Бб-б-18, бб-п-18 Оқытушы: Ахунов Бақытжан Кенжебекұлы Қайырлы күн, білім алушы!



бет1/4
Дата24.01.2022
өлшемі93,99 Kb.
#113808
түріПрактикум
  1   2   3   4
Байланысты:
757 8450 61630


Пән атауы: Балалар әдебиеті, мәнерлеп оқу практикумы

Күні: 19.05.2021 жыл

Тобы: ББ-Б-18, ББ-П-18

Оқытушы: Ахунов Бақытжан Кенжебекұлы

Қайырлы күн, білім алушы!

Білім шыңын бағындыруда сізге сәттілік тілеймін!

Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы: Елшібеков Жанат шығармашылығы

Өтепберген Ақылбекұлы шығармашылығы



Жаңа тақырып материалдары: Елшібеков Жанат шығармашылығы

 

Елшібеков Жанат 1947 жылы 10 мамырда Алматы облысының Қаратал ауданына қарасты Қызылбалық ауылында туған. 
1969 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетін бітірген. Соңғы курста оқып жүрген кезінде республикалық жастар газеті «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алаш») қызметке орналасқан. Әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі болып жұмыс жасады. 
1978 жылдың сәуір айынан бері «Егемен Қазақстанда» көркемдеу және газет безендіру, жаңалық, спорт және туризм, экономика бөлімдерін басқарып, редакциялық алқаның мүшесі болған. Қазір редакцияның жауапты хатшысы. Қаратал ауданының Құрметті азаматы. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының үш мәрте лауреаты. 
Оннан астам деректі, публицистикалық, көркемәдеби кітаптарының авторы. «Қош бол, теңіз…» повесі республикалық «Жалын» баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық бәйгесінде жүлде алған. Көркем очерктері, эсселері, мақалалары елуге жуық жинақтарға енген. Шығармалар жинағының бес томдығы 2007 жылы «Елорда» баспасынан жарық көрген.
Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған, «Астанаға – 10 жыл» мерекелік медальдарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Шығармалары: Жауқазын. Деректі повесть. А., «Қайнар», 1976; Студенттік меридиандар. Очерктер. А., «Мектеп», 1978; Сен білесің бе? Үйрен, ізден, ойлан. А., «Жалын», 1981; Алтын ұя. Очерктер. Репортаждар. А., «Мектеп», 1983; Атамекен. Фотоәңгімелер. А., «Жалын», 1984; Қарлығаш. Суретті кітапша. А., «Жалын», 1989; Жоғалған теңіз. Повестер мен әңгімелер. А., «Жалын», 1991; «Зерек». Танымдық ойындар әлемінде. А., «Өнер», 1991; Мың бір қызық. Оқиғалар, деректер. А., «Өнер», 1995; Шағалалар жылай ма, осы? Очерк, көсемсөз, ойтолғақ, деректі әңгіме, эссе. А., «Қайнар», 1996; Қош бол, теңіз… Повестер мен әңгімелер. А., «Елорда», 2001; Таным. Ғажайыптар мен оқиғалар. А., «Елорда», 2003; Уақытсынап. Деректі әңгімелер, әдеби портреттер мен эсселер. А., «Қайнар», 2008.

https://adebiportal.kz/kz/authors/view/1586

http://anatili.kazgazeta.kz/news/4025

https://kk.wikipedia.org/wiki/%D3%A8%D1%82%D0%B5%D0%BF%D0%B1%D0%B5%D1%80%D0%B3%D0%B5%D0%BD_%D0%90%D2%9B%D1%8B%D0%BF%D0%B1%D0%B5%D0%BA%D2%B1%D0%BB%D1%8B



Жазушы, журналист Жанат Елшібектің басым көпшілігімізде кездесе бермейтін алабөтен елгезектігін, таңдаған тақырыбын бүге-шігесіне дейін қысқа да нұсқа талдап беретін шеберлігін бағалаймын. Небір күрделі мәселенің тетігін, нысанасына алған жазу нысанын ұзақ-сонар баяндап, бүлтелектемей, өзін де, өзгені де шаршатпай бірден жайып салады. Әлгінде айтқан қысқа-нұсқа ұғымы Жанаттың шығармашылығында айрықша мән иемденген. Әсіресе, табиғат таңғажайыптары хақындағы хикаяттарына тән бұл ерекшелігі. Сонау жастық шақта Паустовский мен Пришвиннің шығармаларынан жүректе сақталған жылы бір әсерін Жанаттың қолтаңбасынан байқаймын. Әсемдікті, тосын жайттарды, сирек құбылыстарды бейнелеудің қазақ топырағындағы соны үлгісін мегзеп отырмын. Жанат бұл орайда бүкіл тіршілік атаулыны таңғажайып жаңғырыққа айналдырып жібереді. Жан-жануар, өсімдік, т.б. өзара тіл табысып, былайғы шақта пәлендей аңғара қоймайтын жайттардың кенеттен өзіндік мән иемденіп шыға келетіні қызық. Жер, көктегі жоқты іздемейді, жер, көктегі бар нәрсені қырағылықпен со күйінде мүсіндеп, ұмытылмайтындай зердеңе құяды. Мәселен, жылан туралы нендей ғана мәліметті білмейміз? Жылан баққан сәби, жолды жауып тастаған жыландар көші, жылан арбаған мысық, қоян... үй торыған атпен жарысқан жылан дейсіз бе, тізе беруге болады. Жанаттың назарына іліккен жылан оқиғасы ше? Ұйықтап жатып, ауыздарына жылан кіріп кеткен екі адамның екі тәсілмен жандарының қалғанына сенесің бе, сенбейсің бе? «Асқазандағы жыланды» бірі тірідей сүттің, екіншісі арақтың көмегімен өлі алып шыққаны – таңғаларлық жайт. «Шекілдеуік шаққан тиін» көргеніңіз бар ма? Жанат оны көріп қана қоймай, фотоға да түсіріп алады. «Бүркіт түскен келіншек» ше? Елестетіп байқаңызшы, басында қызыл орамал, үстінде қызыл батсайы желең, маң-маң басқан жас келіншек сылдыраған өзеннен иінағашпен су әкеле жатыр. Қай жақтан төнгенін білмейді, суылдап көктен құйылған беймәлім күш есінен тандырды. Жалт қарағанда көзіне шалынғаны – алып құстың қалбалақтаған қанаттары. Әйтеуір, көмекке жеткендер әупірімдеп бүркіттің қарысып қатып қалған тырнақтарын бір-бірлеп әрең ажыратыпты. Басының қанды жараларын киіз күйдіріп таңып тастайды. Сөйтіп, ажалдан аман қалған келіншектің өзіміз бір кезде жақсы танитын суретші Рүстем Жұмекеновтің әжесі екенін білгенде, хикаяттың танымдық маңызымен қатар «осыны жазуды ұмытпағайсың...» деп, іле-шала көз жұмған әріптесіне байланысты «тажал-тағдырдың тырнағы қандай ауыр» деген психологияның астары да қалың мұңға батырады. Шағын ғана көріністер үлкен жүк атқарып тұр. Әрі көркемдік, әрі адамгершілік деңгей өзара шынайы қабысқан. Өйткені Жанаттың ойлары «жүрек сүзгісінен сүзіліп, сөз домнасынан шыңдалып» барып қағазға түседі. Үлкенді-кішілі аңдар мен құстардың қызықты қылықтары, төңіректегі түрлі-түрлі құбылыстар мөлтек әңгімелерінде әдемі астасып жатады. Екінің бірі сезе бермейтін сәттерге назар аударта білуі ғажап. Сөйлейтін піл мен суретші піл жөнінде естіп пе едіңіз? Әрине, елең еткізеді және сондай пілдің біреуі өзіміздің елімізде, Қарағандының хайуа­наттар паркінде дүниеге келіпті. «Батыр» деген аты да болыпты. «Бас, әкел, сәлем бер, аяқ...» деген сөздерді үйреніпті. Батырдың ғажайып қабілетін басқа қалалардан келіп, таң-тамаша қалысыпты. Ал суретші піл Руби АҚШ-тың Финикс қаласынан екен. Жеке шеберханасы бар, суреттерінің әрқайсысы 3500 доллардан сатылады екен. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі табиғат таңғажайыптарын қойын дәптеріне бөлекше үкілеп, ой елегінен өткізе жинастырғанда, әбден иінің пісіп қайнауын күтеді. Кез келгенінің оң жамбасқа дөп келе қоймайтынын да жақсы түсінеді. Әбден зерттеп барып қана оқырманына ұсынады. Деректі естіген, оқыған күйінде емес, ізденіп, талай уақыт әлгі мәліметтің жай-жапсарына қанығып қана нақты дүние тудырады. Елеп-екшеп жариялаған сол туындыларынан автордың қаламгерлік келбетінің қалай қалыптасатынын анықтайсың, мөлдірлігімен, шуағымен баурайды. Жанаттың қолтаңбасында табиғат бояу­лары да құлпырып шыға келеді. Шыңыл­тыр аяздың неше алуан өрнектері, бұ­тақтан бұтаққа секірген торғайлар, аппақ қарда орғыған ақ қоянның қу түлкіні қапы қалдырғаны, тұңғиық ойға шомған қыс­қы кеш, қаңтарда жауған жаңбыр, күн күр­кірегенде келетін қарлығаштар, көктемде оралған жыл құстарының тізбегі, көкжиекті доғаша жалғап қызылды-жасылды алғашқы кемпірқосақ ізі, аппақ шыңдардың басынан сығалаған күн нұры, миуалы орманның айтар өз жыры, жұбын жазбаған қос ләйлектің ағаш басындағы бөрікті ұясына оралуы, жал-жал дестелер, баяу тербелген астық теңізі арасынан арагідік ұшырасқан дуадақтар, парылдай ұшқан қырғауылдар, мың бұралған қаратал толқындары, жапырақ мұхиты, шағалалардың мазасыз сұңқылы, табиғаттың таусылмайтын тылсымы – жазушының басты тақырыбы. Танымдық дүниелерінде ғана емес, әңгіме, повестерінде де бұл ұдайы көрініс беріп отырады. «Жетім жұрт», «Қош бол, теңіз», «Жазылмайтын жара» повестерінде туған жер, ауыл тағдыры, экологиялық түйткіл, сұрапыл соғыстың өшпес іздері көркем бейнеленген. Шығармаларының өзегінде жасөспірімдердің таза болмысы, асқақ, өршіл рухы жасырынған. «Жетім жұрт» повесінде элегиялық сарын Торғын әже мен Саят немересінің риясыз қарым-қатынасында қылаң беріп, басқа да кейіпкерлердің ашық-жарқын мінезі арқылы ұлттық сипатымыз айқындала автордың түпкі ой-мақсаты да жүрекке жылы тиеді. Титтей штрихке шейін танымдық мән иемденген. «...Сенің Шалбай атаң айтып отыратын. Шілденің ыстығы жазда Үркердің жерге түсуімен басталса, қыс шілдесі – сары аязда бітуі Үркердің төбеден аууына дәл сәйкес келеді. Ал Үркердің тууына байланыс­ты «Лақ сүмбіле туды, лақ пісті деген ұғым бар» тәрізді әже сөздері кім-кімді ойландырары сөзсіз. Ескі қонысы – айдаладағы жалғыз үйін қимаған қарт ана неліктен иесіз құмды қызғанады?! Құм ішінде жатқан сор табан тұзды көлдерге шейін жекешелендіріп, жерлестерін зар қақтыра жеке бастарының қамынан аспаған «мықтылар» бұ күнде көбейіп бара жатқаны ақиқат қой. Өзекті өртеген мұндай тақырыптың байыбына біз, қаламгерлер, әлі бара қойған жоқпыз. Жақсылығы, шапағаты өз отбасы мұқтажынан аспайтын пысықайлар көбейген сайын еңсесі езілген бүгінгі ауыл тұрғыны қалай, қайтіп күн көрмек? «Бүкіл Байшігірдің аузын бір-бір қап ұнмен тығындап... шаруашылықтың малын да, техникасын да жылан жалағандай жым-жылас етті» деп қапаланған Қобайдың артында мың, миллион қазақ тұр ғой. Көптің қамын күйттейтін Әбдіхалық сынды басшының «қылтанақ өспейтін қалың құмға алма бағын» өсіріп-гүлдендіргенімен, «арамзалар құрған қақпанға» түсіп, жүрек талмасынан көз жұмуы нені аңғартады. «Құтты мекендеріңнен, ыстық ұяларыңнан ешкім қозғамасын, зорлықшылдық кәріне ұшырамаңдар, кекшілдің тепкісінен сақ­тасын» дегені неткен көрегендік еді, – деп күйінеді Қобай, – Бүгінгі дөкейлер енді, міне, енді мені өз ұясынан ығыстырып, қуып шықты... Қасиетіңнен айналайын, туған жердің топырағы да бөлекше-ау. Біреу шөлін, біреу құмын, ал енді біреуі тасын мақтап жататыны тегін емес. Түгін тартса майы шыққан туған жер тарихы кейіпкерлерінің тірлік тынысымен астасып, әсіресе, жасөспірім санасын ұдайы сілкіндіріп отырады, кіндік қандары тамған мекеннің Ескелді, Балпық, Жолбарыс Тілеуғұл, Айту, Қарымбай, Ұмтыл бабаларының жерін найзаның ұшымен, семсер сөзімен қорғап, елдің бүтіндігі мен бірлі­гі­не алаңдаған ірілігі бүгінгілерде бар ма? Міне, гәп қайда! Көңілге медет – балақайлардың қиял-ғажайып әлемі, аппақ ниеті, арманы, бала жүрегінің әже күйзелісін сезетіні, елегізеті­ні. Әттең, ескі жұрт шынымен жетім қалды. «Терістіктен тұрған мұздай жел ызғарлы күзден хабар жеткізгендей. Кешелі-бері ескі жұрттың шаңын көкке көтеріп, бөлекше мінез көрсетуде. Күн жүзін тұмшалаған түсі суық қорғасын бұлттар оқтын-оқтын көз жасын сығып алғанымен, қара дауыл екпінін басар емес. Қамыс біткенді, қурай біткенді ызылдатып, гөй-гөйге бастырған өңменнен өтер жылаңқы жел өршелене соғады». – Иә, – дейді Саят, – менің әжемді бұлттар жылап, жел жоқтап жатыр. Осыны түсінген бала үшін тәубе дейсің іштей. «Қош бол, теңіз» повесіндегі оқушылардың бір-біріне ұқсамайтын қылығы, Тәжібай ұстаздың ұлағаты, Хасен журналистің көп­шілдігі, басқа да көптеген кейіпкерлердің шынайылығы оқырманын соңынан еріксіз ертіп отырады. Адамдардың бір-біріне қалтқысыз пейілі қандай ғажап. Солардың аясында жазушыға тән басты ерекшелік, ірілі-ұсақты жайттардың танымдық маңызы негізгі желідей назар аудартып, оқырманның да ой өресін кеңейте әсер етеді. Волга-Еділдің жыныс тоғай арасындай үй орнындай ғана алаңқайдан бұрқылдап атқылаған бастау қайнары, ондаған метр тереңдіктегі балықтардың Байқал көлінен анық көрінетіні, жер сілкінісінен пайда болған тас тосқауылдың өзін тесіп, алға зымыраған тентек өзен Вахштың алып су электр станциясына айналуы сияқты жайттар ересекті де, жасты да бейжай қалдырмаса керек. Жер бетінде аққудың онға жуық түрі бар десе, соның төртеуі біздің көлдеріміз бен теңіздерімізде кездеседі екен, Мақан атаға сенсек. Балқаштағы құс төресі аққудың қай түріне жатады. Қазақстанда аққудың сыбырлауық және сұңқылдақ деп аталатын түрлері мекендейді. Мұндайға кім назар аударыпты. Сөйтсек, сұңқылдақ аққу ұясын қамыс пен қоғаның арасына жасап, алты жұмыртқа салып, балапанын 35, 40 күн аралығында басып шығаратын көрінеді. Бүкіл ғұмырын теңізде өткізген Мақаң ақсақал аққудың балапанын қолға үйретуге қанша әрекеттенгенімен, көнбеген. Сыбырлауық аққу қолға үйретуге көнбіс дейді. Біздің көретініміз де – көбінесе аққудың осы түрі. Теңізді тамашалаған балалар, міне, осындай аса қажетті деректерге қанығады. Өзің де сол кейіпкерлердің соңынан қызыға ілесіп, «құшағын айқара аша түскен шетсіз де шексіз айдынды шалқарға» жеткенше асығасың. Шынында: о-о... теңіз! Ға-жа-а-п! Суретші бала Мәліктей төңірекке қызыға көз тастайсың. Әлдеқайдан кеменің сиренасы естіледі. Қанаттылар тұс-тұстан қамысты жағалауға құлап жатқандай. Аққуларды ұясынан шошытпауға тырысқан жиһанкездер теңіз төсінде отырып теңізді ойлаған Мәлікпен бірге қиялың шартарапты шарлайды. Капитан Базар мен жас балықшы достарының арқасында небір тосын жаңалық ашқан Мәлік бұған дейін кемелер мен папирус қайықтарды нобайлап қана бейнелесе, енді Балқаш толқынында тербелген кемелерді, тулаған сазан, бекіре, көксерке, қаяз, алабұға, ақмарқа, аққайран, тұқы, торта, көкбас, құртпа, итбалықтарды Мақан ата­ның қара қайығын, аққу ұяларын, өзі көргендей, мүлдем өзгеше сипатта суретке түсірмек. Екі айдың ішінде қанша байлыққа кенелгені бір өзіне ғана аян. Қуаныш пен қайғының қатар жүретінін де осы жолы ұққан. Мақан ақсақалдың қара қайығымен қас пен көздің арасында таудай толқынға батып кеткені, қаба сақалды қарақшылар, сірә, де есінен кетер ме? Ұшақ иллюминаторынан толқыған теңізге тебірене қараған Мәліктің «кірпігінен үзіліп түскен жалғыз тамшы» біртүрлі жүрегіңді дір еткізгендей. Асылы, қандай да автордың тұтастай болмысы оның шығармаларынан анық көрінеді. Жанаттың ашық-жарқын, адал, әділдігі өзі сомдаған кейіпкерлерінен шуақ шашып тұратыны қызық. Әсіресе, жасөспірімдердің бейнесін көркем жеткізгенде, табиғилығымен дереу қызықтырып әкетеді. Қиыннан қиыстырып, қазақ топырағына сөзжұмбақ, ребус, криптограмма, чайнворд дейсіз бе – бәрін жүйелеп бір томдығын шығарғанда, бұл да жаңалық еді. Әлемде нендей қызық бар, Жанаттың ой елегінен өтпейтіні кемде-кем, қалайда өз арнасын тауып, көпшіліктің игілігіне айналып шыға келетінін жоғарыда айттық. Соңғы жылдары Жанат Елшібек және бір өзгеше қырынан танылды. «Қайнар» баспасынан жарық көрген «Уақыт – сынап» кітабы жөнінде баспасөз бетінде небір жылы лебіздер жарияланды. Тәуелсіздік жылдары әкелген ғажайып өзгерістер мен ізгілікті нышандар, еңсе көтерген егеменді еліміздің өсу, көркею жолдары асқан шабытпен, биік пафос, терең талдауымен назар аудартады. Кітаптың бірінші бөлімін, «Ойдариясын» журналист жазған жыр десек лайық. Өзіміз пәлендей мән беріп бағаламаған жайттар Жанаттың қолтаңбасында шежірелі дастанға айналыпты. Расымен, өзі мойындағандай, «шамырқанған ойлар сілемін ала қағаз бетіне шашып тастау, көмейге кептелген найзағай пікірлеріңді ірікпей жасындай ойнатып тіліп-тіліп айту, майдан қыл айырғандай баптап, әйтпесе майдаламай, мақтамен бауыздағандай жеткізер жетелі сөз бен ордалы ойдың тұңғиығына үңілу» кімге оңай дейсіз. Жанат сүйікті оқырманына жүрек сүзгісінен екшелген ойларын ұсынған. «Сөз жоқ, бұл жайларды сіз де бастан кешірдіңіз» деп ағынан жарыла жақын тартқанымен, тәуелсіздік елең-алаңынан бастау алған еңсе тіктетер айтулы оқиғаларды дәл Жанаттай күйіп-жанып, сол күйінде жаңғырту кез келген әріптесінің қолынан келмейтіні және рас. Автор айтқандай, «тарихтың өзі, шын­дығында, жарқылдардан құралса керек», алайда соны біз түсіне аламыз ба. Атақты ақын-жазушылар, өнер, мәдениет қайраткерлері туралы деректі әңгіме, эссе, әдеби портреттері айшықты деректерге мол, ұшқыр уақыттың мазмұнға бай сипатын айқындайды. Қа­зақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, драматург, журналист Шерхан Мұртазаның жебе-қаламы, ойы әсте қалғымаған Қалтай Мұхамеджанов, әдебиет әлемін отызға жетпей-ақ дүр сілкіндірген Мұхтар Мағауин, мөлдір бұлақтай кәусар жырларымен бала бағбаны атанған көрнекті ақын Қастек Баянбай, ойы ұшқыр көсемсөзші, сезімтал да сергек жазушы, журналист, белгілі баспагер, өзіндік қолтаңбасын әлдеқашан айшықтап үлгерген Жақау Дәуренбеков, уақыт жалынан ұстап жыр балқытқан Тынышбай Рақым, әрдайым қаламын суытпай бабында ұстайтын Әлібек Асқаров, құстар әлемін қарасөзбен жырлап, тұңғиықтан жаһұт сүзген, әуелден-ақ семсер жырлардың авторы Есенғали Раушанов, сүйікті тақырыбынан айнымай балалар әлемін барлаған Толымбек Әбдірайым, көрнекті ғалым, әйгілі «Той жырының» авторы, бір бойында түрлі талант тоғысқан Ұлықпан Сыдықов, фотожурналистиканың белді өкілі Шүкір Шахай, қолына қалам ұстағаннан ізденісі мен талғамы ешкімге ұқсамайтын белгілі журналист, зерттеуші, өнертанушы Жарылқап Бейсенбайұлының ғылыми деректерге жүгініп, түркілер ақиқатын түгендеген соңғы еңбегіне арнаған мақаласына шейін үлкен ілтипатпен жазылған. Бұл дүниелерден де көл-көсір тың дерек, қызықты мәліметке кенеліп, рухани жетілетіні анық оқырманның. Оңашада өлеңмен сырласқанда Қадыр Мыр­залиевтің көңіл күмбезін қоңыраулатқан да­былды даусы, Темірхан Медетбековтің лүпілдеген жыр-жүрегі Жанаттың талдауында музыка ырғағындай әсерге бөлейді. «Менің Қараталым» деп тебіренгенде, өзін де ақын ретінде қабылдайсың. Эссе-жыр деген атауын ақтап тұр. Бұған қоса республикамызға кеңі­нен танымал жазушы, саналы ғұмыры «Лениншіл жас» («Жас Алаш») пен «Егемен Қазақстан» газеттерінде өтіп келе жатқан қарымды журналист Жанат Елшібектің өмірбаяны да осы эссе-жырдың өзегінде. Қызыға да қызғана тамашалайсың «күндіз – күміс, түнде – алтын» боп ағатын, ұшар басын таулардан алып, «тыпыршыған асаудай ілгері асыққан ақ көбік жалды толқындарын сонау қиырда шалқыған көгілдір Балқашын сүйіп барып тыншитынын». «Үлкен өмірдің жұлынындай, тіршіліктің қан тамырындай» Қараталын қолдың саласындай тарам-тарам жылғалардың өрмекшінің торындай шимайлап жататыны, көктемгі тасқыны өзен табанындағы аттың тұяғындай шұңқырлардан жалт-жұлт еткен күміс теңге шабақтарды уыстап қайтадан жібере салуы, тереңге сүңгіп барып, топырақ алып шығу жарысы, егіз апанға кезек-кезек сүңгіп, бақтарын сынауы», Құдай-ау, мұның бәрін графикалық суреттер демеске лажың жоқ. Автордың тұтастай шығармашылығына тән сан қырлы қасиет үндесе топтасқан мұнда: сыршыл жүрек, ақындық қабылдау, әсемдікті сезініп түйсіну, табиғат құбылыстарына психологиялық-та­ным­дық барлау, биік пафос, лирикалық ша­рықтау, патетикалық асқақтауының түп-төр­кінінде шынайылық пен ұғынықтылық жатыр. Шарқ ұра іздене жүріп, журналистік күнделікті мазасыз күйбеңмен қатар жеке шығармашылығын ұдайы дамытып келеді. Тынымсыз еңбек Жанаттың о бастан еншісіне тұрақты бұйырғандай. «Жұлдыз» журналының таяудағы санында жарияланған «Балықтың қылтаны» хикаяты жақында қолымызға тиді. Публицист ретінде бәрімізді таңғалдырған шығармасының сиясы кеуіп үлгермей жатып, көпшіліктің игілігіне ұсы­нылған жаңа туындысымен де мұқият танысып шықтым. Бұдан біраз жыл бұрын оқырман жылы қабылдаған «Жазылмайтын жара» повесінде сұрапыл соғыстың өшпес іздері жасөспірімдер әлемі арқылы тартымды берілсе, мұнда автор мүлдем басқа қырынан көрінген. Сексеннен асқан әженің әке-шеше бейітін іздеп, белгі орнатуының себебін мұңая жүрегіңе ұялатасың. Өткен ғасырда қырылған қазақтардың орны үңірейіп тұрғаны ащы ақиқат. Ең соңғы деректерге қарағанда, Қазақстандағы аштан өлгендердің ұзын саны екі миллион екі жүз мың адамға жететін көрінеді... Ендігі біздің қазақтың саны қырық-елу миллион болатын еді. Жас Қадыржан бүкіл ұлтымыздың мүддесін жеткізгендей. Әжесі екеуінің қатынасы көңілге қуаныш себелеп, сеніміңді нығайтады. Ертеңге, ұрпағымыздың келешегіне деген сенімді айтамын. Не көрмеді аталар, әжелер? Бірақ Меңзипа апа қаршадайынан қайсарлығынан қайтқан емес. «Екі көзім көрмесе де, көкірегімде бәрі-бәрі түгел сайрап тұр. Туып-өскен ауылымның маңына жеткізші. Одан арғысын өзім айтып, өзім көрсетіп беремін. Әке-шешемнің, бауырымның тура қай жерде жатқанын дәл тауып бере алатын сияқтымын. Бәрінен де кәрі жүрегім сенетін тәрізді». Шығарманың тілі жатық, әр кейіпкердің ерекшелігіне орай тілі, әрекеті бар. Оқиғасы нанымды. «Өлмеген жанға өлі балық жолығар» демекші, басынан өткермеген қиындығы жоқ, тентіреп, қаңғырып, «бірте-бірте үзілейін деп тұрған сіңіріне ілінеді... Жұмыс істеп, қарсақбайлық кеншімен бас құрайды. Бала сүйіп, ес жия­ды. Жезқазған мыс зауытына ауысқан күйеуі зейнеткерлікке шығып, бертінде қайтыс бопты». Хикаят оқиғасы шымыр, өткен, бүгінгі, ертеңгі шақты байланыстырып тұрған логикалық желі бір сәтке босамайды. Меңзипа шешеймен бірге «жылытып жұбатқан, үзіліп үміттендірген, қайғырып қуантқан қайран... мына дүниеде... пенде шіркін тынымсыз тырбыңдаумен күн кешеді. Талпынады. Ұмтылады. Күреседі. Ал арман-дүниенің өз сынағы, өз емтиханы да толып жатыр. Сүрінесің. Құлайсың. Тұрасың. Жалған дүниенің сабақтары талайлы тағдырдың толқындарында шыңдайтыны және рас... Шүкір, мынау аласапыран тіршіліктің тол­қынында домалап жүріп, тағдыр тәлкегіне сан мәрте түссек те, тұншықпаған екенбіз. Мүмкін еместі мүмкін еткен өмір жіптігі – үміт сәулесі өшпесінші». Асарын асап, жасарын жасаған жанның төңірегінде өрбіген хикаяттағы «жүректерге шұғылалы шуақ ұялатқан қимас күндер жаңғырығы әлі де талай қимас көңілдерді тербеп, аялай бермек...» Жанаттың қаламынан туған дүниелер, міне, осылай бә­рі­міздің мерейімізді өсіріп, білуге, үңілуге, тануға деген ынтамызды арттыруда. Кез келгеніміздің өреміз жете бермейтін, тіпті жетсе де төзімді тауысып бітетін танымдық түрлі жанрды толық меңгеріп, жүйеге түсіруінің өзі неге тұрады. Тілді жақсы меңгерген. Ойды көркем, шұрайлы тілмен өркендетудің хас шебері. Осы тұста Жанаттың әріптестеріне ұқсамайтын басқа бір қыры тереңірек ашылады. Қаламгерлік келбетін әлдеқашан айқындап үлгерген, соған қарамастан ұдайы іздену, өсу үстіндегі Жанат Елшібектің еңбекқорлығы, заман талабын, қоғамның даму иірімін сезімталдықпен қабылдауы, туған ұлтының мұң-мүддесін перзенттік адал атқаруы кім-кімге де өнеге. Өнер кеңістігінде қанаттаса қатар ұшып келе жатқан, шығармашылық жолымызды жастар газетінен бастап, жеңісіміз бен жемісімізді риясыз бөлісіп, бір-біріміз үшін қуанып жүретін адал дос, әріптесім Жанат Елшібек қазақтың белгілі жазушысы, дүйім жұртқа танымал журналист бұл күнде.

Өтепберген Ақылбекұлы шығармашылығы





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет