Бейсенбай Кенжебаев
АЛАШ ТУЫ АСТЫНДА
Бейсенбай Кенжебаев
АЛАШ ТУЫ АСТЫНДА
(мақалалар мен зерттеулер)
Құрастырып, баспаға
дайындаған академик
Рымғали Нұрғали
Астана – 2004 ж.
Кітапты баспаға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кеңесі ұсынған.
Пікір жазған: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясы және фольклористика кафедралары
Мәтіндерін жинаған филология ғылымдарының кандидаты, доцент М.Шындалиева.
Бұл жинақта қазақтың тарихи әдебиеттану мектебін қалыптастырған, еңбектерінде ұлттық, алаштық мұраттарды тиянақтаған аса көрнекті ғалым, педагог, публицист, аудармашы, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығына арналып әр жылдарда жазылып, баспасөзде жарияланған мақалалар мен зерттеулер топтастырылды.
Академик Рымғали Нұрғали БЕЙСЕНБАЙ КЕНЖЕБАЕВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Қазақтың аса көрнекті әдебиетші ғалымы, сыншы, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Кенжебаев 1904 жылдың қазан айында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Бөген өзені бойында дүниеге келген. Жастайынан шешесінен айрылып, әкесі жалшылықта жүрген жас өрен жоқшылықтың азабын көп тартқан. Жиырмасыншы жылдардың басында Ташкенттегі панасыз балалардың интернатына Ғани Мұратбаевтың қамқорлығы арқасында түскен. Ол туралы өзінің жазған «Байкенженің бала күндері» (Жұлдыз, 1966, №12) атты өміртарихын әңгімелеген шығармасында кеңінен баяндалған.
1922 жылдан бастап Ташкентте шығып тұрған «Жас қайрат» газетіне тілші болады. Москвадағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін (1925), М.Горький атындағы Әдебиет институтының 2 курсын бітірген Бейсенбай Кенжебаевты «Жас қайрат» газеті мен «Лениншіл жас» журналының редакторының орынбасарлығына тағайындайды. 1928 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне ауысады. 1929 жылы Павлодар округінде шыға бастаған «Кеңес туы» (кейінірек «Колхоз» деп аталған) газеттің тұңғыш редакторы. Алғаш Кереку өңірінде қажетті баспа жабдықтарын Қазан қаласынан алдырып, баспахана ұйымдастырған да осы Б.Кенжебаев. 1930 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің шақыруымен «Социалистік Қазақстан» редакциясына қызметке келген. Қазақ Радио Комитетінің алғаш рет ұйымдастырған «Радио газетінің» тұңғыш редакторы да Б.Кенжебаев. 1932 жылы жаңадан ұйымдастырылған «Оңтүстік Қазақстан» газетіне редакторлыққа жіберіледі. 1934 жылы қайтадан «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары болып тағайындалады.
СССР Жоғарғы Советі Ведомствосында (Москва, 1935-1941 ж) аудармашы, Қазақ Мемлекеттік Біріккен баспасында бас редактор (1941-1944ж).
1942 жылы Бейсенбай Кенжебаев Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдап, сонда оқытушы болып қалдырылады. 1944 жылдан бастап қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 1945-1950 жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтында әдебиет секторын басқарған. 1946 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындығы» тақырыбында кандидаттық, 1959 жылы «ХХ ғасыр басындағы қазақтың демократ жазушылары» кітабы бойынша докторлық диссертация қорғаған. Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі (1961-1975), профессоры (1975-1987) болды. Ол Қазақстан Республикасында ғалым-педагог кадрларын даярлауда да айтарлықтай еңбек етіп ондаған ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарын даярлады. Олардың ішінде академиктер З.Ахметов, Р.Бердібай, Р.Нұрғали, ғылым докторлары Х.Сүйіншәлиев, Т.Кәкішев, Н.Төреқұлов, Т.Қожакеев, М.Жолдасбеков, К.Сыздықов, С.Садырбаев, С.Ордалиев, Н.Келімбетов, А.Еспенбетов, А.Қыраубаева, Қ.Ергөбек, Ш.Ыбраев, филология ғылымдарының кандидаттары М.Мағауин, Қ.Сыдыиқов, К.Сейдаханов, Е.Өтебаев, З.Тұрарбеков, М.Қожықов, Қ.Қамбаров, М.Шындалиева т.б. бар.
Б.Кенжебаев шәкірт ғалымдарды тәрбиеледі, монографиялар, оқулықтар, оқу құралдарын жазды. «Қазақ совет әдебиетінің тарихынан конспект» (1947), «Қазақ баспасөзінің тарихынан» (1950), «Қазақ баспасөзі тарихынан мәліметтер» (1956), «Қазақ совет баспасөзінің тарихынан» (1962), «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» оқулығы (1966), Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Қ.Сыдиықовтармен бірге құрастырған «Ертедегі қазақ әдебиетінің хрестоматиясы» (1967), «Қазақ өлеңдерінің құрылысы» (1955), С.Торайғыров, М.Сералин, С.Шарипов шығармашылығы, Біржан мен Сара айтысына арналған еңбектері басылды. «ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының демократ жазушылары» (1958), «Шындық және шеберлік» (1966), «Әдебиет белестері» (1986) секілді іргелі кітаптары жарияланды.
Б.Кенжебаев әдебиеттану ғылымына, баспасөз, оқу-ағарту саласына сіңірген еңбегі үшін 1964 жылы Ленин орденімен марапатталды.
Көзі тірісінде-ақ ғылыми жаңа мектеп қалыптастырған әдебиетші ретінде мойындалған ғалым, Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, жиырма жылдан астам кафедра басқарған ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын даярлаған ұстаз Бейсенбай Кенжебаевтың қазақ әдебиеті тарихындағы орны ерекше. Оның тырнақалды “Абай” атты көлемді әрі терең мақаласы “Еңбекші қазақ” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінің 1925 жылғы 28, 29 тамыз күндеріндегі сандарында жарияланды. Абайды қазақ халқының ұлы ақыны деп дәлелдеген жас қаламгердің өткір де сенімді, ықшам да жинақы сөз саптауы, салмақты да сарабдал ой-тұжырымдары сол тұстағы біраз әдебиетшілерден үлгі алған білімді, ойшыл сыншының алғашқы талпынысы жемісті арнадан, көзді бұлақтан нәр алғандығын көрсетті. Мақала Мағжан Жұмабаев әсерімен жазылған екен.
Осының алдында ғана небәрі төрт-бес жыл бұрын Ташкенттің жетім, панасыз, тентек балаларының тобында жүрген Бейсенбайды сол кездегі Түркістан комсомолының жарық жұлдызы Ғани Мұратбаев өзі тауып алып, жетектеп әкеп балалар үйіне енгізіп оқытып, артынан Мәскеудегі Күншығыс еңбекшілері коммунистік университетіне түсірген.
1922-1925 жылдары үлкен шаһарда терең саяси, тарихи, филологиялық жан-жақты білім алған жігерлі жас Қазақстанға оралғаннан кейін, жаңа қалыптаса бастаған баспасөзде бел шешіп, білек сыбанып, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов сынды алыптармен бір тұста, қоян-қолтық қызмет етті. Әдебиеттің сан алуан мәселелеріне М.Әуезов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов шығармаларын талдауға арналған көптеген мақала, рецензия, шолу жазды. Г.Моппасан, Я.Гашек, К.Федин, Э.Хемингуэй, Лу синь, А.Сорокин әңгімелерінен, Ф.Гладков, Ф.Панферов, Б.Полевой, Е.Мальцевтардың роман-повестерін аударды. Қиын кездердің өзінде М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов туралы естелік жазып қалдырды.
Бейсенбай Кенжебаев өнерпаздығының ең жемісті кезеңдері, оның ғалымдық пен ұстаздықты ұштастырған шақтары Қазақ мемлекеттік университетінде және Қазақ ССР Ғылым академиясында істеген уақыттарынан, қырқыншы жылдардың ортасынан басталады. Іскер оқымысты университетте кафедра басқарса, академияда сектор меңгереді. Отыз жетінің қанды қылышынан Мәскеуде қызметте жүріп қалған Бейсенбай Кенжебаев қырқыншы жылдардың аяғы, елуінші жылдардың басында қатты қудаланды, жұмыстан шығарылды. Ол туралы неше түрлі жала жапқан мақалалар басылды. Саяси бұлт айығып, азды-кемді еркіндік туғаннан кейін ғалым-ұстаз өзінің басты еңбектерін жариялады.
Ғалымның күрделі, іргелі, ең көлемді еңбегі “Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары” (1958) монографиясында тұңғыш рет архивтердің бұрын белгісіз болып келген қорларынан, кітапханалардың сирек газет-журнал, кітаптарды сақтайтын бөлімдерінен, жеке адамдардың қолдарында жинақталған қазыналардан алынған орасан бай материалдар, қолжазбалар, әдеби-тарихи деректер, сан алуан шығармалар озық методология тұрғысынан екшеліп, әдебиеттанудың үздік жетістіктері, дәстүрлі үлгісі негізінде талданған болатын. Зерттеудің басты ұтымдылығы қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы қоғамдық жағдайы мен әдебиеті диалектикалық бірлікте, тарихи байланыста, ажырамас тұтастықта алынуында жатыр. Революциядан бұрын қазақша жазылған, жарияланған аса көп материалдарды зерттеуші әр жерден талмай іздеп тауып, көз майын тауысып, түгел оқып ой сарабынан өткізіп, қорытып, жүйелеп, оның ішінде, әсіресе, көркем әдебиетке қатыстыларын білгірлікпен саралап, арна-арнаға бөліп берді. Күні бүгінге дейін бұл кітап – баспасөз тарихына байланысты ең тиянақты, әдебиетші, журналистер ғана емес, тарихшылар, философтар, педагогтар, экономистер түгел жүгінетін беделді, абыройлы еңбек.
Демократиялық-ағартушылық бағыттағы ақын-жазушылардың дүниетанымындағы ортақтық, әдеби-тәсілдерінің ұқсастығы, шығармаларындағы идеяларының сарындастығы, көркемдік құралдардағы арналастық, жалпы сабақтастық, жалғастық проблемаларын ашу арқылы ғалым ең алдымен әдеби дамуды, әдеби қозғалысты нақты әрі жинақы, тарихи тұрғыдан көрсетіп шықты.
Демократтық бағыттағы көрнекті қаламгерлер – М.Сералин, С.Торайғыров, Ә.Тәңірбергенов, С.Дөнентаев, С.Көбеевтің өмірі, білім алған ортасы, шығармаларының жазылу тарихы, олардың басылуы, зерттелуі, идеялық-көркемдік ерекшеліктері – осылар секілді сан алуан мәселелерге зерттеуші көбінесе тыңнан, бірінші болып жауап берді, ғылыми, әдеби байламдар жасады. Ғалымның мұндай қорытынды ойларын, пікірлерін ХХ ғасыр басындағы әдебиетті зерттеген кейінгі әдебиетшілер өз еңбектеріне сүйеніш, тірек етті, ілгері жалғастырды, орынды пайдаланды.
Аз ғұмырында халқының рухани байлығына орасан зор эстетикалық игілік қосқан Сұлтанмахмұт Торайғыров мұрасын зерттеу, жариялау, бағалау, насихаттауда Бейсенбай Кенжебаев көп еңбек етіп, мол қажыр, қыруар қайрат жұмсап, ақын шығармаларының әдебиет тарихындағы қастерлі орнын айқындап берді. Ол кекті, мұңды, ойшыл ақын Сұлтанмахмұт мұрасын дәйекті түрде қорғап шықты; ақын туралы диссертация, кітап жазды; университетте арнаулы курс оқыды, жаңа өлеңдерін тапты; шығармалар жинағын бастырды. Сұлтанмахмұттанудың негізін салушы Бейсенбай Кенжебаев екенін қазірде әдебиетшілер қауымы түгел мойындайды. Осы монография негізіне жазылып, жаңа тараулармен толықтырылған “ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті” кітабы 1966 жылдан студент-филологтардың бірнеше буынының қолынан түспеген оқулыққа айналды; әлденеше рет қайта басылып, уақыт сынынан өтті. Профессор Б.Кенжебаевтың әр кезеңде, әр тұста әр түрлі басылымдардың бетінде, ғылыми кеңестерде, айтыс – диспуттарда ой-пікір, тезис-шолу, пікір ұсыныс, мақала, рецензия түрінде айтып келген тұжырымдары: қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу, оны қай уақыттан бастау керек, ежелгі әдебиет нұсқалары дегенде қандай шығармаларды білеміз дейтін пікірлері, ғылыми концепциясы, сарқынды, жинақы ойлары сәтті түрде тұтастырылып, “Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері” (“Ғылым” баспасы, Алматы, 1973) деген кітапта берілді. Бұл тұжырымға Бейсенбай Кенжебаев бірер жылда, яки аяқ астынан келген жоқ, ұзақ жылдар көне әдебиеттер үлгісін зерттеу арқылы, бауырлас халықтар тәжірибесіне сүйеніп, мың ойланып, жүз толғанып барып, халық тарихы мен әдебиет тарихы терең байланыста екендігіне әбден көзі жеткен соң ғана барған еді.
Алғаш 1941 жылы жарияланған “Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселелері туралы” атты еңбегінде жасаған Б.Кенжебаев саралауы өзінің ғылыми дәлдігін көрсетті. Көне ескерткіштер “Дивани луғат-ат түрік”, “Қиссасул әнбия”, “Кодекс Куманикус”, “Мұхаббатнама” секілді шығармалар туралы ғалым жеке-жеке арнаулы мақалалар жазып, олардың қазақ әдебиетіне қатысты арналарын терең ашып көрсетті, тарихи тамырластықты лингвистикалық-әдеби мысалдар арқылы дәлелдеді; бірқыдыру теориялық ойлар “Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу” деген мақалада айтылды.
Ғалымның негізгі концепциясы, басты тұжырымдары оның шәкірттері жазған еңбектерде дамытыла түсті, жаңа фактілер арқылы айқындалды, соны пікірлермен толықты. Бұл ретте қазақ әдебиетінің қалыптасу жолдарын зерттеген, көне түрік әдеби ескерткіштері мен қазақ әдебиет байланысын анықтаған, Алтын Орда дәуірі әдебиетін тексерген, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясын қарастырған еңбектер, диссертациялар “Ежелгі әдебиет нұсқалары” оқулық-хрестоматия (1967) тұтаса келіп, қазақ әдебиеттану ғылымында Бейсенбай Кенжебаев қалыптастырған нақты-тарихи зерттеу мектебінің орныққанын жаңа ғылыми бағыттың өріс алғандығын көрсетіп берді. Сол жылдардың бір көрінісіндей болып “Күлтегін ескерткішінің” көшірмесі 2001 жылы Астана қаласына келіп орнады.
Қалың оқырман қолына Бейсенбай Кенжебаевтың “Жылдар жемісі” (1984) атты кітабы тиді. Қазақтың ең қарт әдебиетшісі жаңа буын, жас ұрпақпен жүздесіп отырғандай. Халқының жан-жүйесі, абырой-намысы, мақтаныш мерейі, асыл сөзі, әдебиеті туралы сыр айтпақ, ой толғамақ, тебіренбек. Осы орайда Бауыржан Момышұлының “Қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге бар ғұмырын арнап келе жатқан ол – нағыз қаһарман” деген сөзі еске түседі. Ғалымдықты ұстаздықпен ұштастырып, бар ғұмырын туған әдебиетіне арнаған ағаға берілген орынды баға.
- Мені жұрт батыр дейді, халық құрметіне рахмет! Бірақ, мен, әдебиет майданының бір батырын білемін, мақтаныш тұтамын. Ол- профессор Бейсенбай Кенжебаев. Ұлт әдебиеті тарихын сан ғасырларға ілгерілетуден артық қандай батырлық бар!? Қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге бар ғұмырын арнап келе жатқан ол – нағыз қаһарман.
Бауыржан Момышұлы
Академик Рахманқұл Бердібай
ҒАЛЫМ ҒИБРАТЫ
Барлық істерді идеологиялық қатал қағидаларға тәуелді еткен кешегі әкімшілдік-әміршілдік жүйе дәуірлеген кезде қоғамдық ғылымдардың, соның ішінде сын мен әдебиеттің құлашы жазыларлық жағдайы болмағаны белгілі. Қаламгер қауым ол тұста көңілінің қалағанын емес, күні ілгері міндеттелген нәрселерді жазуға мәжбүр болды. Нағыз ғылымға берілген жандар үшін бұл бір қысыңқы, қолайсыз ахуал еді. Ал әдебиетті күнкөріс құралына айналдырған ептілер мен икемделгіштер жаттанды ізбен жосылтып жазып, алдына жан салмайтын, атақ пен дәрежеге қол жеткізетін... Бірақ уақыттың қатал сыны бұл күнде шын құндылықтар мен жалған жалтылдақтың парқын айырып, олардың ақиқат орнын анықтауға беттеп келеді.
Кезінде әдебиеттану саласында бір кісідей қажыр жұмсап, барлық қайраты мен қабілетін қазақ көркем әдебиетінің асылдарын аршып көрсетуге жұмсаса да, еңбегі лайық бағаланбай, тасада қалыңқырап келген ғұламаның бірі- бүгінде туғанына 100 жыл толып отырған Бейсенбай Кенжебаев. Өзіндік ойы, азаматтық беті бар қайраткерлеріміздің көбі қуғын-сүргінге ұшыраған заманның шарпуы Бейсекеңе де тимей қалған жоқ. Оның еңбектері баспаның жоспарынан сызылып, жарық көрген мақалалары мен зерттеулері жойымпаз сынның сойылына ұшыраған кездер аз емес. Мәселен, қазақтың классик ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығын тегеурінді, неғұрлым жүйелі зерттеген де, сол үшін ең көп қиянатқа ұшыраған да Бейсенбай Кенжебаев болғаны әдебиет жұртшылығына мәлім. Ол ұлы ақынның бұрын жарияланбаған кейбір өлеңдерін басылымға даярлағанда әсіре белсенділер жарыққа шығайын деп тұрған кітапты жойдырып жібергенін білеміз. Мұнымен қоймай «Бейсенбай Кенжебаев Сұлтанмахмұттың ұлтшыл өлеңдерін жарыққа шығара жаздады, сол үшін жазалануы тиіс еді»,- деп ғалымның қыр соңынан қалмағандары да бар. 1950-ші жылдардың бас кезінде Бейсекеңнің «ұлтшыл» деп айыпталып, жұмыстан шығарылған кезін де көрген едік. Оның қазақ тарихы мен әдебиеті жөніндегі қандай да болмасын тың пікірлері мен ұсыныстары тосқауыл көрмей қалған емес. Әрине, мұның бәрі Бейсекеңнің шығармашылық тағдырына кері әсер еткені, ілгері басқан қадамын кейін шегіндіргені шүбәсіз. Соған қарамастан қайраткер ғұламаның небір өміршең зерттеулер жасап, салдарлы іс тындырғанын ерлікке барабар әрекет деп тануымыз керек...
Атақ та, даңқ та өткінші, алдамшы болатын кездері өмірде жиі ұшырайды. Әдебиет сыны мен ғылымында Б.Кенжебаевпен бір сапта жүргенмен, одан анағұрлым «өтімді» болған кейбір әдебиетшілердің еңбегі қазір мүлде қызықсыз болып қалды. Өйткені, шырқыраған шындықты айта алмаған бояманың аты бояма. Ешқашан лауазымды әкімдік қызметке көтеріліп көрмеген Бейсекеңді шәкірттері мен адал әріптестері тірлігінде қалай құрметтесе, қазір де оның ұстаздық беделі төмендеген жоқ деп айта аламыз. Бұл күнде әдебиетіміздің белгілі тұлғалары болып қалыптасқан қаншама суреткер мен зерттеуші, сыншы өздерінің Б. Кенжебаевтан тағылым алғанын биік мәртебе санайды. «Ғалымның хаты өлмейді» деген көне нақылдың растығын осы мысалдан да көргендейміз.
Б.Кенжебаев еңбектеріне тұрақты қасиет дарытқан не нәрсе десек, алдымен олардың биік ақиқат туындысы болғандығын айтар едік. Мұны аңғару үшін ғұламаның ондаған кітабын, жүздеген мақаласын санап шығу да, мазмұндау да қажет емес. Оның әдебиет әлемінде әр кезде бой көрсеткен қайшылықты пікір таластары тұсында ешкімнің лауазымы алдында жалтақтамай, төніп тұрған қауіп-қатерден именбей азаматтық тегеурінділік көрсеткенін еске түсірсек те, ғылымның фидайы еңбеккері екеніне көзіміз жетеді. 1920- шы жылдардың орта тұсында қазақ классикалық поэзиясының шұғылалы шыңы Абайдың мұрасы төңірегінде бір-біріне кереғар пікірлер айтылып жатқанда жас әдебиетші Б.Кенжебаев «Абай- қазақтың халықтық, ұлы ақыны» деп көлемді мақала жазып жариялайды. Абайды әдебиет тарихынан мүлде сызып тастамақшы болған қаламгерлерге қарсы шығуға тайсалмайды. Осындай шыншыл мінез әлдекімдерге жағып, пайда табайыншы демейтін адалдық және өзіндік пікірін қорғай білетін күрескерлік оның болашақ творчестволық тағдырына берік қалыптасқаны байқалады.
Шығармалары дұрыс бағаланбай, бір жақты сынға ілігіп, ұзақ жылдар бойы басы даудан айрылмай келген Сұлтанмахмұт мұрасы еді. «Халқымның шын перзенті екеніне, тарихтың өзі берер куәлікті» деп жырлаған ұлы ақынның атына жабысқан кінарат тіпті елуінші жылдардың орта тұсына дейін сейілмей келген. 1955 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында істеп жүрген кезінде Сұлтанмахмұттың қайтыс болғанына 35 жыл толуына арналған бетті ұйымдастыру үшін қаншама теріс пікірлерді жеңуімізге тура келгені әлі күнге дейін есімде. Міне, осы Сұлтанмахмұттанудың негізін қалаған да қайсар ғалым Б. Кенжебаев екенін де ашық айту парыз. Бейсекеңе тиген соққының көбі де дәл осы Сұлтанмахмұт туралы жазған зерттеулері үшін болатын. Өз пікірінің әділдігіне көзі жеткен ғалым қанша қиындық көрсе де, өзінің концепциясынан айныған жоқ, жүйелі де жігерлі ізденістерін жалғастыра берді, ақырында шындықтың үстем болғанын да көріп өтті.
Бүгінде қазақ әдебиетінің зор жетістігі деп бағаланатын «Абай жолы» роман - эпопеясының алғашқы кітаптары жарыққа үлкен қиындықтар мен шыққанын елдің көбі білмейді. Ал сонау қырқыншы жылдардың бас кезінде романнның бірінші бөлімі төңірегінде талас-пікірлер көптеп орын алған болатын. Романға тағылған басты «кінәнің» бірі қазақтың өткен өмірін әсерлеп суреттеген дейтін тұжырымға саятын «қазақ халқының бақыты совет заманында ғана ашылды, ал одан бұрынғы дәуірде мақтарлық дәнеңе жоқ» деп даурыққандық дауысы ол кезде тым күштірек шығатын. Қолжазбаны кітап етіп жариялатпаймыз деп шеп құрғандардың айбатына да, ғайбатына да қарамай, «Абай» романын жарыққа шығарған да Бейсенбай Кенжебаев еді. Мұның нық куәлігін Мұхтар Әуезовтің өз кітабына ерекше ризалық сөздер жазып, Бейсекеңе ұсынғанын көргеміз. Кейіннен «Абай» романын мақтаушылар көп болғаны белгілі. Бірақ қазақ әдебиетінің ұлы туындысына Б.Кенжебаевтың дер кезінде, алмағайып шақтарда болысқаны бірегей құбылыс деп айтуға тұрарлық...
Ғалымның азаматтық бейнесін жарқыратып ашатын мысалдың тағы бірін келтірейік. 1957 жылдың басында «Қазақ әдебиеті» газетінде Бейсекеңнің «Өтелмеген парыз» денген шағын көлемді мақаласын басқан едік. Ол кезде мен газетте сын бөлімінің меңгерушісі едім. Мұнда автор жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетіне азды-көпті еңбек сіңірген бірнеше ақын, жазушы, журналшының аттарын атап, солардың еңбектерін қайта басып шығару мәселесін көтерген. Мақаланың жариялануы мұң екен, «Қазақ әдебиеті» күтпеген даудың астында қалды. Мақалада аты, шығармалары көрсетілген жазушының бірі қазақ бостандығы үшін аянбаған қаһарман күрескер Смағұл Садуақасов болатын... Сөйтсек жиырмасыншы жылдардың орта тұсынан бастап 1933 жылға дейін Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші секретары болған, қазақ халқының қас жауы Голощекиннің зорлық саясатына қарсы тұрған С.Садуақасовқа «өштігі бар» мәңгүрт мінезді біреулер «Қазақ әдебиеті» газетінің үстінен арыз жазған екен. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шаш ал десе, бас алатын сол кездегі идеологиялық секторының «нұсқауымен» газеттің бас редакторы Сырбай Мәуленовті, редактордың орынбасары Жұбан Молдағалиевті, газеттің жауапты секретары Төкен Әбдірахмановты «партияның саясатына қарсы шыққан С.Садуақасовты насихаттаған үшін кінәлі» деп тауып, жұмыстан босатқанын көргенмін. Бұл анық асыра сілтеу еді. Смағұл Садуақасовтың басын қатерге тігіп, Сталиннің сенімді жендеті, азуы алты қарыс Голощекиннің халыққа жат істеріне қарсы болғаны оның өшпес еңбегі екенін енді-енді біліп отырмыз. Ал 1957 жылғы жағдай мүлдем басқаша еді. Сол кезде С.Садуақасовтың ұлылығын еске түсіріп, газетке хат жазудың өзі батылдықты керек ететін. Бұл мақаласы үшін Бейсекеңнің тағы да бір талқыға түсіп, «ескерту» алғаны мәлім.
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ демократиялық әдебиеті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығын тұтас зерттегені Б. Кенжебаевтың ең күрделі ғылыми істері болып табылады. Ғалым жекелеген ақын-жазушылардың туындыларына жан-жақты талдау жасап, олардың әділ бағасын берумен шектелмей, дәуірдің мәдени-саяси халдерін қоса қамтып, обьективтік ақиқаттарды айта алды.
Сол кезеңдегі әрбір көрнекті суреткердің қайталанбас ерекшелігін тану, тексеру мол білімді, архив деректерін ерінбей-жалықпай іздеуді, белгілі бір тың қорытындылар жасауға сенімділікті, принциптілікті керек ететін. Бейсекең осы еңбегінде бірталай қаламгер есімін әдебиет тарихына қосты. Солардың қатарында Тайыр Жомартбаев, Әкрам Ғалымов секілді бұрын жұртшылыққа жеке таныс болмаған есімдер де бар еді. Ал өмірі мен қызметі мәлім дегендердің шығармашылық тәсілі мен әдебиеттегі орнын қайтадан пысықтап шығу қажет болатын. Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мен журналистикасының аса ірі өкілі Мұхамеджан Сералин жөнінде дұрыс пікірдің қалыптасуына Бейсекеңнің сіңірген еңбегі өзгеше болғанын атап өтуіміз шарт. Б.Кенжебаевтың ғалым ретіндегі аса бағалы істерінің бірі оның қазақ әдебиетінің тарихын күллі түрік халықтарына ортақ болып табылатын сонау Ү-ҮІІ-ғасырларда жасалған Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастау қажеттігін негіздеп дәлелдегені, осы арқылы әдебиеттануда өзіндік ғылыми мектептің бастаушысы болғандығы мәселенің мәні қазіргі қауымға түсініктірек болу үшін көне әдебиет тарихы жөнінде соны бағдардың қандай жағдайда дүниеге келгеніне де тоқталуымыз ләзім...
Совет жылдарында жарық көрген еңбектердің бәрінде де қазақ тарихы мен мәдениетінің ертедегі кезеңдеріне мүлде дерлік көңіл бөлінбей келгені белгілі. Осы себептен қазақтан да бұрынғы заманда отырықшылдық, егіншілік, шаһар мәдениеті, жазба ескерткіштер, әдебиет, ғылым қайраткерлері болды ма деп сұрақ қоюдың өзі ерсі саналатын. Барлық тағдырымыз орыс мәдениетімен байланысты деген ұғым қалыптасып қалған еді. Абай, Ыбырай мен Шоқаннан бұрынғы ақын-жазушылардың ілуде біреуі болмаса аттары да атала бермейтін. Бұқар жырауды ханның кеңесшісі, үстем таптың сойылын соғушы, Шортанбай, Дулат, Мұраттарды кертартпа зар заман ақындары деп біріңғай жамандау қалыптасқан болатын. Осындай үстірт түсініктер бел алған соң, қазақ әдебиетінің әрідегі дәуіріне ешкім де аттағысы келмейтін. «Қазақ әдебиетінің тарихы он үшінші ғасырдан басталады» деген тұжырым оқу бағдарламаларына, оқулық, хрестоматияларға еніп кеткен еді. Қазақ халқының тілі, тегі, тағдыры, діні ұқсас өзге түрік халықтарымен байланысын сөз етуіне ешкімнің де жүрегі дауаламайтын. Міне, осындай жағдайда Б.Кенжебаевтың «Қазақ әдебиетінің тарихын бесінші-жетінші ғасырлардағы тас жазулардан бастайық» деп мәселе көтеруі басқаларды былай қойғанда, әдебиет тарихының маманымыз деп жүргендерге де тым тосын болып естілді.
«Қазақ әдебиеті» газетінің беттерінде 1956-1957 жылдарда ұлт мәдениеті, әдебиеті, тілі, өнерінің ұзақ жылдар бойына жабық жатқан көп мәселелері көтеріліп, жұртшылық пікірін тудырғаны зиялы қауымның есінде болар. Жоғарыдан «рұқсат етілмеген» проблемаларды қозғағаны үшін газет редакциясының басшылары мен кейбір қызметкерлері Орталық Комитеттің қырына ілінгені өз алдына бір әңгіме. Дегенмен, әдебиет тарихын зерттеудің мүлде тоқырауға ұшырағанын сезгендіктен болар, партиялық басшылық осы мәселелерді талқылау қажеттігін көрсеткен еді. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелеріне арналған 1969 жылғы ғылыми-теориялық конференциясы осындай жағдайда өткізілген болатын. Осы конференцияда әр түрлі қызықты баяндамалар болды. Солардың ішінде келешегі мол, түбірлі концепцияны ұсынған баяндаманы жасаған Бейсекең еді. Ол қазақ әдебиетінің көне дәуірін халықтың тарихына, туысқан түрік елдерінің тарихынан бөліп алып қарауға болмайтынын, орта ғасырларда жасалған жазба ескерткіштердің көбі түрік халықтарына ортақ екенін дәлелдеді. Бірақ жалпы жұртшылықтың, соның ішінде зерттеушілердің бұл проблемалардан аулақ тұрғаны соншалық, конференция шешімінде Б. Кенжебаев ұсынысы кезінде қабылданбай қалғаны жадымызда...
Қалай десек те, Бейсекеңнің аталған конференцияда ұсынған мәселесі бірте-бірте күн тәртібіне қойылып, жаңа ізденістерге жол аша бастады. Ғұлама айналасына топтасқан әріптестері мен шәкірттері ежелгі әдебиет мәселелерін тексеруге тиісті үлестерін қосты. Бұл ықыласты топтың ішінде Х.Сүйіншәлиев, М.Мағауин, Қ.Өмірәлиев, М. Жолдасбеков, Қ.Сыздықов, Н.Келімбетов, Ә Дербісәлиев, А.Қыраубаева сынды белгілі зерттеушілер болғанын атап өтуіміз қажет. Осылайша қазақ әдебиетінің кем дегенде 1500 жылдық тарихын білуге деген ұмтылыс өріс алған. Содан бері қарай мұның өзі аса жемісті ғылыми бағытқа айналғаны көпке аян. Бұл айтылғандар Бейсекеңді қазақ әдебиеті тарихын зерттеуде тұтас бір ғылыми мектеп қалыптастырған дегенімізді дәлелдесе керек...
Б.Кенжебаевтың мол білімдарлығы, азаматтық тұрғысының беріктігі басқа да көп салалардан айқын көрінетін еді. Мәселен ондаған жылдар бойында шығыс әдебиетімен байланыстарды тексеру тоқтатылып қалғанда, осы іске жол ашуға Бейсекең тікелей ықпал жасады дей аламыз. Шығыс әдебиетінің асыл нұсқаларын ұмыт қалдырып, одан біріңғай діншілдікті іздейтіндер, шығарманы оқымай жатып, сыртынан үркетіндер бізде аз емес еді. Сол кезде әдебиетіміздің осындай құнарлы кітабына зейін қойғандар көмек, кеңесті Б.Кенжебаевтан табатын. Бір кездері «кітаби ақындар» деп аталып кеткен, шығыстың аңыздары мен әпсаналары негізінде шығарма жазып, рухани байлық қосқан Шәді Жәңгірұлы, Жүсіпбек Шайқысыламұлы, Ақылбек Сабанұлы сынды бір топ шайырлардың әдеби қызметі туралы ғылыми, әділ пікір қалыптастыруда Бейсекеңнің беделді сөздері зерттеушілікке кең жол салғанын естен шығаруға болмайды. Мұның бәрі жекелеген сәтті аңсарлар ғана емес, тың әдістемелік бағдар деп есептеу керек. Ғұламаның еңбектеріне өміршеңдік қасиет дарытатын, оларды біздің заманымызбен үндес ететін құпия осы салада жатыр. Өзінің төл туындыларымен ғана емес, өзі негіздеп дәлелдеген ғылыми мектебі арқылы әдебиеттанудың даму тағдырына әсер еткен оқымыстының өзі өлсе де, ісі өлген жоқ деп айтуға толық негіз бар.
Табиғатында мейлінше момын, кішіпейіл, таза еңбектен басқа қысыр сөзге әуестігі жоқ, көзі жеткен шындықтан шегінбейтін, дұрыстығын дәлелдей алатын қайсар, халықтың биік мүддесін өзінің жеке басының мүддесі үшін құрбандыққа шалмайтын, дарынды, қабілетті шәкірттеріне ғылымының асыл мұратын түсіндіруден жалықпайтын мейірімді ұстаз, шын мәніндегі үлкен адам, азамат Бейсенбай Кенжебаевтың өмірлік һәм ғылымдық жолы – ғылым әлеміне қадам басқандардың қай-қайсысына да өнегелі жол.
ХХ ғасырдағы қазақ көркем сөзі мен ойының өрлеуіне, қазақ азаматы санының қалыпатасуы мен дамуына қадірлі Бейсекеңдей еңбек сіңірген азамат кемде-кем… Ғалым ретінде де, ұстаз ретінде де кейінгі кездегі рухани гүлденуімізге мұрындық бола білді. Азат елдің азат ойының дәуірлеу тұсында Бейсекеңе ұлт болып тағзым етуіміз әбден заңды.
Әбіш Кекілбаев
Академик Мұхамеджан Қаратаев
ЖАҚСЫ АҒА, ЖАЙСАҢ ЖАН
1925 жылдың мамыр айы. Мен Жаңақорған интернатын бітірдім де, Қызылордаға барып, Ленин атындағы жоғары класты интернаттың бесінші класына түстім. Ол кезде астана әлі Қызылорда болатын. Міне, сондай астанада оқу кешегі дала баласына қандай жаңалық, қандай қуаныш десеңізші?! Жан-жағыңа жалтылдап қарайсың, көп нәрсе көргің келеді, білгің келеді. Құштарлық мол.
Бір күні қымызханаға кірсем нағашы ағам Мұстафа сонда отыр екен, барып сәлемдестім. Ол мені өзімен бірге отырған Бейімбет Майлинмен таныстырды. Би-аға менің аты-жөнімді білген соң, сөз арасында қабырға газетіне өлең жазатынымды естіді де, «өлеңіңді әкеліп көрсет» деп мені «Еңбекші қазақ» газетінің редақциясына шақырды. Жалындаған жас уақыт, «ұрыста тұрыс бар ма» дегендей ертеңіне-ақ жетіп бардым Би-ағаңа. Барсам, Бейімбет жанында бір ақсары жас жігіт отыр екен.
«Мына бала интернатта оқиды. Өлең жазатын көрінеді. Мұстафаның жиені. Шешесінен жетім қалыпты, өлеңдерін оқып көр. Ішіңе тарт», - деді Би-ағаң ол жігітке қарап. Сосын маған бұрылып:
- Мына жігіт Бейсенбай Кенжебаев деген ағаң болады, бізде қызмет істейді. Өлеңдеріңді Бейсекеңе көрсетіп тұр, жарай ма? – деді.
- Иә,- деп басымды изеп күмілжідім.
Араб әрпімен жазылған екі-үш өлеңім бар еді. Соның ішінен қолыма түскені «Ленин ата» болды. Өлеңімді ұсынып едім, қолына алып оқыды да:
- Дұрыс қой, қабырға газетіне жарайды, бізге ертерек, көп оқы, ұштала жаз, келіп тұр, - деп қайтып берді. Ертеңінде Қазақстанның оқу-ағарту комиссариатынан Біләл Сүлеев деген орынбасары шақырып алып, Орынборға оқуға жіберген болды. Сонымен Мұстафа ағадан да Бейімбет пен Бейсекеңнен де қол үзіп, Орынборға кете бардым. Орынборда қазақ медицина техникумында оқып жүрдім. «Еңбекші қазақ» газетінде оқып тұрамын. Газет бетінде жарияланатын өлең, әңгіме, әдеби мақалаларды қызыға оқимын. Соның ішінде әсіресе, өзім Орынборға жүрерде танысқан Бейімбет Майлин мен Бейсенбай Кенжебаев атымен жарық көрген материалдарға қызыға қараймын. Сол жылы күзде «Еңбекші қазақ» газетінде «Абай» атты үлкен мақала жарияланды. Авторы - Бейсенбай Кенжебаев. Қызығып оқыдым. Есімде қалғаны, Абай-халықшыл ақын, халықтың қамын ойлаған ұстаз ақын дегені. Тағы бір есімде қалғаны-кейінірек сол мақаланы төңірегінде сын болған. Олай болатыны, Абайдың шыққан тегіне қарай бай деп, сынағыштар көбейіп жатқан. Айтыстың немен тынғанын білмеймін, 15-16 жастағы бала кезім ғой, сірә, пролетариат ақын емес деген солақайлық басым түскен болуы керек. Міне, Бейсекеңді алғаш көргенім әлгі еді, табанды мақаласын сүйсініп оқыған сәтім осы. Мақала маған айрықша әсер етті.
Төрт бес жыл өткен соң, 1930 жылдың сәуірінде Алматыға келдім. ҚазМУ-ге түстім. Күзде ҚазПи-ге ауыстым. Сол кезден бастап әдеби қауым сол ҚазПи-де бас қосатын болды. ҚазАПП-тың дербес үйі жоқ. Сондықтан белгілі жазушылар, әдебиет сүйгіш қауым арнаулы жиналыстарды өткізу үшін ҚазПи-дің кең аудиториясына жиналатын. Басқалардың қатарында Бейсекеңді ара-кідік көріп қалып жүрдім. Бұрын Қызылордадан таныс болғандықтан ба, әйтеуір, көргенде жылы амандасатын болдық. Ол менің әдебиет факультетінде қалай оқып жүргенімді, не жазып жатқанымды сұрайтын болды. Әрине, жастарға жаңашылдығы себеп. Осындай ілтипатпен іш тартып сөйлесуімізге тағы бір себеп болды. Ол-Өтебай Тұрманжанов. Өтекең педагог. Балалар әдебиетінен бізге сабақ оқиды, ақын, бір жағынан баспа орындарында оқулықтар шығарады. Бейсенбай да баспа жағында істейді. Өтебай екеуі дос-жаран кісілер, бұрыннан сыбайлас екен. Екеуі әман ынтымақтасып жақын жүреді. Өтекең оқушыларының ішінде мені іштартып жақын ұстайтын. Сөйтіп мен екі достың арасында, жасырақ болсам да, өзімді еркелеу тұтамын. Соның себебін әлі институт бітірмеген студент болсам да, екеуі қосылып мені баспа ісіне тартты. Бастауыш мектептің 3 класы үшін 1933 жылы оқу кітабын, 1934 жылы 4 класс үшін түсініктеме хрестоматиясын шығардым. Сондай-ақ 1938 жылы 10 класс үшін қазақ әдебиетінен оқулық-хрестоматия шығардым. Алғашқы қадамдағы қос аға қамқорлығын қалай ұмытайын? Ұмытпайын.
Өзінің әдеби еңбектерінің байыптылығымен, сын мақалаларының маңыздылығымен Бейсенбай ағай көп ретте маған үлгі салып отырды. Оңаша әңгімелерде де менің сындағы алғашқы қадамыма жақсы лебіз айта отырып, кем-кетіктерін де көрсетіп, сынның әділ болуын алға тартып отырды. Соның ішінде есімде қалғаны 1933 жылғы «Қызыл ат және социалистік реализм» («Лениншіл жас», 16, 18, 19, 20, 21 қаңтар), 1934 жылғы «Мұхтардың тартысы және кейбір мәселелер» («Әдебиет майданы», №6), «Пішілген тонға бұлдыр образ» («Қазақ әдебиеті», 8 шілде), «Шоғырдан озған «Шұғыла» («Қазақ әдебиеті», 21 қаңтар) секілді сын мақалаларымды жазғанда аға үлгісін көп алдым деп білемін.
Тәжірибеден білеміз, сын әділ болсын, ақиқатты айтсын, шындықты көрсетсін дегенді жайшылықта кім айтпайды? Әркім-ақ айтады. Бірақ оны әркім көтере бермейді. Шамданады, жауағады. Ал Бейсекең бұл ретте сынды айтуда да әділ еді, көтеруге де төзімді еді. Тіпті, басқаны былай қойып, 1937 жылы сын жөнінде Жазушылар Одағының пленумында жасаған баяндамамда Бейсекеңнің үлкен сыншылардың қатарында мадақтап, атай келіп, бір жерде сәл іліп кеткен екенмін, үзілісте Бейсекең жымиып келіп:
- Міне, дұрыс! Қаттырақ айту керек еді! – деп арқамнан қақты, ризалығын білдіріп. Мұның өзі әрқашан әділ, адал, биязы мінез ақжарқын Бейсекең адамгершілігінің белгісі еді.
Біздің Бейсекеңмен біліскен, мәдениет майданында қоян-қолтық араласқан 30-жылдардың бас кезі, ашаршылық қамытына ұрынып, енді ғана ес жия бастаған кез еді. Енді ғана рухани серпіліс пайда болып, 1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиетінің он күндігі табыспен өткен, С.Сейфуллиннің шығармашылығының 20 жылдығын құрметпен атап өткен. Жамбыл даңқы көкке көтерілген көңілді жыл сияқты еді. Үлкен үміт артқан 1937 жыл келді де, қазақ сүтінің қаймағы сыпырылып кетті. Мұның алдында «байшыл, ұлтшыл» дегенді желеу қылып, әр түрлі сылтаумен мәдениетті Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан секілді бір шоғыр жұлдызын біртіндеп сөндірсе, енді Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Ғаббас, Темірбек, Тұрар, Нәзір, Сұлтанбек, Ораз секілді ондаған, жүздеген мәдениет қайраткерлерін топалаңға салып, жойды. Бірақ мұнымен тыйылып болған жоқ, өз қырсық қырғынымен 1938 жыл келді. Бұл жылы жойқын екінші қатарға көшті де, Өтебай, Хамза, Зейін, Сайділ, Мәжит, Құлмырза, Хасен, Мұхамеджан секілді жас жазушыларды ағаларының жолын құштырды. Сталиншіл қанішерлердің оғы жетпеді ме, әлде уақыты жетпеді ме соңғы буынның көрмеген бәлесі, қорлығы жоқ, әйтеуір, тірі қалды. Ілуде біреу дегендей, Бейсекең құдай сақтағанда қатарынан қалайда аман қалды. Аман қалды дегенімізбен, кейін білдік, Бейсекеңнің де көрмеген азабы болмапты.
Мен Өтебайдан екі ай кейін ұсталғанмын. Зәрем ұшып, үрейім
қашып жүргенде, бір күні Бейсенбайды көріп қалдым. Жүдеу тартып, түсі қашқан. Менімен оңашарақ шығып:
Әй, Мұхамеджан, бұл не боп барады? Шетімізден тізіп апара
жатыр ғой... Бұған не амал?
Менің тілім күрмеліп, үнім шықпай қалды.
- Ғаламат қой, Бейсеке! – дедім тұтығып, сәлден кейін. Осыдан қайтып көріскен жоқпыз. Көп ұзамай мен де кетіп тұрдым тұңғиыққа. Онда не көргенім ешкімге тілемейтін өз алдына әңгіме. Қазіргі әңгіме Бейсекеңмен қашан көріскенім жайында.
1956 жыл. Көрмегелі арада 17 жыл өткен. Бұл Алматыға қайтқан соң, жұмыс іздеп, әр мекемеге барып жүрген кезім. Бір күні жол түсіп, ҚазМУ-ге соқтым. Бұрынғы өкімет үйіне көшкен екен. Сәті түскенде Бейсекең алдымнан шыға келді. Бірден таныдым да, аяғымды кібіртіктеп басып, таяна бергенімде:
- Ау, Мұхамеджан өзіңбісің, амансың ба? Көрмегелі көп болды ғой! – деп құшақтай алды. Бүйтеді деп ойламаған ем. Қысылыңқырап қалдым. Өйткені, кінәм жоқ болса да, кінәлі адам секілді тітіркеніп қалған шақ еді ғой, ол бір кез. Бірақ ол қымтырыла қойған жоқ, мені ертіп, кабинетіне апарды. Жаны ашып қойған сұрағына сай, мен бастан өткен сұрапыл жайлардан қысқаша әңгімелеп бердім. Дәл сол заматта уәделескендей Өтебай кіріп келді. Сол жерде осы әңгімеге ол да кірісіп кетті. Екеуіміздің бастан кешкен қияметіміз көп жерде бір жерден шығып жатыр. Неге десеңіз, Өтебай екеуіміздің түрме мен лагерьде өткен 8 жылды жұбымызды жазбай бірге өткерген едік.
- Ал, қалғанын біздің үйде айтарсыңдар, - деп Бейсекең Меңжамал жеңгейге телефон соқты да, алдағы жексенбі күнге үйге шақырды.
Сөйтіп, шынында да, әңгіменің егжей-тегжейіне үй жағдайында барыстық. Біздің сұрағымыз бойынша Бейсекең өз басынан кешкен жай-жағдайларға да тоқталды. Оның бәрі бірдей есте қалған жоқ, әрине. Әйткенмен, орыс жазушысы, Алексей Толстой айтқан секілді азап жолы біздікіндей болмағанымен қиыншылық Бейсекең басында да болыпты. Алма-кезек ауысып, әрі журналистік, әрі педагогтік, аудармашылық жұмыстарымен айналысқан сәттерін қызығы мен қиындығы аралас, әңгімелегені есімде. Соның ішінде ертелі-кеш дайындаған, дайындап жүрген көне әдебиет туралы, Абай, Сұлтанмахмұт, М.Сералин туралы, айтыс жанры мен Жамбыл туралы еңбектерінен хабардар болғанымыз бар. Қашан да болса, менің байқап, бақылап түйгенім, Бейсекең барлық жағынан бізге үлгі тұтатын, байырғы да, байсалды аға-ғалым еді. Онда елпілдеген, желпілдеген мінез-қылық болмайтын, табанды да, тағанды еңбеккер еді, салмақты да, салауатты кісі болатын. Ол бізге бейне ұстаз еді. Өнегелі ұстаздың осындай қасиеттерін көре алмай, қызғанатын күншіл, кекшіл құзғындар да болмай қалған жоқ...
Б.Кенжебаевтың доктор, профессор дәрежесіне жеткеннен кейінгі 20-30 жыл ішінде аракідік болса да, үйде, баспа орнында, университетте, энциклопедияда, жазушылар одағында, мереке тойларда кездесіп, бас қосып, әңгімелесіп жүрдік. Оның бәрін бажайлап айтып жатуға мүмкіндік те, қажеттілік те жоқ сияқты.
Дегенмен соның ішінде ең бір ерекше кездесуімізді еске алуға тиіспін. Ол – 1984 жылы Бейсекеңнің 80 жылдық тойының тұсы. Той иесі өзінің мерейлі мекен-жайында әсем киінген саңлақ күйінде отыр. Көкірегінде ордендері көз тартады. Бейсекең ымдап белгі беріп еді, баласы Құлбек мені жетектеп апарып, әкесінің оң жақ қасына отырғызды. Құтты болсын айтып, құшақтасқаннан кейін Бейсекең:
- Ал, Мұха, (бұрын ылғи атымды толық атайтын еді, бұл жолы осылай еркелетіп атады), сен де сексенге кел, көп қалған жоқ шығар, алты жыл ма еді, қалай? – деді жымиған күйде.
- Жоқ, жеті жыл. Комсомолға кірем деп, бір жасты қосып алғанмын.
- Қартайғанда бір жастың өзі де қымбат көрінеді. Кім қосады оны маған?!
Рас, қосқан жоқ ешкім. Үш жылдан кейін Бейсекең арамыздан алысқа қайтпас сапар шекті.
Мәңгілік жасайтын кім бар дейсің, мынау жалғанда?! Тек жақсы өнеге қалдырып, атану мұрат қой, жақсы аға, жайсаң жан Бейсекең осындай бір өнегелі жан еді.
...Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірін жоғары оқу орындарында оқыту ісін 1965 жылы профессор Б.Кенжебаев тұңғыш рет қолға алған болатын.
Немат Келімбетов
Достарыңызбен бөлісу: |