Өнеркәсіп
Облыстың өнеркәсібі туралы айтар болсақ, Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін біздің аймақта қуатты зауыт-фабрикалар болмады. Жеке меншік иелерінің шағын цехтары мен шеберханалары жұмыс істеді. Бірақ олар тұрғындар мұқтажын өтей алмады. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін өлкедегі жағдай мүлде өзгерді. Жылдар өте ірілі-ұсақты кәсіпорындар бірінен соң бірі бой көтерді. Металл өңдейтін, тері илейтін, ауылшаруашылық машиналарына қажетті қосалқы бөлшектер жасайтын жаңа өнеркәсіп орындары пайда бола бастады.
Көп кешікпей Орал қаласы республикадағы жеңіл және тамақ өндірісі орталықтарының біріне айналды. Мех комбинаты, ет комбинаты. Землячка атындағы былғары-хром зауыты, құрылыс – монтаж жабдықтары зауыты сияқты ірі кәсіпорындар салынып, пайдаланылуға берілді.
1950 жылы облысымыздың өнеркәсіп орындарының жалпы өнім шығаруы 1949 жылғыдан 14 процент, күрделі құрылыс көлемі 58 процент өсті. Тауар айналымы жоспары 103 процент орындалды. Өнімнің негізгі түрлерін өндіру едәуір ұлғайды. Мысалы, қаладағы мыя зауытының ұжымы өнім шығарудың жылдық жоспарын 29 процент, еңбек өнімділігін арттыру жөнінде 34 процент асыра орындады, өнімнің өзіндік бағасын 6,5 процент, жоспардағыдан 12,8 процент кемітті. Өндірістік қуаттар мен алаңдарды толық пайдалану жолымен негізгі өнім шығаруды 1948 жылғымен салыстырғанда 10 есе арттырды.
Алайда облысымыздың кейбір өнеркәсіп орындарының басшылары 1950 жылы өндірістің ішкі мүмкіндіктерін сарқа пайдаланбады. Осының нәтижесінде олар жылдық тапсырмаларын орындай алмады. Землячка атындағы былғары зауыты, жарма зауыты, нөмері он екінші диірмен, байпақ фабрикасы, механика зауыты қолда бар жабдықтардың қуатын пайдаланбағандықтан жылдық тапсырмаларын орындаған жоқ. Өндірістік программаларды орындауда, әсіресе, селолық жерлердегі өнеркәсіп комбинаттары кешіргісіз артта қалып отырды. Ауыл селолық жерлердегі кәсіпшілік артельдері жылдық жоспарларын тек қана 59 процентке орындады. Облыс көлеміндегі ауыл селолық жерлердегі 11 кәсіпшілік артельдерінен 9 артель жылдық жоспарларын орындаған жоқ. Ал жеті аудандық өнеркәсіп комбинаттарынан бір ғана Тасқала аудандық өнеркәсіп комбинаты жылдық жоспарын орындады.
Ал енді, 1950-1954 жылдардағы өнеркәсіп орындарының өндірген бұйымдарының өсіміне келсек, оның қарқынды дамығанын көреміз.
1950-1954 жылдары облыс өнеркәсіп орындарының жұмысы қарыштап алға басты. Оларда өндірілетін бұйымдардың түр-түрі 1950 жылмен салыстырғанда анағұрлым көбейіп, сапасы жақсарды. Өндіріс алаңдарын, қолда бар механизмдер мен техникаларды тиімді пайдалану, ішкі резервтер мен мүмкіншіліктерді толық іске қосу, өндірістің қалдықтарынан қосымша бұйым жасап шығару арқылы табысты молайту негізінде өндірілген бұйымдардың өзіндік құны едәуір арзандады. Облыс кәсіпорындарын тұтас алғанда жалпы өнім шығару 1945 жылға қарағанда 237,9 процентке көбейді.
Кәсіпшілік кооперациясының да табысы олқы емес. Олар 1954 жылы өнімді 1950 жылға қарағанда екі есеге жуық көп шығарды, яғни 192,9 процентке өсті. 1950-1954 жылдары өнеркәсіпте істейтін әрбір жұмысшының айлық еңбекақысы орта есеппен 73,8 процентке артқаны бұған дәлел бола алады. Өнеркәсіп орындарында жұмыс жасайтын жұмысшылардың саны 1950-1954 жылдары 43,3 процентке көбейді.
КОКП ОК-ң шілде Пленумы социалистік өнеркәсіпті онан әрі өрге бастыру, техникалық прогресс және өндірісті ұйымдастыруды жақсарту жөнінде зор бағдарлама жасап берді. Облыстың өнеркәсіп орындары КОКП ОК-ң шілде Пленумының қаулысын жүзеге асыра отырып, өнім шығаруды арттырды, құрал-жабдықтарды тиімді пайдаланды. Облыстық өнеркәсіп орындарының ұжымдары бес жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындау үшін күресті. Чапаев атындағы кеме жөндеу мастерскойы, мыя зауыты, Клара Цеткин атындағы тігін артелінің ұжымдары бесжылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындап, 1956-1960 жылдардың есебіне өнім берді. 1955 жылы 7-ноябрь мерекесі қарсаңында Землячка атындағы былғары зауытының жұмысшылары тамаша табысқа ие болды. Зауыт бесінші бесжылдық жоспарды орындап шықты. Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері арасында ұйымдастырылған Бүкілодақтық Социалистік жарыста үшінші орын алды. Зауыт 10 айда жетпіс тонна шикізат үнемдеді. Өнімнің өзіндік құны 800 мың сомға кемітілді. Совхоздар министрлігінің Оралдағы механикалық жөндеу зауыты өндірістік тапсырмаларды ай сайын асыра орындап отырды. Зауыт тың жер игеретін аудандарға мыңдаған астық тиегіштер, астық пульттерін, автомашинаға орнатылған бензин таситын цистерналарды, жону станоктерін жөнелтті.
Облыстың өнеркәсіп орындарында жүздеген өндіріс жаңашылдары бар.
Тепловоздың аға машинисті Толоконников, слесарь Карелин, токарь Буренин жолдастар мереке қарсаңындағы социалистік жарыста елеулі жетістіктерге ие болды.
Бесінші бесжылдықтың 1950-1954 жылдары өнеркәсіпте жалпы өнім өндіру 1950 жылғымен салыстырғанда 121 миллион сомға немесе 54 процентке артты. 1954 жылы өнім шығару жөніндегі жоспар облыс бойынша 101,4 процентке орындалды. Бірақ алты кәсіпорын – Арматура зауыты, №12 диірмен, мех комбинаты, Балық комбинаты және басқалар жоспарды орындамаған еді. 1955 жылдың қарашасына дейін облыстың кәсіпорындары бесжылдық жоспарды 97,1 процент орындады. Бесінші бесжылдықтың жоспарын қаланың он алты өнеркәсіп орны мерзімінен бұрын орындады, тоғыз өнеркәсіп орны өздерінің жылдық өндірістік жоспарларын орындап шықты. 1955 жылдың 7 желтоқсанына дейін еңбек өнімділігі 8,7 процентке артты.
КСРО Совхоздар министрлігінің механикалық зауытының, №17 жарма зауытының және басқа кәсіпорындардың ұжымдары өндірісті ұйымдастыру, техникалық прогресті енгізу, сапалы өнім шығару, өндірістік жоспарларды орындау жөнінде алдыңғы қатарда келеді. 1950 жылы облыс кәсіпорындары 144 миллион сомның өнімін шығарса, 1959 жылы 700 миллионға жуық, ал 1960 жылы 800 миллионға жуық сомның өнімін өндірді. Кәсіпорындардың өндірістік қуаты жылдан жылға артты. Оралдағы арматура зауыты орналасқан территорияда 1911-1912 жылдары Винклер дегеннің жеке меншікті шеберханасы болған. Шеберхана кішігірім жөндеу жұмыстарымен бірге, азғантай мөлшерде шойын құюмен айналысқан.
1919 жылы Оралда Кеңес үкіметінің орнауымен бірге бұл шеберхана национализацияланып, жергілікті Кеңестің қарауына берілді. 1922 жылы осы шеберхананың негізінде шойын құятын механикалық зауыт ұйымдастырылады, ол кереуеттер, өрт сөндіретін насос және таразы шығарды. Зауыт 1945 жылдан бері өнеркәсіптік арматура өндірумен шұғылдана бастайды.
Мех комбинаты – республикада өндірілетін мехтың жартысынан астамын беріп отырды. Баланың мех пальтосы, жаға, жакет, манто, мех бөрік комбинат өндірген негізгі бұымдар болды. 1960 жылы комбинатта өндірістік процестер механикаландырылып, киім тігуде конвейер линиясы жұмыс істей бастады. Москвадағы мех фабрикасының тәжірибесі бойынша мех жағаларды пішуде үдемелі әдіс қолданыла бастады. Мұның өзі жартылай фабрикаттарды едәуір мөлшерде үнемдеуге жағдай жасады.
Землячка атындағы былғары зауыты еңбекшілердің аяқ киім жөніндегі қажетін өтеу ісіне елеулі үлес қосты. Былғары зауыты республикадағы былғары өндіретін қуатты кәсіпорындардың біріне айналды. Кәсіпорын 1942 жылы 3 миллион 700 мың шаршы дециметр хром өндірген еді, 1951 жылы 76 миллион шаршы дециметр, ал 1960 жылы 127 миллион шаршы дециметр хром өндірді. Демек, 1951 жылғымен салыстырғанда өндіріс қуаты біржарым есе артты. Былғарышылар 1960 жылдары ЗАТ жоғары өнімді техникамен жарақтандырылды. Зауыт өндіретін былғары тауарларының түрлері қырықтан асты және алуан түсті тамаша бояулармен боялды.
Ақтөбе халық шаруашылығы кеңесінің Оралдағы механикалық зауыты ауыл шаруашылық машиналарына қажетті запас бөлшектер өндіретін ірі кәсіпорын болды. Механикалық құю цехында «ЗИЛ-5», «ГАЗ-51» автомашинасының, «У-2» комбайнының шатундарын өңдейтін автоматты линия жұмыс істеді. 1960 жылы облыстың кәсіпорындары жаңа техниканы өндіріске енгізу және өндірістің технологиялық процесін жетілдіруде біраз жұмыстар істеді.
Ақтөбе халық шаруашылығы кеңесінің Оралдағы механикалық зауытында 1960 жылы 156 жаңашылдық ұсыныс өндіріске енгізілді, мұның өзі 400 мың сомнан астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берді. Зауытта әрбір бесінші жұмысшы - жаңашыл.
Ал жалпы облыс бойынша 1960 жылы 1209 жаңашылдық ұсыныс өндіріске енгізілді. Осының нәтижесінде 778,5 мың сом қаржы үнемделді.
Құрылыс – монтаж жабдықтары зауыты облысымызда бірінші болып владимирліктердің бастамасын қолдады. Өндіріс алаңын кеңейту арқылы өнім шығаруды арттыруды ұйғарды. Едәуір шаралар жүзеге асырылды. Қуаттылығы 1500 киловаттық электр станция, механикалық және құю цехтары жаңадан салынды. 1960 жылы жаңа өнім – жылыту котельдерін, фасондық канализация түтіктерін, «ЦНИПС-20» насостарын өндіру игерілді. Зауыт республикада бірінші «Универсал» котельдерін шығарды.
Жалпы өнім өндірудің 1960 жылға белгіленген жоспары Батыс Қазақстан облысының кәсіпорындары бойынша тұтас алғанда 101 процент, оның ішінде халық шаруашылығы кәсіпорындары бойынша 100,6 процент, жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындары бойынша 103 процент орындалды. 1960 жылы өнеркәсіп өнімнің жалпы көлемі 1959 жылмен салыстырғанда 16 процент, оның ішінде халық шаруашылығы кеңесінің кәсіпорындары бойынша 18 процент, ал жергілікті өнеркәсіп орындары бойынша 12 процент артты.
Жылдық жоспардан тыс мынадай мөлшерде өнім өндірілді: 1261 мың дана силикат кірпіші, 1325 тонна әк, 286 тонна алебастр, 28 мың шаршы метр қамыс тақталары, 113 пар киізден бастырылған аяқ киімдер, 888 мың шартты құты консерв, 252 тонна шұжық тағамдары, 1898 тонна қаймағы алынбаған сүт өнімдері, 367 тонна шаруашылық сабыны, 3164 мың шаршы дециметр қой терісінен жасаған мех.
Мұнымен бірге 1960 жылы облысымыздың кәсіпорындары халық шаруашылығына мына өнімдерді жоспардан кем берді: 9288 мың дана күйдірілген кірпіш, 281 текше метр темір – бетон бұйымдары, 8530 мың шаршы дециметр жұмсақ былғары тауарлары, 114 мың пар былғары аяқ киімі, 105 тонна кондитер тағамдары, 417 тонна нан – булка өнімдері, 43 тонна мал майы, 2284 тонна ұн, 16890 тонна жарма, 398 тонна балық және 111,4 мың сомның мебелі.
Облыс территориясындағы жеңіл және тамақ өнеркәсіп орындары елеулі табыстарға ие болды. 1960 жылы 1940 жылғымен салыстырғанда ет өндіру – 2 есе, шұжық – 3 еседен аса, консерв – 6 есе, мал майы – бір жарым есеге жуық артты. Халық тұтанатын тауарлар өндіру үнемі өсіп, 1960 жылы 210 мың пар былғары аяқ киімі, 463 мың пар пима, миллион сомның мебелі, 24 мың металдан істелген кереует шығарылып, 1932 тонна балық ауланып, 9448 тонна қаймағы алынбаған сүт өнімдері өндірілді.
Облыс зауыттарында металл өңдеудің озат әдістері – металды шапшаңдатылған әдіспен кесу, дәл құю, ыссы штамповкалау, автоматтық сваркалау кең қолданыла бастады. Облыс кәсіпорындары еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі жоспарды, тұтас алғанда, 99,4 процентке орындады. 1959 жылмен салыстырғанда еңбек өнімділігі 7 процентке артты. Оның ішінде халық шаруашылығы кеңесінің кәсіпорындары бойынша – тоғыз процент, жергілікті өнеркәсіп басқармасы бойынша – 5 процент болды.
1958-1961 жылдары Орал қаласы кәсіпорындарының ұжымы жетіжылдықтың осы жылдардағы жоспарын жалпы өнім өндіру жөнінен 101,2 процентке орындады. Өнеркәсіп өнімінің жылдық орта өсімі 13,9 процент, еңбек өнімділігінің жылдық орта өсімі 8 процент болды.
Орал облысының еңбекшілері партияның ХХІІ съезінің және КОКП ОК-нің одан кейінгі Пленумдарының тарихи шешімдерін жүзеге асыра отырып, жетіжылдықтың бесінші жылында экономиканы өркендету, халықтың әл-ауқаты мен дәрежесін арттыру ісінде жаңа табыстарға жетті.
Селолық облыстық партия комитеті мен облыстық Кеңес атқару комитетіне қарасты өнеркәсіп орындары бойынша 1963 жылы өнім өндірудің көлемі 1962 жылғыға қарағанда 19 есе өсті.
Өнеркәсіп орындары 1963 жылы жалпы өнім шығару жоспарын 98 процентке орындады.
Біздің облыстың еңбекшілері де жетіжылдықтың жоспарын орындау жөнінде зор жұмыстар жүргізді. Облыс өнеркәсібі өнім өндіру жөнінде жетіжылдықтың тапсырмасын 100,1 процент орындады. Осы мезгіл ішінде өнеркәсіп өнімі 63 процентке, еңбек өнімділігі 30 процентке артты. Өнімнің жеке түрлерін өндіру едәуір өсті. Мысалы, электр энергиясын өндіру 2,7 есе, тракторлар мен ауыл шаруашылығы машиналарына қосалқы бөлшектер өндіру – 2,5 есе, ет және ет өнімдері 2,3 есе, сүт өнімдері – 2,5 есе, тігін бұйымдары – 2 есе, мех – 1,5 есе, аяқ киім – 1,3 есе артты.
Осы жылдар ішінде кәсіпорындардың өндірістік қуаты едәуір кеңейді. Орал жылу электр орталығы, нан зауыты, сүт зауыты, ірі панельді үй құрылысы зауыты, ет комбинатында тоңазытқыш, құрама мал азығы зауыты салынып пайдалануға берілді. Бірсыпыра өндірістік цехтар кеңейтіліп, қайта құрылды, жабдықтардың көптеген жаңа түрлері орнатылды.
Достарыңызбен бөлісу: |