ӘОЖ 343.137.35 (574)
Бердіғалиева Л.А. -
магистрант,
М. Өтемісов атындағы БҚМУ
БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАЙ ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫН ТӘРКІЛЕУ НАУҚАНЫ
(Орал округінің материалдары бойынша)
Қазақ қоғамын іштен ыдырату, мүліктік қайшылықтарға сүйеніп таптық теңсіздікті тудыру, сол
арқылы ірі бай шаруашылық иелеріне кедейлерді қарсы қою арқылы шаруашылықтарды
ұжымдастыруға бағыт алған шабындық және егістік жерлерді бөлу науқаны қазақ бай-феодалдарын
тәркілеуге дейін-ақ басталды. Дегенмен, бұл шаралардың сипаты және мақсаттары өзара тығыз
байланысты еді. Кеңес өкіметі қазақ қоғамындағы жерді пайдаланудың дәстүрлі жүйесіне күштеп
өзгеріс енгізе отырып, әлеуметтік теңсіздікті күшейтуді көздеді. Сол арқылы қазақ байларын тәркілеу
науқанына дайындық жүргізуге, оған қоса жерді бөлуді қаржы көздерінің біріне айналдыруға тырысып
бақты. 1926 жылы 20 мамырда Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар
Кеңесі «суармалы егіншілікті болыстардан басқа аймақтардың барлығында егістік және шабындық
жерлерді бөлу туралы» декрет қабылдады [1]. Оның отаршылдық сипаты орындалу барысынан-ақ
бірден анық болды. Көп ұзамай, 1926 жылдың 6 шілдесінде аталған декретке қосымша өзгерістер
енгізіліп, онда «суармалы және ерекше шұрайлы шабындық жерлер» бөлінбейтіндігі, олардың «жерді
тиімді пайдалануда еңбегі сіңген, оны ұқсатуға ебі барларға» үлестірілетіндігі көрсетілді. Мұның өзі
қазақ халқының меншігіндегі ежелден ата-бабасы қоныс еткен құнды шабындықтардың болашақ
келімсектерге тартып алынып берілуіне негіз қалау еді. Бұл мақсатты астарлы түрде жүзеге асыруға
бағытталған бұл заң бабы Бүкілодақтық ОАК Президиумының 1917 жылдың 28 ақпанында
қабылданған егістік шабындық жерлерді бөлу туралы қаулысына енеді [2].
1927 жылы республикадағы 7 округ бойынша 220 мың шаруа қожалықтарының шабындық
жерлері қайта бөлініп, оның 65,3% кедейлерге, 29,4% орташаларға, 8,3% ауқатты қожалықтарға
берілген. Егіншілік комиссариатының 1928 жылғы 4 қаңтардағы есебі бойынша Орал губерниясында
76 болыс бойынша (113805 қожалық) шабындық жер бөліске салынып, бай қожалықтарының 84605,
орта шаруалардан 7105 десятина жер тартып алынған [3]. Науқан кезінде көптеген бұрмалаушылықтар
етек алады, әсіресе орта шаруалар мүддесі қыcымға ұшырады. Жымпиты уезінде орташа шаруалар
меншігіндегі 17 %-дан астам шабындық жерлерінен айырылады [4].
Бай шаруашылықтарын тәркілеу алдын-ала ойластырылған, қазақ халқының мүддесіне қайшы,
алдына сан-салалы міндеттерді қойған саяси-әлеуметтік шара ретінде көрінеді. Голощекин өлкелік
комитеттің ІІ Пленумында оқыған есебінде «қазақтардың ұлттық сана-сезімі өсіп келе жатқандығы»
және «ұлттық сана оянуының көзі – байлар» екенін айта отырып, қазақ халқының кедейленуінен
большевиктер өкіметіне келер «еш қауіпке негіз жоқ» деген қорытындыға келеді. Голощекиннің
шовинистік-нәсілшілдік сипаттағы осы сөздерінің өзі-ақ оның қазақ ауылын кеңестендіру, онда «Кіші
Қазан төңкерісін» ұйымдастыру туралы «ой-жоспарларының» мәні мен мақсатын ашып көрсетеді.
Тәркілеу науқанының қарсаңында Қазақ өлкелік партия комитетінің органы «Советская степь»
газетінде жарияланған мақаласында Голощекин «Жер-су реформасы байлар мен орташа шаруаларды
толық тәркілеудің табысты өткізілген дайындығы болды», шараның басты мақсаттарының бірі ауыл
халқының «таптық сана-сезімін жетілдіру еді» - деп жазады. «Жергілікті халықтың жаппай
сауатсыздығы, құлдық, кедейшілік, рушылдық, шашыраңқылық, тағы басқалар еңбекшілердің сана-
сезімін жоғарылатуды, ауылдарды кеңестендіруді қиындатты. Міне, кейін ауылдарды революциялық
«желменен» тексеріп, кедергісіз өз «Октябріне» жеткізу қажет болды» [5]. Сөйтіп, Голощекин
басқарған өлкелік партия комитеті қазақ халқының түрлі әлеуметтік топтарының арасында
қайшылықтарды қоздыра отырып, Кеңестік өкіметті «орнатуды» мақсат етті.
Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің 1928 жылы 27
тамыздағы «Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы»
декреті қазақ даласына үлкен қасірет әкелді. 1927 жылдың өзінде қарашада өткен VI Өлкелік партия
конференциясы ірі байлар мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару жөнінде шешім
шығарған еді.
Батыс Қазақстанда ірі байларды тәркілеу науқаны 1928 жылы 6-8 қыркүйекте
декрет жарияланған соң бірден басталды. Өлкелік және аудандық комиссиялар құрылып, Орал, Ақтөбе,
Гурьев аудандарына бұқаралық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және байларды тәркілеу мен жер
аударуды жүзеге асыруға құзыретті адамдар ретінде 400 партия мүшесі жіберілді [6]. БОАК мен ХКК-
нің ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеу туралы декретін жүзеге асыру үшін Орал округтік атқару
комитетінің арнаулы комиссиясы құрылады. Төмендегідей комиссия құрамы бекітіледі: Комиссия
төрағасы – Иралин (ОкрАК), хатшысы – Мұхамедияров, мүшелері: Сағындықов (Округтік жер
басқармасы), Залиев (Қосшы одағы), Адамович (мемлекеттік саяси басқарма), Мұқашев
(Окр.прокурор). Округтік комиссия жұмысын 1 қыркүйек күні бастайды. Комиссияның бірінші
отырысында мекемелерге тәркілеуге қатысты мәселелерді, мәселен, тәркіленген малдың есебін жүргізу
және қорғау, бөлу жоспарлары, совхоздар мен колхоздар ұйымдастыру, жаңа жерлерде жаңаша
басқаруды насихаттау, басқа да жұмыстарды шешу тапсырмасы беріледі. Науқанның жер-жерде өтілу
деңгейін қадағалап, басшылық жасап отыру үшін сол жылдың 5-6 қыркүйегінде комиссия құрамында
бекітілген өкілдер аудандарда жұмысын бастайды. Жаңақала ауданына Сағындықов, Ордаға
Зұлқайыров, Сламихинге Матчанов, Шыжыға Жанбайысов, Таловқа Дүйсенов, Қаратөбеге Ізбасаров,
Тайпаққа Залиев, Шалқарға Исенбаев, Жымпитыға Берқалиев, Зауральныйға Жұмағалиев, Азғырға
Тәтібаев, Тепловқа Гирляндин, Зеленов ауданына Хлостов жіберіледі. Батыс Қазақстанда бай
шаруашылықтарын тәркілеу науқаны 1928 жылдың қарашасына дейін аяқтау белгіленгенімен, бұл
шара 1929 жылдың ақпан айына дейін созылды [7]. Тәркілеу «колхоз құрылысының жеңісіне» дейін
жалғасты, өйткені ол ұжымдастырудың заңды бөлігі, оның үдемелі дамуын ынталандырушы,
«қорқыныш пен сақтықтың қорғанысы» ретінде қарастырылды.
Жер-жерде түрлі жиналыстар өткізіліп, «жау табы өкілдерін», «зиянды элементтердің» қатарын
айқындау, қорқытып-үркіту, азғыру жұмыстары қызу жүргізіледі. Үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын
жүргізу үшін аудандарға 172 өкіл (оның ішінде 162-сі - БК(б)П, 5-і – БЛКЖО мүшелері, 5-уі – партия
қатарында жоқ) жолданады. Бай шаруашылықтарын тәркілеу жұмыстарына округ бойынша барлығы
105 комиссия құрылып, оған мүшелікке жалпы саны 1949 адам тартылады. Өкілдік комиссиялар
науқанның алғашқы айларында бұқаралық-саяси шаралар бойынша барлығы 75 батырақтар
жиналысын (қатысушылар саны – 1594), 586 кедейлер жиналысын (қатысушылар саны – 43689), 264
азаматтардың жалпы жиналыстарын (қатысушылар саны – 24013) өткізеді [8].
Тәркілеуге жататын ірі байларды белгілеу үшін ҚазАКСР ОАК мен ХКК мынадай өлшемдерді
бекітеді: көшпелі аудандарда ірі қарамен есептегенде 400 бастан артық малы барлар, жартылай
көшпелі аудандарда 300-ден аса, ал отырықшы аудандарда 150-ден артық бас малы барлар тәркіленетін
болды. Мал басының ірі қарамен есептелу мәселесіне келсек, ірі қараға екі жастан асқан құнан, түйе,
сиыр, өгіз жатқызылған, ұсақ жануарлардан бір ірі қараға үш құлан, не екі тай немесе бес қой, әлде
алты ешкі теңестірілді.
1928 жылдың 10 қыркүйегінде Орал округтік атқару комитетінің отырысы болып, онда қазақ
байларының тізімі туралы есеп тыңдалады. Округ бойынша тәркіленуге жататын 66 ірі байдың тізімі
бекітіледі [9].
Сөйтіп, Орал округінің 11 ауданынан барлығы жоспар бойынша 66 байдың шаруашылығы
тәркіленуі тиіс болды, ал іс жүзінде 71 шаруашылық тәркіленеді. Алдын-ала есептеулер бойынша
тәркіленген бұл аудандардағы байлардың қолында мал басының саны – 51515. Жартылай көшпенді
аудандар Қаратөбе, Жаңақала, Жымпиты, Сламихин, Азғыр аудандарында мал басы ең көп
шоғырланған. Оған қоса бұл аудандардағы тұрақты жалдамалы жұмысшылар саны 195 деп көрсетіледі.
Аталған мәселе бойынша зерттелген еңбектердің ішінде 1957 жылы жарияланған
А.А.Королевскийдің «Батыс Қазақстанда жаппай ұжымдастыруға дайындық» еңбегінде автор Батыс
Қазақстан өңірінде барлығы 156 бай қожалықтары, оның ішінде Орал округінде 71 қожалық тәркіленді
деп көрсетеді.
Округ бойынша барлығы 71 шаруашылық, оның ішінде 56-сы бірінші, 15-і екінші санат бойынша
тәркіленді. Бірінші санатқа ірі бай – феодалдар, екінші санатқа жартылай феодалдар, мүліктік
жағдайына қарамастан өзінің Кеңес өкіметіне қарсы ой-пиғыл, қызметімен неғұрлым қауіпті адамдар
жатқызылды. Бірінші санат бойынша Азғыр ауданынан 21, Сламихиннен – 8, Қаратөбеден – 7,
Жаңақаладан – 6, Орда және Жымпиты аудандарынан – 4-тен, Шалқардан – 2, Талов, Тайпақ,
Зауральный, Шыжы аудандарынан – 1-ден байлар тәркілеуге ұшырады. Екінші санат бойынша
Жымпитыдан – 3, Қаратөбе, Жаңақала, Шалқар, Тайпақ аудандарынан – 2-ден, Азғыр, Сламихин,
Орда, Шыжы аудандарынан – 1-ден бай шаруашылықтары танылды [10].
1928 жылы 27 тамыздағы ҚазақАКСР ОАК қаулысы бойынша тәркілеуге ұшырап, жер
аударылғандарға жер аударылған округ шеңберінде тұратын жерін өзі таңдап алуға рұқсат берілген еді.
Алайда округтік орган басшылары жер аударылғандарды өз беттерінше орналастырды. 71 бай
түгелімен өздерінің ата-мекендерінен басқа жаққа жер аударылған, Орал округінен жер аударылған
байлар Қызылорда және Ақмола округтерінің шөлейтті-шөл аудандарына жөнелтілген. Ол жаққа өз
аяқтарымен баруға тиісті еді. Көрсетілген мерзімде көшпесе, не белгіленген ауданға жетіп үлгермесе
жазалау шаралары күтіп тұрды.
Мұндай жол азабына шыдамай талай адам, әсіресе балалар мен қариялар жан тапсырды. Бұл
жөнінде мұрағат қорларында арыз-шағымдар жетерлік. Сырдария округі Қызылқұм ауданының №9
ауыл тұрғындары Ә.Әсербаев, Қ.Көбеев, А.Бекболатов және т.б. өлкелік тәркілеу комиссиясына жазған
арыздарында Орал округіне отбасыларымен жер аударылғаны және жол үстінде Қызылордаға
жақындай бергенде жас балалардың суық тиіп, түгелдей ауырып қалғандарын ескеріп, осы жерде
қыстап шығуға рұқсат сұрайды [11].
Мұрағат құжаттарында тәркілеуге ұшыраған байлардың жеке істері сақталған. Жеке істеріне
қарап отырсақ, олардың әр түрлі жалған жаламен қамауға алынып, жер аударылғандығын көреміз
(1928 жылдың 11 желтоқсанындағы мәліметтер бойынша):
1. Досқалиев Шамақ – 50 жаста, Орал округі Азғыр ауданының Сүйіндік ауылынан шыққан,
сонда тұрады. Мал шаруашылығымен айналысады. 275 бас жылқы, 90 бас түйе, 900 бас ірі қара, 1200
бас қой, 2 киіз үй, жер үйі, 10 егін шабатын машинасы бар. 9 тұрақты батырақты жалдайды. Қазіргі
кезде Азғыр ауданында төменгі кеңестік партия органдарын басып алуды көздеп ұйымдастырылған ірі
бай тобының мүшесі болып табылады. Бұрынғы бүкіл Бөкей уезінің ірі ықпалды байларының бірі.
Байлар мен кедейлердің арасында үлкен беделге ие. Жергілікті кеңестік және партиялық ұйымдарға
ықпалы бар. Кедейлерді өз жағына тарту және ауыл шаруашылығы салығынан жалтару үшін Азғыр,
Орда, Жәнібек аудандарының кедейлеріне мал үлестірген.
2. Өтегенов Бәкі (Бакий) – 40 жаста. Орал округі Азғыр ауданы Шалқар ауылында тұрады. 4
әйелі бар. Шаруашылығында 25 бас жылқы, 45 бас түйе, 800 бас ірі қара, 800 бас қой, 3 жер үйі, 4 киіз
үйі бар. Салықтан қолдағы малының 40%-ын жасырып отыр.
3. Мәмбетов Әубекер – 42 жаста. Орал округі Азғыр ауданы Тауберат ауылының қазағы. 75 бас
жылқы, 50 бас түйе, 500 бас ірі қара, 1500 бас қой, 3 жер үй, 3 киіз үйі бар. Отбасыларымен
қоса 5 батырақты жалдайды. Қазіргі кезде Азғыр ауданында ұйымдасқан бай-шенеуніктік топтың
басшысы. Оның бастамасымен шабындық жерлерді бөлу кезінде бір кедей ұрып-соғылған. Ақсақалдар
сотына қатысқаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылып, қамауға алынған.
4. Исенбаев Мұқаш – 65 жаста, Орал округі Азғыр ауданы Тауберат ауылының қазағы,
қажылыққа барған. Отырықшы шаруашылық жүргізеді. 40 бас жылқысы, 25 бас түйе, 350 бас ірі
қарасы, 400 қой-ешкісі, 2 киіз үйі, 1 жер үйі бар. Бай-қанаушы ретінде азаматтық құқығынан
айырылған.
5. Машекенов Халық – 40 жаста, Орал округі Азғыр ауданы Шалқар ауылының тұрғыны. Орта
білімі бар, мұғалім. Шаруашылығында 50 бас жылқысы, 250 бас ірі қара малы, 1250 бас қой-ешкісі, 2
жер үйі бар. Азамат соғысы жылдары ақ бандылардың қатарында Кеңес үкіметіне қарсы соғысқан.
Қазіргі кезде билік органдарына өзінің жақтастарын кіргізу үшін қайта сайлау науқанында белсенді
қатысушы.
6. Залиев Рысқали – 60 жаста, Орал округі Жаңақала ауданы №8 ауылының қазағы. Отырықшы
шаруашылық жүргізеді. 22 бас жылқысы, 15 бас түйе, 250 бас ірі қара малы, 715 бас қой-ешкісі бар.
Патша кезінде 20 жылдай хатшы қызметінен бастап түрлі қызметтерде болған шенеунік. Қазіргі кезде
салық салудан жалтару үшін мал-мүлкін кедейлерге уақытша пайдалануға береді. Бүкіл ауыл кедейлері
осы байдың малын пайдаланады.
7. Аманов Хұсайын – Орал округі Шалқар ауданы №16 ауылында тұрады. Сауатты. Егін егу және
мал шаруашылығымен айналысады. Отырықшы шаруашылық жүргізеді. 100 бас ірі қара малы, 300 бас
қойы бар. Патша үкіметі кезінде болыстық старшина болған, жігерлі қызметі үшін әкім қызметіне
тағайындалған. Азамат соғысы жылдары ақтардың қатарында болып, бейбіт тұрғындарды тонаған.
Чапаев өлтірілген Ілбішін ауылын тонауға белсенді қатысқан [12].
Көптеген адамдар жеке іс ашылмай-ақ тізім бойынша тәркіленіп, жер аударылған. Ресми
деректерде жеке отбасылар ғана жер аударылған сияқты боп көрінгенімен, мұрағат құжаттарына көз
салсақ тәркілеуге жатпайтын шаруа отбасылары да заңсыз жер аударылған. Мысалы, Орал облысының
Азғыр ауданының Таубұйрат ауылынан тәркіленген Әбсаттаров Қажыбай қажымен бірге жеті бірдей
отбасын жер аударып жіберген. Тек батыс өңірі ғана емес, республика көлемінде тәркілеу жөніндегі
декрет бұрмаланғандығы анық. Мәселен, Әділет халық комиссары Ж.Сәдуақасовтың 1929 жылғы 3
қазандағы «Байлардың мал-мүлкін тәркілеу және жер аудару науқаны» жөніндегі Орталық Атқару
Комитетіне түсірген мәлімдемесінде кейбір сот органдарының тарапынан тәркілеуге қатысты істерді
қарауда «революциялық заңдылық ұстанымдарын бұрмалаушылық орын алды» делінген [13].
Бай қожалықтарымен қоса орта шаруалардың да мал-мүлкі тәркіленетіндігі жөнінде қауесет
батыс өңірде жаз айларының өзінде-ақ тарап кетеді. Жергілікті тұрғындар мал-мүлкін сатып, көшуге
дайындала бастайды. Осыған байланысты Қазақстан ОАК оның негізсіз өсек-аян екенін, ешқандай
тәркілеу болмайтындығы, болса да хандар мен сұлтандар тұқымынан тараған ірі байларға, бұрын
патшаның қызметінде болғандарға ғана қатысты жүргізілетіндігін хабарлап, 1928 жылдың 23
шілдесінде Қазақстан еңбекшілеріне үндеу тастаған еді. Мұндай үндеу тастаудың мақсаты елді
дүрліктірмей, тәркілеу науқанына көбірек бай шаруа қожалықтарын қамту болғандығы түсінікті.
Достарыңызбен бөлісу: |