ҚАЗАҚСТАН АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ИНТЕНСИВТІ ФАКТОРЛАРҒА
БЕЙІМДІЛІГІ
60-70 жылдары республикада кеңінен құлаш жайған интенсивтендіру бағыты ауылшаруашылығы дамуына сапалы өзгеріс әкелді. Ол ауылшаруашылығының барлық саласын жаңа белеске көтеруді, ауыл бейнесін өзгертуді, егіншілік пен малшаруашылығының табиғаттың дүлей күштеріне тәуелділігін жоюды мақсат етіп қойды. Сонымен қатар бұл бағыт қоғамдық мал басын үздіксіз өсіруді, мал өнімін, егін шығымдылығын арттыруды, жұмыс күшін тиімді пайдалануды, жер алаңы мен еңбек мөлшерінің әр үлесіне шаққанда өнім көлемін арттыруды, өндіріске озық технология мен осы заманғы ғылым мен техниканың табысын жедел енгізуді көздеді. Ауылшаруашылығы салаларын кешенді механикаландыру, химияландыру, жерді суландыру өндірісті мамандандыру мен шоғырландыру, егіншілік мәдениетін жақсарту басты назарда ұсталды.
Батыс Қазақстан аумағында аталған мәселелер ауылшаруашылығы органдарының қызметінен біршама көрініс тапты. Гурьев облысының машина-трактор паркінің техникалық жарақтануы ойлағандай болды. Үш жыл ішінде (1965-1967) айтарлықтай өсіп, 1968 жылы – 2547 трактор, 2148 автомобиль, 4476 шөп шабатын машина болды. Орал облысы мемлекеттен 1966 жылы әртүрлі маркалы 5920 трактор, 398 астық комбайнын, 2516 тырма, 800 соқа, 398 жүк автомобилін алды. Ал Ақтөбе облысының колхоздары мен совхоздарында 1966 жылдың күзінде 4500 астық комбайны, 4664 жүк автомобилі, жүздеген тракторлар мен толып жатқан ауылшаруашылық техникалар болды.
Колхоздар мен совхоздардың материалдық-техникалық базасының нығаюы, оның энергетикалық жарақтануымен қатар жүрді. Егер Гурьев облысы бойынша ауылшаруашылығында энергиямен жарақтануы тоғызыншы бесжылдықта 18 ат күшінен 23 ат күшіне дейін артса (бұдан әрі қарай а.к.) Ақтөбе, Орал облыстарында әрбір 100 гектар алқапқа тиісінше, 91 және 141 ат күшіне тең электр қуаты берілген. Бұл жөнінен Батыс Қазақстан аумағындағы көрсеткіш республикадағы орта көрсеткіштен жоғары. Осы уақыт ішінде бір адамға шаққанда энергиямен жарақтану 22,6 а.к.-нен 34,7 а.к-е, ал әр 100 гектар танапқа есептегенде 98 а.к.-нен 128 а.к-не дейін өскен. Нәтижесінде 80-жылдары Батыс Қазақстан облыстарының шаруашылықтары жоғары механикаландырылған, осы заманғы техникамен жабдықталған өндіріс орталықтарына айналды.
Жекелеген шаруашылықтар қай жағынан алып қарағанда да айтарлықтай жетістіктерімен әріптестеріне үлгі бола білді. Бұған Орал облысының «Пермь», «Березов» совхоздары жақсы мысал бола алады. Тың игерудің 20 жылы ішінде бір ғана «Пермь» совхозы мемлекетке 474 мың тонна немесе 29 миллион пұт астық тапсырды. Тіпті сонау 1966 жылдың өзінде алғашқылардың бірі болып, Отан қоймасына үш миллион пұттан астам алтын дән құйды. Осы табысы үшін пермдіктер Ленин орденімен наградталды. Мұндай биікке диқан қауымы жаңа жерлерді уақытында жыртып, мезгілінде игеру, топырақты жаңа технологиямен, минералдық тыңайытқыштармен өңдеу жүйесін қалыптастыру арқылы шықты. Қыста егістікке жеткілікті мөлшерде қар тоқтатылды, егін алқабын тырмалау, культивациялау, тұқым себу жұмыстары көктемде қысқа мерзімде атқарылды. Совхозда бұған техника жеткілікті болды, атап айтқанда паркте 226 трактор, 113 комбайн, 113 автомашина, басқа да техника түрлері мезгілінде сапалы жөндеуден өтіп, науқандық жұмыстарға сақадай сай әзір тұрды. Енді бір мысал: «Березов» совхозы тың және тыңайған жерлерді игеру есебінен егістік көлемін 2,4 есе ұлғайтып, тоғызыншы бесжылдықтың шешуші жылында мемлекетке 1953 жылғымен қарағанда 55 есе көп, мемлекетке 2 миллион пұттан астам астық тапсырған. Егіншіліктің шебер жолға қойылуы малшаруашылығына іргелі негіз қалады. Тың игерудің 20 жылы ішінде ірі қара 7,9 есеге көбейіп, ет өнімі 45 есеге артты. Шаруашылықта білікті механизатторлардың жаңа бір буыны өсіп шықты. Сөйтіп олар ауылшаруашылық машиналарының тәулік бойы жұмыс істеуін, ақаусыз сапалы, бұзылмауын қамтамасыз етті.
Колхоздар мен совхоздардың машина-трактор паркінің көбеюі ауылшаруашылығы құрал-саймандарының, техника түрлерінің жаңаруымен қатар жүрді. Тоғызыншы, оныншы бесжылдықтарда ауылға келген техника бұдан 10-15 жыл бұрынғы техника емес еді, олар өзінің сипаты, күрделілігі, құрылымы жөнінен соңғы жетістіктер биігінен көрінген техника еді. Сонымен егін алқаптарында, шабындықтарда аса қуатты, жылдамдығы жоғары ДТ-75, МТЗ-50, К-700 «Кировец» тракторлары, өнімділігі жоғары СК-5, «Нива», «Сибиряк», «Колос» комбайндары, тағы басқа көп операцияларды орындай алатын техника түрлері жұмыс істеді. Топырақ қорғау жүйесі қалыптасқаннан кейін агротехникалық шаралар қысқа мерзімде сапалы атқарылатын болды. 1970 жылы алғаш рет астық дақылды танаптарды өңдейтін елу СЗС – 21 тісті тырмалар алынды. Бұлар егістік бетін тырмалаумен қатар бір мезгілде арамшөптердің тамырын қырқып, топыраққа ұсақталған тыңайтқыштарды енгізетін, тұқым себілген атыздар қатарын тегістейтін болды.
Орал облысының алдыңғы қатарлы шаруашылықтарында К-700 тракторын алғаш рет меңгергендер ірі табыстарға қол жеткізді. Бұл орайда Бөрлі ауданынан «Пугачев» совхозының тракторшысы В.Герцельдің, Зеленов ауданынан М.Сластиннің есімдерін атауға болады. Сол сияқты Приурал, Теректі, Жымпиты аудандарының да механизаторлары осы К-700 тракторын шебер жүргізіп, озаттар қатарын толықтырды. Олардың әрқайсысы бір науқанда шамамен 6000 гектар жер жыртып, едәуір мөлшерде жанар-жағармай үнемдеді және техниканың ақаусыз күйін сақтай білді. Білікті механизатор кадрлар жерді терең қопсытып жыртуда, культивациялауда, тырмалауда, тұқым себуде, қар тоқтатуда, тасымалдау жұмыстарында К-700 тракторының тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, еңбек өнімділігін әлденеше рет еселеді.
1969 жылы 21 қарашада Орал қаласында колхоздар мен совхоздар бас инженерлерінің кеңесі өтті. Онда қуатты К-700 тракторының өндірістегі үлес салмағының төмен екендігі туралы айтылды. Жымпиты, Казталовка, Фурманов, Тайпақ, Шыңғырлау сияқты аудандарда әрбір трактор 145-тен 193 гектарға дейін (тәулігіне) жұмыс атқарған. Бір тәуірі – осы шамада егіс алқаптарымен шабындықтардағы техникалардың тоқтаусыз жұмыс істеуіне шебер-реттеушілер үлкен қолғабыс жасаған. Олардың саны Орал облысында айтарлықтай өсіп, 209 рет техникалық қызмет көрсету сапарына шыққан. Батыс Қазақстанның көптеген механизаторлары еліміздің атақты комбайншылары Н.Бочкаревтің және И.Бринькинаның озат әдістерін қолданып, күндік және науқандық тапсырмаларын орындауда орасан зор табыстарға жетті. 1974 жылы Орал облысындағы «Чапаев» асылтұқымды малзаводының механизаторлары звено құрып, 4 трактор тығыздалған график бойынша сүдігер жыртты да соқаны 22-23 сағат бойы атызға батырып, рекорд жасады. 4 трактордың әрқайсысы 24,6 гектар жерді бір тәулікте жыртып, звено күндік тапсырманы 153 гектарға жеткізді. К-700, ДТ-75М қуатты тракторлардың рулінде отырған А.Мерғалиев, А.Жалмұқанов, А.Балықбаев, А.Тұрашев әрбір 7 сағат сайын ауысып, тәулік бойы жұмысты тоқтаусыз істеді. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады.
Ауылшаруашылық өндірісін интенсивтендіруде, еңбек шығынын азайтуда, өнімнің өзіндік құнын арзандатуда малшаруашылығындағы еңбек үрдісін механикаландырудың ролі зор. Совхоздар мен колхоздардың жылдық есептеріне қарағанда республика фермаларында механикаландырудың жай-күйі мынадай болды: Батыс Қазақстан облыстары бойынша малдың 11% механикаландырылған әдіспен суарылды. Механикаландырылған жолмен малдың 2,3%-не жем үлестірілді. 4% малдың қиы осы әдіспен шығарылды, сауын сиырлардың 34,4%-і механиаландырылған фермаларда сауылды.
Тәжірибе көрсеткеніндей, республикада, оның ішінде Батыс Қазақстан облыстарында малшаруашылығын механикаландыру дәрежесі қанағаттанарлықтай болмады, әлі де қол еңбегі басым болды. Орал облысында қол еңбегі сиыр табынында, 11,3 мың сиыр немесе 40% қол еңбегімен сауылды. Қойдың 50,1пайызын азықтандыруда қол еңбегі пайдаланылды. Мал қоралары құрылысын келесі жылға жоспарлауда және қаржыландыруда мерзімі мен көлемінің сәйкессіздігі фермалардағы механикаландыруды едәуір тежеді. Оның үстіне кешенді механикаландырылған үлгі ферма құрылысы жобасын жасауға қолайлы жағдайлар болмады.
Осындай жағдайларға қарамастан 60-70 жылдары Батыс Қазақстан шаруашылықтарында малшаруашылық үрдістерін механикаландыру жөнінде кешенді шаралар қабылданып, жүзеге асырылды. Жаңа техниканы жеткізу, оны өндірісте пайдалану сегізінші бесжылдықтың өзінде биік белестерге шығуға көмектесті. 1966-1967 жылдары Орал облысында 12280 басқа есептелген 69 сиыр қорасы, 19000 басқа есептелген 15 шошқа қорасы механикаландырылды. Облыста қой шомылдыратын 37 қора-монша механикаландырылды, ірілендірілген 37 шопан бригадасы, 80 қой қырқу кешендері жұмыс істеді. Сегізінші бесжылдық жылдары сол сияқты Ақтөбе облысында да фермаларды кешенді механикаландыру ойдағыдай ұйымдастырылды. 1966 жылға қарай мұнда 9936 бас ірі қараға арналған мал фермалары болса, 1970 жылдың алғашқы айларында 47390 басқа арналған кешенді механикаландырылған 204 фермалары болды. 1970 жылы Гурьев облысының «Теңдік» совхозында картоп сорттарын өңдейтін кешенді механикаландырылған ферма дүниеге келді. Онда бұл өнім СН-4Б аспалы сеялкамен топыраққа сіңіріліп, АУ-4 икемделген машинамен минералдық тыңайтқышты пайдалану арқылы жер ДДМ-100 жаңбырлатқыш машинасымен суландырылды. Облыста 27 орында ірі қараны механикаландырылған жем үлестіргіш қамтамасыз етті. Сөйтіп, Батыс Қазақстанның колхоздары мен совхоздарында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Республика Министрлер Кеңесінің 1971 жылғы 26 наурыздағы «Малшаруашылығы фермаларындағы жұмыстардың механикаландыру дәрежесін көтеру жөніндегі шаралар туралы» қаулысы біршама жүзеге асырылды.
Қарастырылып отырған уақыт ішінде өсу тенденциясы байқалғанмен малшаруашылығын жалпы механиаландыру дәрежесіне өмір талабы тұрғысынан көз жіберсек, онша көңіл қанағаттанбайтындай еді. Бұл кемшіліктер біздің ойымызша мына себептермен түсіндіріледі: біріншіден – механикаландырылуға тиісті қоралардың электр энергиясы көздерінен алыста, су көздерінен шалғайда орналасуы болды; екіншіден-фермаларды шоғырландыру мен мамандандырудың нашар жүргізілуі; үшіншіден-механикаландырылған сиыр қораларын салуды құрылыс органдарының, ұйымдарының тым ұзаққа созып жіберуі. Күрделі құрылыстың жыл сайын артта қалуы, бұл орайдағы жоспардың орындалмауы малшаруашылығының «аяғын» шырмады. Төртіншіден- жұмысты механикалндыру, әсересе қой шаруашылығында сылбыр жүргізілді, жаңа техника мұнда өте кешігіп жеткізілді. Мысалы «Первомай» және «Коммунизм жолы» совхоздарына сиыр қораларын механикаландыру құрылысына қажетті көмекті «Казсельхозтехника» бірлестігі мен «Гурьевсельстрой» трестерінің 1 жыл кешіктіргенінің өзі өндірісті біраз уақытқа тежеді. Дегенмен тұтас алғанда Батыс Қазақстан облыстарында малшаруашылығы айтарлықтай ілгері басып, жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жетті. Ортақ табысқа кешенді механикаландыруға сүйенгендердің қатарында аймақта Жданов атындағы, Мәншүк Маметова атындағы, «Жеміс-көніс», «Пригородный», «Елек» басқа да совхоздар үлкен үлес қосты.
Механикаландырудың және бір сиырға шаққанда еңбекті аз жұмсаудың тиімділігін Орал облысы Приурал ауданындағы Жданов атындағы совхоздың мысалынан анық көрінеді. Мұнда толық механикаландырылған мал қоралары салынған, әр сиырға жыл сайын жұмсалған еңбек шығыны, қанша адам-сағат құрайтынын мына (3) таблицадан көруге болады:
Достарыңызбен бөлісу: |