Микроэкономика – экономикалық теорияның негізгі бір бөлігі болып табылады. Микроэкономика теориясы адамдардың экономикалық іс-әрекетін зерттеп, олардың жалпы негізгі заңдылықтарын белгілейді. Адамдардың экономикалық іс-әрекеті өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталады және бұларды құрайтын: қажеттілік, ресурстар, технология, өнімдер және оларды пайдалану бір-бірімен тығыз байланысты болады
Бұдан мынадай экономикалық проблемалар туындайды:
- «қажеттілік» бойынша – не өндіреміз?
- «ресурстар және технология» бойынша – қалай өндіреміз?
- «өнімдер және қолданылулар» бойынша – кім үшін өндіреміз?
Адамдардың экономикалық іс-әрекеті белгілі нақты экономикалық тәртіппен жүріп отырады. Олар адамдардың арасындағы өзара әр түрлі байланысына тәуелді болады және белгілі нысандарда жүзеге асырылатын экономикалық тәртіптің шарты болып есептеледі. Мұндай өзара байланыстар мен қарым-қатынастар қайталанып отырады әрі тұрақты болады және экономикалық тәртіптің тәсілі, нормасы, ережесі болып өздеріне сәйкес институттар мен қоғамдық құрылымдарда бекітіледі. Мұндай институттар мен олардың құрылымдары белгілі әлеуметтік жүйеге негізделіп, экономикалық іс-әрекет пен экономикалық тәртіптерге толықтай әсер етеді. әрине, нақты зерттеу мәселесіне және экономикалық теорияның белгілі бағыттарына байланысты оларды талдау әр түрлі деңгейде болады. Дегенмен де нарық, меншік, мемлекет сияқты негізгі институттарды ескрмесе болмайды.
Сонымен, адамдардың экономикалық іс-әркеттерін, оларды жүргізу барысында пайда болатын және өздеріне сәйкес институттар мен олардың жүйелерінде шешілетін жалпы экономикалық проблемаларды микроэкономиканың зерттеу объектісі деп атаймыз.
Осы объектіні зерттеу арқылы микроэкономика өзінің пәнін анықтайды. Бұған экономикалық субъектілер, экономикалық игіліктер және экономикалық іс-әрекеттер (қызметтер) жатады. Бұндай бірліктер адамдар, сонымен қатар олардың тобы, қоғамдастықтар болуы мүмкін. Кез келген қоғамдастық микроэкономикада субъект болып қарастырылмайды. Ол үшін адамдардың белгілі тобы бірігіп, қызмет істеп, алдарына қойған мақсаттарына бірге жетуі тиіс.
Тіршілік әрекетінің жалпы экономикалық процестеріне қатысушылары ретінде барлық экономикалық субъектілер екі түрлі қызметпен шұғылдануы мүмкін: бір объектіні басқа объектіге айналдыру (өзгерту) және оларды өз қажеттіліктеріне пайдалану. Бірінші жағдайда олар өндірушілер, ал екінші жағдайда, тұтынушылар болып есептеледі.
Тұтынушылар мен өндірушілердің экономикалық қызметтерінің объектісі игіліктер болып табылады. Игілік – кез келген зат, ол материалдық, сонымен қатар материалдық емес болады және тұтынушының белгілі бір қажеттіліктерін қанағаттандырады немесе өндірушінің көзделген мақсатына сәйкес қолданылуы мүмкін. Нарықтық экономикады олар тауарлар мен қызметтер деп аталады. Қызметтердің түріне байланысты игіліктер 2 түрге бөлінеді: өндірістік ресурстар және олардың негізінде өндірілетін тұтыну игіліктері.
Зерттеліп отырған экономикалық субъектінің экономикалық іс-әрекетін – олардың белгілі бір шешім қабылдап, әрі қарай соны жүзеге асыруы деп сипаттауға да болады. Қазіргі кездегі микроэкономикалық теория шешім қабылдау процесіне көп көңіл бөліп зерттеуге бағытталған.
Сонымен микроэкономиканың пәні деп экономикалық субъектілердің экономикалық игіліктер туралы шешім қабылдауын айтамыз.
Микроэкномикалық зерттеулер бірнеше іргелі алғышарттарға сүйенеді және бұл микроэкономикалық талдаудың өзіндік ерекшеліктерін анықтайды. Соның ішінде ең алдымен экономикалық атомизмді атауға болады, микроэкономика өздігінен шешім қабылдап, соны іске асыратын экономикалық бірліктерге көп көңіл аударады.
Микроэкономикалық талдаудың келесі қағидалық белгісі – экономикалық субъектілердің ұтымдылық қимылын болжауы. Экономикалық рационализм тұжырымдамасының (концепциясының) түпкі мәні біріншіден, экономикалық субъектілердің өз қызметтерінен түсетін тиімділігін анықтау болса; екіншіден, осы тиімділікке жету үшін кеткен шығындарын есептеу; нәтижесінде осы көрсеткіштерді бір-бірімен салыстырып, өз пайдасын ең жоғары деңгейге жеткізе білу болып есептеледі. Бұл жерде пайда – экономикалық субъектілердің тапқан игіліктері, ал шығындар – экономикалық субъектілердің осы пайдаға қол жеткізу жолында жұмсаған игіліктері болып абылады. Шығындары мен пайдаларын салыстыру арқылы экономикалық субъект ұтымды шешім қабылдайды.
Нарықтық экономикада пайда көбінесе ақша түрінде бағаланады, яғни ақшалай түсім немесе түсім түрінде беріледі. Ал шығындар – жұмсауға кеткен қаражаттар немесе шығындар түрінде болады.
Экономикалық іс-әрекет нәтижесінде кіріс пен шығыс арасындағы айырмашылықты ақша түрінде – табыспен көрсетуімізге болады. Экономикалық субъектілердің оңтайлылығы экономикалық қызметтегі табыстың ең жоғары деңгейге жетуімен бағаланады.
Микроэкономикалық талдаудың негізгі ерекшелігі шекті немесе маржиналдық талдау. Бұл талдау экономикалық іс-әрекеттердегі өзгерістерді зерттейді, яғни экономикалық субъект тек қана жалпы түсім мен жалпы шығындарды ғана салыстырмайды, сонымен қатар, өнім мөлшерін көбейткендегі қосымша түсім мен қосымша шығындарды да салыстырады. Шекті (қосымша) түсім шекті шығыннан көп болған уақытта шекті (қосымша) пайда оң сан болады. Сондықтан өз пайдасын мейлінше арттырғысы келетін экономикалық субъект бұнымен тоқталмайды. Жоғарыда айтылған екі көрсеткіш бір-біріне теңескенге дейін өнім шығару көлемін арттыра береді. Шекті түсім шекті шығынға тең болғанда пайда ең жоғары деңгейге жетеді, сонда ғана рационалды (тиімді) субъект өз мақсатына жетеді.
Микроэкономикада функционалдық талдауға да үлкен мән беріледі. Бұл зерттеуді жүргізгенде экономикалық өзгерістер кезіндегі басты көрсеткіш анықталады, ал одан кейін оған әсер ететін факторлар іздестіріледі. Сөйтіп олардың арасындағы тәуелділікті функция көмегімен көрсетеді.
Микроэкономиканың жоғарыда қарастырылған ерекшеліктері экономикалық модельдер құрғанда анық байқалады. Экономикалық модель дегеніміз экономикалық құбылыстарды немесе оның белгілі бір фрагментін қарапайым түрде көрсеті. Бұл кезде зерттеліп отырған құбылыстардың басты қасиеттерін және өзара қарым-қатынастарын жақсы түсіну үшін кейбір бөліктер қарастырылмайды.
Модельдер ауызша, график түрінде және символдық (аналитикалық) болуы мүмкін. Кез келген ғылым әр түрлі модельдерден тұрады, олар көбінесе ауызша болады.
Бірақ та, теориялық модельдеу кезінде әрдайым графикалық және аналитикалық модельдер қолданылады, себебі олар көрнекті және қысқаша түсінікті болады.
Кез келген модельде айқын және айқын емес түрде белгілі болжамдар болады. әр түрлі құбылыстар, олардың қасиеттері, сонымен қатар олардың өзара байланыстары көбінесе символдық түрде, соның ішінде сандық және айнымалы шамалармен бейнеленеді. Модельдерде экзогенді және эндогенді деп аталатын екі экономикалық айнымалылар қолданылады. Экзогенді айнымалылардың мәні модель құрылмастан бұрын белгілі болады – бұлар берілген ақпараттар. Модельді талдау кезінде зерттеліп отырған экономикалық құбылыстың қасиеттері туралы белгілі бір қорытынды шығарылады. Бұл кезде анықталған шамаларды эндогенді айнымалылар дейміз. Олар модельдің нәтижесі болып табылады. Модельді құру нәтижесінде экзогендік айнымалылардың эндогенді айнымалыларға қалай әсер ететінін көреміз.
әрине кез келген модель нақты экономикалық құбылысты белгілі бір дәрежеде ғана көрсетеді. Сондықтан оның нақты жағдайға сәйкес екенін анықтаған кезде экономикалық іс-әрекеттің модельде көрсетілмеген басқа да қасиеттері, көрсеткіштері өзгермейді деп ұйғаруымыз керек. Бұл шартты әрі қарай зерттеулер кезінде қолданамыз (басқа көрсеткіштер тұрақты деп қарастырғанда).
Экономикалық ресурстар
Экономикалық шешім қабылдау қажеттілігі төмендегі себептерден туындайды. Біріншіден, экономикалық субъектінің белгілі экономикалық іс-әрекеттер жасауға мүмкіндігі болғанда, ал екіншіден, осы экономикалық іс-әрекеттерді орындаудың әр түрлі тәсілдері болғанда. Экономикалық іс-әрекеттердің әр түрлі тәсілдері міндетті түрде баламалы немесе бірін-бірі ығыстыра алатын (жоққа шығаратын) болуы тиіс. Бұл шарт орындалмаса орындау тәсілдерінің қай-қайсысын да қолдануға болады және ешқайсысы да бір-біріне кедергі болмайды.
Бұдан түсінетініміз, экономикалық іс-әрекеттердің бірнеше баламалы нұсқаларының ішінен біреуін таңдау проблемасы және бұндай жағдай берілген экономикалық субъектіге нақты мүмкіндіктер ғана емес, сонымен қатар баламалы қадамдардың ішінен таңдау қажеттілігі де берілген уақытта туады.
Жоғарыда айтылғандай, әрбір экономикалық іс-әрекет белгілі бір өзіне сай қажеттілікті анықтаудан басталады. әрине, қажеттілікте шек болмайды. Белгілі бір уақыт аралығындағы қажеттілігімізді уақытша қанағаттандырғанда, ол басқа жаңа қажеттіліктер туғызып, күрделене, тереңдей түсетіні сөзсіз. Сондықтан бұл мәселелер көбінесе тұрақты болады. Ал екінші жағынан, біздің қажеттілігімізді қанағаттандыратын ресурстар мен технологиялар әрқашанда шектеулі болады. Біріншіден, бұл табиғатта кездесетін игіліктердің әр түрлі мөлшерде болуы, мысалы, кейбір игіліктер басқаларына қарағанда өте аз болады. Екіншіден, адамзат қолымен жасайтын игіліктер де шектеулі. Бұл тек белгілі уақыт аралығындағы белгілі игілік түрінің қор мөлшеріне ғана емес, сонымен қатар оны толықтырып отыру мүмкіндігіне де байланысты. Қорларын толықтыру мүмкіндіктеріне байланысты игіліктер төмендегідей түрлерге бөлінеді: қайта өндірілетін және қайта өндірілмейтін. Сонымен, әр түрлі игіліктердің көлемдері мен қорларын толықтыру деңгейі олардың бір-бірімен салыстырмалы шектеулілігін көрсетеді және игіліктердің сиректігі категориясы деп аталады.
3. Экономиканың негізгі үш мақсаты.
Кез келген тұтынушының қолындағы игілік қоры оның қажеттілігін толықтай қанағаттандыруға жетпеу мүмкін және өнімде бұл өте жиі кездеседі. Қажкттілікке байланысты игіліктердің жетіспеуін, шектеулі болуын игілік тапшылығы категориясы арқылы түсіндіреді.
Осы айтқандарды қорыта келсек, тапшылық пен сиректік игіліктердің шектеулілігін сипаттайды. Ал игіліктердің шектеулілігі (соның ішінде ресурстар мен технологияның) адамдардың экономикалық қызметтерінде қолданатын барлық игіліктерге тән қасиет.
Сан түрлі қажеттіліктерді шектеулі игіліктермен қанағаттандыру іс жүзінде мүмкін емес, сондықтан қажеттіліктердің кейбіреуі түгелімен қанағаттандырылмайды. Сондықтан, кез келген экономикалық іс-әрекет қарастырып отырған уақыттағы қанағаттандырылатын қажеттілікті таңдап алу болып есептеледі және осы уақытта басқа қалған қажеттіліктерді қанағаттандырудан бас тарту керек екенін көрсетеді. Сонымен қатар кез келегн экономикалық іс-әрекет шектеулі игілік қорының белгілі бір бөлігінің шығынын көрсетеді, бұның нәтижесінде қарастырып отырған қажеттіліктен басқаларын қанағаттандыру мүмкіншілігі азаяды. Белгілі қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін шығарылатын ресурстар шамасы басқа қажеттіліктерге керек осы ресурстар шамасымен байланысты болады. Бұдан түсінетініміз белгілі бір ресурстардың белгілі мөлшерін бір қажеттілікті қанағаттандыру үшін жұмсайтын болсақ, онда қалған қажеттіліктерді толықтай қанағаттандыру мүмкіншілігі аз, себебі игіліктер немесе ресурстар жетіспеуі мүмкін. Осыдан таңдау проблемасы үнемдеу проблемасымен тікелей байланысты болады.
Үнемдеу проблемасы – берілген экономикалық субъектінің берілген қажеттілікті қанағаттандыруға игіліктерді ойластырып және шектеп жұмсауы, соның нәтижесінде басқа да қажеттіліктерге осы игілікті жеткізуін айтамыз.
Баламалық қажеттіліктерді шектеулі игіліктермен қанағаттандыруды түсіндірген кезде экономикалық іс-әрекеттердің шығындары туралы айтып өтуіміз керек, себебі кез келген экономикалық қызмет шығындарсыз орындалмайды. Бұған жататындар: ақпарат алуға, шешім қабылдауға, берілген шарттарды жүзеге асыруды қамтамасыз етуге кететін шығындар. Экономикалық қызметтің шығындары әр түрлі институционалдық жүйеде әр түрлі формада болуы мүмкін.
Игіліктердің шектеулілігін және балама тәсілдердің ішінен таңдап алу қажеттілігін ескере отырып, кез келген экономикалық қызметтегі шығындар проблемасын қарастыратын болсақ, онда төмендегідей қорытындылар шығаруға болады. Белгілі бір игілікті алуға бағытталған кез келген әрекет дәл осы мезгілде басқа баламалы игіліктерді алудан бас тартуға мәжбүр етеді. Мысалы, 30 теңгеге 1 литр сүтті сатып алу үшін бір бөлке наннан бас тартуға тура келеді немесе темір құймадан гайка жасайтын болса, онда осы дайындамадан болт жасай алмайды.
Көп жағдайларда таңдау мүмкіндіктері екі варианттан көп болады. Экономикалық субъект әр баламалық нұсқаларда қолданатын ресурстардың тиімділігін бағалап, нәтижесінде пайдасы ең жоғары деңгейде болатын баламалық нұсқаны таңдап алады.
Балама шығын деп жүзеге аспаған балама мүмкіндіктердің ең жақсысынан түсетін пайданы айтамыз. Экономикалық таңдау кезінде балама шығындарды есептеу микроэкономикалық талдаудың маңызды принциптерінің бірі болып есептеледі. Балама шығындарды өндіріс мүмкіндіктерінің қисығы арқылы көрсетуге болады. Бұл қисық – екі секторлы экономикалық модель деңгейдегі технологияны пайдаланып, осы шикізаттан дайын өнім өндіргенде бір ғана балама игіліктің өндірісін кеңейтуге болады, бірақ осы уақытта басқа игілік өндірісі азаяды. Және де бұл кезде ресурстардың өндірістік құрылымының балама мүмкіндіктері өте көп болады.
Ұтымдылықты көздейтін экономикалық субъект бірінші осы ресурсты өте керек ететін өндірісте қолданып, өндірісті кеңйтеді де, тек содан кейін ғана бұл ресурсты өте көп қажет етпейтін өндірісте қолданады, себебі кез келген ресурс шектеулі болады. Сонымен өзіндік ерекшеліктері бар экономикалық ресурстар басқа балама өндірісте белгілі бір мөлшерде және байымды түрде ғана қолданылады. Соның нәтижесінде ресурстардың шектеулі және өзіндік ерекшеліктері болуына байланысты, балама өнімдердің кез келген бір түрін өндіруді жоғарылатқан кезде балама шығындар әрдайым өседі.
№2 тақырып. Сұраныс пен ұсынысты талдаудың негіздері (1 сағат)
Сұраныс. Сұраныс функциясы. Сұраныс көлемі. Сұраныс қисығы.
Ұсынысқа әсер ететін факторлар. Қсыныс қисығы. Ұсыныс өзгеруі.
Сұраныс. Сұраныс функциясы. Сұраныс көлемі. Сұраныс қисығы.
Аталып отырған бөлім бір-бірімен бәсекелес көптеген сатушылар мен сатып алушылар болатын нарықтың қызмет істеу механизмін талдауға арналған.
Сатылатын тауар біртектес және тауардың әр данасы бірдей бағамен сатылады деп жорамалдаймыз. Тауардың бағасын жеке адам белгілей алмайды, ол нарықтағы сатушылар мен сатып алушылардың өзара бәсекеге түсуі нәтижесінде тағайындалады.
Бәсеке жағдайында бағаның қалыптасу механизмін түсіну үшін сұраныс және ұсынысқа негізгі талдау жүргіземіз. Бұл талдау кезінде сатылатын және сатып алынатын тауарлардың көлемі мен бағаларының арасындағы байланысқа көп көңіл бөлеміз, сонымен қатар тауарлардың бағасы мен көлеміне басқа да факторлардың қалай әсер ететінін қарастырамыз.
Сұраныс деп тұтынушылардың белгілі бір өнімді таңдау және сатып алу қабілетін айтады. Сұраныс тауардың бағасы мен көлемінің арасындағы тікелей байланысты көрсетеді. Олардың бірнеше баламалы мүмкіндіктерін кесте түрінде былай көрсетеді:
2.1-кестеде тағамның бағасы өзгерген кезде оны сатып алу көлемі қалай өзгеретінін көрсететін мәліметтер берілген. Бұл сұраныс кестесі деп аталады. Онда бағаның өзгеруіне байланысты тұтынушылардың қалауы мен сатып алу қабілеті де өзгеретінін көрсетіп тұр. Тұтынушының таңдауы және сатып алу қабілеті деп неге айтамыз, мысалы, нарықта бір тауарды немесе өнімді қалап, таңдауына болады, бірақ оны сатып алатын ақшасы болмаса, онда ол ойы іске аспайды. Сондықтан тұтынушы тауардың бағасы өзгеруіне және өзінің сатып алу қабілетіне қарай бірнеше мүмкіндіктерді қарастырады. 2.1-кестеге қарасақ баға неғұрлым төмендеген сайын тауарға деген сұраныс көлемі соғұрлым көбейіп отыр. Шұжықтың 1 кг-ның бағасы 900 теңге болса, онда тұтынушы айына 3,5 кг шұжық ала алады, ал егер 400 теңге болса, онда ол айына 6 кг шұжық алуға шамасы келер еді.
Бұл сұраныс кестесі осы 9 мүмкіндіктің қайсысы нарықта нақты бар екенін көрсетпейді, ол сұраныс пен ұсынысқа байланысты. Сұраныс – бұл тұтынушының, сатып алушының бір тауарды сатып алу ойымен жасайтын жоспарын кесте түрінде көрсету. Бұндай жағдайда белгілі бір уақытты көрсету керек, мысалы, күніне, айына, жылына және т.б.
Сұраныс көлемі – сұранысқа әсер ететін басқа факторлар тұрақты деп ұйғарғандағы, әр түрлі бағамен сатып алынатын тауардың санын көрсетеді.
2.1-кестеде берілген көрсеткіштерді координаттар осіне түсіріп, бейнелеуге де болады. Бұл қисықты D әрпімен белгілеп, оны сұраныс қисығы деп айтамыз.
Сұраныс қисығы зерттеліп отырған тауардың сатып алынатын бағасы мен оның сұраныс көлемінің арасындағы тәуекелділікті көрсетеді. Егер баға 500-ден 600 теңгеге дейін жоғарыласа, онда сұраныс көлемі 5,5 кг-нан 5 кг-ға дейін төмендейді. Бағаның төмендеуі сұраныс көлемін көбейтеді. Сұраныс қисығы тауардың бағасы (Р) мен тұтынушылар қалап, сатып ала алатын тауарлар саны арасындағы тәуелділікті көрсетеді. Сұраныс заңы бойынша тауардың бағасы неғұрлым төмендеген сайын тұтынушының сатып алатын тауарларының саны көбейеді немесе керісінше. Бұл заң нақты ақиқаттармен дәлелденген гипотеза болып табылады. Мысалы:
күнделікті өмірде адамдар тауарды төмен бағамен және көп мөлшерде алғысы келеді. Бірақ тауарларды сатып алу кезінде тұтынушыға ең басты кедергі болатын көрсеткіш- баға. Жоғары деңгейдегі баға сатып алушыға үлкен кедергі болады да, ол өнімді көп алғысы келмейді, ал төмен деңгейдегі баға оның сатып алу қабілетін күшейтеді.
әр уақытта да тұтынушы өнімнің алғашқы бірлігінен көп қанағат алады. Мысалы: сіздің бірінші жеген бауырсағыңыз өте тәтті болып көрінеді, ал екіншісі ондай тәтті болмайды, үшіншісі екіншіден де аз қанағат әкеледі. Бұл жағдайда тауардың шекті пайдалылығының азаю принципі тұтынуға әсер етеді. Сондықтан тұтынушы тауардың әрбір келесі бірлігін тек қана баға төмендеген жағдайда ғана алады.
сұраныс заңын табыс әсері және ауыстыру тиімділігі арқылы түсіндіруге де болады.
Табыс қалай әсер етеді? Баға төмен болған жағдайда тұтынушы өзіне керек тауарды керегінше алады. Басқаша айтқанда, тауардың бағасының төмендеуі ақщалай табыстың сатып алу қабілетін күшейтеді, сондықтан тұтынушының өзіне қажетті тауарларын бұрынғыдан да көп сатып алуға шамасы келеді. Ал жоғары деңгейдегі баға керісінше әсер етеді.
Енді ауыстыру тиімділігі деген не? Тұтынушы кейбір қымбат тауарлардың орнына солардың орнын басатын, бірақ бағасы неғұрлым төменірек тауарлар алуға ынталанады- бұл жағдайды ауыстыру тиімділігі дейді.
Тұтынушылар көбінесе қымбат тағамдарды олардан арзандау тағамдармен ауыстыруға әрекет жасайды. Мысалы, сиыр етінің бағасы төмендесе, онда тұтынушының табысының сатып алу қабілеті күшейеді және соның арқасында ол еттің мөлшерін бұрынғыдан да көбірек ала алады (бұл табыс тиімділігі). Бағасы төмен болғандықтан сиыр етін қой, шошқа және тауық етінің орнына да алуға болады (бұл ауыстыру тиімділігі).
2.1-суреттегі сұраныс қисығы шұжықтың бағасы мен тұтынушылардың бір айда сатып алатын оның саны арасындағы қатынасты көрсетеді (сұранысқа әсер ететін басқа факторлар өзгермеген жағдайда).
Егер де берілген факторлардың кез келген біреуі өзгерсе баға мен сұраныс көлемі арасындағы тәуелділікте де сәйкесінше өзгеріс болады, сондықтан қайтадан жаңа сұраныс кестесін құрып, жаңа сұраныс қисығын сызу қажет.
Сұраныс қисығының бойымен қозғалу сұраныс көлемінің өзгерісі деп аталады. Ол бағаның өзгеруіне байланысты сатып алынатын тауар көлемінің өзгеруін анықтайды.
2.1-суреттен көретініміз, шұжықтың бағасы 500-ден 600 теңгеге дейін өскенде, сұраныс көлемі 5,5-тен 5 кг-ға дейін төмендейді. Қозғалыс сұраныс қисығының бойымен А нүктесінен В нүктесіне дейін болады. Осы келтірілген мысалымызда тауардың бағасы мен сұраныс көлемінің арасындағы байланысты зерттедік, онда сұранысқа ықпал ететін басқа факторлар өзгермейді деп ұйғардық. Оны математика тәсілімен көрсетсек, сұраныс функциясы деп атаймыз және ол төмендегідей түрде жазылады:
QD = f (P),
Мұнда, QD – сұраныс көлемі;
Р- зерттеліп отырған тауардың бағасы.
Нақты өмірде сұраныс көлеміне әсер ететін факторлар көп. Олар: сол берілген тауарлардың бағасы – Р, басқа тауарлардың бағасы (Ра, Рb...), тұтынушылардың табысы (1) және олардың талғамы (Т). Осы жоғарыда айтылған факторлар өзгерген уақытта сұраныс көлемі де өзгеріп отырады, бұндай тәуелділікті экономикада жалпы сұраныс функциясы деп атайды және оны былай көрсетеді:
QD = f (P, Pa,Pb,..., I,T) (1)
Мұнда, QD – белгілі бір уақыттағы берілген тауарға деген сұраныс көлемі;
P, Pa,Pb,..., - берілген тауардың және басқа тауарлардың бағасы;
І – тұтынушының табысы;
Т – тұтынушының талғамы, бағалауы.
Біз бұдан бұрын келтірген мысалымызда, қарастырып отырған тауардың бағасы мен осы тауарға деген сұраныс көлемінің арасындағы байланысты зерттедік және сұраныс көлеміне әсер ететін басқа факторлар өзгермейді деп ұйғардық.
Ал енді сұраныс көлеміне басқа факторлар да ықпал етеді дейік. Мысалы, басқа тауарлардың бағасының өзгеруі. 2.2-суретте екі тауарға деген сұраныс қисығы көрсетілген. Сиыр етінің 1 кг-ның бағасы 150 теңгеге дейін жоғарылады дейік. Соның нәтижесінде сиыр етіне деген сұраныс көлемі бір айда 30 кг-нан 20 кг-ға дейін кеміді. а суреттен көріп отырғанымыз, басқа факторлар тұрақты болғанда, сұраныс көлемі А нүктесінен В нүктесіне жылжиды және осы тауардың бағасы жоғарылаған уақытта сұраныс заңына сәйкес көлемі азаяды.
Сиыр етінің 1 кг-ның бағасы 150 теңгеден 200-ге дейін жоғарылап, басқа факторлар тұрақты болғанда сұраныс көлемі азаяды (2.2а-сурет), қозғалыс сұраныс қисығының бойымен А нүктесінен В нүктесіне дейін болады. Құс етінің бағасы өзгермейді деп ұйғарғанда тұтынушылар сиыр етінің орнын құс етімен толтырады, сұраныс қисығы (2.2ә-сурет) түгелімен оңға жылжиды.
Ал 2.2 ә-суретте осы жоғарыда айтылған жағдайдың салдарынан құс етіне деген сұраныс қалай өзгеретіні көрсетілген. Сиыр етінің қымбаттауына байланысты, құс етіне деген сұраныс көбейеді де, сұраныс қисығы түгелімен D1-ден D2-ге дейін оңға жылжиды. Бұл жерде ескеретін нәрсе, құс етінің бағасы тұрақты деп ұйғарамыз. Сиыр етінің бағасы 150 теңге болғанда, тұтынушылар айына 10 кг құс етін алатын болған (D1 қисығының бойындағы А’ нүктесі), ал сиыр еті 200 теңгеге дейін қымбаттаған кезде олар айына 20 кг құс етін сатып алған (D2 қисығында В’ нүктесі).
2.2 а-суреттегі сұраныс қисығының бойымен жылжуды экономистер сұраныс көлемінің өзгеруі деп, ал 2.2 ә-суреттегі сұраныс қисығының түгелімен жылжуын – сұраныс өзгеруі деп атайды.
Сұраныс көлемінің өзгеруі қарастырып отырған тауардың бағасының өзгеруі нәтижесінде болады (вертикальді осьте көрсетілген айнымалы шама). Сұраныс өзгеруі (сұраныс қисығының түгелімен жылжуы) графикте көрсетілмеген бағадан басқа фактор әсер еткенде болады.
Келтірілген мысалымызда тұтынушылар сиыр еті қымбаттаған уақытта құс етін көп алатын болды, себебі бұл тауарлар бір-бірін ауыстыра алады.
Сонымен, егер бір тауардың бағасы қымбаттаған уақытта екінші тауарға деген сұраныс көбейетін болса, онда бұндай тауарларды экономистер бірін-бірі ауыстыратын немесе субститут тауарлар деп атайды. Мысалы, сарымай мен маргарин, пиджак пен свитер және т.б.
Тұтынушылар бірге қолданылатын тауарлардың бағасы өзгерген жағдайда басқаша іс-әрекет жасайды. Мысалы, автомобиль мен бензинді қарастырайық. Бензиннің 1 литрінің бағасы 30 теңге болғанда тұтынушы 1 жетіде 40 литр алады дейік, ал баға 40 теңгеге дейін көтерілгенде, сұраныс көлемі 30 литрге дейін кемиді.
2.3а-сурет. өзгеріс сұраныс қисығының бойында болады.
Бензиннің 1 литрінің бағасы 30 теңгеден 40 теңгеге дейін жоғарылағанда, оған деген сұраныс көлемі 40 л-ден 30 литрге дейін төмендейді. Бұл жағдайда (2.3а-сурет) сұраныс көлемі өзгереді және өзгеріс сұраныс қисығының бойында болады. Ал енді осы уақытта автомобиль нарығында да өзгеріс болады (2.3ә-сурет), басқа факторлар тұрақты деп ұйғарғанда автомобильге деген сұраныс азайып, сұраныс қисығы түгелімен солға жылжиды.
Ал бензиннің бағасының өзгеруінің салдарынан автомобильдің бағасы өзгермесе де оған деген сұраныс азаяды. 2.3а-суретте көрсетілгендей сұраныс қисығы түгелімен солға D1-ден D2-ге дейін жылжиды. Ал сұраныс көлемі А нүктесіндегі 100 бірліктен В нүктесіндегі 50 автомобильге дейін кемиді.
Сонымен, егер бір тауардың бағасы жоғарылаған уақытта, екінші тауарға деген сұраныс азаятын болса, онда бұндай тауарлардың бірін-бірі толықтыратын немесе комплементарлы тауарлар деп атаймыз.
Бірін-бірі толықтыратын тауарларға төмендегідей мысалдар келтіруге болады: автомобиль мен бензин, теннис ракеткасы мен добы және т.б.
Тауарға деген сұраныс көлеміне тұтынушылардың табысы үлкен әсер етеді. Бұл көрсеткішке байланысты тауарларды төмендегідей екі түрге бөлеміз: 1) нормалды немесе кәдімгідей; 2) сапасы төмен тауарлар.
Егер тұтынушылардың табысы жоғарылаған кезде, зерттеліп отырған тауарға деген сұраныс көбейетін болса, онда бұндай тауарды (табыстан басқа факторлар тұрақты болғанда) нормалды немесе кәдімгідей тауар деп атаймыз.
Мысалы, тұтынушылардың табысы өскен сайын сиыр етіне деген сұранысы көбейеді. Себебі сиыр еті диеталық және жеңіл қорытылатын тағам болғандықтан тұтынушылардың осы тағамға деген сұранысы жоғарылайды (бағасы өзгермеген жағдайда).
2.4-суреттен көріп отырғанымыз табыс өзгергенде сиыр етіне деген сұраныс өзгеріп, ал сұраныс қисығы түгелімен D1-ден D2-ге дейін оңға қарай жылжып тұр. Табысы аз кезінде сатып алушы бір айда А нүктесіне сәйкес 20 кг сиыр етін алған болса, ал енді табысы жоғарылағанда В нүктесіне сәйкес 40 кг ет алады. Суреттен көріп отырғанымыздай сиыр етінің бағасы А және В нүктелерінде тұрақты 200 теңге қалпында қалады.
Ал тұтынушылардың табысы азайған уақытта кәдімгі тауарларға деген сұраныс та азаяды, сұраныс қисығы солға жылжиды.
Кейбір жағдайда тұтынушылардың табысы өскенде сұранысы азаятын тауарлар да болады. Мысалы, табысы көбейген уақытта тұтынушылар сарымай алады да, ал маргаринге деген сұраныс азаяды. Немесе табысы неғұрлым көбейген сайын тұтынушылардың аяқ киім жөндей қызметіне деген сарымай азаяды, себебі тұтынушы жөндеуге бергенше жаңа аяқ киім сатып алғанды қалайды. Бұндай тауарларды немесе қызметті төменгі сапалы тауарлар деп атайды. Бұндай тауарларға деген сұраныс табыс көбейсе де азайып, сұраныс қисығы солға қарай жылжиды.
Сұранысқа әсер ететін басқа да маңызды, бірақ кей уақытта анықталмайтын фактор тұтынушылардың талғамы мен қалауы болып табылады. Талғам – сатып алушы үшін әрбір тауарда болатын өзіне тартымдылық көрсеткіші және бұл көрсеткіш моданың өзгеруінен немесе жаңа ақпараттың пайда болуынан өзгеруі мүмкін.
Талғам өзгеруі – бұл сұранысты өзгертетін себептердің бірі. Кейде адамдар талғамы тез уақыт аралығында өзгереді (музыка, мода, киім, тамақ). Ал кейбір уақытта жайлап өзгереді. Егер адамдар денсаулығын ойлап, оны күтсе, онда шылымға, өте майлы тағамдарға деген сұраныс азайып, сұраныс қисығы солға жылжыр еді, ал жеңіл тағамдарға, спорт киімдеріне деген сұраныс қисығы оңға жылжыр еді.
Бағаның өзгеруін күту – бұл фактор да сұраныс қисығына әсер етеді. Егер адамдар бір себептермен тауардың бағасы өседі деп күтсе, онда сол тауарға деген сұраныс көбейіп, ал сұраныс қисығы оңға қарай жылжиды немесе керісінше.
Ұсынысқа әсер ететін факторлар. Ұсыныс қисығы. Ұсыныс өзгеруі.
Ұсыныс деп – тауардың бағасы мен сатушылардың белгілі бір уақыт аралығында сатқысы келетін заттарының көлемі арасындағы байланысты айтамыз. Ұсыныс заңы төмендегідей тұжырымды негіздейді: тауардаың бағасы қымбаттаған сайын сатушылардың сату ынтасы арта түседі.
Тауардаың бағасы мен сатушылар ұсынатын тауар көлемінің арасындағы байланысты кестелік әдіспен бейнелеуге болады. Ұсыныс көлемі дегеніміз ұсыныс кестесіндегі әр бағаға сәйкес келетін тауардың саны.
2.2-кестедегі мәліметтер ұсыныс заңын бейнелейді, шұжықты ұсыну көлемі оның бағасы өскен сайын көбейіп тұр. Енді осы көрсеткіштің арасындағы байланысты кестедегі берілген деректер арқылы график түрінде көрсетуге болады.
Ұсыныс қисығы белгілі бір уақыттағы баға мен ұсыныс көлемінің арасындағы байланысты көрсетіп тұр. Шұжықтың 1 кг-ның бағасы 3200 теңге болғанда, оның ұсыну көлемі 2 тонна болды, ал баға 600 теңгеге дейін жоғарылағанда ұсыныс көлемі 5 тоннаға дейін жоғарылады. Бағаның жоғарылауы ұсыныс көлемін көбейтеді.
Ұсыныс қисығы баға (Р) мен тауардың ұсынылатын көлемінің арасындағы тура пропорционалды қатынасты көрсетеді. Енді осы айтылған байланысты функция түрінде бейнелесек, онда төмендегідей формуламен жазуға болады.
Qs=f (p),
Qs – ұсыныс көлемі, кг;
Р – тауардың бағасы теңге.
Ұсыныс концепциясы тауардың бағасы мен сатушылардың сатуға ұсынған осы тауардың көлемі арасындағы қатынасты қарастырады. Әрине, бағадан басқа ұсыныс көлеміне әсер ететін басқа да факторлар бар. Оған жататындар: еңбектің (жұмыс күшінің) бағасы, тауарды өндіруге қажетті материалдар мен шикізаттардың бағасы, қолданылатын технология түрі, тура сондай ресурстардың көмегімен өндірілген ұқсас тауарлардың бағасы және нарықтағы сатушылардың саны.
Мысалы, жанармайға бағаның өсуі таксидің шығынын жоғарылатады, нәтижесінде бұл такси иелерінің өз қызметін ұсынуын төмендетеді.
Тауар өндірісінің технологиясы сатушылардың нарыққа шығуына әсер етеді. Технологиядағы жеткен жетістіктер тауардың белгілі бір санын өндіру ұшін қажетті еңбекті және басқа да ресурстарды төмендетеді. Егер өнімнің белгілі көлемін өндірудегі ресурстар мөлшері азайса, онда шығындар да төмендеп, бұл тауар өндірісінің тиімділігін жоғарылатады.
Мысалы, ет өндейтін технологияның жақсаруы щұжықтың әрбір кг-ын өндірудегі шығынды төмендетеді.
Бірдей ресурстардың көмегімен өндіруге болатын тауардың бағасы өзгеруінің ұсынысы, талданатын тауар өндірісінің балама (альтернативті) құнына әсер етеді.
Мысалы, жүгеріге деген бағаның жоғарылауы фермерлердің нарықта бидайды ұсынуын азайтады, өйткені олар жер бөлігінің көбіне жүгері егіп, аз бөлігіне бидай егуге бейімделеді.
Осы жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ұсыныс функциясының жалпы түрін былай жазуға болады:
Qs=f(Р, РА, РВ,...Рп, Т,К,Ғ),
Мұнда, Qs- ұсыныс көлемі;
Р- зерттеліп отырған тауардың бағасы;
РА, РВ- осы тауарды өндіруде қолданылатын материалдар мен шикізаттар бағасы;
Рп- бірдей ресурстар көмегімен өндіруге болатын тауардың бағасы;
Т- салық мөлшері;
К- қолданылатын технология тәсілі;
Ғ- нарықтағы осы тауарды сатушылар саны.
Ұсыныс қисығы тауарды нарыққа шығаруға итермелейтін бағадан басқа факторлар тұрақты деген жағдайда қарастырылады. Бұл жағдайда тауардың бағасы өзгеруіне байланысты ұсыныс көлемі өзгереді және бұл өзгеріс ұсыныс қисығының бойында болады.
Ұсыныстың өзгеруі – ұсыныс қисығының тауардың бағасынан басқа факторлар әсер еткендегі толық өзгеруі немесе жылжуы.
Мысалы, малға беретін жемнің бағасының төмендеуі шұжық ұсынысының өсуіне әкеледі. Бұл жағдайда шұжықты сату бағасы өзгермесе, онда ұсыныс қисығы оңға жылжиды.
Қисықтың S1-ден S2-ге орын ауыстыруы, яғни ұсыныстың өзгеруі барлық мүмкін бағадағы ұсыныс көлемін өсіреді. Жаңа S2 қисығының бойындағы ұсыныс көлемі баға 600 теңге болғанда 8 тоннаға дейін жоғарылап тұр.
Әрбір экономикалық модельдегі тепе-теңдік сол модельді түсіндіре алатын айнымалылар белгілі бір теңдестік жағдайына келген уақытта болады.
Егер біз сұраныстың 2.1. және ұсыныстың 2.7-суреттерін бір графикке салатын болсақ, онда төменде көрсетілгендей болып шығады.
Баға Ро-ге тең болғанда ғана сұраныс көлемі ұсыныс көлеміне тең болады (QD= Qs). 2.9-суреттегі S және D қисықтарының қиылысу нүктесі тепе-теңдік жағдайы деп аталып, Ро –теңдестік бағасын, ал Qо – сұраныс пен ұсыныс бір-біріне тең болатын теңдестік көлемін көрсетеді.
Егер нарықта тауардың бағасы Р1 деп белгіленсе, (Р1>Ро), онда сұраныс көлемі ұсынылып отырған көлемнен көп болады (QD>Qs). Бұндай жағдайда нарықта жетіспеушілік (дефицит) болады (сұраныс артықшылығы немесе тауар тапшылығы).
Ал егер баға тепе-теңдік деңгейінен жоғары болса, (Р2>Ро), онда сұраныс көлемі ұсыныс көлемінен аз болады да (QD>Qs), нарықта ұсыныс артықшылығы орын алады. Осы айтылғандар төмендегі 2.3-кестеде көрсетілген.
Сұраныс немесе ұсыныс өзгеруі нарықтағы тепе-теңдіктің өзгеруіне әкеліп соқтырады. 2.10, 2.11, 2.12-суреттерде кейбір варианттары көрсетілген.
Нарықтағы тепе-теңдік Е нүктесінде болған. Сұраныс көбейгеннен кейін (D-D2) тепе-теңдік Е2 нүктесіне дейін жылжиды. Ал сұраныс азаюы (D-D1) тепе-теңдік нүктесін Е1-ге дейін өзгертті (2.10-сурет).
Нарықтағы алғашқы тепе-теңдік Е нүктесінде орналасқан. Ұсыныс жоғарылауына
(S-S1) байланысты нарықтағы теңдестік жағдайы Е1 нүктесіне жылжиды.
Ұсыныс азайған
Уақытта (S(-)S2)
Нарықтағы тепе-теңдік
Е2 нүктесінде болады (2.11-сурет).
Егер сұраныс пен ұсыныс бір мезгілде өзгеретін болса (мысалы, сұраныс көбейіп, ал ұсыныс азайса), онда нарықтағы тепе-теңдік Ео нүктесінен Е1 нүктесіне ауысады. Сұраныс пен ұсыныстың өзгеру қатынастарына байланысты теңдестік нүктесі де әр-түрлі болады: нарықтық баға жоғарылайды, ал сату көлемі көбейеді немесе азаяды, тіпті өзгермеуі де мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |