Бүйрек қызметінің жетіспеушілік синдромы
Бүйрек қызметінің жетіспеушілігі - организмде азот қалдықтарының кідіруімен және судың, электролиттің, қышқылдық негіздіктердің тепе-теңдігін ұшықтыратын бүйрек қызметінің бұзылуымен сипатталатын патологиялық жағдай.
Бүйрек қызметінің жетіспеушілігінің жедел және созылмалы түрлері болады. Бүйректің қызметінің жедел жетіспеушілігі - улану, шок, жұқпалы аурулар кезінде бүйрек тіндерінің жедел зақымдалуынан кенеттен пайда болған бүйрек қызметінің жетіспеушілігі. Бүйрек қызметінің жедел жетіспеушілігін тудыратын себептер екі топқа бөлінеді:
I. Нефротикалық себептер.
1) ауыр металл тұздары (сынап, мышьяк, т.б.); 2) органикалық қоспалар (метил спирті, сірке эссенциясы, т.б.); 3) өсімдік және жануарлар улары (саңырауқұлақ, жылан, құрт-құмырсқа улары); 4) дәрі-дәрмектер (сульфаниламидтер, антибиотиктер, хинин, рентген контрасты т.б. заттар).
II. Бүйрек қан айналымының бұзылуының себептері: жарақат шогы, электр жарақаты, қансырау, күйік, сепсис, сиымсыз қан қүю, операциялық шок, миокард инфаркты, жұқпалы аурулар.
Бүйрек қызметінің жедел жетіспеушілігінің патогенезінде бүйрек қан айналымы бұзылысының маңызы зор. Осының салдарынан дамитын аноксияның нәтижесінде бүйрек шумақтары мен түтікшелерінде (өзекшелерінде) дистрофиялық және өлі еттену өзгерістері пайда болады. Егер жедел бүйрек қызметінің жетіспеушілігі нефротоксикалық себептерден дамыса, онда улы заттар мен токсиндер бүйректердің паренхимасына тікелей әсер етеді. Екі жағдайларда да бүйрек шумақтарында зәрдің сүзілуі бұзылады, бүйректермен зәрдің бөлінуі азаяды (олигурия), кейін бұл жағдайлар анурияға әкеліп соғады. Организмде калий, натрий, фосфор тұздары, азоттық өнімдер жиналады.
Бүйрек шумақтарының ишемиясы салдарынан артериялық қысым көтеріліп, анурия мен азотемия бірнеше тәулікке созылатын болса, ол өлімге жетелейді. Бүйрек қызметінің жедел жетіспеушілігінің клиникалық көрінісі өзін тудыратын аурудың сипатына байланысты өзгеріп отырады. Бүйрек қызметінің жедел жетіспеушілігінің 4 сатысын ажыратады.
1. Бастапқы сатының ұзақтығы бірнеше сағаттан 1-2 тәулікке дейін созылады, оның клиникалық көрінісі бір аурудың ғана белгілерімен сипатталады (жарақаттың немесе трансфузиялық шок, улану т.б.);
2. Олигоануриялық саты, ол диурездің өзгеруімен, уремиялық уланумен, электролиттік бұзылыстармен байқалады. Зәр тұнбасында протеинурия, цилиндрурия, эритроцитурия анықталады. Бұл саты науқастың сауығуымен, немесе қаза болуымен аяқталады.
3. Полиуриялық саты, зәр мөлшері ақырындап көбейеді. Қан құрамында белок алмасуының қалдық өнімдері азаяды, зәрде патологиялық өзгерістер жоғарылайды.
4. Сауығу сатысы - ол қанда азот қалдығы, мочевина, креатининнің мөлшері қалыпты болған күннен басталып, 3 айдан - 12 айға дейін созылады.
Достарыңызбен бөлісу: |