Жат құбылыстар мен қиыншылықтардың өрістеуі
Кедергі тетіктердің қалыптасуы
Қаралып отырған уақыт ішіндегі ауылшаруашылығының артта қалуын оны ұйымдастыру әдістерінің жетілмеуімен ғана түсіндіруге болмайды. Дағдарыстардың сыры тереңде жатыр. Бұл арада орталықтандырудың басталуы да экономикаға кері әсер етті. Орталықтандырылған билік бәрін өзіне қаратты. Ол барлық өндіріс ресурстарын бөлу мен үлестерді, мемлекеттік бюджет жүйесі, жоспар, материалдық-техникалық жабдықтау, бағаны, қарыз көлемін белгілеу арқылы жүргізілетін басқарудың барлық тетігін өзіне бағындырды. Әміршілдік-әкімшілік әдіс басқарудың барлық буындарына дендеп еніп, «жегі құртқа» айналды. Жұмыстың түпкі нәтижесіне шаруашылық есеп тұрғысынан жауапкершіліктің болмауы, кірісті талан-таражға салу, шығынды ұлғайту масылдық көңіл-күйді туғызып, өндірістің өрге басуына мүдделілікті жойды. Өнім мен ақыны төлеудегі теңгермешілік өндірісте белсенділік пен іскерліктің бәсеңдеуіне әкеліп соқтырды, еңбекке ынтаны, біліктілікке құштарлықты кемітті. Бұл қаржы-несие жүйесіне формалды сипат берді, алдыңғы қатарлы озық идеялар қолдау таппай, көп жерде өндіріс қарабайыр жүргізілді. Орталықтандыру басқару аппаратының ұлғайып бара жатқанын байқамады, бастықтардың астамшылдығы күшейді.
Экономикалық жағдай елде басталған ғылыми-техникалық өзгерістерге біршама сүйенгенмен қалыптасып қалған шаруашылық тетіктері, сіресіп қалған ескі басқару әдістері, жоспарлаудың бұрынғы ізі, өндірістің жаңа техникамен жарақталуын кешеуілдетті, тозған, көне құрал-жабдықтарды техниканың соңғы жетістіктерімен ауыстыруға көптеген басшылар мүдделі болмады. Бір жағынан, ғылыми-техникалық өркениетке, экономиканы дамытуда жаңа белеске жол ашқан өндіріс дәрежесі мен екінші жағынан, жоспарлаудың ескі амал-тәсілдерінен шықпаған, кәсіпорын қызметін ұсақ-түйек нұсқаулармен шырмаған әміршілдік-әкімшілік басқарудың арасында кереғарлық, қарама-қайшылық орын алды. Рас, 1965 жылғы шаралар терең өзгерістерді – басқарудың шаруашылық есеп әдісін өндіріске енгізуді, өндіріс ұжымдарының дербестігіне көмектесетін демократиялық негізде шаруашылықты басқару әдісін орнықтыруды, әміршілдік мүддені экономикалық мүддемен ығыстыру, қоғамдық қатынастарды оңтайландыруды көздеді. Әйтсе де ол шаралар әміршілдік-әкімшілік басқарудың ірге тасын шайқалта алмады, 60-жылдарда түсінік қала беріп, батыстағы үлгілер жай ғана еске алынып қойды. Реформалар жобасында елімізде 30-жылдардың басында басталған несие-қаржы жүйесі бұзылмай, сол күйінде қалды, сөйтіп барлығының баламасы – ақша жаңарған шаруашылықтарда балама ретінде қаралмады. Өз өндірісін өзі жоспарлауға құқығы бола тұрса да басқарудың орталық органдары, министрліктер бұрынғысынша жоспарды жасау, тапсырмаларды орындау ісіне араласып, кәсіпорын жұмысына дұрыс болсын, дұрыс болмасын өздерінше баға беріп отырды. Мұның бәрі түпкі нәтижеге теріс ықпал етіп, кәсіпорын дербестігінің құлашын жайдырмады.
Реформаның тағы бір кемшілігі тіке сызық бойынша да (негізгі өзгеріс кәсіпорын дәрежесіне ғана қатысты болды), көлденең жазық бойынша да (сауда, жабдықтау салалары, банк жүйесі шаруашылық жүргізудің жаңа жағдайына бейімделмеді) дамымады. Ең бастысы шаруашылық тетіктерінің құрылымын жасау болды. Мұндай жағдайда, сөз жоқ, бағада түбірлі өзгеріс күтуге болмайтын еді (олар бұрынғысынша, шығынды күйінде қалды), материалдық-техникалық жабдықтауда (көтерме сауда өндірісті қаржыландыруға көмектеспеді) ілгеріге баяу қадам жасалды, материалдық ынталандыруда жағдай (еңбекке ақы төлеуде теңгермешілікке жол берілді) солай болды.
Қоғам мен жалпы экономиканың ойдағыдай дамуын тежеген факторлардың бірі – осы жылдары дабыл қаққан «кемелденген социализм» тұжырымдамасы саяси-ғылыми айналымға енгізіліп, кең насихатталды. Жақын және алыс болашақтағы іс-қимылда ол басшылыққа алынып, стратегиялық және тактикалық әдістерді белгілеуге тиісті болды. Алайда 70-жылдардың барысында социализм туралы ұғым,оның шектен тыс артықшылығы туралы анықтама бұлыңғырланып, қоғам дамуына объективті баға беру көмескіленді. «Кемелденген социализм» тұжырымдамасында өмірдің барлық саласында артықшылық туғызып, қоғамның органикалық тұтастығына, динамикалық дамуына қолайлы жағдай жасайды» деген пайым орын теуіп, ол насихат пен үгіт барысында адамдар миын шырмады. Мұның өзі болып жатқан үрдістер (процестер) түбіріне үңілуге, жағдайды дұрыс талдап, түсінуге бөгет болды. Бұл басқару практикасына да көлеңке түсірді. Қабылданған шешімде жағдайдың күрделілігі, қайшылығы ескерілмеді, жартыкеш, тар, шектеулі сипаттағы нұсқаулар халықшаруашылығы мұқтаж болып отырған нақты, өзекті, терең өзгерістерге бастау бола алатын ойлар мен пайымдарды тұсап, жақсы нәрселер жалғасын таппады, нақты іспен беркітілмеді. Барлығы жоққа сайылып, шенеунік аппаратының тұңғиығында жоғалды. Бұл жылдары «Жоғарыдағыларға қолайлы болса болды» деген пиғыл өріс алды. Жоғарыдағыларға ұнау өлшем белгісін анықтады. Ол тіпті ақылға симайтын, қоғамдық мүддеге қарсы келсе де жоғарыдағының бұйрығын мүлтіксіз орындау міндет деп саналынды.
Қаралып отырған кезеңде жалпыхалықтық меншік қарқынды дамыды. Қазақстан жұмыс жасап тұрған басқару жүйесінде құрал-жабдықтарды қоғамдастыруда мүмкіндік беретін шеңберде жетістіктен көрінді. Сөйтіп мемлекеттік кәсіпорындарда да, колхоздарда да қоғамдастыру кең етек жайды. Бөлінбейтін қордың өсуі, колхоз демократиясының тарылуы, аппарат құрамдарын ұстау үшін жоғары органдардың шаруашылық қаржыларынан бір бөлікті алуы, қарапайым теңгермешілікті ұлғайтып, өндіріс тиімділігін кемітті, іс жүзінде қоғамдық меншік экономиканың тұтас ырғақты, табысты дамуына айтарлықтай үлес қоса алмады. Мемлекеттік-монополистік меншік өндірістік қатынастарды шайқалтып қана қойған жоқ, сонымен бірге еңбекке адамгершілік көзқарасты нашарлатып, басқарудың нағыз әміршілдік-әкімшілік жүйесінің үстемдік жасауына жол берді. Мемлекеттік меншік шеңберіндегі жаппай жоспарлау экономикада тапшылықты туғызды, орталықтан үнемі беріліп отырған бұйрықтар қоғамның қозғаушы күшіне айналып, кері нәтижеге әкеліп соқтырды. Директивалық орталық жоспардың нақты сипаты үш органның өзара байланысты субъектілерінен тұрады. Олардың бірі – тапсырма беруші және оның орындалуын қадағалаушы, екіншісі – орындаушы кәсіпорын (халықшаруашылығы саласының жұмысшы) қызметкері, үшіншісі – кәсіпорын, нәтижені тұтынушы (жеке адам, ұжым) болып табылады. Тапсырма берген орган, көп ретте өнімді тұтынбайды, сондықтан ол өнімнің саны мен сапасына, сырттай ғана, көрсеткіштер бойынша баға береді. Мұндағы дәл көріністі анықтау үшін көрсеткіштер көлемі шағын болғаны дұрыс. Халықшаруашылығында ондаған мың өнімдер өндіріледі. Олардың саны мен сапасын, қаржыландыруын, өндіріс орнын, тұтынылуын, қоймаларда сақталуын, тасымалдануын, запастағы, және үлестірілу көлемін анықтау мыңдаған параметрлер бойынша жүргізіледі. Нақты жағдайдың алуан әртүрлілігі құрамындағылардың бұлардың ширегіне келмейтін бақылауына симайды. Бұл әдіс жоғарыдан бақылаудың тиімсіздігін көрсетіп, өндіріске пайда бермеді.
Өндірісті ұйымдастыруда еңбек өнімділігін арттыруға төңкерісті өзгеріс жасайтын, соған қабілетті жаңалық ашу, өнертапқыш ойлар тұншықтырылды, олардың жолына төрешілдік, өзімшіл басшылар, «көрсеткіш экономика» кесе тұрды. Мұнда әсіресе «көрсеткіш экономиканы» баса айту керек. Ол шындықты бүркемелеп, теріс ақпарат берді, өндіруші тұтынушы алдында есеп бермей, өнім сапасы арқылы емес, көрсеткіш арқылы ведомоство алдында есеп берді. Сөйтіп өндірістік көрсеткішке тәрбиеленген адамдардың ғана «бағы» жанды. Меншіктің бұл түрінің түпкі мақсаты қарапайым, шын мәнісіндегі еңбеккердің мүддесіне, оның тұтынуына бағытталмай, адамның еңбексүйгіш табиғатын қалжыратты. Өзінің бастауын коллективтендіруден алған СОКП-ның аграрлық саясаты шаруаға қарсы сипатқа ие болды. Ауыл қаланың шикізат көзі болып есептелді, ауыл қала өнімін өткізетін рынокқа айналды. Олардың арасындағы экономикалық қарым-қатынас көп уақытқа дейін баламалы негізде емес, заттай алмастыру сипатымен дамыды. Ауыл мұқтажына қаржы бөлу өскен кезде, СОКП Орталық Комитетінің наурыз Пленумынан кейін сатып алу бағасы көтерілді, колхоздардан табыс салығын алудың мөлшері өсті, шаруаның экономикалық мүддесіне едәуір нұқсан келіп, нәтижесінде олардың еңбектің түпкі нәтижесіне деген ықыласы жоғалды. Колхоздар мен совхоздар қаржысын алу қандай жолдармен жүзеге асты? Ең әуелі ауылшаруашылығына қажетті өнеркәсіп өндірісі шығаратын құрал-жабдықтар қымбаттады. 1965-1985 жылдары ауылшаруашылығына арналған өнеркәсіп өнімдерінің бағасы 2,5 есе артты. Оныншы бесжылдықта сегізінші бесжылдықтағымен салыстырғанда жер жырту және егіс салу агрегаттарының құны 3 есеге артты. Өндіріс кәсіпорындарының өз өнімдеріне өздерінің баға қоюының үстемдік құқығы іс жүзінде техниканың, тыңайтқыштың, құрамажем бағасының бақылаусыз шектен өсуіне әкеліп соқтырды. Тіпті техниканы күрделі жөндеуден өткізу, оны жаңадан сатып алудан қымбатқа түсті. Екінші жағынан колхоздар мен совхоздар «Селхозтехника», «Селхозхимия» және басқа да ұйымдар қызметіне ақы төлеп, орасан зор шығынға ұшырады. Көптеген колхоз басшылары, тіпті колхозшылардың өздері де масылдық психологияға малданды, қоғамдық қаржыны өз шаруашылығының келешегін ойламастан пайдаланды. Еңбекке ақы төлеу соңғы нәтижені күтпестен жүргізілді, ол нақты еңбек үлесіне, түскен кірістің дәрежесіне тәуелді болмады. Бұл арада идеологиялық, моральдық факторлар шешуші роль атқармады. Ауыл тұрмысы даңғаза ұрандарда жазылғаннан мүлде бөлек болып шықты.
Азық-түлік молшылығы жасалмауының тағы бір себебі – егіс даласынан тұтынушыға дейін ауылшаруашылығы өнімі орынсыз шашылып, ысырап болды. Колхоздар мен совхоздардың шаруашылық дербестігін нығайту туралы әлденеше рет шешім қабылданғанына қарамастан жағдай біржола оңға баспады. Шаруашылық, қызметі ұсақ-түйек мәселеге дейін «жоғарыдан» реттеуге бағынып, «жоғары аппараттың» бұйрығын күтіп отырды. «Шаруашылықтар ірі болған сайын жұмыс жақсы жүреді, тұрақты өнімге қол жетеді» деген ұғым ұзақ жылдар бойы билеуші топтың санасын улады. Іріліндіру үрдісі, әсіресе колхоздарда жүріп жатты. Мұнда шаруашылықтың көлемі, табиғи жағдайлар, қоныстандыру мекендерінің ерекшелігі, өндірістік мүмкіншілігі және басқа факторлар еленбеді. Ұсақ, еңбекті ұйымдастырудың қоғамдаспаған формалары социализммен сиыспайтын «үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын» құбылыс ретінде қабылданды. Ақыр соңында еңбектің түпкі нәтижесін шаруа сезінбеді. Бара-бара ол жерді өндіріс-құралы ретінде пайдаланудан да қалды. Ол бұйрық берілген жұмысты атқарумен шектелді. Шын мәнісінде аудандық партия комитеттері барлық іске араласып, тіпті колхоз төрағалары да солар арқылы ауылға басшылық жасады. Ауылшаруашылығын жоспарлау, оны бағасы үнемі өсіп отырған қымбат техникамен жабдықтау, кірісті жұмсауға жоғарыдағылардың араласуы, негізгі қаржыны мемлекеттік органдардың пайдалануына қайтарымсыз беру, жоғарыдағылардың негізсіз нұсқаулары шаруашылықтардың ұйымдық-техникалық, адамгершілік негіздерін әлсіретті. Сөйтіп еңбекке ақы төлеу, әлеуметтік әділеттілік принциптері бұзылды. Осылайша бұрынғы КСРО-дағы әміршілік-әкімшілік басқару жүйесі ауылшаруашылығында да, өнеркәсіпте де, ірі тұрақты табыстарға қол жеткізуге қабілетсіз екендігін дәлелдеді. Сол сияқты бұл жүйе қоғамның әлеуметтік міндеттерін шешуде де қабілетсіз болып шықты. Нәтижесінде алып елдің экономикасы тұтас тұралап қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |