Талма түстік кезі болатын. Астанадағы Мұқан Төлебаев көшесімен өрлеп келе жатқанымда алдымнан Бейсекең шыға келді. Қазағымыздың кең етек сәлемін бір-бірімізге жаудырып жатырмыз. Кездеспегелі біраз болған-ды.
- Ауруханаға жатып шықтым, - деді ол кісі.
- Ауырып тұрдың – аунап тұрдың, бұдан былай аман-сау болғайсыз? – деймін .
Ау- неғып тұрмыз, жеңгең түстік әзірлеп жатыр еді, жүр! Қалған әңгімені сонда айтармыз, - деп сыпайыгершілігіме қарамастан үйіне ертіп барды. Дастархандағы Бейсекеңнің тәбет-диетіне лайықтап әзірленген түрлі тамақтардан ала отырып әңгімеге кірістік.
Менің көзімді ашқан ұстазым Ғани Мұратбаев - деді ол кісі бір сөзінде.
Ия, Түркістан Республикалық комсомол жастар одағын ұйымдастырушы Ғани ол жылдары Бейсекең сияқты талай жалаңаяқ панасыздарды жетімдіктен құтқарып, көзін ашты. Білімге, ғылымға жетілдірді, адам қылды. Бір күні сол Ғани:
Бейсенбай шырақ, сабақ қалай? «Ақжол» бетіндегі жастар одағының міндеттері туралы мақаланы көрдің бе? – дегені. Ол мақаланы әлі оқып үлгермеген шәкірт бала ұялыңқырап қалған.
Сен енді интернаттағы бастауыш комсомол ұясының жетекшісісің. Мұндай материалдарды алдымен өзің оқып, өзгелерге жеткізуің керек, - деген Ғани- аға. Содан былай қарай Бейсенбай ол кезде шығып тұрған газет-журналдарды үзбей оқып оның бірқатарына мақалалар жаза бастаған. Бұл 1921 жыл екен. Келесі жылы Б.Кенжебаев бір топ комсомол жастармен бірге Москвадағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетіне оқуға жіберіледі. Оқуды тәмамдап Қазақстанға оралады. Жаңадан ұйымдасып жатқан баспасөз жұмысына қызу атсалысады...
Шайдан соң Бейсекең кітапханасына барып архивімен таныстық. «Лениншіл жас» журналының 1925 жылғы 7 номерінен мынандай сөздерді оқыдық: «Бейсенбай Кенжебаев осы күнгі «Лениншіл жас» журналын шығарушы орынбасары, қаламы жаңа төселіп келе жатқан, болашағынан көп үміт күттірген комсомол қызметкерлерінің бірі. Бұрынғы «Жас қайрат», «Жас қазақ» журналында үнемі жазып, қалам көмегін беріп келген». Бұдан Б. Кенжебаевтың сол аталған жастар газетінің алғашқы редакторларының бірі болғанын көреміз.
1928 жылы ол «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке ауысқан. «Социалистік Қазақстанның» 50 жылдық санына арналған мерекелік қосымшадағы (октябрь, 1970ж) естелігінде 1925 жылдан осы газеттің тілшісі болып, кейін партия тұрмысы бөлімін басқарғанын жазады.
Келесі жылы Қазақстан өкіметі Б.Кенжебаевты Павлодар облысынан шығуға тиісті «Кеңес туы» (кейін «Колхоз» деп аталған) газетін ұйымдастыруға жұмсайды. Ол кезде Керекуде (Павлодарда) баспа орны болмаған. Қажетті баспа жабдықтарын басқа қалалардан алдыртуға тура келетін.
Б.Кенжебаев бұрын әртүрлі атпен шығып, Оңтүстік Қазақстан облыс болып құрылғанда қайта ұйымдасқан «Оңтүстік Қазақстан» газетінің де алғашқы редакторы. Бір бұл емес, осы күнгі «Қазақстан пионері» мен Қазақ радио комитеті атынан шығатын газеттің де шежіресі осы кәнігі журналист есімімен тікелей байланысты екен. 1920-1930 жылдары Бейсекең қолымен шыққан бұл күнде беттері сарғайған газет-журналдарды ақтара отырып ішімнен: «Қазақ совет баспасөзінің ақсақалы екен-ау» деген сөзді қайталай бердім.
Б. Кенжебаев, ең алдымен, әдебиет зерттеушісі. Республикадағы әдеби-сын жанрына ертеден араласып келе жатқан сыншы, ғалым. Жиырмасыншы жылдардан бастап осы кезге дейінгі газет-журналдар бетіне оның проблемелық мәселелер көтерген мақалаларын, жаңа кітаптарды оқушыларға таныстыру мақсатымен жазған сын және биографиялық зерттеулерін жиі кездестіреміз. Қазақ әдебиеті тарихында көрсетілгендей, Абай, Сұлтанмахмұт творчествосын тану төңірегінде ол елеулі еңбек етті. Қазақ әдебиетінің басы қайдан, қалай басталады деген мәселеге профессор Б.Кенжебаев әрдайым жүйелі де дәлелді ой-пікірлер айтып келеді. Оның бұл саладағы зерттеу еңбектері мен оқулықтары бүгінде әмбеге аян. Көрнекті ақындарымыз Ілияс, Әбділдә, Өтебай, Тайыр, Ғали поэзияларына алғаш барлау жасаған да сыншы, ғалымның сипатты (баспасөзге қатысты қазақ фельетон жанрының екі публицистикалық, әдебиетке жататын сатиралық) қасиетін ашқан зерттеу де мазмұнды.
Профессор Б. Кенжебаев ондаған монографиялық зерттеулер жазды. Солардың ішінде “ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының демократ жазушылары”(1958) деген еңбегі ерекше аталады. Онда сол тұстағы қазақ даласының қоғамдық - мәдени жағдайына шолу жасалынған. С. Торайғыров, М. Сералин, С. Көбеев, С. Дөнентаев, Б. Өтетілеуов, Н. Орманбетов, Ә. Ғалымов, Ә. Тәңірбергенов творчествосы зерттелген. Б. Кенжебаевтың бұл еңбегіне дейін олардың ақындық, жазушылық, журналистік қызметі, қоғамдық - ағартушылық демократтық көзқарастары жан-жақты толық ашыла қоймаған-ды. Монография туралы кезінде орталық баспасөз орындары жылы лебіздер білдірген. “Қазақ әдебиетінің тарихында” ғалымның бұл еңбегі: “ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің жай-күйін тереңдеп зерттеуге жол ашты” деп жоғары бағаланған. Әдебиетіміздің халықтығы, реализмнің даму жолдары, жаңа романтикалық нышандар, дәстүр мен жаңашылдық тәрізді теориялық мәселелер де Б. Кенжебаев назарынан тыс қалған емес. Қазақ өлеңдерінің поэтикалық түзілісі сараланған зерттеу де бар. Мұнда ол батырлар жыры мен Махамбет, Шернияз өлең, толғауларын, қазақтың қара өлең құрылысын қарастырған.
Ғалым қазақ фольклористика ғылымымен ертеден шұғылданып келеді. Оның қазақ ертегілері, батырлар жыры, тұрмыс-салт өлеңдері, тарихи жырлар мен Біржан-Сара айтысы жөнінде жазғандары бағалы еңбектер санатында саналады.
... Келесі бір сөреде орыс совет әдебиетінің белгілі жазушылары Б.Полевойдың “Нағыз адам туралы аңыз”, “Біз совет адамымыз”, И.Эренбургтың “Соғыс”, Ф. Понферовтың “Бейбітшілік үшін күрес”, Е.Мальцевтың “Шын жүректен”, Ф.Гладковтың “Балалық шақ туралы” кітаптары қатар түзеп тұр екен. Осы туындылардың бәрі (кейбірін аудармашы Ә.Сатыбалдиевпен бірігіп) Бейсекең тәржімасымен қазақшаланған.
Көркем аудармамен көптен бері айналысып жүрген Бейсекеңнен аударма жайынан айтып беруді өтінгенімізде былай деді:
- Бізде, - деді ол - көркем аударма ісі кең өріс алғанымен оның әдісі, тәсілі, стилі және принциптері тәрізді теориялық жағы әлі де жөнді шешіле қойған жоқ. Соның салдарынан аударма саласында біраз кемшіліктер кездесіп жүр. Әсіресе орысшадан қазақ тіліне аударғанда ана тіліміздің байлығын әлі де сарқа пайдалана алмай жүрміз. Кейде орысша ойлап, сөйлемді сірестіріп қоятынымыз да бар. Аударылуға тиісті емес интернационалдық терминдерді орынсыз қазақшалап жіберетініміз де жоқ емес. Астарлы сөз, идиомдардың аударылу шарттарын ескере бермейміз. Содан барып ондай сөйлем тіркестері жұтаң, мәнсіз шығады.
Қаншама әңгіме, очерк, сын зерттеулері болса да, Б.Кенжебаев өзін жазушымын деп есептейтін сияқты. Сондықтан да болар ол әңгіме, очерк зерттеу жинақтарын кезінде баспаға көп ұсына бермеген. Мұның бәрі қарапайымдылық пен кішіпейілділіктен болар. Ондай дүниелер оннан астам папка екен. Олардың біріне “Тіршілік”, “Маржан”, қалғандарына “Қазақ ауыз әдебиеті”, “Замандастар”, “Өткен күндер”, “Сөз туралы сөз”, “Ежелгі әдебиет”, “Тымпи”, “Шашау сөздер” деп ат қойыпты.
“Тірлік” деген қомақты папкада 1960 жылға дейінгі әңгімелер топтастырылған. Бәрі де жинақы, демде оқып шығатын шағын новеллалар. Мәселен, “Бойтұмарында” Тоқабай деген үгітші-комсомолды басшылар қалай ұрлап әкетіп, азаптағаны суреттелген. Оқиға 1920 жылдың шілде айында, Ферғана облысының Буәділ қыстағында өтеді. Қызыл әскерлер қыстақты азат еткенде жаулар қайсар комсомолды атып кетеді. Совет жауынгерлері Тоқабайдың мойнындағы бойтұмарды шешіп қараса, оның жаулардан жасырып жүрген комсомол билеті болып шығады.
Жазушының “Маржан” атаған қолжазбасына әр елдің жазушыларынан аударылған әңгіме-новелла, очерктің басы біріктіріліпті. Оның дені жоғарыда аталған А.Сорокин, Э.Хемингуэй, Я.Гашек, Беһазиндерден аударылған кейбір газет-журналдарда жарияланған туындылар. Ал “Замандастар” туралы қолжазбасында Сәкен Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, Ғ.Мұратбаев, Қ.Тайшықов, т.с. қалам қайраткерлері туралы көрген, білген, естелік әңгімелері жинақталыпты. “Өткен күндерінде” өз басынан кешкен жайлар әңгімеленіпті. “Сөз туралы сөзінде” тіл, стиль мәселесі қозғалған. Қысқасы, Б.Кенжебаевта әлі баспа бетін көрмеген, оқушыларға әңгіме, аудармалары мен ғылыми зерттеулердің мол екендігіне көзіміз жетті. Бүгінгі кейбір жас ақын, жазушыларымыздың сиясы кеппеген шикілі-пісілі қолжазбасын баспаға ала жүгіретін әдет Бейсекеңде болмаған екен.
Бәрінен бұрын ол ұстаз. 1942 жылы Б.Кенжебаев КазМУ-дің филология факультетін бітіреді. Ректорат оны сол факультетке лекция оқуға қалдырады. Содан ол осы кезге дейін университетте өмірінің соңына дейін ұстаздық етті. Филология студенттеріне әдебиет тарихы мен теориясынан, қазақ баспасөз шежіресінен, журналистикадан дәріс оқыды. 30 жылдай қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды. Екінші жағынан 1945-50 жылдары ҚазақССР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институтында әдебиет секторын басқарады. 1946 жылы “Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындығы” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 1959 жылы университеттің ғылыми советі “ХХ ғасыр басындағы қазақтың демократ жазушылары” атты монографиясы үшін оған филология ғылымдарының докторы, 1961 жылы оған профессор деген атақ береді. Ол Қазақстанда ғалым – педагог кадрларын дайындауда айтарлықтай еңбек атқарып кетті. Профессор Б.Кенжебаевтың жетекшілік еткен, оппонент болған шәкірттері республикада жүздеп саналады.
Туған халқына жарты ғасыр творчестволық қызмет көрсетіп, оның 30 жылын ұстаздықпен өткізген Бейсекең лабораториясына еніп кеткелі кеш түскенін байқамай қалыппыз. Танысар дүние әлі де мол еді. Оған тағы бірде ораламыз деп орнымнан тұра бергенімде есік қоңырауы қағылды. Жуан папканы қолтықтаған бұйра шаш жігіт кіре берді. Дәуде болса, бұл да бір аспирант болар деп мен жайыма тарттым. Күн қызыл арайланып, алаулап батуға айналыпты. Тау жақтан аздап леп еседі. Жапырақтар сыбдыр қағады. Үйге бет алғанменен қалың ой үстінде келемін. Япыр-ау, бұл кісі шаршамас екен. Түс ауа бере бір аспирант қыз келіп еді, әлгі жігіт тағы барды-ау.
Нағыз ұстаз осындай болса керек.
Абай атындағы қазақ педагогика институты мен Академиямыздың Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында да мықтап орын тепкен кертартпалыққа қарамай (тарихты 18 ғасырдан бастауды қолдайтындар), қазақтың С.М.Киров атындағы университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында да жаңа идея орын ала берді. «Орхон ескерткіштері және оның қазақ әдебиетіне қатысы» деген тақырыпта арнайы жұмысы жүргізіле бастады. Бұл идеяны қызу бастап, айнымай, сескенбей қозғаған профессор марқұм Бейсенбай Кенжебаев кафедрада «Ежелгі әдебиет» деген атпен курс дайындап сабақ жүргізеді.
Әбділда Тәжібаев
Сәуірбек Бақбергенов
ҮЛКЕН ЕҢБЕККЕР, ҒАЛЫМ, ҰСТАЗ
Қазақ интеллигенциясының аға буыны, алдыңғы толқыны, жазушы өнер азамматтарын ойға алғанда, еске Бейсенбай Кенжебаев туралы ойлар қайта-қайта орала беретін елеулі бір тұжырым мен байлам барын айтар едім. Ол асыл Абай айтқан асыл парасатты, салиқалы шындық: “Ақырын жүріп, анық бас, еңбегін кетпес далаға” делінеді. Әке ғана айтуға лайықты данышпандық нақыл. Ал әке сөзін алғыр да шалымды, ұғымпаз да зерделі бала ғана қаз-қалпында бұлжытпай орындай алады. Абай сынды асқан ақылды әкенің өсиетін өзіне бой тұмар етіп, тұтынған зиялы ағалардың бірі – бүгінде 100-ге келіп отырған Бейсенбай Кенжебаев дер едім. Шымкенттің дермен елі Бөгенінде туып өскен ол 1925 жылдары небәрі 21 жасында Москваның шығыс азаматтарына арналған Коммунистік универсиетін бітіреді. Бұл сол кездегі қазақ жігіттері үшін аса зор арман, зор мақсатты нысана болатын. Міне, осыдан бастап ол өзінің Москвада алған білімін халқының мәдениеті мен әдебиетінің өркен жайып өсуіне, қанаты қатып, бұғанасы бекуіне, советтік баспасөздің серпінді қуатының жандана түсуіне бағыштайды. Республикалық газеттерде, журналдарда, баспа орындарында қызмет істейді.Талапты жас “Лениншіл жас” газетінде редактордың орынбасары болған. Демек, сол кездің өзінде Б.Кенжебаев жас буынды, болашақ иелерін, жастарды тәрбиелеу, шынықтырып, баулу ісіне еркін араласқан. Бұл болашақ педагог ұстаз үшін зор басқыш еді. Москвада шығатын қазақ баспасөзін басқару ісі де бір кезде осы кісіге жүктеліпті. Москвада қызмет істей жүріп, М. Горький атындағы әдебиет институтында тағы да екі жыл оқиды. Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетін бітіреді. Өзінің білімін үнемі толықтырып, іздену, зерттеумен жүріп, әдебиетіміздің өзекті мәселелеріне арнап сындар, ғылыми мақалалар жаза бастайды.
Б.Кенжебаев өзінің табиғатында көп сөйлемейтін, үнемі іздену үстінде, оқумен, жазумен ой құшағында жүретін сабырлы, байыпты адам. Ақырын жүріп, анық сөйлейтін, ойламай ой айтпайтын Бейсекең өзінің алға қойған мақсатында өз биігіне көтеріле білді. Қазақтың мерзімді баспасөзінің өсуіне, қалыптасуына елеулі үлес қосты. Тіпті сонау отызыншы жылдардың өзінде орыстың ұлы перзенті, теңдесі жоқ ақын А.С.Пушкиннің бір томдық еңбегін қазақ тілінде басып шығаруға еткен басшылығы, жинап-құрастыруы, оған алғы сөз жазуының өзі қаншалықты қасиетті еңбек. Сол шағын бір томдыққа жазылған алғысөз сол кездегі көзбен қарасақ, өте мазмұнды, мәнді және Байсекеңнің “демон” деген сөзді “мөздем”деп алуы таң қалдырады. Мен Кенжебаевтың сынға, әдебиет сынына, зерттеуге, жалықпай ізденуге шындап бет-бұрысы, алғашқы қадамы осы А.С.Пушкиннің шағын томдығынан басталған дер едім. Мұнда ол байсалды да қарымды, батыл да пайымды зерттеуші екенін танытқан. Міне, осыдан бастап ақырын жүріп анық басып, өз халқының әдебиетін зерттеуге, үздіксіз ат салысып келе жатқан Б.Кенжебаев алдына қойған биік мақсатына асықпай, аптықпай, тек жүйелі, талапты еңбекпен жетті. Ол филология ғылымының докторы, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, 40-тан астам ғылыми еңбектің авторы.
Б.Кенжебаев еңбектері бүтіндей туған ел әдебиетін, оның тарихын, өсу жолын, қалыптасу сәттерін зерттеуге арналған. Ол “Қазақ әдебиетінің тарихы” деп аталатын екі томдық үлкен еңбектің авторларының бірі. Сондай-ақ “Қазақ совет әдебиеті тарихының очерктері” деп аталатын еңбекке де үлкен үлес қосты. Ал, өзінің қазақ әдебиетінің келелі мәселелеріне және қазақтың демократ жазушыларын зерттеуге арналған екі үлкен еңбегін ерекше атауға болады. Бұл еңбектер зерделі, мақсатты, қажымас қайсарлық пен ізденудің жемістері. Халқымыздың ұлы перзенті Абай творчествосына, оның өміріне арналған еңбектері тағы бір төбе.
Ал Абайдан соңғы қазақ әдебиеті классиктерінің бірі С.Торайғыров десек, Б.Кенжебаевтың Сұлтанмахмұт жайында ғылыми еңбегі ерекше. Ол көлемді, терең мазмұнды дүние, Жамбыл творчествосын зерттеу, оны оқушы қауым игілігіне айналдыру аса құрметті іс екені аян. Өйткені Жамбыл Жабаев ең алдымен біздің халықтық поэзиямыздың асқар бейнесі, тұлғалы жүйрігі. Ол - біздің мақтанышымыз. Ол – еліміздің ғасырларға созылған халықтық әдебиетінің жиынтық тұлғасы. Сыншы - ғалым бұл салада да аз еңбек еткен жоқ.
М.Әуезов творчествосын зерттеу әрбір байсалды сыншы - ғалымның ардақты парызы. Бейсекең Әуезов шығармаларына редактор болудан бастап оның өмірі мен әдеби қызметінің кемеңгерлігін көрсетуден жалыққан емес. Рас, М.Әуезов жайында көп жазылып жүр. Бірақ, данышпан жазушының творчествосын, өмірін зерттеп болдық десек, ол өбестік болар еді. Өйткені Әуезов мәңгі өмір сүретін жазушы. Оның творчествосы әлі де зерттеле бермек. Оның ғылыми өмір тарихын жасауға тиіспіз. Ал, Бейсекең еңбектері осының алғашқы басқыштары – сынды.
Қазақ әдебиетінің тарихында алатын белгілі орны бар, бірақ елеусіздеу қала беретін бір қаламгерлер болады. Бейсекең өзінің зерттеулерінде мұндай қайраткерлерді де тыс қалдырған жоқ. Оның М.Сералин мен С.Шәріпов хақындағы ұзақ, келелі еңбектері осыны паш етеді. Міне, келелі де, талантты ғалым еңбектер жаза жүріп мерзімді баспасөз бетінде осы күнгі әдебиет жайында да қалам тартуды ұмытқан емес. Ол бүгінгі әдебиеттің сынына да белсенділікпен араласты. Мұнымен қатар, ол ұстаздық етуден де жалыққан жоқ.
Б.Кенжебаев жазған ғылыми-зерттеу, сыни еңбектердің де басты қасиеті - әділдік, пайымдылық, ұстамдылық, ақыл - парасатпен өлшенген дәлдік. Басқа адамдар ісіне еңбегіне творчестволық аршынына әділ де дәл баға беру үшін сыншы көп білетін, албырт болу қажет екені даусыз қағида. Бейсекеңде бұл қасиет мол. Өзінің жүріс - тұрысындағы сабырлы, салқын қанды жақсы мінезі сарыла еткен еңбек, үздіксіз іздену оны осындай межелі биікке әкелді. Әсіресе, оның еліміздің болашағы, ертеңгі күн иелері жастарға ұстаздық етудегі еңбегін атап айтар едік. Жастарға өнеге - үлгі көрсету, дұрыс жолға сілтеу, журналистік, әдебиетшілік бағытта білім беру - оның көптен бергі басты жұмысы. Мұнда да оның бойындағы жақсы қасиеттер өзінің игі жемісін берді. Қазір аудандық, облыстық, республикалық газеттерде қызмет істейтін жігіттердің көпшілігі Б.Кенжебаевқа шәкірт болып, сабақ алғандар. Оған әдебиет пәнінің мұғалімдерін, бүгін өздері ұстаз болып отырғандарды қоссақ ше... Әдебиет әлеміне өзі де жас, қиын-қыстау кезде, қазақ совет әдебиеті жаңадан қалыптаса бастаған дәуірде келген Б.Кенжебаев өзінен оқыған шәкірттерге сол сияқты газет, журнал, жалпы баспа, баспасөз құпиясын да ерінбей, жалықпай, пайымдылықпен үйрете білді.
Қызметте, оқуда, үйретуде, әдебиет зерттеуде күй таңдамайтын іскер ұстаздар болады. Солардың алдыңғы сапынан біз Б.Кенжебаевты көреміз. Оның басшылығымен әдебиеттану, зерттеу саласына ұмтылған талай-талай ғалымдарды білеміз. Олардың көбі-ақ қазір онымен қатар отыр. Сабақ береді, лекция оқиды, ұстаздық етеді. Бейсекең ондаған ғылым кандидаттарын, доктарларын, әзірлеуде зор еңбек сіңірді, соларды өсірді, баулыды. Бірақ Кенжебаев мен сені оқыттым, өсірдім, мақсатына жетуге, қанатының қатуына көмектестім, өз бетінше ұша да, қона да білуге жеткіздім деп көкірек қағатын, тіпті ол сөзін естіртіп айтатын адам емес. Ондай мінез жақсы ұстазда болмайды, асыл өз еңбегін нарықтамайды.
Сонау 1920 жылдарда Москвадағы Шығыс жастарына ашылған университетте оқып жүрген кезінің өзінде ол туған халқының әдебиетіне, мәдениетіне қызмет етіп жастарын өнерге, білімге баулуды армандаған екен. Сонда бұл кісімен бірге оқып, сырлас, пікірлес, дос болған адамның бірі – осы күнгі атақты жазушы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Шыңғыс Айтматовтың әкесі Төреқұл Айтматов болыпты. Ол кісі де Бейсекең сияқты салмақты, салқын қанды болса керек.
Сондықтан да екеуі жақсы дос болып, халқының мәдениетін көтеру
үшін ең қажетті нәрсе мақсатты еңбек ету екенін екеуі сол кезде өзара ақылдасуда түсінсе керек. Халыққа пайдасы бар еңбек жайында “Мен бүйтіп жүрмін, үйтіп жүрмін” деп оқыс сөзге жол беруге болмайды. Өйткені, ондай қасиетті мәселелер жайында айқайлап айту әбестік болады. Қазақ әдебиетінің даңқты классигі М.Әуезовтің көркем туындылары жайында қыруар еңбек жазғанда осы Бейсекең. Ұстаздық қай халық та, қай елде болса да өте қасиетті іс саналады. М.Әуезовтың лекциясын тыңдап білімін алған Б.Кенжебаев етегін басып өскен інісі екенін мақтан тұтып өткен.
XIII –XIV ғасыр ескерткіштері түпкі бастаулары тереңде жатқан қазақ әдебиетіндегі ежелгі дәуірлердің бір арналы бұлағы. Оны алғаш профессор Бейсенбай Кенжебаев «Алтын Орда дәуіріндегі түркі әдебиеті» деп атап, бұл бір дәуір әдебиетінің түбегейлі зерттелуі керек екендігін қазақ әдебиеттану ғылымының алдына проблема етіп қойып берген еді.
Алма Қыраубаева
Ханғали Сүйіншәлиев,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АҒА
Табиғат! Не деген кең мағыналы сөз бұл. Бір ауыз сөздің өзінде қанша ұғым бар?! Ал, адам табиғаты ше? Ол да атына лайық шексіз құбылыс қой. Алдымыздағы ағамыз, замандас ғалым Бейсенбай Кенжебаев жайлы ойлағанда осындай тебіреніске ерік бересің. Бейсекеңнің өмір жолы да, өнер жолы да өнеге.
Жас сәби шыр етіп жарық дүниеге келіп, ата-ананың бауырында қаннен-қаперсіз өсіп келе жатқан кезінде, төрт жасында анасынан айырылып, жетімдік тақсіретін тартты. Қабырғасы қатпай, ауыл байларының малын бағып, малайлық өмір зардабын кешті. Әкесі, екі ағасы – түгел жалшы болса да, киер киім, ішер ас мұқтаждығынан шыға алмады. Байлардың төлеген ақысы өздерінің күнкөрісінен ауыспайтын. Әкесі – Кенжебай жер өңдеумен де айналысып көреді. Бірақ құмы шыққан, қу топырақты жерді суландыру, одан қол еңбегімен өнім алу азаптың азабы.
- «Оның үстіне, - дейді Бейсекең, - байлардың жылқысы мен қойлары, бір жайылып өтсе болды ол өлкеде жаздай құр топырақ бораны соғады да тұрады. Шілде күндерінде жерге шыққан шөп тұрсын, жердің беткі қабатының өзі күйіп-жанып тұрады. Сөйтсе де, 1916-1917 жылдарға дейін тіршілік етіп келіппіз. Ал осы бір жылдар біздің ел үшін ерекше ауыр, ашаршылық кезең болды. Бұл жылдары біздің үй Темірланға келіп, апамыздың төңірегіне аяладық. Кейін 1918 жылы Ташкент қаласына жұмыс іздеп кете бардық».
Міне, Бейсенбай ағамыздың жастық шағы осылай, жоқшылықта өтті. Панасыз, жетім балалардың басына түскен ауыртпалықты Бейсенбай да басынан кешіпті. Егер Совет өкіметі орнап, қазақ жеріне Октябрь шұғыласы нұрлы шуағын төкпесе, Бейсенбай сияқты жетімдер тағдыры немен, қалай аяқталар еді? Әлдекімнің үзеңгісіне ілініп, жас өмірі қыршын қиылар еді-ау, сірә? Иә, сөз жоқ, панасыздарға пана, анасыздарға ана тек Совет өкіметі болды.
Әңгімелесе қалғанда, бізге, Бейсекең өзі туралы: - «Мен - бақытты адаммын», - деп, өткенге ойлана барлау жасайды. Ол бақытыңның бір ұшығын сол пана таппай, азып-тозып жүрген шағында жастардың жалынды комсомол жетекшісі – Ғани Мұратбаевқа кезігуін мақтанышпен еске алады. Қиналғанда демеу, күйзелгенде сүйеу болған асыл азаматтың қамқорлығын кім ұмытпақ?! Абзал аға есінде мәңгі сақталады, қастерленеді. Өмірдің шұғыласын көрсетіп, өмірінің бағыт-бағдары болар жарық жұлдызына меңзеген болатын ол. Оны панасыз балалар үйіне тапсырып, оқып-білім алуына жол ашқан-ды. Кейін жылдар бойы өз бақылауына алып, жоғары курстарға, орталық қалаларға оқуға аттандырып, комсомол қатарына тартып, өзінің ағалық ақ жарқын ниеттерін көрсетеді. Бейсекең Ғани ағасының қамқорлық тәлім-тәрбиесін 1920-1922 жылдары үздіксіз дерлік сезініп жүреді. Балалар үйінен кейінгі оқу, іздену жылдары, қоғам жұмысы, комсомолдық тапсырмаларды Ғани ағасының ақылымен атқарып жүреді. Ол, 1923 жылы Москва қаласындағы Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіне оқуға аттанды.
Міне, осы кезеңнен Бейсекеңнің саналы творчестволық жолдары басталады.
Алғаш баспа бетін көрген еңбектері ретінде Бейсекең «Комсомолдардың мақсаты» (1925 ж.), «Пионер бастықтарына серік» (1926 ж.), «Қабырға газеттерін қалай шығару керек?»(1927 ж.) кітапшаларын атайды. Ал әдебиет саласындағы тұсау кесерім деп Абай творчествосы туралы 1925 жылы «Еңбекші қазақ» («Социалистік Қазақстан») газетінің екі санында қатар «Абай» деген атпен жарияланған көлемді мақаласын атайды. Шындығында «Абай» атап айтуға тұрарлық еңбек. Болашақ білгір сыншының қалам алды тұңғышы. Бұл мақала – абайтану әлі қалыптаспай тұрған кезде, ғылыми дәрежесі уақытынан оза, заманынан ілгері айтылған тың пікірлерімен құнды. Сондықтан да автордың аталмыш мақаласы абайтану тарихынан елеулі орын алады. Қазақ әдебиетінің, ол кезде әлі танылып жетпеген кемеңгері туралы келелі пікірлер қозғап, оның жиһаз – поэзиясын жоғары танып, бағалады. Абайдың орыс классикалық әдебиеті ықпалында өскен, жаңашыл ақын екенін, ойлы шығармаларының халықтық бетін, ағартушылық идеяларын, тіл шеберлігін айқындады. Ойлап отырсақ, сонда Бейсекең небәрі жиырма бір жаста екен-ау.
Бейсенбай Кенжебаевтың бұдан кейінгі өмірі Қазақстанда Совет өкіметін нығайту істерімен тығыз байланысты. Енді ол партия қызметкері, коммунист ретінде саяси және қоғамдық жұмыстарға араласып, елімізбен бірге өсіп отырады. Облыстық, республикалық газеттерде, баспа орындарында жауапты қызмет атқарады. Шымкент, Павлодар облыстық газеттерінің тұңғыш санын шығарушы-редакторы. «Лениншіл жас», «Еңбекші қазақ» газеттерінің жауапты қызметкері, Қазақстан Мемлекеттік Біріккен баспасының бас редакторы, т.б. журналистік ұзақ жылдары басталып кеткен еді абзал ағаның. Осылайша, Бейсекеңнің творчествосына кең арна ашылып, ол республикаға белгілі бір сыншы, білікті журналист болып қалыптасты.
Ол жоғарыда аталған еңбектерімен де, сондай-ақ ұстаздық-педагогтық қызметімен де жастар тәрбиешісі. 1943 жылдан бастап ол Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетіне тұрақты педагогтық жұмысқа ауысты да, өзінің өмір тәжірибесін, білімін мың-сан шәкірттеріне үйретуге, тәрбиелеуге араласып кетті. Жаны шуақты жақсы ағаның педагогтық саладағы ғылыми еңбектері үлкен бір арна. Көп жылдар бойы қазақ әдебиеті кафедрасын меңгерген профессор қазақ журналистикасы мен әдебиеті үшін қаншама кадр даярлады десеңізші! Олардың қайсысына жолыға қалсаңыз да, «Біздің Бейсекең... қадірлі ұстаз, қамқор аға» деп жүргені. Ұстаз атына алғыс жаудырып жатқаны. Диплом жұмысымызға жетекші болып еді, тәрбиелеп еді, білім көзін нұсқап еді, жеке өмір жолымды табуыма ықпал етті, жұмысқа орналасуыма жәрдемдескен еді», - деп еске алады. Енді бір топ шәкірттері ұстазына тән қарапайымдылық пен мәдениеттілік жайлы айтар еді.
Иә, кішіпейілділік, ойшылдық, қарапайымдылық нағыз ұстазға тән мінез десек, бұл Бейсекеңнің бар болмыс-бітіміне тән қасиет. Әлдеқалай біреулердің бойынан сөлекет мінез көре қалса:
- «Әттеген-ай, тәрбиесі төмен адам екен, қалай түсіндіріп, түзеуге болар», - деп қиналады.
Ұстаздық жолында Бейсекең жиырма шақты ғылым кандидатына, он шақты ғылым докторына жетекшілік етіп ғылым сапарына қанат қақтырған екен. Олардың бәрі де ұстазын қадір тұтады. Оның атын мақтаныш ретінде айтады. Бұларға қоса қанша творчество қызметкерлері, ақын, жазушы, аудармашы, журналистер өздерін тәрбиелеген, білім-дәріс берген ағасына тағзым етеді десеңізші! Олардың бәрі де ғалым, үлкен ұстазға алғыс жаудырады.
Республика жұртшылығы Бейсекеңді үлкен ғалым, білікті сыншы деп таниды. Қазақ әдебиеті сынының қалыптасуынан қазіргісіне дейін үзіліс-үздіксіз атсалысып кетті.
Әдебиет тарихы ғылымының жасалуы, жүйелі ғылым дәрежесінде қалыптасуында да мүдәріс ғұлама қосқан үлес салмағы зор. Ең алдымен, қазақ әдебиетінің ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушыларын танытуда, оның ішінде Сұлтанмахмұт Торайғыров творчествосын түбегейлі зерттеп шығуы, осы дәуір әдебиетінің оқулығын жазуы (жоғары оқу орындары үшін) тек қана Бейсекең еңбектері арқылы іске асқан. Әдебиет тарихын тереңдеп зерттеуге, оның көне дәуірін танытуға басшы, қамқор боп, «жарғақ құлағы жастыққа тимей» жүргенін кім білмейді?! Бұл саладағы оның еңбегі әдебиеттануда жаңа ғылым саласының бір мектебі боп қалыптасып кетті деп мақтанышпен айта аламыз. Көне дәуір әдебиеті қазір жүйелі ғылым ретінде әрбір жоғары оқу орындарында оқытылады. Бұл ғалымның оқу құралдары, қосымша зерттеулері күн санап мән-маңызы артып келеді.
Бейсекең қалам тартқан мәселелер тек осылар ғана десек кем өлшер едік. Ғалым еңбектері қазақ филологиясы мен журналистикасының мәселелерін кең қамтиды. «Қазақ баспасөзінің тарихынан», «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері», «Қазақтың ХХ ғасыр басындағы демократ-жазушылары», т.б. еңбектерін жазды. Аталмыш еңбектердің сол ғылым саласына зор үлес боп қосылғанын, алғашқы бастама ретінде танылғанын ешкім жоққа шығара алмайды бүгінде. Ғалымның күні бүгінге дейін бірнеше әңгіме, естелік, очерктерін және көптеген көркем аудармалар жасағанын айтпау әділет болмас еді.
Иә, айта берсе сөз көп. Сондықтан, сөзімді түйіндеуге көшелік. Біздіңше, Бейсекең үлгілі ұстаз, білікті зерттеуші, ерінбей еңбек етіп келе жатқан білімдар ғалым. Еңбек жолында саналы, сапалы, салауатты, өзіндей ізденімпаз жеткіншектері бар, қадір-құрметі мол ортасы, ізетті інілері, шәкірттері бар. Олардың ортасында өмір сүріп, қызмет етудің өзі ғанибет.
Ғұлама ғалым, өнегелі ұстаз, қазақтың көрнекті әдебиет зерттеуші ғалымы Бейсенбай Кенжебаевтың еңбектерін жұртшылық жақсы біледі. Бейсекең үлкен әдебиетші, журналист, әдебиет сыншысы бола тұра ұзақ жылдар Қазақтың мемлекеттік университетінде әдебиет тарихынан дәріс оқып, жас мамандарды тәрбиелеп, өсіру ісіне атсалысты. Бірталай зерттеу еңбектерін жоғары мектептің кәдесіне асатындай етіп, ғылымның ең зәру мәселесіне арнады. Сондықтан ол кісінің кітаптары, зерттеулеріне әсіресе, әдебиеттен маманданып жүрген жастар көп қанық болды. Бүгінде Бейсекеңнің еңбектері жас әдебиетшілердің қолынан түспейді. Қазақ әдебиеті, әдебиет тарихы сөз болғанда ғылыми ортада да, жастарға оқылатын лекция, не өткізілетін семинар, әңгіме-сұхбатта да Бейсенбай Кенжебаев есімі аталмай қалмайды. Өйткені әдебиет тарихын тексеруге, оның ішінде арғы, көне әдебиет тарихы мәселелерін ғылыми жүйелі түрде баяндауға Бейсекеңнің қосқан үлесі айрықша мол. Ол қазақ әдебиеттану ғылымының бір замандағы қалыптасқан, дами бастаған кезінен көптеген маңызды мәселелерді күн тәртібіне қою, шешуге тікелей араласқан, әдебиет тарихы ғылымының қазақ сөз өнерін ерте, ежелгі заманнан бастап кеңінен қамтып баяндауын қатты қадағалады. Талас-тартысы көп әдебиеттану ғылымының ауыр жүгін арқалап, оны биік белеске көтеру үшін күш-жігерін, қажыр-қайратын аяған жоқ.
Ескі тарихты жаңғыртып, әртүрлі мін, айдар тағылып, кертартпа, керексіз саналып жүрген әдебиет қайраткерлерін әділ бағалау үшін күресе жүріп, Бейсекеңнің қатты сынға ұшыраған, соққы жеген кездері де аз болған жоқ. Арғыны былай қойғанда, бергі ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті туралы, Бейсекең көбірек зерттеген Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы да бар шындықты еркін айтуға шек қойылған, ресми идеологияның қысымы қатты болған кездерде де Бейсекең жұртшылыққа, оқушы қауымға пайдалы еңбектер жаза білді.
Бүгінгі алдыңғы буын әдебиет зерттеушілердің көпшіллігі Бейсекеңнен тәлім алған, өзін үлкен ғалымның шәкірті санайды. Бейсекеңнің ғылым саласындағы қалдырған мол мұрасы, еңбектері ғалымның еңбектерін оқып жүрген бүгінгі жүздеген жас мамандардың, оқушы, студент жастар үшін аса бағалы, қымбат қазына.
Зәки Ахметов
Құлбек Ергөбек,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
ҚОС ҚАНАТ
Ең алдымен, Бейсенбай Кенжебаев - ғалым. Ғалымдық - Бейсекең дарынының басты қыры, мұрасының өнікті, өміршең саласы. Ол бұл салада концепциялық еңбектер берген, тыңға түрен салған, әдебиетіміздің тарихын жаңалаған аса көрнекті әдебиетші ғалым, нағыз филолог. Нағыз филолог ғалым тіл, әдебиет, тарих, этнографияны ұштастыра еңбектенеді әлемдік тәжірибеде! Бейсекең сол биіктен табылған жан-жақты білімді, кемел ғалым еді. Оның ғылыми еңбектері әр жылдар Мұхтар Әуезов, М.Богданова (мәскеулік), Ә.Марғұлан, І.Кеңесбаев, Н. Маллаев (өзбек), Н. Ғайнуллин (татар), Қ.Артықбаев (қырғыз), Қ.Мәмбетов (қарақалпақ) сынды түрік тектес, түркі тілдес әр республика ғалымдарының жоғары бағалау себептері міне осында. Ол өз концепциясын дәйектеу үшін, шәкірттерін биік самғату үшін Жирмунский, Малов секілді ғажап тюркологтармен сыйластық, достық қарым-қатынасқа барды. Ал, татар, қазақ дегендей нәсілі бір Фазил Искаков, Әмір Нәжіп сынды тюркологтармен бақилық дос, бажа, құдандалы қалыпта өтті.
Бейсекең әр жылдары біртіндеп ілгерілеп, біртіндеп тереңдей барып «Түрік қағанаты» дәуіріне дейін жетті. Бірін аз, бірін көп зерттеді. Мәселе- көлемде емес, түйілген концепцияда. Бейсекең концепция ғылымы еді. Сол концепциялардан келіп Б.Кенжебаевтың қазақ әдебиетін зерттеу мектебі қалыптасты. Бұл – қайталанбас ғажап ерлік. Әдебиетімізге Бейсекең қосқан қазына- байлық!
Ерлік дегеннен шығады, Бейсекең өмірі толы күрес, ғылымы толық ерлік. Жиырма жасында ұлы Абайды қате бағалаудан арашалады, отыз жасында Сұлтанмахмұт, Едіге батыр, Ана тілі үшін айқасты, қырық жасында Абылай хан жайында кітап жазды. М.Әуезовтің «Абай» романы жөргегінде тұншықтырылғалы жатқанда, кезіндегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.А. Скворцовтың «шығармаңдар» деген қаһарлы нұсқауына қарамай, жазушы қолжазбасын жасырын жарыққа шығарып жіберіп, қызметінен қуылды, елу жасында қазақ әдебиеті тарихын түрік қағанаты кезеңіне тереңдетіп, әдебиет тарихын зерттеу мектебін қалыптастырды. Баукең айтқандай, бұдан артық қандай ерлік керек кісіге?!
Мектеп қалыптастыру - екінің бірінің маңдайына жазылмаған сирек бақыт. Бұл бақытқа академиктер де жете бермеген. Ал, Бейсекең бар болғаны профессор ғана. Атағы бар болғырың да біреуге жарасып, енді біреуге жараспай тұратын киім секілді - ау. Профессорлық Бейсекеңе әдемі жарасады. Бірақ, Бейсекеңе академиктік те үйлесе кетер еді ғой. Академиктік бұйырмаған бір Бейсекең емес, Лосев, Гумилев, Бахтин - бәрі де профессор. Бәрі де өздері өмір сүрген қоғамның өгей ұлдары. Бәрінің де шекесі шылқыған жоқ. Алайда, шын ғылымның шынайы перзенттері. Айтқандай, бәрінің де ғылыми мектебі бар. Бұлар ағынмен жүзбеді, ағынға қарсы жүзген жанның профессор дәрежесінен асқаны бар ма, сірә?! Бейсекең осындай табиғатты ғалым еді, ол профессорлықтан аса алмады. Оған да шүкір.
Ғылыми мектебі бар деген сөз - соңына ерген шәкірттері көп деген сөз. Бейсекең шәкірттерімен бақытты ғалым. Шәкірттерінен ештеңе аямас еді, таза тәрбиелеуде аянбас еді-ау. «Ұстаздық ету - уақыт ұту емес, өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» (Жан - Жак Руссо) деген толғам Бейсекеңе арнап айтылғандай сезілетінін қайтерсің. Әрірек сілтесек, Ә.Қоңыратбаев, Х.Сүйіншәлиев, З.Ахметов, З. Қабдолов, Р.Бердібаев, Т. Кәкішев, Ш.Елеукенов, Р.Нұрғали, Т.Қожекеев буынына меніңше адал ұстаз болды. Бірінші курс студенті М.Мағауиннің қазақ эпосы жайлы жазбасын оқып, «болып тұрған ғалымсың» дейді. Бесінші курс студенті Р.Нұрғалиевпен бірге «Сабыр Шарипов» деген кітап жазып бастырды. 1960 жылы Қазақстан Жазушылар Одағында поэма жанры бойынша баяндама жасап, сонда жыл беделінде жарық көрген сақа, орта буын ақындардың он- он бес поэмаларының ішінен ең мықты, үздігі деп өзі дәріс беріп жүрген студент-ақын Ә.Кекілбаевтың әлі кітапқа енбеген «Менің ғасырым» поэмасын атапты. Аспирантураны аяқтаған А.Қыраубаеваға қызмет табылмай қиналғанда, ректорға барып «мені жұмыстан шығар, мына ғалым болайын деп тұрған баланы менің орныма қабылда» дейді бар бейілімен. Шәкірт тәрбиелеу, соңына ізбасар ертуде бұдан артық қамқорлық болмайды.
Қамқорлық жасап, тәрбиелеуде еш тартынбаған ұстаздан шәкірт несін аянсын, неге тартынсын?! Бейсекең есімін шәкірттері аузынан тастамайды. Бірсыпырамыз маңдай терімізді сыпырып жазған еңбегімізді Бейсекең рухына бағыштап шығардық баспадан. Әкедей болған әз адам бауырында өскенімді өзіме бақыт санаймын, бүгін ол жайында ғұмырнамалық кітап аяқтағанымды мейірленіп айтамын. ..
Сексен жылдығына орай «Әдебиет белестері» атап, құрастырған қос томдық кідіріссіз жарық көруіне Ш.Елеукенов, Ә.Жұмабаев, М.Мағауин сынды шәкірттерінің жанашырлық жәрдемі айрықша болды. Сол қос томдықтың біріне Р.Бердібаевтың, екіншісіне Т.Кәкішевтің соңғы сөз жазуы ше?! Осының бәрі шәкірт алаламайтын кеңпейілді ұстазға деген шәкірттерінің алғаусыз ақ, адал көңілі емес пе?
Бейсекең шәкірттері оның балаларындай еді ғой. Әуел баста қос томдық шығармалар жинағы жайында құрастырылған бұл екі кітаптың ортақ атауы - «Әдебиет белестері» еді. Ол түрік қағанаты кезіндегі әдебиеттен күні бүгінге дейін желі тартып жететін.
Бейсекеңнің «Әдебиет белестері» - жинақтау, қорыту еңбегі еді. Төсек тартып жатқан ғалым жинақтау еңбегінің жарыққа шыққанын көзімен көріп, кітапты кеудесіне басып, бақыттан әлсіз егілді-ау кезінде! Кейде кісі бақыттан да жылайды екен ғой. Кітабының жарыққа шығуына қолғабыс жасаған шәкірттерінің атын атап жылағанын көзіммен көрген едім.
Қос арнада еңбек еткен, ұстаздық пен ғалымдықты қатар ұштастырған Бейсекең бақытын осы арнада тапты. Өмірдегі ізгілігі, кісілігі, бәрі осы қос арнада көрініс тауып, кейінгіге ғибрат болып қалып жатты. Ғалымның кісілігін, ізгілігін көкірегіне құйып алған ғалым шәкірттері оның ғылыми ісін жалғап әкетіп барады.
Тетелес ағаларым арасындағы көрнекті ғалым, ардақты адам Бейсекең – профессор Бейсенбай Кенжебаев бейнесі маған ерекше ыстық. Мейлінше ақылды, адал адам жайында көп айтуға болады. Бейсекең бірсыпыра қиындық көрген, алайда ұлт мүддесін, ғылым мүддесін сатып, қашан көрсең пікірді адал айтып, айтқан пікірлерінен қайтпайды. Бұл – ғылымға сүйенген, адалдыққа табан тіреген адамның қайсарлығы. Ол – қайсар ғалым еді.
Екі жайға ерекше тоқталғым келеді.
Бір топ қазақ ақын-жазушылары 1939 жылы Мәскеу барып, М.И.Калинин қолынан орден алдық. Мәскеуде КСРО Жоғарғы Кеңесінде қызмет істейтін Бейсекең біздің орден алғанымызға адал жанымен беріле қуанып, бәрімізді үйіне қонаққа шақырды. Бейсекең – қазақ жазушылары өңіріне тағылған орденге өзі орден алғандай жарыла қуанған бірінші қазақ еді сол күндері. Өзгенің жетістігіне өз жетістігіндей қуанған қазақты бұл менің бірінші көруім.
Асылы, Бейсекең жүзге бөлінбейтін, бөлінгенді бөрі жейтінін жақсы білетін шын парасат иесі, шынайы ғалым еді. Менің Бейсекеңдей әз адам бойынан айрықша жақсы көрген бір кісілік қасиет осындай!
1940 жылы менің драматургиям, оның ішінде «Жолдастар» жөнінде әділ пікір айтқан, алғаш пікір сабақтаған да Бейсекең еді.
Беделге иілмейтін ақиқаттан өзгеге илікпейтін адам, қайсар, табанды ғалым Бейсекең әрдайым есімізде. Бейсенбай Кенжебаев есімін қазақ халқы қашанда қадір тұтып, құрметтей береріне кәміл сенемін.
Әлжаппар Әбішев
Көбей Сейдеханов,
филология ғылымдарының кандидаты
ДОСТЫҚ ДИДАРЫ
1920-шы, «мешін» жылы Ғани Мұратбаевтың көмегімен Ташкенттегі 14-ші балалар үйінде орналасқан бөгендік бала өзінің кейінгі естеліктерінде былай деп жазыпты: «Сәкенді 1924 жылы январь айында Москвада көрдім...», «Ілияспен алғаш рет 1928 жылдың жазында Қызылордада таныстым», «Бейімбетпен біз 1925 жылдың ортасынан 1929 жылдың басына дейін бірге қызмет істедік...». Осы аз мәліметтердің өзі-ақ оның әдебиет майданына қашаннан араласып, кімдермен қызметтес болғанынан дерек бергендей.
Өзгелерді былай қойғанда Бейсекеңнің Мұхтар Әуезовпен творчестволық достығы да ғибратты құбылыс. 1934 жылы «Айман-Шолпан» спектакліне жазған пікірі «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланғанда, ол пьесаның авторымен сырттай таныс қана болатын. Сыншының жазушымен жүздесуі одан бес жыл кейін жүзеге асты. Онда Бейсекең Москвада «СССР Жоғарғы Советінің «ведомоствосы» редакциясында қызмет істейтін. Мұқаң Леонид Соболевпен бірге жазған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» атты монографиялық зерттеуін «Литературный критик» журналына бастыруға барған екен. Қазақ фольклоры мен әдебиетінің тарихына байланысты кең түрде сұхбаттасқаннан кейін-ақ білімдар жазушы жас ғалымның талантына тәнті болды. Осыдан кейін олардың ғылыми-творчестволық байланысы үзілген жоқ.
1959 жылдың күзінде Мұхтар Әуезов жаңа романына материал жинау үшін Шымкентке келді. Қорғасын заводының мейманханасына түскен екен. Таңертең қызметке бара жатып («Қорғасын» газетінде істейтін) Мехнат көшесімен мейманхана жақтан келе жатқан Мұқаңмен қарсы кездесіп қалдым. Бұрын қазақтың С.М. Киров атындағы Мемлекеттік университетінде дәріс беріп және дипломдық жұмысыма жетекшілік еткен Мұқаң мені бірден таныды. Сейілдеп шыққан екен. Менің завод газетінде істейтінімді білгеннен кейін бұл төңіректің жай-күйін сұрастырды. Білгенімді айттым. Реті келгенде қадірлі ұстаздарымның бірі болған Бейсекеңнің денсаулығын сұрап едім, жүзі жайнап кетті:
- Бейсенбай тәрізді көзі ашық ғалымдар аз ғой,- деді ол аса сүйіспеншілікпен. – Жақында қазақ әдебиетінің тарихына арналған ғылыми-теориялық конференция өтті, біздің академияда. Кереғар пікірталасы болды. Бейсенбай қазақ халқы жазба әдебиетінің тарихын ҮШ-ІХ ғасырлардағы түркі тілдес халықтарға ортақ мұралардан бастау керек деген батыл да байсалды пікір айтты.
Бұл мен үшін жаңалық еді. Кейін білдім. Осы пікірді дәлелдеу Бейсекеңе оңайға түспепті. Мұқаң көрегендікпен қолдаған қазақ әдебиетінің тарихын көне дәуірден басталады деген Бейсекеңнің болжамы бұл күнде бұлжымас ғылыми тұжырымға айналып отырғаны көпке мәлім.
Бейсекең: «Алғашқы әдеби-сын мақалам «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы 29 августағы санында жарық көрді. Ол Абай творчествосына арналған еді» деп жазғаны бар. Ұлы ақынның қазақ әдебиетіндегі орны туралы екіұдай пікір өріс алып тұрған кезде оның классикалық рөлін ғылыми тұрғыдан алғаш дәйекті дәлелдеп айтқан да осы Бейсекең еді. Жақында ұстазыма сәлем беруге барғанымда, оның бай кітапханасынан көзіме бір кітап жылы ұшырап. Соғыс кезінде жетінші класта оқып жүргенімде мектеп кітапханасынан бір күнге әрең сұрап алып, бас алмай оқып шыққаным әлі есімде. Қолыма ұстап тағы да бір рет көргім келді. Бірінші бетін ашып қарасам, мынадай қолтаңба бар екен. «Бейсенбайға. Кітаптың дүниеге шығуына еткен еңбегің мен достық, інілік көңіліңді айырықша сүйсіне бағалаған жүректен сыйлаймын, Мұхтар. 31.ҮШ.1942».
Менің таңданыңқырап тұрғанымды байқаған Бейсекең:
- Е, бұл кітапты шығару оңайға түскен жоқ,- деді күлімсіреп. – Соғыстың өршіген кезі. Үлкен лауазымда отырған бір кісі «мұндай кітаптың Отан қорғау ісіне қандай қатысы бар?» десе, тағы біреулер «ескі дәуірді дәріптейді екен» деп күстаналамақ болды. Мен қазақтың біріккен мемлекеттік баспасының бас редакторы қызметімді пайдаланып, кітапты шығартып жібердім. Сол үшін сөгіс те алдым. Бірақ майданнан романды сұраған көп хат алдық. Солдаттар қойын - қонышына тығып жүріп оқыпты.
Бұл сарғыш қағазға басылған жұқа мұқабалы «Абай» романының алғашқы кітабы еді. Сөйтіп, екі ұстаздың достығын нығайтуға түскен дәнекердің бірі ұлы Абай болды.
Қазақ сөз өнерінің көне түрік дәуіріндегі рухани мұралармен табиғи жалғастығы, осыған орай әдебиет тарихын да жаңаша жүйелеу керектігі туралы алғаш рет мәселе көтерген профессор Б.Кенжебаев еді. Тарихи деректерге, әдебиеттің даму заңдылығына, орыс және батыс ғалымдарының қалыптасқан таным, зерттеулеріне сүйеніп айтылған бұл даусыз ақиқат баспасөз бетінде де, ғылыми ортада да мазаққа, келекеге ұшырады...
...Күлкіге ұшыраған, жалпы жұртқа мазақ болған аяулы Бейсекең университеттің өзі басқарып отырған қазақ әдебиеті кафедрасының негізгі жұмысын көне әдебиетке – ғасырлар тереңіне қарай бағыттапты, бұл қиын іске өзі ғана белсене кіріспей, пікірлес, тілектес інілерін де араластырыпты, бар үмітін келер ұрпақтан күтіп, жасы жиырмаға жаңа ілінген жастарға - өзі студент кезінен бастап баулыған шәкірт аспиранттарына ауыр міндет жүктепті...
Мұхтар Мағауин
Темірбек Қожакеев,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
АБЗАЛ АЗАМАТ
1925 жылы «Еңбекші қазақта» Бейсенбай, Ғани, Өтебай, Жүсіпбек қол қойған «Артық етемін деп тыртық етіп алу жарамайды» деген сындарлы мақала шыға келді. Онда Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің жастар интернационалының бес жылдығына арналған бас мақаласында қате пікірлерге ұрынғаны, жастарға теріс бағыт сілтегені сыналды. «Ақ жол» газеті: Жас буын оңшыл, солшыл болғансып, елерместен, саясатқа әуреленбестен белді мықтап буып, еңбекшіл жастарды біріктіруге ұйытқы болуы тиіс»,- депті.
Мұны Бейсекеңдер «Жастарға көздеріңді жұм, құлақтарыңа мақта тық, болып жатқан оқиғалардан хабарларың болмасын» дегендік деп бағалады да, бұл тіпті қате пікір, жастар айдалада болып жатқан оқиғаларды білмесее, олардың мән-маңызы, түп тамыры неде екенін сезбесе, саясатқа араласпаса, қалайша жаңа құрылыс үшін күреспек деп таңырқады, кейіс білдірді.
Сол 1925 жылы сәуірдің 6 күні Мәскеуде оқитын қазақ жастарының бірінші бас қосу, бауырласу кеші өткен. Оны студенттер ұйымының бастығы Әбдірахман Байділдаұлы жүргізген. Бейсекең осы бас қосу жөнінде де хабар жазып, «Еңбекші қазақ» газетіне жіберген. Онда да әлгі бас қосудың мәні мен маңызын баса айтқан.
Кереку өңірінде бүкіл еңбекшілер «Кеңес туы» төңірегіне топталсын, оның көркейуіне бірі қалмай атсалыссын! Газет – көптің ісі. Кедей, жалшы, орташалар, әйелдер, «Кеңес туы» газетіне жазылсын, оны ауылға таратсын, газет алмаған кісі қалмасын! Осыны ұмытпауымыз керек!»,- деп үндеу таратқан да осы Бейсекең.
Үндеудің бұл жолдарынан Бейсекеңнің қоғамдағы баспасөз рөлін, орнын, сол тұстағы үкіметтің ұстанған саяси бағытын жете түсінгендігі, өз кезіне, талап-тілегіне үн қоса білгендігі аңғарылады. Редакцияның бұқаралық ұйымдастыру жұмысын жүргізуге жалынды үгітші болғандығы көрінеді.
«Кеңес туын» алғаш шығару Бейсекеңе оңай тимеген. Ол ең алдымен іскер кадрлармен қамтамасыз етуді қолға алған. Бірден редакцияға Самат Нұржанов, Балтабек Асанов, Сұлтан Лепесов, Бари Мәжитов, Жұмат Досқараев, Әбілхайыр Баймолдин, Зейін Шашкин сияқты талантты жастарды тартқан. Оларды газет материалдарын мазмұнды да, тартымды, әсерлі де, ықпалды етіп жазуға баулыған. Соның нәтижесінде жоғарыда аталған жастар кейін танымал ақын, жазушы, журналист болып шыққан. Сол тұста сол газетте әріп теруші болып істеген Сыздық Смағұлов 1969 жылы газеттің 40-жылдығына орай былай деп жазады: «Кеңес туы» газетінің редакторы Б.Кенжебаев - кішіпейіл де, қарапайым адам еді. Біздерге үнемі орынды ақыл айтып отыратын»,- дейді.
1930 жылы күзге қарай округтер аралық газеттер жарысында бұл «Кеңес туы» алдыңғы орынға шыққан.
«Социалистік Қазақстан» газеті халқымыздың талай ақын-жазушыларын, журналистерін тәрбиелеп шығарды. Солардың ішінде мені де тәрбиелеп өсірді. Өзімді «Еңбекші қазақ» қызметкері есептеп, оған мен сыртта күні бүгінге дейін қатынасып келемін», -дейді Бейсекең.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінде де Бейсекең игі істер істеп, есімін ел аузында жақсы жағынан қалдырған. Ол редактор болып барғанда, облыстық ауыл шаруашылығы өте мешеу еді. Трактор жоқ, ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыруға мүмкіндік кем. Жаңа көтеріле бастаған ауыр өндірістің халі де нашар еді. Ел сауатсыздығы да еңсені басып тұрған. Бейсекең газет ұжымын осы қиындықтарды жеңуге, жұртты жұмылдыруға үндеді.
Мұнда да газет ісіне білікті журналистерді тартты. Жақан Сыздықов, Қадыр Тайшықов, Әлихан Сүлейменов, Мұханбетқұл Исламқұлов, Молдабек Бегельдиев, Иманәлі Рсымбетов сияқты жүйрік қаламды жігіттер редакцияға осы тұста топтасты. Бұлар халық шаруашылығының барлық саласындағы кемшіліктерді жоюға күш салды. Алғашқы бесжылдықтың перзенті – Шымкент қорғасын зауыты құрылысының тілшілері постысын құрып, әр саладан құнды материалдар беріп отырды. Бұл орайда «Оңтүстік Қазақстан» газеті өзінің 50-жылдық мерей тойына арналған нөмірінде «Оның алғашқы редакторы - қазіргі даңқты ғалым Б.Кенжебаев болатын. Ол газет аппаратына білікті журналистерді топтастырды... Бұрынғыдай емес, газеттің тиражы да екі есе артты. Ауыл, село тілшілері белсене қатысатын болды», - деп ағынан жарылды, газетте Бейсекең әкелген лепті адал мойындады.
Осының бәрі - әдебиетші-ғалымның қазақ баспасөзінің кемелдендіруге үлес қосқандығын дәлелдесе керек.
Бейсекеңнің қазақ баспасөзі тарихына төртінші рет қайта айналып соғуы 1962 жылы болды. Бұл жылы ол кісі бастап, мен қоштап, екеуміз бірігіп, «Қазақ баспасөзі тарихынан» деген кітапша жаздық. Мұнда көптеген газет-журналдардың аттары аталып, шыққан жері, жылы ғана көрсетіліп қоймай, бағыт-бағдары, мазмұн-мақсаты ашылды. 1920-жылдардағы жұмысшы, шаруа газеттері қазақ жастар баспасөзі кеңірек алынып қаралды.
Қазақ журналистикасында еңбек сіңірген үшінші сала – көрнекті қаламгерлердің журналистік қызметін, мұрасын зерттеуде жатыр. М.Сералин мен Н.Төреқұловтың, Бейімбет пен Ілиястың, С.Нұржанов пен С.Лепесовтың журналистік өмір жолы, шығармашылығы жөнінен көптеген мақала зерттеулер қалдырған – осы Бейсекең. Бұл еңбектерінде ғалым аталған қаламгерлердің журналистика саласындағы еңбектерін бөле-жара әңгімелеп, әрқайсысының шығармашылық ерекшеліктерін ашып, мұрасына өз бағасын берді. Мысалы, 1957 жылы жарық көрген «Журналист Мұхамеджан Сералин» деген кітапшасын да шығарған. «Айқап» журналы демократиялық-ағартушылық бағытта болды, қазақ тарихында прогресшіл рөл атқарды. Халықтың оянуына, саясат, шаруашылық, мәдениет жағынан өсуіне көп әсер етті. «М.Сералин – қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы әрі көрнекті қоғам қайраткері, әрі ысылған журналист, ақыны» деген қорытынды жасады. Жазған өз рецензиясында Әбдуәлі Қарағұлов бұл кітапшада «М.Сералиннің өмірі мен қоғамдық қызметі, әдеби және публицистикалық еңбектері туралы зерттеу еңбектерін жазған»,- дейді.
Жоғарыда өзі айтқандай, Бейсекең 30-жылдардың бірінші жартысында «Социалды Қазақстан» газетінің «Газет сыны», яғни «Баспасөзге шолу» бөлімін басқарды. Сонда көптеген газеттерге сын жазып, шолу жасағанда, журналистиканың әр алуан теориялық-практикалық мәселелерін ғылыми тұрғыдан негіздеуге өз үлесін қосты. Осы орайда қазақ журналистикасындағы «Баспасөзге шолу» жанрының жақсы үлгілерін қалыптастырып, оның бітім-пішімі, түрі, міндет-мақсаты, мазмұндық шарттары жөнінде теориялық тұжырымдар жасады.
1950-1960 жылдары С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» мемуарының жанры туралы пікір алысу болды. Осы таласқа араласқан Бейсекең бұл туындыны әлеуметтік очеркке жатқызды. Осы орайда баспасөздегі, көркем-публицистикалық жанрлардың бірі – очерктің көптеген жанрлық шарт-белгілерін, сыр-қырын саралап берді.
Ғалым-журналист «Әдебиет және исуксство» (қазіргі «Жұлдыз») журналының 1955 жылғы №4-інде «Фельетон туралы» мақаласын зерттеді. Мұнда да осы жауынгер жанрдың табиғатын терең талдады. Фельетондағы сюжет, композиция деген не екені, образ жасау жолдары, жанрдың тілі, стилі, ерекшелігі туралы орынды ойлар айтты. Бейсекеңнің қазақ журналистикасының теориясы мен тәжірибесі жөнінде қалдырған бұдан да басқа ой-түйін, байқау-байламдары баршылық. Қорыта айтқанда Б.Кенжебаевтың шығармашылық ғұмыр жолы ұлттық журналистикамызбен тығыз байланысты, бірлікте өткен. Ол, біріншіден, халқымыздың баспасөзін ілгері сүйреуге жегілген еңбек торысы болған. Екіншіден, қазақ баспасөзінің шежіресін жасауға белсене атсалысқан. Үшіншіден, бұрынғы-соңғы ұлттық журналистеріміздің мұрасын зерттеп, талдап, бүгінгі ұрпаққа таныстырған. Төртіншіден, қазақ журналистикасының теориясы мен тәжірбесін өзіндік байқау-байламдарымен байытқан. Демек, Бейсекең ізі қазақ журналистикасында төрт салада сайрап жатыр.
- Қазақ оқымыстысы, профессор Бейсенбай Кенжебаев алпысыншы жылдары «...ертедегі әдебиет нұсқалары, әдеби шығармалар әзірбайжан мен түркпенге де, қырғыз бен қарақалпаққа да, қазақ пен өзбекке де ортақ. Ол мұраларды әр халық та өз әдебиетінің тарихына кіргізуіне құқысы бар, солай етуге міндетті»,- дегенді. Біз туысқан республика ғалымдары, Бейсекеңнің осы ұлағатты пікірін қуана қуаттадық. Оны әдебиетіміздің тарихын зерттеуде үнемі басшылыққа алып келеміз. Б.Кенжебаев туысқан республикалар әдебиеті тарихының ортақ проблемаларын ойлап жүретін үлкен ғалым еді.
Қашқынбай Артықбаев, қырғыз
әдебиетшісі, профессор
Мұзафар Әлімбаев
ҚЫМБАТ ҒИБРАТ, ӨШПЕС ӨНЕГЕ
Мен ол кісінің атын сонау бала кезімде естідім. «Павлодардың аудандық «Кеңес туы» газетінің редакторы Бейсенбай Кенжебайұлы деген жігіт екен. «Мәскеуде оқып, университет бітірген. Білімдар азамат! Орысшаға жүйрік, сөйте тұра, сыпайының сынығы, момын мінезді, кішіпейіл» - осы секілді бағамдарды үлкендерден отызыншы жылдардың басында мен жиі естіген едім.
Содан ұмытсам, 1936 жылы болар деймін, латын әрпімен басылған бір кішкентай кітапты мен әкемнің туған інісі Ахметжан ағамның қолынан көрдім. Мұғалім ағам «сен ұға алмайсың» деген жоқ, «оқы!» - деп қолыма ұстатты әлгі кітапты. Кітап А.Пушкиннің қазақша өлеңдері екен, аударылғандар бірнеше ақын. Басы Абай. Шәкәрім қазақшалаған «Дубровский» деген қисса бар екен. Бәрінен гөрі мен соған қызықтым. Бұл менің ана тілімде алғашқы оқыған өлең кітаптарымның бірі. Есімде қалғаны-басылымның ұйымдастырушысы Бейсенбай Кенжебаев екенін ұмытқам жоқ.
Сыртынан атын естіген және құрастырған кітабын құмарта оқыған ағаның өзін алғаш рет 1946 жылы Алматыда көрдім.
Әскерден демалысқа келген едім. Ағамның пәтері іргесінде «Пионер» атты магазин бар екен. Сол корпустың екінші қабатында әдебиетші Бейсенбай Кенжебаев тұрады екен. Күздің шығармақ бір күнінде ағамның пәтері алдынан бәйбішесін ертіп, асықпай аяңдап жоғары қарай биіктеп бара жатқан жігіт ағасын жеңгем қолымен нұсқап:
- Бейсекең кетіп барады әне!- деп сыртынан таныстырған еді.
Бейсекеңнің өзінен кейін 1948 жылы өзім әскерден оралып, әдебиеттің киелі босағасын аттаған тұсында таныстым. Бұл тұста мен «Жаңа әдебиет» атты журнал тігіндісін жасы үлкен бір азаматтың қолынан алып ақтарғаным бар еді. Бұл 1949 жылғы көктем. Одан бері 40 жыл өтіпті-ау. Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» атты әйгілі өлең-романында жазылған сын мақаланы оқыдым. Жаңағы «Жаңа әдебиет» журналынан. Мақаланың тенденциясы мен салыстырма тәсілі мен үшін үйреншікті үрдістен өзгеше болып көрінеді. Қалайша? Автор айтады:
«Сұлушаш» романының басты кейіпкері топтікі ме, таптыкі ме? Қайсысының өкілі ? Егер Ленин өзі зиялының баласы бола тұра өзі сүйген арумен - бір байдың қызымен көңіл қосып кете барса, таптың мүддесін қорғаған өкіл боп есептелер ме еді?! Кедей-кембағалдар табының мұңын мұңдамаған соң ол топтікі болып қалар еді...
Алтай да әлі таптың өкілі емес, оның бар мұраты Сұлушашқа қосылу ғана, ендеше ол топтікі ғана». Автор пікірінің ұзын - ырғасы осындай еді.
Қазір «Жаңа әдебиет» журналының ол саны қолымда жоқ болғандықтан мақала мазмұнын ойымша ғана, зердеде қалған сұлбасын ғана баяндап отырмын...
Маған жоғарыда айтқанымдай ұнағаны-тенденция мен өлшемі. Әрі
батыл, әрі тосын-ұрт салыстыруға келмейтін өлшемдері тоқайластыру қызықтырды. Және сол кезде жап-жас бүкіл халыққа танымал талант Сәбит Мұқановты сынауы да екен!
Мен әскерден оралғанда Бейсеағаң Қазақтың мемлекеттік универ-ситетінде ұстаз екен. Соғыс жылдарында Б.Кенжебаев Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасында бас редактор боп қызмет атқарыпты. Соғыс жылдарында «Қаһарлы сөз қамал бұзады» деген патриотизм және батырлық жайында қазақ мақал-мәтелдері, қанатты сөздері, өлеңдері басылған кітапшаны мен Калинин майданы даласында оқығанмын. Оның да құрастырушусы - авторы тағы да Бейсеағаң болатын. «Абылай» атты кітапшасын да өзіме беймәлім мағлұматтарына бола қайталап оқығаным және бар. Соғыстан соң, ол соғыс жылдарында басылған М.Әуезовтің «Абай» романына ұмытпасам, редактор болған да осы кісі. Әр келген соң, әркімнің естуімше, Бейсеағаң романның жарық көруінде авторға әжептәуір жәрдемін көрсетіп, қол ұшын бергені де бар деседі.. Әрқилы детальдар азаматтық тұтас тұлғасын құрауға себебі тиері хақ...
Б.Кенжебаевтың менің ішімді ала-бөтендеу жылытқаны - өзімнің сәби
кезімді ашып, сөйлей бастаған күндерімнен жадыма сіңіре, ұлы Абайдан соң жандай жақсы көрген ақыным Торайғыров Сұлтанмахмұттың қамшы сабындай қысқа әрі ғибратты ғұмыр, қымбат творчествосын сонау өкпелі-төкпелі кезеңдерде батылдығы барып зерттегені, әрі монография түрінде арнаулы кітап етіп шығарғаны. Мұнда да автордың табандылығы, өзім танып, өзгеге танытсам-ау деген ізгі ниеті. Сұлтанмахмұт сияқты аз жасаған, көп тындырған кемеңгер талантты ұмыту ұмыттырудың қолжаулығына айналдыртпауға бел буып, бекем кірісу, тіпті әлі Абай жайында, Шоқан жөнінде арнаулы зерттеулер жоқ кезде де – монографиясын жеке кітап етіп шығару - бәр-бәрі де автордың кімге болсын іштей сыйлаттырған құбылыс. Одан бері қырық жылдан аса уақыт өткенін ескерсек те, монография өзіне әлі де қарайлатады. Әрине, әдебиеттану ғылымының бүгінгі көтерілген биік деңгейі тұрғысынан қарасақ, еңбектегі зерттеушілік зерделілігінде зергерлік жетіспей, олқы соғып жатқан тұстары да, бәлкім табылар. Дегенмен, бұл Торайғыровтанудың төл басы!
Өз басым осы тұста Бейсенбай ағаны іштей іштартып, туған әдебиетіміздің шын жаңашырларының бірі деп, иіліп сәлем беруші едім. Ол кісі де мені жатырқамай, бауырына тарта сөйлесетін.
ҚазМУ-де шәкірт боп, алдынан дәріс алған жылдары бір ұқаным- XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетін зеттеу мен насихаттау саласында осы әдебиеттің білгірі ретінде Б.Кенжебаевтың көшбасшы болғаны. Дипломдық жұмыстар мен диссертациялар тақырыптарын да жаңа ғасыр басындағы жас әдебиетті жан-жақты, ұңғыл-шұңғылына дейін ақтаруға қарай бұрып, икемдеу университеттен алыста жүргендерге де белгілі боп жататын. Экстремист әріптестерімен жаға жыртысып, әлеумет көзінше айқайласып, арпалысып жатпаса да Бейсеағаң өз дегенін істеп, ілгері жылжытып бағатын.
Талай жылдарда, айтыс-пікір таластарында профессор Қажым Жұмалиев сияқты адуын мінезді ағалар омырауын ашып тастап, шүйіліп, кейде сілкілей жаздап, суыт сөйлеп жатқанда Бейсеағаңдар қызбай, көтерілмей, қоржын аумас көтерілігінен айнымайтын.
- Әй, Бейсенбай, сенің қазақ әдебиеті дәуірін XVIII ғасырдан әрі жылжытамын деу принципіңнен ештеңе шықпайды!-деп көптің көзінше зіл көрсеткен замандасына ләм-мим демегенінде, мен ішімнен Бейсеағаң үшін намыстанып, жасығандай болып қалып едім.
Сөйсем, Бейсеағаң Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев секілді шәкірттерін әдеби ғылымның соны таңына салып, арманының асыл інжулерін тергізіп-ақ жатыр екен ғой!
Бұхар жыраудан әрі бір қадам жылжымай келген әдебиеттану ғылымымыз өз өрісін үш-төрт ғасырға бір-ақ кеңейтсе және жыраулар әдебиетін зерттеу мен насихаттау жемісті жолда болса - жасыратын несі бар- бұл қазақ әдебиетінің қажымас еңбек торыларының бірі профессор Бейсенбай Кенжебаевтың арқасы!
Профессор Б.Кенжебаев КазМУ-дегі әрбір дәрісі үстінде қазақ әдебиеті дәуірі ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы Асан қайғы, Шалкиіздерден басталғанына әр шәкірттің көзін жеткізе сөйлейтін. Біз әр лекциядан елдік дейтін асқақ сезімнің, сергек ұғымының витаминінен сыбаға татып қайтқандай болатынбыз.
Министрлер Советінің таудағы коттедждерінде бір-екі жыл бойы (алпысыншы жылдар ортасында) қатар демалдық. Сонда Бейсеағаңмен жолығып, тілдескен сайын, аллеяда кешқұрым қыдырған сайын:
- Біздің азаматтық тарихымыз да, әдеби тарихымыз да, әріде тым әріде... Әлі бері де өз орнына табылады. Жас ұрпаққа бәрін де жасырмай, боямай, қаз қалпында, қасиетті күйінде ұсынатын күн туады!- дейтін ол кісі. Содан кейін аяңдап басып, асықпай сөйлеп әйгілі жыраулар мен осы ғасыр басындағы зиялылар жайында ұзақ-ұзақ әңгімелер шертетін... Оңашада Мағжан, Шәкәрім, Жүсіпбек жайында да дәмді сұхбатқа сүңгитін. Рас, Бейсеағаң табиғатында ділмар адам емес еді. Оның есесіне Б.Кенжебаев материалдың маңыздылығымен, фактілердің бұлтартпас әсерлігімен баурайтын. Момын мінез. Қоңыр әңгімелердің әр жағында қымбат ғибрат, өшпес өнеге жататын.
Бейсеағаңды соңғы көруім - 1985 жылдың көктемі. Москва мен Ленинградтан, туысқан республикалардан бір топ балалар жазушылары мен зерттеушілері келген. Бір күні белгілі сыншы Құлбек Ергөбековтің дастарханында бас қостық. Төр басында меймандар қасында – Бейсеағаң. Қартайған, бұрынғы әрі тайған. Жүдеу. Бірақ сексен бірдегі серке ағамыз сергек көрінді. Сұхбат үстінде Бейсекең ара-тұра араласып отырды. Дастархан басындағылар ардақты ақсақалдың денсаулығына бірауыздан тост көтердік. Ағамызда ырза көңілден басын изеді...
Там-тұм әңгімесі арқылы да профессор Б.Кенжебаев Москвалық қонақтарға туған әдебиетіміздің өткенінен талай-талай татымды, тіпті таңқаларлық мағлұматтар айтты.
Сөйтсек, өзі де көпті көрген, көптеген саңлақ ағалардан өнеге – үлгі көріп өскен Бейсекең күні еңкейген шағында да қазақ халқы тарихында қадірлі орны бар қайраткерлер жайында (М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов және т.б.) естеліктер, құнды бағамдар жазып жатқан екен. 1989 жылдың басында “Лениншіл жас” газетінде жарияланған естеліктері автордың азаматтық асылдығымен, оптимистігімен әрі батыл-өжеттілігімен сүйсіндіреді. Иә, тарихтың табанды әрі шынайы куәгерлері осындай жандар!
Сөзінен ісі мығым, өзінен еңбегі беделді момын жандар болады. Профессор Б.Кенжебаев сондай мығымдардың бірі ретінде қазақ әдебиеті тарихында айтулы өз орнында – рухани биігінде жасай бермек.
- Қазір қолына қалам ұстап жүрген қазақ жазушыларының қайсысы да Бейсекеңнің алдын көрген, ақыл-кеңесін алған шәкірттері десек артық емес. Бейсекеңнің әйгілі ғалым, сыншы, жазушылығы көпке мәлім ғой. Ал мен үшін ол кісінің аудармашылығы дербес өнеге. Біз В. Половой, Ф. Гладков, Ф.Панферов секілді жазушылар шығармаларымен Бейсекең аудармасы арқылы танысып, сусындадық.
Елуінші жылдардың ішінде Белоцерковскийдің бір шығармасын аударып, ақыл-кеңесін тыңдайын деп ұстазыма келдім. Алғашқы аудармаларымның бірі еді. Бейсекең әдеттігі дағдысынша: «Осылай етсек қайтер еді?!»,- деп өзіңмен ақылдаса отырып, аударманы қарап, түзеп берді. Бұл мен үшін үлкен қамқорлық еді. Мен ұстаз алдынан қанаттанып қайттым. Содан кейін аударманы өнер тұтып, ден қойдым. Қадірлі ұстаз Бейсенбай Кенжебаев тәржімашылық тағдырыма айырықша ықпал еткен адам. Сол үшін де ол кісіні құрмет тұтамын.
Әбілмәжін Жұмабаев
Арап Еспенбетов,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
Достарыңызбен бөлісу: |