпалдарын жан-жақты ашып көрсету, жас ұрпақтарды отан сүйгіштікке, сол кезеңде еңбек еткен ата бабалардың салт дәстүрлері рухына тәрбиелеу мәселелерін зерттеу тарих ғылымының алдында тұрған үлкен міндеттердің біріне саналады. Осы тұрғыда көпшілік назарына ұсынылып отырған ғылыми еңбектің алдына қойған міндеттеріне екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі жылдардағы Батыс Қазақстан еңбекшілерінің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлестерін оның ішінде, 1946-1953 жылдардағы әміршіл-әкімшіл жүйесінің шарықтауы барысында аймақта ауыл шаруашылығының дамуын қалпына келтіру, 1953-1954 жылдардағы КОКП ОК қыркүйек және ақпан-наурыз пленумдары шешімдеріне сәйкес жүргізілген түбегейлі бетбұрыс пен тың және тыңайған жерлерді игеру, сонымен қатар КОКП ОК 1965 жылғы наурыз пленумы шешіміне сай қабылданған жаңа аграрлық саясатты жүзеге асыру барысында жетістіктер мен күрделі қиындықтарын ашып көрсету болып саналады.
Сол сияқты, 80 жылдардың ортасында басталған қайта құру саясаты кезінде жүргізілген реформалар және тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі ауыл шаруашылығын нарыққа көшіру мәселелері де жан-жақты қарастырылады.
Әрине, ауыл шаруашылығы тарихын зерттеу күрделі де қиын міндеттердің қатарынан саналады. Бұл салада кезінде Кеңестер Одағында, Қазақстанда көптеген тарихшы-ғалымдар өздерінің іргелі еңбектерін жазып, атсалысқан. Бұл тұрғыда тарих ғылымдарының докторлары Х.Арыстанбековтың, Ж.Жұмабековтың, К.Нүрпейісов, М.Қозыбаев, П.Михайлов, В.Савосько мен И. Шамшатовтардың еңбектерін атасақ жеткілікті. Біз еңбекті жазу барысында осы іргелі тарихи зерттеулерді пайдалану мен қатар өз өлкемізде 50-80 жылдары басылымнан шыққан тарихшы және экономистердің еңбектерін кең пайдаланғанымызды атауды жөн санаймыз. Олардың қатарында экономистер К.Ахметов, Б.Жұмағалиев, А.Қарасаев, Б.Ғұмаров, Е.Сатқановтар мен тарихшы-ғалымдар Т.Рысбеков, М.Сыдықов, Б.Аяғанов, А.Алтаев, Х.Абжанов, Б. Бірімжаровтың т.б. еңбектерін жатқызуға болады.
Еңбектің деректік негізіне республикалық, орталық, Батыс Қазақстан облыстарының мемлекеттік мұрағаттарының қорлары, республикалық, облыстық деңгейдегі статистикалық мәліметтер жинақтары, бұқаралық басылым көздері және ғылыми басылымдарда жарияланған тақырыпқа қатынасты мақалалар алынған. Сол сияқты, еңбекті жазу барысында М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқитын аспирант, магистрант, диплом жұмыстарын орындаушылардың аймақтың ауыл шаруашылығына қатынасты жазған материалдары пайдаланылған.
Еңбек мазмұны жағынан кіріспеден, үш тараудан, қортындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |