Кеңістікте, жазықтықта бейнелеудің заңдылықтары. Мақсаты: Кеңістікте, жазықтықта бейнелеудің заңдылықтарын меңгеру.
Бейнелейтін нәрсеміздің биіктігін, енін, көлденеңін салыстыра отырып, ара қашықтығын анықтау арқылы суретін саламыз. Әрбір зат қағаз бетіне үйлесімді де орнықты түрде орналасуы керек. Пропорциясын қараймыз, пропорция дегеніміз - биіктігінің көлденеңіне, нәрсенің бір бөлігінің екінші бөлігіне шамалық қатынасы, сондықтан белгілегенде өте мұқият болу керек. Суреттің мазмұны мен құрылысы оның жеке бөліктерімен өзара байланысты болмаса, ол дұрыс шықпайды. Сондықтан компоновка жасаймыз.
Компоновка дегеніміз - орындалатын жұмысты жоспарлау.
Суреті салынатын нәрсені орналастыру, орнын белгілеу, көру нүктесін таңдау, қағазға дұрыс орналастыру үйлесімділіктің(композицияның) бастапқы негізі болып табылады. Бейнеленетін нәрселердің кеңістікте өзара орналасуын дұрыс белгілеу үшін көмекші сызықтар(тік, көлденең, көлбеу) сызылады. Күрделі, 4 - 5 заттан натюрморт бейнелеу.
Сурет салуды бірнеше кезеңге бөліп қараймыз. 1 - кезең: нәрсені қағаз бетіне ықшамдап орналастыру
2 - кезең: нәрсенің құрылымына назар аудару
3 - кезең: заттың өңін жарық пен көлеңке арқылы айқындау
4 - кезең: бұл бейнелеген заттарды толықтай анықтау кезең болады.
Бір тұтас реңдік қатынасқа бағындырамыз. Орындалатын суреттің жарасымдылығына баса назар аударып, жұмыс аяқталады. Заттардың өңін айқындағанда ең жарық, ең қараңғы жерлерді анықтап алуымыз керек, ол үшін мына сурет заңдылықтарын естен шығармауымыз керек:
1. Жарық деп заттың үстіне түскен жарықты айтады.
2. Жылт деп заттың үстіне түскен жарықтың ең ашық жерін айтады.
3. Жартылай жарық көлеңке деп заттың үстіне жанама түскен жарықтан пайда болған жартылай көлеңкені айтады.
4. Меншікті көлеңке деп заттың бетіне жарық толық түспеген жерді айтамыз.
5. Шағылысу жарығы - заттың көлеңке жағында басқа жарықтың әсер етуінен пайда болған, әлсіз жарықты айтамыз, оны рефлекс деп те атауға болады.
6. Заттың түспе көлеңкесі - бір заттан екінші затқа немесе екінші жазықтыққа түскен көлеңкені айтады.
7. Меншікті көлеңкедегі жарықтау жерлер рефлекс деп аталады.
Бұл өзгерістер жарықтан бастап көлеңкеге дейін әртүрлі рең қоюлығына, яғни бояу түстерімен осылай бөлінеді.
Натюрмортта фон, артқы бөлігі елеулі роль атқарады. Натюрморттың артына тығыз орналастырылған фон біздің назарымыздан шашырап, қойылымнан кетуіне мүмкіндік бермейді.
Натюрмортты қоюдағы заттарды топтастырудың тағы бір ережесі - салыстырмалы түрде аяғында бос, жеңіл алдыңғы план.
Көзбен көруге мейлінше ауыр, ірі заттар артқа таман, неғұрлым жеңіл заттар - оның алдында тұруға тиіс, ал ең алдыңғы план мүлдем бос, ашық болуға тиіс.
Сурет салуды керісінше емес, төменнен жоғарыға қарай жүргізген жақсы. Бұл тек натюрморттың суретін салуға емес, кез келген басқа да натуралдық қойылымды салуға қатысты.
Ең алдымен заттың өзіне тән түстік ерекшелігін қоршаған ортаға байланысты байқау. Мысалы: қоңыр нәрсенің артына көк шүберек ілсек, онда суық түс басым болады, ал қызыл түсті шуберек ілсек, жылы түс басым болады.
Әр нәрсенің басым түсінің қалың болуына байланысты түстік реңді ажыратуға болады. Мысалы: сары шүберек ілінген фонда қоңыр құмыра бояуы қанық болады, ал сия көк шүберек ілінген фонда қоңыр құмыра жарықтау болып көрінеді.
Алдымен заттың өзіне тән түсін солғын бояй отырып, біртіндеп қоюлата жағылады.
Акварель бояуымен жұмыс істегенде ашық түстерді шамадан тыс қолдануға болмайды. Біздің түстерді қабылдауымыз әдемі«сабақтас»түстің пайда болуына жарық, қашықтық (ауа қабаты) және түстік орта, түрліше боялған заттардың қатар тұруы шешуші ықпал жасайды. Белгілі бір заттың жарық түсіп тұрған және көлеңке бөліктері жарықтануы мен қатар жылы және суық түстік реңдер мен ерекшеленеді.
Егер жарық жылы болса, онда көлеңке суық реңге ауысады.
Ал жарық суық болса, көлеңке жылы реңді болады. Жылы мен суық түстердің үйлесімді болып келуі живописьте әуен туғызады.
Музыка үшін 7 нота қандай роль атқарса, живопись үшін ең қою қалың бояудан ең нәзік реңдерге дейін сондай роль атқарады. Өйткені дүниенің бар байлығы мен сұлулығын осы түс қана бере алады.
Заттың қасиеті мен бояуын сол түс арқылы ғана бере аламыз. Шығармашылық жұмыс жасау оқушылардың сабаққа деген белсенділігі мен білімі арқылы дамиды. Олар бояумен жұмыс жасағанда мына ерекшеліктерге мән беру керек: шыны ыдыс - мөлдір, ағаш астау - жұмсақ, темір ыдыс - қатты, осындай әр түрлі материалдардың қасиеттеріне байланысты түстік бояуды дұрыс қолдана білу оқушының шығармашылық жұмыс істеуін айқындайды.
Заттың мөлдірлігі мен жылтыр болуы таза түстің бояуымен жұмыс жасауды қажет етеді, ал заттың тығыз, салмақты болуы күрделі қою бояулар арқылы шешім табуға жетелейді. Оқушылар натюрморт орындауда өздерін күнделікті үйреншікті жұмыс істеуімен шектемей, тақырып бойынша қомақты шығармашылық ізденуден туындаған натюрмортты орындауға көшу керек.
Мысалы: Т. Тоғысбаевтың«Асхана»атты интерьер көрінісінде орындалған натюрмортына назар аударып көрейікші. Қарама - қайшы ашық түстер мен бейнеленген бұйымдар мен заттардан ұлттық нақышты байқай аламыз.
Қазақ халқының қонақжайлылығын меңзейтін дөңгелек дастарханы жайлып, көрпесі төселіп, қонақ күтіп тұрғандай көрініс береді. Алдындағы қуыршақ балғын баланың тәтті өмірін елестетсе, артқы фонда ас әзірлеген ана бейнеленген. Терезеден дала тіршілігімен тағдырлас әке бейнесі көзге елестейді.
Мұның бәрін біртұтас дәмдес ететін дастархан екені сөзсіз.
Нәрсеге қарап салумен қатар, есте сақтап жатқа салу мәселелеріне ерекше назар аудару керек.