Ахмет –қазақ санасының шамшырағы
Сахналық қойылым
Рөлдерде: Байтұрсын, Ақтас, Бәйбіше, Ауыл келіні, Бала Ахмет, Жас Ахмет, Егде Ахмет, Шәкірттері, Бадрисафа, Офирцерлер
Автор:
(Интерактивті тақтада «Алаш алыптары» деректі фильмінен үзінділер беріледі)
Ахмет Байтұрсыновтың шыққан тегі де осал жандар емес, арғы бабасы Үмбетей жырау. Шошақтың 4 ұлы болған. Соның бірі Байтұрсын елге беделді, әділ азамат болған. Бірде ауылға лаң салған кәрі оязды сабап, басын қан жоса етеді. Көп ұзамай офицерлер Байтұрсынды тұтқындауға келіпті,тұтқындалуының себебі «кәрі ояз» атанған начальник Яковлевті сабап,басын жарған болып табылады.
1-перде. Жүректе қалған жара
Бірнеше ауыл келіндері мен Байтұрсынның бәйбішесі әнші қыздан ән тыңдап,кесте тігіп отырады, жайма-шуақ ауылдың көрінісі көрсетіледі. Алыстан бір топ суыт жүрісті аттыларды көрген ауыл келіні бәйбіше отырған отауға жүгіреді.
Ауыл келіні: Қайдасыңдар, кім бар мұнда!!! Ақ жеңге-ау, ауылға жасауылдар келеді!
Байтұрсынның бәйбішесі: Япырмай, Алла, өзің сақтай көр. Бұлар тегіннен-тегін жүрмейді ғой. Тағы да бір лаң шығармаса жарар еді.
(Соны естіген жұрт дүрліге бастайды )
Көпшілік жиналып қалады:
-Не шаруамен жүр екен.
-Осылар-ақ ел үрейін алып бітті ғой!
-Өткендегі кәрі ояздың былығы болмаса жарар еді.
- Дүрлікпеңдер, тыныштық сақтайық!
(Ауыл иттері шабалана үріп, қамшы тиген иттер қаңсылап, тұяқ дүбірі мен шылбыр дауыстары құлақ түбінен естіліп, жасауылдар шұғыл келеді.)
Жасауылдың бірі:
Байтұрсынды шақырыңдар!
Байтұрсынның бәйбішесі: Отағасы, сізді шақырып жатыр
(Байтұрсын інісі Ақтас және бірнеше ауыл адамдарымен келеді)
Жасауылдың бірі: Байтұрсын Шошақұлы, начальник Яковлевті соққыға жыққаныңыз үшін сізді патшаның өкімімен тұтқындауға келдік.
Ауыл адамы:
-Итжеккенге кете ме?
Жасауыл:
- Тұтқындаңдар!
Жасауыл:
-Құп болады.
Байтұрсынның әйелі: Сорлы басым-ау,енді қайттім?Арысым, елге қорған болған айбынды ерім, қорлады ғой, мына сұм заман. Қайным-ау, қайдасың, бірдеңе десеңші?!
Ақтас:
-Қап, мына кәрі ояздың қорлығы өтті-ау!
Ахмет: (алаңсыз асық ойнап отырған жерінен жүгіріп келіп, жандармның шаужайына жармасады)
-Әке, кетпе, қалдырма бізді. Жібер әкемді.... Жібееер!
Байтұрсын: Балам, шырағым, жылама! Қандай қиыншылық көрсең де, аш болсаң да, қандай қорлық көрсең де- оқы. Біздің үйде шешеңнің жанында маған хат жазатын балам болсын! Әкелік өсиетім осы.
Ахмет: Жарайды әке, жыламаймын, оқимын... үмітіңді ақтап , қайтсем де сізді азат етемін! Соңғы демім қалғанша оқимын.ӘКЕЕЕ!!!
Автор:
Сөйтіп халық Байтұрсынның жоқтығына да көндігеді. Күндер зулап өтеді. Ахмет те ер жетіп есейеді. Ол әке үмітін ақтаймын деп, көз шырымын алмай өлең жазуды әдет қылған. Мұғалім болып, газет, мақала шығарып, қазақ халқының көзін ашады. Шығарған өлеңдерінің көбісі өзінің басынан өткергені. Сол шақта әр түрлі кітаптар дүние көзін аша бастайды. Қазақ тілін мектепте пән ретінде оқытуды қолға алып «Тіл құрал» кітабын жарыққа шығарды.
Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін, ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ақаңның екпіні болатын...
2-перде. Әке үмітін ақтау жолында...
(ескерту: Ахмет образын ашу мақсатында өлеңдердің хронологиялық реті сақталмаған)
Маса
Түсіне қарап,
Ішінен түңілме.
Күшіне қарап,
Ісінен түңілме.
Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса,
Сап-сары, аяқтары ұзын маса.
Өзіне біткен түрі өзгерілмес
Дегенмен, қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?
Есікті жеңіл қағып, бір топ шәкірттері келеді.
Міржақып: Ахмет аға, түн баласы, көз шырымын алмағансыз ба деймін (таң атса да сөне қоймаған шамды өшіреді). Петербург қаласында "Қырық мысал" деген атпен жарық көрген алғашқы кітабыныз орыс мысалшысы И.Крыловтан аударылғандығына куә болдым. Шеберлік деп осыны айтсаңызшы, Крыловты да қазақша сөйлетіп қойыпсыз.
Жүсіпбек: Ұстаз, «Қазақ» газетіне шыққан «Қазақтың бас ақыны» мақалаңызға тәнті болдым. Мұндай ғылыми зерттеу бұрын-соңды қазақ әдебиетінде болмаған екен. Абай атамызға баға беріп, ұлыны ұлықтағаныңыз бізге үлкен даңғыл жол салып бергендігіңіз. Кейінгі толқын інілер, алдыңғы толқын ағаларға қарап бой түзегені деп білемін.
Ахмет: ( жай күледі де қабағын түсіріп көңілсіз қалады) Шәкіртерім, әкем жарықтық, оқы деп өсиет қалдырып еді. Халқын надандықтан құтқарудың жолы, тәуелсіздікке қарсы күресің қаруы – білім екенін ерте бастан-ақ түсініп еді. Әттең... халық мұны түсінсе ғой.
Есікті дүрсілдете қағып екі жасауыл кіріп келеді
Жасауыл: Ахмет Байтурсынович, сіз Алаш ордасын құрып, совет өкіметінің адал болшевиктерінің арасына іріткі салып отырсыз. Халықты жолдан тайдырып, Жаңа өкіметті құлатпақ ниетте екенсіз. Сіз халық жауысыз! Тұтқында!
(Қызыл жағалылар суыт кіріп, Ахметті тұтқындайды)
Ахмет: (кісенделіп жатып, жан бұлқынысымен өлең оқиды)
Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,
Теңізде жүрміз қалқып, кешпесі жоқ.
Жел соқса, құйын қуса, жылжи беру,
Болғандай табан тіреу еш нәрсе жоқ.
Бұл күйге бүгін емес көптен кірдік,
Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік.
Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз,
Алалық алты бақан дертпен кірдік.
(Қазақ қалпы)
Автор:
Ахметтің қанша өлеңі, шығармасы шыққанымен, бұл шындықты большевиктер теріске шығарып,оның есімін мәңгілікке тарихтан өшіруге тырысады. Ахметті тұтқындайды. Ахмет небір қиын қыстау кезеңін басынан кешеді. Қайбір жылдары босатылып, өзінің жұмысын жалғастырады. Дегенмен оны жайына жібермей, тағы да тұтқындайды. Ахмет егде тартады.Түрменің ауыр азабына төзе отырып, большевиктердің қылмысын әшкерелеуден жалықпайды.
3-перде. Түрме іші.
Суық камерада мұңға батқан Ахметтің хат жазу сәті
Ахмет:
Анама хат
Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді Хақ тағалам!
Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбым жоқ,
Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң!
«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,
Жолдар көп жәннатқа да тарам-тарам.
Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам.
Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!
Көп айтпай, қысқасынан сездіретін -
Балаңның мінезі бар сөзге сараң:
Кетер деп «суға құлап, отқа түсіп»,
Қайғы жеп, менің үшін болма алаң!
Отырмын абақтының бөлмесінде,
Бұйрықсыз көз жетеді өлмесіме.
Есіктің құлпы мықты, күзетші көп,
Ажалдан басқа ешкім келмесіне.
Қоршаулы айналасы, биік қорған,
Берік қып салған темір терезесіне.
Қалайша мұны көріп көңіл сенбес
Аттанып жау келсе де бермесіне.
Каламда Лаухул-Махфуз ұмытқан ба,
Жазбапты бұл орынды көрмесіме.
Қаңбақпен салмағың тең бұл бір заман,
Ылаж жоқ жел айдаса ермесіне.
Тайпалған талай жорға, талай тұлпар
Тағдырдың кез болып тұр кермесіне.
Солардан жаным, тәнім ардақты емес,
Орынсыз күйзелейін мен несіне!
|
(Осы кезде түрме күзетшілері)
Надзиратель: Ахмет Байтурсынович, сізге түрмеде қағаз-қалам ұстауға рұқсат жоқ!
Түрме күзетшісі: Жолдас, тез арада Ахметтің халқының көзін ашпақ болған шимайсымақтарын отқа жағып жібер, желмен де бұл халқына тарап үлгереді. Сенің қағаздарында тұнып тұрған ұлтшылдық пен совет өкіметін құлатуға қарсылықтың иісі аңқиды.
(Ахмет қағаздарына жанұшыра ұмтылады, жасауыл бәрін жұлып-жұлып жинап алып шығып кетеді.)
Автор:
Өзінің ақыл-ойын да, күрескер қайсар рухын да елінің ертеңіне бағыштаған Ахаң-Ахмет Байтұрсынов бес рет қамалған екен. «Халық жауларының» қайсысының да отбасы, әйел бал-шағасы қорлықты көресідей көрді. Соның ішінде Ахметтің отбасы мен туыстары шеккен зәбірдің жөні бөлек. Ахаңның асыл жары Бадрисафаны да заманның қара дауылы аямады, қаңбақтай ұшырды. Ахмет тоңған суыққа ол да тоңды, Ахмет көрген азапты бірге тартты. Ахаң Қарқаралыда түрмеге түскенде Александра деген орыс қызы оған тамақ тасып, рухани демеу болып, көмек қолын созады. Кейін арыс аға Семей түрмесіне қамалғанда да артынан іздеп барып көмектеседі. Бұл ақынның адал жары- Бадрисафа еді.
4-перде. Соңғы сөз.
Аяусыз соққыдан құр сүлдері қалған Ахметтің түрмедегі соңғы сәттерінің бірі
(Бәдрисафа түрмеге келеді)
Түрме күзетшісі:
-Кімге келдіңдер!
-Ім... Байтұрсыновқа ма, Байтұрсынов де...заттарыңның тізімін жаздыңдар ма?
-Иә, рұқсаты бар, аға...
-Кәні, ұзарт бері қарай, мына арызды кім жазды?
-Мен....
-А-а-а, хат таниды екенсің ғой.
Екінші күзетші Бадрисафаның дорбасын ақтарып, тінтеді де:
-Ім., иісін-ай, нанды кім жапты?
- Біз сізге ұнайтынын білмеппіз, айып бізден... (нанды күзетшілерге беріп кіреді)
Ахмет пен Бадрисафаның кездесуі
-Байтурсынов! Сыртқа шық! Қолыңды артқа ұста! Оңға бұрыл!Жүр! Тоқта!
-Он минут уақыт! (жасауыл даусы)
Ахмет : Қой жыламаңдар, үй іші, ел аман ба? Апамдар қалай?
Бадрисафа: Арысым, бетіңізге не болған? Тіс... тістеріңіз қайда? Денеңізде сау тамтық жоқ қой! (Сыңсып жылап жібереді)
Ахмет : Ех, басым, басым! Ет езілсе де ми езілмегеніне тәубе! Тісім қағылса да, тілім кесілмегеніне тәубе! Қабырғам сынса да, қабағым тесілмегеніне тәубе! Көз – тіл жеткізе алмас ұғымды айтатын шешен, батыр, жүрек пен сананың қожасы екен. Ақын Абай ғашығын көз қарашығын босқа баламаған...Көз өмір құдіреті! Көздің барлығына, ақпай қалғанына қанағат етемін. Отыз екі тісімнің айырылғаныма жұбанамын.
Бадрисафа: Сіз аман болыныз, сіздің деніңіздің саулығы – халқымыздың саулығы. Сіз білім бұлағын мұхитқа айналдырып, перзенттік борышыңызды өтеймін деп жаныңызды пида етудесіз. Шіркін, өткен күндер есіме түседі отбасында арқа-жарқа болып отырушы едіңіздер. Шәкірттеріңіз Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан өзіңіздің «Қос жирен» әнін шырқаушы едік. Сағыныштан сарғайып, көңілім құлазыған сәттерде сіздің салған әндеріңізді ыңылдап айтып отырамын, сізсіз салған әннің қию да қашып, зарлы болып естіледі өз құлағыма, өзіңсіз өткізген күндерім тозақ, атырған таңдарым шуақсыз болып кетті...
Өзіңіз айтқандай талай жорға, талай тұлпар тағдырдың кермесіне кез болып отыр. Бір жеті болды Міржақыпты алып кеткелі, оны қай түрмеге жапқанын да таба алмадық. Тағы да бір шамшырақ сөне ме деп қорқамын.
Надзиратель:
-Уақыт бітті!
(Ахметті жұлқа тартып алып кетеді, Бадрисафаның қолы ауа қармап қалады)
Жасауыл атылу үкімін оқиды.
Тілек батам
Я, құдайым! Аққа жақ!
Өзіңе аян – мен нақақ.
Аққа деген жолымның
Абыройын ашпай, жап
Аят пенен хадисте
Адал ниет, ақ іске
Жаңылмасам, жоқ еді
Жаза тартсын деген бап.
Мені ұстатып, айдатып,
Зығырданды қайнатып,
Масайрасып мәз болып,
Қуанғанды өзің тап!
Аз күндікке алданып,
Аз нәрсеге жалданып,
Адасқанын алаштың
Түзу жолға түсір хақ!
Ату жазасы алдындағы соңғы сөзі:
… Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын
Ел бүгіншіл, менікі- ертеңгі үшін.
Бәдрисафа:
Жүректерге қайғы болып үн қатқан,
Қасіретті еңсе басқан зіл батпан.
Жазықсыздан жапа шеккен жандарды,
Ұмытпайды үлкендер мен ұрпақтар.
Жара салар адамзаттың жанына,
Қайталанбасын енді мұндай зұлматтар.
Автор:
Ақыры Ахмет 1938 жылы 1 шілдеде «халық жауы» атанып ату жазасына кесіледі.Маңдайымызға біткен тағы бір жұлдызымыз бұл дүниемен қоштасады.Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, Қырық мысал, Маса , қазақ газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та тарих ұмытпас істер болатын.Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахмет Байтұрсынұлының есімі мәңгі өшпейтіне сеніміміз мол.
Достарыңызбен бөлісу: |