Ж. ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ОРАЛ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ
ашылғанына 105 жыл (1913)
Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж - облыстағы орта кәсіптік білім беретін оқу орны. Оның тарихы Орал қаласында 1913 ж. ашылған семинария мен 1920 ж. ашылған педагогикалық техникумнан басталды. Алғашқы оқу орны кейінгі жылдары педагогикалық училище (1937), педагогикалық колледж (1994) болып өзгерді.
1997 жылдан колледжде бастауыш сыныпта оқыту, ағылшын тілі, қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту, мектепке дейінгі тәрбие, ән- күй, еңбек тәрбиесі, дене тәрбиесі факультеттері бар. Сырттай оқу бөлімі жұмыс істейді. Мұнда 94 жоғарғы білімді және категориялы оқытушы сабақ береді, олардың 2-і ғылым кандидаты. Колледжде оқу-тәжірибе жұмыстары бойынша 5 бағытта ғылыми-тәжірибе, 8 бағытта методикалық жұмыстар жүргізіледі. 38 оқу кабинеті, 2 компьютерлік сынып, 2 лингофон кабинеті, кітапхана (қоры — 40 мың дана), ЭЕМ лабораториясы бар. Оқу орнында Ж.Құрманғалиева, В.С.Авдеенко, Ү.М.Ысқақова, Н.М.Неусыпова, Н.Г.Красников, В.П.Попов, С.К.Алиева, Л.И.Белоконь, К.С.Жұмасова, т.б. тәжірибелі ұстаздар еңбек еткен. Колледж директоры Ш.Х.Құрманалина «Математиканы оқыту методикасы» атты электронды оқулық жазған. Орал педагогикалық колледжі 2000 ж. өткен «Республиканың таңдаулы колледжі» байқауында үздіктер қатарынан табылып, жүлделі орын иеленді.
Қазақстанда өзіндік тарихы бар Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж ұжымы, білім, тәрбие беріп, болашақ ұстаздыққа дайындап жатқан студенттерімен көмектеседі. Колледжде көп жылдардан бері жалғызбасты адамдарға, қарияларға, Ұлы Отан соғысына қатысқандар, еңбек ардагерлеріне, мүгедек жандарға көмек көрсететін «Қамқорлық» атты студенттік волонтерлар бағдарламасы арқылы №4 сайлау округтерінде істелген көптеген қайрымдылық акциялары қала тұрғындарына танымал. Қыздар, әйелдер проблемасы, қоғамдағы әйелдердің статусын көтеру, гендерлік саясатты әйелдер арасында
дұрыс пайдалану сияқты әлеуметтік мәселелердің оң шешімі табылуда. Демалыс уақыттарында мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында үш жылдан бері аула клубтары мен жазғы лагерьлерде педагогикалық отряд жұмыс жасайды. «Ұрпақтар сабақтастығы», «Жас саясаткер», «Дарын», «Аналар», «Әкелер» клубтары, «Қазақстанның іскер әйелдер ассоциациясы», «Серпін» жастар ұйымымен тығыз байланыста қызмет атқарылуда.
ӘДЕБИЕТТЕР
Әбілхалықов С, Болашаққа қадамы нық оқу орны /С. Әбілхалықов //Айна.- 2009.- 21 қаңтар (№3).
Байғалиева К, Еңбегі елге сіңген /К. Байғалиева //Жайық үні Жизнь города.- 2016.- 13 қазан (№41).- 4 б.
Құрманалина Ш, Тарихы мен тағылымы мол білім ордасы /Ш. Құрманалина //Орал өңірі.- 2013.-24 қазан (№43). 2-3 б.
Құрманалина Ш, Тарихы терең, еңбегі ерен білім ордасы /Ш. Құрманалина //Жайық үні.- 2017.- 1 маусым (№21).- 6 б.
Құрманалина Ш, Үлкендердің ақылы бізге өмірлік ұстаным болды /Ш.Құрманалина //Жайық үні.- 2010.- 1 шілде (№26).
Құрмәнәлина Ш, Қайраткерлерді қанаттандырған ұя /Ш. Құрмәнәлина //Орал өңірі.- 2013.- 24 қазан.- (№130).- 11 б.
Нұрашева Г, Талмайтын талап сыйлаған ұстазым! /Г. Нұрашева //Жайық үні.- 2016.- 3 қараша (№44).- 13 б.
Шүйіншәлиева М, 50 жыл жанұя бақытын аялаған /М. Шүйіншәлиева //Жайық үні Жизнь города.- 2015.- 22 қазан (№42).- 6-7 б.
Достарыңызбен бөлісу: |