Бердіқожа назгүЛ бердіқожақызы зейнолла Шүкіров өлеңдерінің жанрлық, көркемдік ерекшеліктері


Ақын лирикасы жанрларының поэтикалық ерекшеліктері



бет2/5
Дата04.11.2016
өлшемі1,61 Mb.
#290
1   2   3   4   5

1.2 Ақын лирикасы жанрларының поэтикалық ерекшеліктері
Әлем әдебиетінің әуелгі пайда болған кезеңдерінде поэзиялық шығармалардың негізгі поэтикалық желіні құрағандығы – тарихи дамудың желісі. Адамзат өркениеті дамуының алғашқы дәуірлеріндегі антикалық риториканың поэзиялық және прозалық үлгілері [116], классикалық сөз өнері үлгілеріндегі жанрлар жүйесі [117] – бәрі де поэзиялық сипат аясында қалыптасып дамығандығы ғылыми зерттеулерде бағаланып келеді.

Ежелгі замандардан-ақ ақындарды Жаратушының құдіреті ықыласына ие болған ерекше жан иелері – тұлғалар ретінде бағалау орын алған. Ғарыштық-ғаламдық кеңістіктегі Жаратушының құдіретімен жасалған үйлесім мен қарама-қайшылықтар әлемінің сырларын жан ділімен сезінуші, маңындағы кезеңдестеріне және кейінгі ұрпақтарға ұғындырушы қызметіндегі ақындар шығармашылығының айрықша болмысы барлық зерттеулердің әуелгі сөз бастауында аталумен келеді. Зерттеуші Н. И. Григорьеваның «Вдохновение и творчество в поэтике платоновских диалогов» атты зерттеуіндегі ғылыми тұжырым да антикалық әдебиет поэтикасы мен кейінгі әдеби үдеріс дамуындағы ақындардың тұлғасын даралап көрсетеді:

«Общеизвестна мысль древних о том, что творчество всякого подлинного поэта инсценируется божеством. В архаическую эпоху поэт – сверхчеловек, космический пророк, охватывающий своим словом небо и землю. Поэт является олицетворением сверхобычного видения, создателем грандиозных картин жизни, хранителем памяти коллектива. Поэт воспевает прошлое и будущее мира, он избранник богов, и гарантом поэтического авторитета выступает муза, божественная входновительница его творчества [116, с. 135].

Қазақ әдебиеттануының қазіргі қисыны жүйесіндегі академик З. Ахметовтің пікірінше: «Ақын – поэзиялық туындыларды: өлең, жыр-дастан, поэмаларды ауызша айтып не жазып шығаратын өнер иесі, халықтық көркемдік дәстүрлерін қалыптастырып, жалғастыратын сөз шебері» [81, 25-б.].

Қазақ поэзиясының ежелгі замандардан қазіргі дәуіріміздегі ұласу жолындағы байырғы, негізгі арнасы – лирикалық өлеңдер. Әлем әдебиеттері дамуының классикалық деңгейлерге көтерілген кезеңдерінде байырғы антикалық жанрларды жаңаша түрлендіре дамыта жырлау өрістей келе, мазмұны мен пішіні жаңғырған жаңа үлгілерінің қолданысты байқалатыны – табиғи ерекшелік. Сақ, ғұн, түркі өркениеті дәуірлерінде негізгі қаланған қазақ поэзиясының кейіннен араб, парсы, үнді, сонымен бірге еуропалық (грек, ағылшын, неміс, француз, орыс, т.б.) классикалық әдеби үрдістері ықпалымен жанр поэтикасын байыта, дамыта түскені мәлім Зейнолла Шүкіров шығармашылығы өрістеген ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ лирикасының жанрлар жүйесінде классикалық үлгілер сонеттің, романстың, элегияның, рубаның, жаңғыра қолданылып жырлануы жоғарыда аталған ақындар шығармашылығында байқалды. Ал, академик Қажым Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы», академик З. Қабдоловтың «Сөз өнері: Әдебиет теориясының негіздері» [23] кітаптарында айтылған шығыстық және батыстық лириканың байырғы классикалық атаулары да, кейінгі аталымдары (көңіл-күй, саяси, азаматтық, махаббат, табиғат лирикасы) да ХХ ғ. 50–70-жылдар ақындарының поэзиясында көрініс тапты. Ал, Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышындағы» [1] лириканың мағыналық түрлері (сап толғау, марқайыс толғау, намыс толғау, намыстаныс толғау, сұқтаныс толғау, ойламалдау, сөгіс толғау, күліс толғау) де ақындар поэзиясындағы ұлттық көркемдік ойлау дүниетанымымен сәйкес жырлануымен ерекшеленді. Бұл арада біз ақын Зейнолла Шүкіров поэзиясындағы қазақтың классикалық ақын-жыраулары, шығыстық және батыстық поэзиясы үлгілерінің аралас қолданылған күрделі сипатын назарға аламыз.

Зерттеуші Л. И. Емельяновтың «Образ объективный и объективированный» атты еңбегіндегі пікірлерінің қазақ лирикасындағы 50–70-жылдар поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық табиғатын түсінуге дәйектемелік қатысы бар:

«Хорошо известно, что художественная литература, как и вообще искусство, есть одна из форм общения людей между собой. Сложная форма, специфическая форма, но – именно форма общения. А это значит, что главное, а по сути дела и единственное ее назначение – выражать определенную мысль о том или ином явлении, убеждать тех, кому это мысль сообщается, в том, что явление именно таково, каким оно представляется автору данной мысли. Именно в интересах такого убеждения и создается литературное произведение. Мысль произведения может быть какою угодно – глубокой, мелкой, оригинальной, ложной и т.п., но что она всегда есть, всегда присутствует и всегда может быть обнаружена в произведении – это подлежит сомнению» [118, с. 17].

ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ лирикасы әлем әдебиетінің классикалық жанрлары жүйесі құрамына бағаланады. Себебі, Зейнолла Шүкіров ортасында қалыптасқан сөз арқауында аталған ақындардың лирикалық өлеңдері көркем әдебиет ұғымын құрайтын шығармашылық өнер сипатының талаптарына сәйкес болмысымен оқырмандардың көңілдерінен орын алды. Бұл туралы қазақ лирикасына арналған ғалымдарымыздың зерттеулерінде де лайықты бағалаулар жасалды.

Зейнолла Шүкіров поэзиясындағы лирикалық өлеңдерін сөз басындағы бағалауымыз желісімен романтикалық және реалистік сарындар тұтастығындағы күрделі көркем өнер туындылары тұрғысында бағалаймыз. Лирикалық қаһарман ақынның тағдыр тәлкегімен арпалыса, көркем шығармалары арқылы өршіл күрескер адам рухының қуаттылығын, күрескерлігін дәлелдеген туындылары оптимистік сенімді де, элегиялық мұңды-шерлі қайғыны да тұтастандыра танытты.

Зейнолла Шүкіров поэзиясындағы азаматтық-отаншылдық, саяси-әлеуметтік сарындар ХХ ғасырдағы қазақ классикалық поэзиясы алыптар ықпалымен қалыптаса келе әлем әдебиеттері мұраларымен танысу барысында жаңашыл ізденістерімен көркемдігін жетілдіре берді.

Қазақ поэзиясының қалыптасу, даму жолындағы көркемдік дәстүр сабақтастығы ғасырлар бойы жалғасып келеді. Әдеби үдерістегі классик қаламгерлердің шығармашылық ықпалы арқылы жаңа толқын ақын-жазушылардың да қалыптасатыны мәлім. Қазақ поэзиясының көркемдік негізін құрайтын мұралар – ежелгі дәуірдегі, орта ғасырлардағы, XV–XVIII ғғ. және XIX–XX ғасырдағы жаңа жазба реалистік әдебиет дамуының ықпалы ұлттық әдебиетінің жаңа толқынының шығармашылық бағдарын айқындады. Нақтылып айтқанда, қазақ поэзиясындағы хакім Абай қалыптастырған лирикалық өлеңдер мен эпикалық поэмаларды әлем әдебиетінің классикалық деңгейі тұрғысында жазу үрдісі – ұлттық әдебиетіміздің көркемдік сапасын күшейтті, жанрлар жүйесін байытты.

Қазақ поэзиясының XX ғасырдағы көрнекті тұлғалары Шәкәрім Құдайбердиевтің, Мағжан Жұмабаевтің, Бернияз Күлеевтің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтің, Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлинның, Ілияс Жансүгіровтің, Қасым Аманжоловтың, Хамит Ерғалиевтің, Ғафу Қайырбековтің, Сырбай Мәуленовтің, Жұбан Молдағалиевтің, Төлеген Айбергеновтің, Мұқағали Мақатаевтің, Жұмекен Нәжімеденовтің және т.б. олардан кейінгі толқын ақындардың шығармалары поэзиясындағы лирикалық және эпикалық шығармалар жазу үрдісін көркемдік-эстетикалық биіктікке көтерді. Қазақ өлеңі – XX ғасырда хакім Абай дәстүрінің кең өрісі жалғасқан поэтикалық қуатын дәлелдеді.

Қазақ әдебиетінің тарихындағы шығармашылық мұрасымен, қоғамдық-әлеуметтік қызметімен классик дәрежесіндегі тұғырын қалыптастырған, танытқан Сәбит Мұқановтың поэзиялық шығармалары әдеби үдерістегі ықпалды тағылымымен ерекщеленеді. Зейнолла Шүкіровтің поэзиясындағы, лирикалық және эпикалық шығармаларындағы өрнектер Сәбит Мұқановтпен үндестік сипатымен де байқалады.

ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ поэзиясында ұлттық поэзиясының тарихындағы азаматтық-отаншылдық сарынды жырларды жалғастыра жырлау жаңаша серпінмен дамыды. Сәбит Мұқанов сынды алыптар қалыптастырған қазақ даласының өлкеоерін, ата-бабалар сақтаған, қорғап кейінгі ұрпаққа қалдырған байырғы түркілік-қазақтыңқ қоныстар, таулар мен өзендер, ормандар мен көлдер, халықтың туған атамекендерді ардақтаған, еңбек еткен, ұрпақ өсірген тыныс-тіршілігі жер арқауында тұрақты жырланды. Сөз басында айтылған талантты ақындар шоғырындағы Зейнолла Шүкіров шығармашылығындағы азаматтық сарынды лирикалық өлеңдердің поэтикалық-эстетикалық сипатынан ұлттық поэзиядағы көркемдік-эстетикалық дүниетаным кеңістігінің тағылымы танылды.

Ақынның «Отаным менің», «Алатаудан аттанғанда», «Аягөз тоғайы», «Арал», «Өлкем менің», «Көкше», «Жұмбақтас», «Ару көл», «Айнакөл», «Далам-ай...», т.б. лирикалық өлеңдері осындай дәстүрлі сарындар сабақтастығымен жырланды.

Ақын – дала перзенті. Қазақ даласының тауларын да, көлдерін де, теңіздерін де перзенттік махаббатымен сүюші. Зейнолла ақынның өлеңдеріндегі лирикалық қаһарманның романтикалық ойлау өлшемі – кең даладағы гүлдерді де, көлдерді де тауларын да – бәрін де тұтастай, егіздей өріп, өрнектеп жырлау.

«Өлкем менің» өлеңіндегі лирикалық қаһарманның елжіреген көңілінен төгілген жыр тармақтары байтақ Отанының барлық болмысын жанарына, жүрегіне сыйғыза жырлаған ақын дүниетанымын аңғартады:
Аяулым, анам менің – өлкем менің,

Құндақтап қызғалдаққа «еркем» дедің.

Менің де өзіңе ұқсап жаным жайлау,

Өзіңдей мен де жомарт, өр кеудемін.


Қандырған сусынымды егіз көлдің,

Жүрсем де қай қияда соны, іздедім.

Аңсадым бір қарауға Алатауға,

Құмарттым бір жұтуға теңіз демін.


Бұлт шалмай қарт Алатау аппақ басын,

Алдымда мейлі солай асқақтасын!

Кең өлкем, мен де сонда бақыттымын,

Бір түйір баурайыңда шақпақ тасың!.. [98, 158-б.].


Қазақ поэзиясындағы атамекендерді, туған өлкенің ғажайып сырлы күндері мен түндері, адамға да төрт түлікке де, аңдарға да, құстарға да, жәндіктерге де – бәріне жайлы көркем сипатының жырлануы ежелгі замандардан бері фольклор мен әдебиет мұраларынан тұрақты орын алумен келеді.

Қазақ – кең даланың ауасымен тыныстаған, үнемі кеңістікті ғана мекендеуді мұрат тұтқан халық. Даланың өсімдіктері де, түні де, алаулаған күні де, көшпелілердің мәңгілік рахатты тұрағы ауылы да – бәрі де ақындар жырларының арқауы. Зейнолла ақын да даланың ғажайып сырлы романтикалық бояулы келбетін, жаңға жайлы әсерін тебіреністі жолдармен бейнелей жырлайды:


Дала!

Дала, аңсап сені ақ қанатты ұшты арман,

Шалғыныңа бауырын төсеп бір аунауға құштар жан.

Айхай, шіркін!

Демалсыншы кеуде бір,

Қысы-жазы қалада алыс шаң, түтінге ысталған.


Не жетсін-ай, кең далада айсыз түні жүргенге,

Тән әлдиі маужыратып қисаясың бір жерге.

Қатып ұйықтап бір-ақ ашсаң көзіңді,

Көк жиекте қызыл шырай күн шапағы күлгенде.


Айнала аңқып жусан иісі жарып кетер мұрныңды,

Ауа таза, жұтып тоймай ашқызады ындынды.

Асығасың алыстағы ауылға,

Асып түсіп

Асып түсіп бір қырдан соң бір қырды [98, 159-б.].
Зейнолла Шүкіров – қазақ поэзиясындағы теңіз сырларын романтикалық жырлармен өрнектеген ақын. Арал теңізінің шалқып жатқан кезеңінде өршіл ойлы жан әлеміне толқындардың қозғалысын, теңіздің шалқар кеңістігін, дауылды сәтіндегі аласұрған, тымық күндегі момақан қалпын, т.б. – өмір құбылыстарымен баламалы суреттерін өз жырларымен сабақтастырды. Ақынның теңіз келбетін жыр арқауына алған өлеңдері «Қайрат-кеме», «Теңізге», «Теңіз жыры», «Арал», «Теңізді тентек жел тербеп», «Шулайды теңіз», «Теңізбен кездесу», «Теңіздің жағасында», т.б. – бәрі де ақынның өмір ағынында адамдардың жан әлемі мен теңіз құбылыстарының тоғыса тұтасқан болмысын танытады.

Лирикалық қаһарман – тынымсыз қозғалыстағы теңіз – өмір ортасындағы романтикалық тұлға. Ақынның теңіз туралы өлеңдерінен табиғат құбылыстарымен егізделе өрілген ақын-күрескердің әрі нәзік, әрі өршіл рухты қайсар бейнесімен дидарласамыз. Теңізбен сырласу – лирикалық қаһарман ақынның жүрек тебіреністерінің үні. Теңіз – өмір – тынымсыз қозғалыстағы тіршіліктің шынайы болмысы. Адамдардың табиғаттың толық мүшесі тұрғысында өзін қоршаған құбылыстармен іштей сырласа өмір сүретіні – Жаратушы Алланың құдіреті арқылы жүзеге асқан ұлы заңдылық. Зейнолла ақынның теңізбен тілдесе, сырласа жырлауы оның азаматтық лирикасындағы ұллтық-отаншылдық дүниетаным биіктігін дәлелдейді.

«Теңіз жыры» өлеңіндегі лирикалық қаһарманның теңізге арнай жырлауы да табиғатпен етене сезімтал адам жан ділінің ғажайып сырлы әлемін елестетеді:
Шалқар теңіз, шуылдайсың, неге алмайсың сен тыным,

Асыр салып көкке атылып, ойнайды ерке толқының.


Көбік шашып күркірейді, соғып жартас төсіне,

Бұрқ-сарқ етіп құлап түсіп, қайта ұрады өшіге...


Онан сенің қайтпас қайсар қайратыңды көрем мен,

Асқақ үнді жыр іздесем күнде саған келем мен,


Тымық түнде тұңғиыққа қонақтаттың сен Айды,

Күміс Күн де көкжиектен қимай саған қарайды.


Қандай көркем маужыраған жазғы сабат кешкі уақ,

Мүлгиді ойшыл жасыл жағаң,

Не тыңдайды жас құрақ?!
Сыршыл жырдың бір шумағын таптым ба екен сонан мен,

Терең ойда толқып жалғыз тебіренгендей болам мен [98, 30-б.].


ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ поэзиясы сыршылдық сарындарын туған жер, атамекен, Отан туралы толғаныстарымен сабақтастыра жырлауды жүзеге асырды.

Хакім Абай, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бернияз Күлеев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов және осы дәстүрді жалғастырған ақындар Зейнолла Шүкіров сынды ақындар шығармалары – қазақтың атамекендерін жырлау үрдісін мәңгілікке қалыптастырды. Туған өлкенің тауларымен, өзен-көлдерімен, теңіздерімен, ормандарымен, т.б. ғадайып ортасымен тілдесе, сырласа жырлау – қазақ ділінің шынайы көрсеткіші.

Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ поэзиясы әдебиет алыптары қалыптастырған азаматтық-отаншылдық сарын жырларын классикалық деңгейге көтере дамыта түсті.

Қазақ поэзиясындағы азаматтық лирика жанрындағы шығармалардың даму жолы халқымыздың көп ғасырлар бойы қалыптасқан тарихымен сабақтас сипатымен ерекшеленеді. Байырғы түркі өркениеті жазба ескерткіштері, орта ғасырлардағы Қазақ хандығы (XV–XVIII ғғ.) кезеңіндегі ХІХ ғ. және ХХ ғасырдағы мұралар – бәрі де кейінгі әдеби дамудағы азаматтық-отаншылдық сарындағы шығармалардың көркемдік негізі болды. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ поэзиясының азаматтық сарынмен толыға, толыса жырлануында осындай дәстүрлі көркемдік жалғастық тағылымын танимыз.

Зейнолла Шүкіров – қазақ әдебиеті тарихындағы әдеби үдерістегі елеулі шығармаларымен даралана танылған көрнекті шығармашылық тұлға. Қырық жыл бойы төсекте жатқанда қолынан қаламы түспеген, оқуы мен шығармашылық қызметін ұштастырған еңбек ізденісін оның әдеби мұрасы – ұлттық рухани құндылықтарымыз тағылымын танытады. Шығармалары бастапқыда аудандық («Социалистік Арал», «Толқын»), бұдан кейін облыстық («Ленин жолы»), республикалық («Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті») баспа сөз беттерінде («Жұлдыз», «Жалын») жарияланды.

Ақынның алғашқы өлеңдерінен бастап, бүкіл шығармашылығы жолында оның туған халқы, Отаны, ұрпақтар тағдыры, адамгершілік-имандылық, тәлім-тәрбиесі туралы ойлары негізгі тақырыптары болды. Ақынның азаматтық лирикасы ата-бабалар қалыптастырған ұстаздық, тәлімгерлік ойлардың жалғасындай жырланды.

Зейнолла – қазақтың ақын-жыраулары поэзиясындағы азаматтық-отаншылдық дүниетаным көзқарастарын жаңа дәуір ақынына тән жаңашыл ойларымен өрбіге дамыта толғады. Философиялық толғаныстарымен қазақ өлеңінің халықтық деңгейін биіктетті.

Академик З. Ахметов поэзиядағы азаматтық сарынды өлеңдердің өмір шындығына арлналған поэтикалық табиғатын айқындайды: «Азаматтық лирика – лирикалық поэзияның заман жайын, әлеуметтік мәселелерді қозғайтын үлкен бір саласы. Өмір жөнінде, халықтың тағдыры туралы ой-толғамдар ақынның өз көңіл-күйімен терең ұштасып, өзінің өмірге қатынасын суреттеу арқылы көрінеді» [81, 22-б.].

Қазақ поэзиясының бұрынғы-соңғы тарихындағы азаматтық сарындағы лирикалық өлеңдердің үздіксіз жалғасқан жолын көреміз. Зейнолла Шүкіровтің азаматтық сарынды лирикалық өлеңдерінде де қазақтың ежелгі замандардан бергі атамекендері, байырғы қоныстары, ұрпақтарға танымал болған тарихи тұлғалары, ұлттық дүниетаным сипатын құраған көзқарастар ұстанымдары жырланған.

Ақын өлеңдеріндегі лирикалық қаһарман – қайсар рухты, жігерлі адамдардың қасиеттерін поэтикалық жинақтаумен дараланған, романтикалық-реалистік тұтастықпен сомдалған тұлға. Лирикалық қаһарманның психологиялық иірімді тебіреністері, толғаныстары арқылы тағдырдың аса қиын өткелдерінен қайыспай өтетін өжет, шыдамды адамдардың жинақтала дараланған көркем бейнесі елестейді. Өлеңдердегі лирикалық «Меннің» тұлғалануынан қайсар мінезді адамдардың қандай қиындықтар, қайшылықтар тап келсе де жүнжімейтін, қайта өршелене, жігерлене алға ұмтылатын өршіл оптимистік-азаматтық болмысын сезінеміз. Мысалы, «Қайрат-кеме», «Жылдар жылжып...», «Бендемін ғой күлсең де, күндесең де», «Жауапхат», «Ішім жанып барады, ішім жанып», т.б. өлеңдерінде өршіл, арманшыл ойлы адамның жан әлеміндегі тебіреністермен, толғаныстарымен бірге араласамыз. Тағдырдың азапты, қатал сынағымен арпалысып жүрсе де тірі дүниенің сан түрлі қозғалыстары ағынындағы сезім құштарлығын, үмітін, сенімін жоғалтпаған күрескер адамдарға тән қуаттылық тағылымын сезінеміз:


1. Қызыққа жоқ жылтырауық сөзге мен,

Жалғыз шумақ сұраған жоқ өзгеден.

Жылдар жылжып өте берсін,

Жырым барда

Жаспын мен

Суымасын өз денем! [98, 10-б.].

(«Жылдар жылжып» өлеңінен.)
2. Бір дабыл дауылдатып, жел тұрғызып,

Әкетті-ау жүрегімді желпіндіріп.

Асқақ ой еркін өскен жастық даусы,

Өмірдің жыр сауығын еркін құрып.


... Жатса да кемдік көрген жанымда мұң,

Ешкімге жайымды айтып шағынбадым.

Ауыр дерт иығымнан басса зілдей,

Тәуекел, шыдап көрдім, тарынбадым.


... Қыран боп қашан көкте шарқ ұрғаным,

Мен жұрттай дария боп та шалқымадым.

Жанымның бар мөлдірін елге ұсындым,

Кеудемнен таппасам да артық ағын [98, 59-60-бб.].

(«Жауап хат» өлеңінен.)
Қазақ поэзиясындағы азаматтық сарынды лирикалық өлеңдердің біразы халық тарихындағы аса көрнекті қайраткер тұлғаларды даралай мінездеу, мадақтай бейнелеу өрнектерімен жырлау дәстүрімен қалыптасқан. Бұл – байырғы түркі өркениеті жазба ескерткіштерінде («Күлтегін», «Тоныкөк», т.б.), түркілік суфизм поэзиясы ақындары (Қожа Ахмет Иасауи, Ахмет Йүгінеки, Жүсіп Баласағұн, т.б.) шығармаларында, жыраулар (Асан Қайғы, Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбет, Марғасқа, Жиембет, Үмбетей, Бұхар, т.б.) поэзиясында, кейінгі ақындар туындыларында – бәрінде де желісі үзілмеген дәстүрлі ерекшелік. Зейнолланың поэиясындағы азаматтық лирика өлеңдерінде де осы дәстүрлі сипат жаңғыртыла жалғасқан. Қазақ тарихындағы ақын-жырауларды (Асан Қайғы, Қазтуған, Досмамбет, Шернияз. Т.б.), хакім Абайды, көрнекті қаламгерлерді (Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Абдолла Жұмағалиев, Жұмағали Саин, Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев, Нәсіреддин Серәлиев, т.б.) тарихи және көркем шындық тоғысуымен, поэтикалық сымбатымен жырлаған. «Тарихпен сырласу» өлеңінде Желмаясына мініп, Алаш ұранды қазақтың кең-байтақ атыраптарын аралаған, әрбір өңірлерге атамекендерге өзіндік бағалауларын жасаған, қазақтың мәңілік жайлы қонысы боларлық Жерұйықты іздеген Асан Қайғы бабамыздың тарихи-поэтикалық тұлғасы бейнеленген. «Құмдар, құмдар» атты өлеңде Алтын Орда, Қазақ хандығы дәуірлерінің тарихи тұлғалары (Жошы, Қазтуған, Орманбет, т.б.), өзара қақтығысқан сол кезеңдер шындығы өлең құрылысының бейнелі өрімді ойларымен баяндалған.

Ақынның өлеңдерінде шыншылдық ұстанымдарымен ұсақ ойлы пенделерге, қуыс кеуде, өзімшіл, пасық мансапқорларға, күншілдерге басын имей, өлеңдерімен опасыздарды, екіжүзділерді әшкерелеп, сынап өткен қайсар мінезді, қайраткер жырауларымыздың, ақындарымыздың көркем бейнелері де даралана жырланған. («Шернияз ақынның сөзі», «Сәкенге», т.б. өлеңдері).

Зейнолла поэзиясындағы азаматтық лириканың идеялық-композициялық арқауы – дала мен теңіз тынысы. Ақын қазақ даласының, көшпелі тұрмыс мәдениетінің салт-дәстүрлерін тебірене, сағына толғайды. Жастайынан атқа мінген қазақ ұл-қыздарының төрт түлікті өргізген жазғы жайлаулары, қысқы тіршілігі, асауларды бұғалықпен ұстап бас білдіргені, қымызбен сусындағаны, әншілерін, күйшілерін, жыршыларын, ақын-жырауларын тыңдап ардақ тұтқан дала перзенттерінің асқақ ойлы тағылымы – бәрі де қазақ өркениетінің ұлағатын таныта толғанған болмысымен ерекшеленген. «Отаным менің», «Қоштасу: Қош, толқынды Аралым», «Туған балаң», «Аңсау», «Арал: Кіндігім бірге Аралмен!» «Мықықты нарға қашан да ауыр жүк теңдер», «Бәйге», «Өлкем менің», «Дала! Дала, аңсап сені....», «Ей, таулар, бұлт айналған төбесіне», «Қансонар», т.б.

Азаматтық сарындағы лирикалық өлеңдерден ұлттық-этнографиялық ерекшеліктердің айқын байқалатыны – классикалық әдеби шығармашылықтың үздік үрдісі. Әлем халықтары әдебиеттеріндегі көрнекті ақындардың негізгі қаһармандары – сол авторлардың туған топырақтарының тұрғындары. Ақындардың азаматтық тұғыры – туған елі, Отаны, атамекен аймағы. Қазақ халқы үшін қасиетті мекен-ауылы, туған өңірі, кең даласы.

Лирикалық қаһарман – ақынның жеке «Мені» ұғымына жинақталған отаншыл ұл-қыздардың көркем шындықпен бейнеленген поэтикалық тұлғалану көрсеткіші. Ғасырлар бойы кең-байтақ даламызды ақкөңіл адал пейілімен, жомарт көңілімен, кір жуып кіндік кескен атамекендерін перзенттік махаббатпен сүйген Алаш ұрпақтарының отаншыл ұстанымдарын мағыналы жыр жолдарынан ұғамыз:
Отаным,

Тыңда!


Алдыңда тұрған туған балаң,

Ары бар таза кір қонбаған,

Жаны бар жарқын жырға арнаған,

Қиыннан қашып ұрланбаған,


Жай жұртты жаулап құлданбаған.

...Кеудем бір шексіз тұрған ғалам,

Жолым бар тартқан шыңдарға һәмән.

Қолым бар қанға былғанбаған,


Сырым бар бояп сырланбаған,

Жырым бар нәзік гүлге арнаған

Күн туса бірақ ұрған боран,

Отаным, саған қорған болам,

Тайсалмай алға жырмен барам,

Мен сенің, Отан, туған балаң! [98, 70-б.].


Азаматтық лирика – өмір қозғалысын философиялық көзқарастар аясында қамтитын толғаныстар әлемі. Өмір қозғалысындағы әрбір тіршілік иелерін, құбылыстарды, қасиеттерді үндес, ұқсас ерекшеліктеріне орай баламалай жырлау барысында жеке адамдардың жалпы қоғамға, өркениетке қосатын үлесі айқындалады. Ақын Зейнолла қазақтың ұлттық-этнографиялық дәстүрлі тұрмысы мәдениетіндегі өмірге құштарлықты, шынайы қабілетті, өнер сайысымен өрнектелген дала өркениеті адамдарының жан әлемі сілкіністерін, мұрат ұстанымдарын романтикалық-реалистік болмысымен бейнелейді. Мысалы, «Бәйгі» өлеңінің идеялық-композициялық желісінде өмір қозғалысындағы екі мәселе саралана қамтылған: біріншісі – тіршілік қозғалысындағы адамзат қауымына тән тынымсыз жүріп жатқан іс-әрекет, мұрат-мақсат жарыс-сайыс бәсекесі; екіншісі – азаматтық-отаншылдық парасатпен, шығармашылық шалқар шабытпен өмір сүретін өр рухты адамдар ұстанымен мәлімдеу.

Өлеңнің бірінші бөліміндегі тіршілік қозғалысындағы қарама-қарсылықты әрекеттердің, қасиеттердің егізделе өрілуі өмір шындығын айқын болмысымен көз алдымызға елестетеді:


Қайран өмір, күнде қызық ат бәйгі,

Әркім оған бір-бір тайын сақтайды.

Кей даукестер шаппай сұрап жүлдесін,

Бір жағында ауылдасы жақтайды,

Ат қайтқанда қалмай бірақ көтермеге қаптайды.
«Қас тұлпар!» деп қыдыңдатып құр тайды,

Жұртқа әйтеуір ат оздырмақ бір қайғы.

Кім келерін көмбе басы көрсетер,

Бәйгі айырар жаман торы сұмпайды,

Қаса тұлпар көтермесіз өзі-ақ алда шырқайды [98, 102-б.].

Поэзиядағы азаматтық көзқарас – шынайы өмірдегі барлық адамдардың жан әлеміндегі бұлқыныстарды, талпыныстарды танытады. Әрбір саналы адамның өзін қоршаған қоғамдық-әлеуметтік ортадағы өмір қозғалысындағы оқиғаларға, жаңалықтарға, өзіндік үлестерін қосатыны мәлім. Жеке тұлғалардың жаңалықтарымен жалпы тіршіліктегі адамдарға ортақ құндылықтар құралады. Өмір қозғалысы бәйгісінде жеке тұлғалардың әрқайсысының дара әрекеттері өзара әрі үндес, әрі өзгеше сипаттарымен айқындалады. Әсіресе, өнер иелерінің (ақындардың, жазушылардың, композиторлардың, суретшілердің, мүсіншілердің, сәулетшілердің) шығармашылық шабыты баураған жан-жүйе толғаныстарынан мәңгілік туындылар дүниеге келеді. Шығармаларының адамзат ұрпақтарына рухани қызмет ләззаттын беруін ойлаған өнер адамының шабытты еңбек бәйгісі аламанындағы психологиялық хал-ахуалының романтикалық-реалистік сипатын Зейнолла ақын өлеңі арқылы айқын сезіне аламыз:


...Қызды ат бәйгі.

Арқам қозып тұрмаймын!

(Бір сілтейік, бола бермес мұндай күн)

Тай емеспіз,

Тарлан тартқан басым бар,

Көрінгеннің жетегіне қимаймын,


Жан қинасам мыңдар үшін қинаймын.

Мен біреудің уысына симаймын,

Жан қинасам мыңдар үшін қинаймын.

Бірақ, жаппай көтермеге шаппаңдар,

Көп торыдан айылымды жимаймын,

Жалғыз шауып,

Бәйгіңді алып,

Мыңдар, саған сыйлаймын! [98, 102-103-бб.].


Ақындардың азаматтық-отаншылдық ұстанымдары туған жерді, атамекенді жырлаған өлеңдерінен де мол байқалады. Қазақ даласының барлық аймақтарындағы таулар да, өзендер де, ормандар да, бетегелі белдер де, жалпақ жондар да, кең жазықтар да, т.б. барлық өңірлер – бүкіл қазаққа ортақ Отан. Зейнолла ақын да қазақ даласының барлық өңірлерін өзара сабақтас, тұтас Отан ұғымымен сүйген қазақ азаматына тән парасат биіктігі ұлағаты көзқарасын жырлайды. Кең-байтақ қазақ жеріндегі көлдер де, таулар да, жусан көмкерген кең дала да, қойнауларды мекендеген ауылдар, күннің қызуы мен таза ауасы – бәрі де қазақ перзенттерінің жан ділі сыры болып төгілген:
1. Аяулым, анам менің өлкем менің,

Құндақтап қызғалдаққа «еркем» дедің.

Менің де өзіңе ұқсап жаным жайлау,

Өзіңдей мен де жомарт, өр кеудемін.


Қандырған сусынымды егіз көлің,

Жүрсем де қай қияда соны іздедім.

Аңсадым бір қарауға Алатауға,

Құмарттым бір жұтуға теңіз демін [98, 158-б.].


2. Дала!

Дала, аңсап сені ақ қанатты ұшты арман,

Шалғыныңа бауырын төсеп бір аунауға құштар жан.

Айхай, шіркін! Дем алсыншы кеуде бір,

Қысы-жазы қалада алыс шаң-түтінге ысталған.
Не жетсін-ай, кең далада Айсыз түні жүргенге,

Түн әлдиі маужыратып қисаясың бір жерге.

Қатып ұйықтап бір-ақ ашсаң көзіңді,

Көкжиекте қызыл шырай күн шапағы күлгенде.


Айнала аңқып жусан иісі жарып кетер мұрныңды,

Ауа таза, жұтып тоймай ашқызады ындынды.

Асығасың алыстағы ауылға,

Асып түсіп,

Асып түсіп бір қырдан соң бір қырды.
... Бұл өмірде шеңберді де, параллелді көп сыздық,

Елеңдейсің кейде алдыңнан кесіп жұмбақ өтсе іздік.

Құба жондар...

Құба жондар талдырады көзіңді,

Осы арадан басталардай әлем деген шексіздік [98, 159-160-бб.].
Әлем әдебиетіндегі азаматтық лирика арқылы халықтардың ұлттық-отаншылдық және жалпыадамзаттық гуманистік көзқарастары танылады. Ақындар – туған Отандарының және адамзат өркениетінің ортақ мұраттарын жырлаушылар. Зейнолла Шүкіров поэзиясындағы азаматтық-отаншылдық өлеңдер де классикалық мұралар дәстүрімен үндес сипатымен жырланған. Туған Отаны қазақ даласындағы ата-бабалар қалыптастырған кемел ойлы парасат, көркемдік ойлау биіктігінде жырлауды дамыта жалғастырған Зейнолла Шүкіров өлеңдері қазақ поэзиясының поэтикалық қазынасын байыта түскендігімен ерекшеленеді.

Қорыта айтқанда, дарынды ақын Зейнолла Шүкіров поэзиясындағы азаматтық-отаншылдық өлеңдер арқылы халық ділінің мызғымас беріктігі дәлелденген. Жан-жақтан анталаған жат ықпалдармен арпалыса жүріп, туған даласын, жан жүйедегі қайсарлығын, күрескерлігін жоғалтпаған қазақ ұрпақтарының ғасырлар белестерінен өткен, енді жаңа тарих асуларына аттанған жарқын болашақ жолы аңғарылады. Ақындардың азаматтық ұстаным жолын ұлықтаған қуатты жырлары арқылы қазақ әдебиетінің, тәуелсіз Қазақстанның әлем өркениеті кеңістігінде де өзіндік тұғырын биіктете беретін мемлекеттік бағдарына да зор сеніммен қараймыз.

Әлем халықтары ақындарының поэзиялық мұраларында лирикалық өлеңдердің мол жырланатыны мәлім. Лирикалық өлеңдер жырлаушы автордың жан әлемі кеңістігіндегі тебіреністерден, толғаныстардан туындайды. Лирикалық өлең – туынды авторының жан діліне ықпал еткен жағымды, жағымсыз жағдайлардың әсерін өмір шындығы құбылыстарымен, қасиеттерімен сабақтастырады. Шығарма авторын қоршаған қоғамдық-әлеуметтік ортаның қабылдау ықыласын иеленетін лирикалық өлеңдер бүкіл адамзат ұрпақтарына ортақ сезім әлемін көркем шындықпен жырлаған құдіреттілігімен құнды.

Көңіл-күй, табиғат, махаббат, саяси-әлеуметтік, аазаматтық, философиялық лирика болып шартты түрде жіктелетін өлеңдердің бәріне де ортақ поэтикалық сарын – адамдардың ішкі жан ділі әлеміндегі сезім тебіреністерін көркемдік шындықпен жырлауы.

Зейнолла ақынның көңіл-күй лирикасы сипатындағы өлеңдерінде лирикалық қаһарманның сезім тебіреністері арқылы қайшылықты тіршілік қозғалысындағы адам жан ділінің ішкі әлем құбылыстары психологиялық тұрғыда жырланған. Ақынның көңіл-күй лирикасы – психологиялық өлеңдерге тән жанрлық болмысымен айқындалатын үлгілер. Академик З. Ахметовтің тұжырымы бойынша: «… ақындардың көңіл-күй лирикасы автордың өз тағдырын, қуаныш-қайғысын қоғамдық өмір, заман, дәуір туралы ой-толғаныстарымен терең қабыстырып ұштастыра білуімен құнды» [81, 113-б.].

Психологиялық өлеңдеріндегі көңіл-күй толғаныстарының сүйіну, күйзелу, өкіну, үміттену, т.б. алуан түрлі өрнектері ақын жырларының ойлау кеңістігін қамтыған күрделі болмысын танытады. Мысалы, «Жылдар жылжып», «Жастық-ай, әр күнің бір қызық ойнақ», «Түнгі сәуле», «Көңілің нені түйеді», «Қайтейін сені, жас шақ-ай!», «Ішім жанып барады, ішім жаным», «Қоштасу», «Ақсау», «Ақ қайыңды ой басқан», «Іздеттің достар», «Үзілме, домбыраның әні мұңды!», «Сағыныш саздары», «Қайран басым», «Япырай, эалғыздықтың жаман-ай!», «Еске алмақ өткен күнді қиын, ақын!», «Жалғыз досым, жан досым – жыр деп едім», «Кеуде күрк-күрк», «Асықтар, жүректі үзген аруларым», «Түсімде», т.б.

Көңіл-күй лирикасы тобындағы өлеңдердегі психологиялық өрнектермен айтылған ой желілерінде адамдарға ортақ ішкі жан-дүниедегі тебіреністер романтикалық сарындар аясында жырланады:
... Айқай, көңіл!

Көкке ұштың, жар да құштың,

Түн ортасы сен үшін талма түс күн.

Өз қызығым өзіммен, өз думаным,

Шарап емес, келеді, шәрбат ішкім.

Тойғанына мәз болған құр өңештің,

Құрсын, өмір!

Жоқ оны тілемеспін!

Ішпей-жемей мас болып толқыған сәт,

Өзі қандай жалт еткен бір елестің.

Кетті ме екен кеудемді күшім жарып,

Қыса түсем қаламды құшырланып.

Борышы көп бір жан мын кең дүниеге,

Соны ойласам кетеді ішім жанып... [91, 55-б.].

(«Ішім жанып барады, ішім жанып» өлеңінен).
Көңіл-күй лирикасына жататын өлеңдерде адамдардың маңындағылар байқай бермейтін ішкі жан әлеміндегі әралуан құбылыстар, толғаныстар, күрсіністер мен серпілістер, армандар, т.б. алуан түрлі ой арналары көркемдік жинақтаумен қамтылады. Лирикалық қаһарманның ғарыштық-ғаламдық әлемді шарлаған ұшқыр, жүйрік қиялы арманшыл адамның алыстарға, биіктерге талпынған қыран, сұңқар қанатты ой еркіндігін бейнелейді:
Кеудем менің жалын боп алаулады,

Күңіренемін адамдай қамаудағы.

Кең дүниені тарсынып тулағанда,

Жұдырықтай бұл жүрек сан аунады.

... Бұл жүрек – кең әлемнің еркін құсы,

Самғап ұшып келеді серпілігісі.

Сағынтты ғой маңдала шығайыншы,

Кеудеме бар жаһанның толсын күші [91, 65-66-бб.].

(«Аңсау» өлеңінен).
Адамдардың арманшыл көңіл-күйі әлеміндегі алыстарға, болашақтың бақытты кезеңдеріне ұмтылған өршіл әрі мұңшыл сезімдері ақын өлеңдерінде поэтикалық-психологиялық өрнектермен жырланған.

Әлем әдебиетіндегі көрнекті ақындардың барлығында да табиғат құбылыстарын, суреттерін адамдардың ішкі жан әлеміндегі сезіммен тұтастандыра жырлау тұрақты байқалады. Табиғаттың құбылыстарын, суреттерін, көріністерін саналуан болмысымен жырлауда ақындар бүкіл тіршілік денелерінің, қозғалыстарының өзара үндес, тектес, болмысын баламалауды негізге алады. Қазақ әдебиеті тарихындағы ақындардың табиғат құбылыстарын, суреттерін адам сезімі аясындағы таным көзқарасы тұрғысынан жырлауы тіршілік қозғалысының романтикалық және реалистік сарындар тұтастығына негізделді.

Қазіргі қазақ әдебиеттануы ғылымының қисыны адамзат ұрпақтарының ежелгі замандардан қазіргі кезеңге ұласқан дүниетаным көзқарастары жүйесімен байыпталған:

«Табиғат лирикасының алғашқы белгі, нышандарын фольклорлық поэзиядан бажайлауға болады. Өйткені қашанда адамзат табиғатпен етене жақын. Сондықтан айнала қоршаған орта және оның түрлі жаратылыс сырлары адамның назарын өзіне аудармай қоймаған. Осындай жағдайда ақындар табиғатқа арнап лирикалық өлеңдер жазып отырған. Біреулер табиғаттың пейзаждық суреттерін жасаса, енді бір ақындар сол табиғат арқылы қоғамдық өмірді, адамның шкі көңіл-күйін астастыра жырлаған» [81, 192-б.].

Қазақ поэзиясына сыршыл лирикалық өлеңдерімен өзіндік үлес қосқан ақын Зейнолла Шүкіровтің табиғат лирикасына жататын өлеңдері де классикалық көркемдік үрдістер аясындағы шығармашылық сипатымен ерекшеленеді. «Таң алдында», «Аңсарым алыс жұлдызда», «Теңіз жыры», «Күн батарда», «Тербейді таң самалы, май самалы», «Алматым», «Айнакөл», «Теңіз», «Таң алдында» («Тыныпты тентек жел ескен»), «Дауыл», «Ай», «Қала берсін мүлгіп құрақ», «Ақша қар», «Көктем», «Қыс», «Аякөз тоғайы», «Ерке гүл, сарғайма ерте күзің соқпай», «Сыпырды қыс ақ көрпесін», «Жайылып жаңбырдан соң алақаны», «Ақша қар», «Күз әпке», «Табиғат қалады-ау бір жырғап таңда», «Теңізбен кездесу», «Ей, таулар, бұлт айналған төбесінен», «Қансонар», «Қарағай», «Ару көл», «Бұлттар, бұлттар», «Көл жағада», «Айнакөл», «Күншуақ», «Көктем күліп кіреді талай баққа», «Бақша», «Балқұрақ», «Нөсер күні», «Тау гүлі», «Қоңыр күз», «Дауыл», «Бұлт», «Қыз бен аяз», «Жауғытұрым», т.б.

Табиғат лирикасы – адамның тіршілікпен тыныстаған өмірінің өзегі. Тіршіліктің күндізі де, түні де адамды қоршаған табиғат ортасындағы барлық көріністердің өзара үндескен, бірін-бірі толықтырған, алуан түрлі құбылыстарымен адамдарды бірде жадыратқан, біресе жабырқатқан әсері – бәрі де ақынның бейнелі өрнекті тіркестерімен, тармақтарымен суреттеледі. Кең дала мен көл жағалаулары арасында тұрған кейіпкердің аспан, Күн, көл айдыны, жасыл табиғат – бәрін көз жанарына сыйғыза қарап тұрып қайталанбас суреттер тұтастығын өлең өрнегімен бейнелеуі лирикалық-психологиялық тебіреністермен өрілген:


Мөлдіреп ұшан – теңіз ашық аспан,

Жер үстін жаздың салқын кеші басқан.

Балқиды көкжиекте нарттай жанып,

Қызыл күн нұр шапағын шашыратқан.


Бөленді қызғылт түске су беті де,

Әлде бұл батар күннің құдіреті ме?!

Жел тынып, жасыл құрақ мүлгіп қалған,

Көз тоймас кештің сол бір суретіне.


Кең айдын көлдің шалқар атырабы,

Жай толқып тынши алмай жатыр әлі.

Тек жым-жырт көл жағада жасыл тоғай,

Жас талдың селт етпейді жапырағы.

(«Күн батарда» өлеңінен) [91, 22-б.].
Зейнолла – романтик ақын. Тіршілік кеңістігіндегі табиғат құбылыстарының алай-түлей дауылды, жауынды сәттерін лирикалық қаһарманның көңіл-күй әуендерімен егіздей бейнелеп жырлауы да романтикалық өршіл ой келеріне ортақ психологиялық жағдаймен баламаланғандай әсер береді:
Азынайды жел гүлеп,

Алаулайды соңғы арай.

Тулап теңіз теңбіл көк,

Астан-кестен бар маңай.


Дауыл шайқап, жел қуған,

Айналаң бір ақ көбік.

Толқын туып толқыннан,

Шу көтеріп жатты өріп.

(«Дауыл» өлеңінен) [91, 49-б.].
Табиғат – бүкіл тіршілік қозғалыстарының, суреттерінің кешенді болмысы. Суреткер ақындардың табиғатқа арналған өлеңдерінде кейіптеулік бейнелеулер арқылы табиғат құбылыстарының адамдарға баламаланып бейнеленуі де поэтикалық үрдістердің классикалық дәстүрлі жолын аңғартады. Зейнолла ақынның табиғат лирикасын құрайтын өлеңдерінде де кейіптеулік бейнелеулердің ұлттық діл аясындағы жырланғанын байқаймыз:
Тоғай-жеңге таппайды тыным бүгін,

Құрып жатыр көк жібек шымылдығын.

Тасасында ақ терек таранады,

Жұрт көзінен жасырып сұлулығын...

Соны көріп бала гүл жымың-жымың... [91, 97-б.].
Табиғат лирикасы поэзиялық мұралардағы эстетикалық тағылымы айрықша маңызды сипатымен ерекшеленеді. Жаратылыстың сан алуан суреттері мен құбылыстарын поэзиялық өрнектермен бейнелей жырлау арқылы ақындар адамдардың тіршілік кеңістігімен біртұтас болмысын дәлелдейді. Зейнолла Шүкіров поэзиясындағы табиғат лирикасын құрайтын өлеңдері де жалпы әдеби үдерістегі классикалық дәстүр жалғастығын танытады. Сонымен бірге ақынның романтикалық-реалистік сарындар тұтастығымен жырлаған шығармашылық өзіндік мәнерін де аңғартады.

Қорыта айтқанда, көрнекті ақын Зейнолла Шүкіровтің табиғат лирикасы қазақ поэзиясының ежелгі замандардан бүгінгі кезеңге ұласқан көркемдік-эстетикалық ұлағатын даму жолының өміршеңдігін танытады.

Ақынның көңіл-күй лирикасы табындағы шығармалары желісінде элегиялық өлеңдер де саралана көрінеді. Элегиялық өлеңдер – әлем ақындары поэзиясында ежелгі замандардан бері орын алып келген шығармалар. Ақындардың элегиялық өлеңдерінде лирикалық кейіпкердің өзіндік жеке мұңы-шері мен адамзат ұрпақтарына ортақ қасірет, тауқымет зардаптары сабақтас жырланады. Элегиялық өлеңдердегі кейіпкер тағдырының мұңлы-шерлі толғаныстары арқылы адамдарының бәрінің де тағдырынан орын алған қасіретті хал-ахуал сипаты айқын байқалады. Зейнолланың элегиялық өлеңдері де оның жеке басына тән қайғылы, қасіретті тағдырдың әрі жалқылық та, сонымен бірге жалпылық та сипатын психологиялық тұрғыда бейнелейді. «Жанарыңа толып жас», «Қайта-қайта қарамашы тесіле», «Сиярмын қалай енді үйге», «Гүлшешек (Гейненің ізімен)», «Өкініш», «Элегия (Әзкенге)», «Еске алмақ өткен күнді қиын, ақын», «Кеуде күрк-күрк, аяқ-қол құрысуда», «Қарайсың қабағыма», т.б.

ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ поэзиясындағы көрнекті ақындардың шығармашылығында элегиялық өлеңдердің болуы ақындардың әлем әдебиетіндегі классикалық үрдістермен сабақтастықты танытты.

Бұл – ұлттық поэзиямыздың көркемдік сипатындағы жаңашылдықтың көрінісі. Әлем әдебиеттеріндегі классикалық үлгілерді шығармашылық ізденістер арқылы жаңғырта жырлау арқылы ақындар көркемдік жалғастық жолын дамытты. Қазақ поэзиясындағы көрнекті ақындарының бірі Зейнолла Шүкіров поэзиясының осындай классикалық жанрларды жаңғырта жырлауы да оқырмандардың ықыласты қабылдауына ие болды.

Элегиялық өлеңдердегі лирикалық қаһарманның тағдыр тауқыметінен қанша азап шексе де, қажымайтын, қайсар рухын танимыз:


Жанарыңа толып жас,

Қамықтың, қайран қарындас.

Гүл ашпай жатып жас шағың,

Қажытса науқас, батса мұң...

Арманың әсем көктемде,

Бір сүңгу болса көк көлге...

Әйнектен қарап сен қырға,

Жазда да батса сол мұңға.

Қиын-ау ... адам шыдайды, ә!

Қайтесің, қалқам, мұңайма.

Ағаңа қара бұл жақтан,

Көтеріп дертті мың батпан.

Қараймын бірақ мен алға,

Арманым алда, тек алда!

Алда бір күн бар жазылар,

Алда бір өмір жазы бар.

Құшаққа сол жаз мені алар,

Бойыма қуат оралар,

Дерт деген болмас ол кезде,

Бетінен жердің жоғалар...

Арманым алда, тек алда! [91, 26-27-бб.].
Зейнолла ақын шығармашылығында махаббат лирикасы тобындағы өлеңдері де мол. Махаббат лирикасы – әлем әдебиетінің ежелгі замандардан бері үздіксіз жырланып келе жатқан, байырғы жанрларының бірі. Шығыстың және Батыстың классикалық поэзиясында тұрақты жырланған махаббат лирикасы өлеңдерінің қазақ поэзиясында да ұлттық бояулы өрнектерімен жырланып келе жатқаны мәлім. Хакім Абайдың, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Қасым Аманжоловтың, Мұқағали Мақатаевтың және т.б. ондаған ақындарымыздың поэзиясында махаббат лирикасы тобындағы өлеңдер ұлттық бояулы қалпымен әлем әдебиеті классикалық шығармаларымен үндес деңгейді жырланып келеді.

Зейнолла ақынның да махаббат лирикасына жататын өлеңдерінде бір-біріне ынтық еркек пен әйел сезімінің романтикалық сарынды сипаты айқын аңғарылады. Мысалы: «Бір кездері мен оны бала көрдім», «Сағыныш», «Сол күні ренжіп маған кетіп едің...», «Ұзатып саларда», «Сен үшін» («Келдің-ау, сәулем!...»), «Махаббат құдіреті: Қозы Көрпеш – Баянның басында», «Аққулар оралғанда», «Есіңе, сәулем, мені аласың ба?», «Келерсің іздеп күнде сен...», «Ақ сәулем», «Мойнымда сезем бір сәт ақ білекті», «Бір қазыққа байланған жүректер-ай», «Махаббат та, ақ көңіл бала да бір», «Әйел» («Әйел ... әйел ... Мен сені ардақтармын»), «Таңертең ұйқысын ашты бақ», т.б.

Ақынның өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкерлер ғашықтық сезімдерінің аясында тіршіліктің барлық құбылыстарымен сырласады. Үнемі сағынумен, аңсаумен, кейде қуанумен, немесе ренжумен жүретін адамдардың жан дүние әлеміндегі сезім өрнектері ғашықтық ғаламатын жырлауға құрылады. Әсіресе сүйгенін сағынумен, аңсаумен жүретін ғашық жанның, жүрегінен төгілген сырларды поэзиялық тілмен жырлауда ақындардың махаббат тақырыбындағы лирикалық өлеңдері айрықша ықпалдылығымен ерекшеленеді. Мысалы, «Сағыныш» атты өлеңдегі лирикалық кейіпкердің тебіреністері табиғат пен адам көңіл-күйін психологиялық егіздеумен өрнектелген:
Терезеңнен телміріп, Ай қараса,

Күміс сәуле бетіңді аймаласа,

Ол сағынған мен деп біл,

Уақыт өтті,

Уақыт өтті мінекей айдан аса,
Сыбыр қағып мезгілсіз жасыл терек,

Түнде ұйқыңды жіберсе ашып кенет,

Ол да менің мазасыз жаным шығар,

Бір көруге өзіңді асық жүрек [91, 21-б.].


Ғашықтардың оңаша қауышқан, кездескен сәттері – Адам Ата мен Хауа Анадан беріп келе жатқан аса әсерлі қайталанбас тәтті, ыстық сезімдер тоғысуының кезеңдері. Шынайы сезімдер толқыныстарын, толғаныстарын тұтастырған екі жыныс иесінің құшақтасқан, аймаласқан қимылдары тұтасқан сол бір сәттер лирикалық өлеңдердің композициясындағы романтикалық және реалистік сарындар шынайылығымен суреттеледі. Лирикалық кейіпкер жігіттің аймалаған аруымен бірге қауышқан сәтті де, алыстап кеткендегі ұмытылмас бейнесін де бейнелеу өрнектерімен жырлауынан өмір шындығы суреттерінің романтикалық сипатпен қамтылуын танимыз:
Мойнымда сезем бір сәт ақ білекті,

Сол минут бар ғұмырдан тәттірек-ті.

Тып-тыныш жапырақтар төбемізде,

Күн де алыс көпжиекте батты,


Кетті ...

Айқасқан құшақ қана сағынышты,

Бәрі ұмыт басқа дүние,

Әрі ығысты ...

Әлде бір құлағыма үн келеді,

Үзіліп кететіндей жалынышты.


Әлде бір жәрдем сұрап жаралы елік ...

Жан жүйкем аяныштан барады еріп,

Мен оны көкірегіммен қалқалаймын,

Қатерден сақтайтындай пана болып ...

Құшақта қамсыз бір жан балқи берсін,

Енді оның маңдайына шаң тимесін.

Мен бармын, «қалқалаймын» мәңгі асымай,

Дүниенің оған деген салқан кешін [91, 137-б.].


Зейнолла ақын поэзиясындағы лиро-эпикалық жанр балладалардың да үлгілері бар. ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы қазақ поэзиясындағы көрнекті ақындардың бірі Қайнекей Жармағамбетовтің балладалары айрықша поэтикалық даралығымен ерекшеленген-ді. Профессор Т. С. Тебегенов «ХХ ғасырдың екінші жартысындағы әдеби процесс және Қайнекей Жармағамбетов поэзиясының поэтикалық ерекшеліктері» атты еңбегінде осы кезеңдегі көрнекті ақындар шығармашылығынан орын алған баллада жанрының дамуына байланысты бағалауын білдірген:

«Қазақ поэзиясындағы лиро-эпикалық баллада жанрының классикалық әдебиет деңгейінде дами бастауында көрнекті ақындарымыз Қайнекей Жармағанбетовтің, Сырбай Мәуленовтің, Аманжол Шамкеновтің, Қалижан Бекхожиннің туындыларын айтамыз. ... Қайнекей Жармағанбетов поэзиясының поэтикалық ерекшелігін танытатын басты жанры – балладалары. Ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы негізгі шығармашылық тұғырын танытатын баллада жанрындағы шығармалары поэтикалық сипат ерекшеліктеріне құрай саралана жүйеленеді: біріншісі – халық тарихындағы көрнекті тарихи аңыздық тұлғалар тағылымын ұлықтау; екіншісі – сатиралық сарынды сыншыл балладалары; үшіншісі – отаншылдық, батырлық, ерлік, адамгершілік-имандылық қасиет иелерін дәріптеу; төртіншісі – мысал-балладалары» [120, 65-66-бб.].

Демек, аталған кезеңдегі әдеби үдеріс арнасындағы Зейнолла Шүкіров шығармашылығындағы балладалардың да болғаны – ұлттық сөз өнері дамуының жаңашылдық тағылымын байқатады. Ақынның балладалары әлем әдебиетіндегі романтизм көркемдік әдісімен жырлаудың қазақ поэзиясындағы көрнекті үлгілері қатарын құрайды. Балладалардың идеялық-композициялық желісінде сюжеттік бөліктері мен лирикалық толғаныстар тұтасқан құрылымнан өмір шындығы оқиғаларының көркемдік-эстетикалық ойлау тағылымы танылады.

«Теңізбен кездесу» балладасында лирикалық кейіпкердің теңізге келген сәтіндегі психологиялық дидарласу сипатындағы жыр өрнектері адам мен табиғат құбылысы егізделген табиғи хал-ахуалдың романтикалық сарынын аңғартады:


Тентек толқын дөңбекшиді,

Теңіз қайтіп тыншығар.

Аңсап мені,

Аймалауға әлде асығып тұр шығар?!

Аппақ төсін жалаңаштап айдын жатыр алдыңда,

Құшағына құлап түспей кім шыдар?!


Мұздай суық су тынысын сезем бүкіл денеммен,

Толқындармен қайықтасып,

Құшақтасып келем мен.

Толқын, толқын ...

Бірде ойнайды мойының асылып,

Бірде еркелеп асып түсіп төбеңнен.

Айғай толқын! ...

Алысамыз, айқасамыз ерінбей,

Шалы еткізіп бетке ұрады.

Сол мінезі керім ғой [91, 86-87-бб.].


Баллада – лирикалық және эпикалық сипат тұтастығындағы шығарма. Аталған балладаның көркемдік түйіні – адамдар мен теңіз мінезінің үндестігін поэтикалық баламалаумен түсіндіру. Теңіздің лирикалық кейіпкермен дидарласуындағы шартты түрде алынған тілдесу, сөйлесу диалогтары да, кейіпкер көзілдірігіп теңіздің алып кетуі де көркемдік қиял шешімі. Теңіз толқындарының адамдармен қауышу сәтін де, суға түсіп кеткен заттарды да табиғи құбылыс, ерекшелік тұрғысында бағалау арқылы адам, тіршілік қозғалысының тұтасқан болмысын бейнелеген.

Зейнолла ақынның шығармашылығындағы сатиралық өлеңдері оның қоғамдық-әлеуметтік ортаның қайшылықты сырларын бағалаудағы ұстаздық, тәлім-тәрбиешілік, қайраткерлік, ұстанымын дәлелдейді. Ақындар – қоғамдық-әлеуметтік ортаның сыншылары, тәрбиешілері. Өзі өмір сүрген әлеуметтік ортадағы жақсылықтарға сүйінетін, жамандықтарға күйзелетін қайраткер тұлғалар тарих белестерінің барлық кезеңдерінде де ақындар болғаны мәлім. Зейнолланың сатиралық өлеңдері де адамдардың жеке тұлғалық өнегелі болмысын да, жалпы қауымның ұрпаққа ұлағат болатын дәстүрін де сыншылдықпен жырлау өнегесімен көрінеді. ХХ ғасырдағы Кеңес Одағы елдерінде, оның ішінде Қазақстанда да арақ ішудің өте белсенді сипат алғаны, макүнемдіктің салдарынан адамдар ортасында азғындаудың белең алғаны, көптеген маскүнем адамдардың машина апатынан, далада үсіп өлуден опат болғаны, отбасылардың бұзылғаны, кейбір айықпас маскүнемдердің жындыханаларға түскені белгілі. Ақынның «Өкініш» атты сатиралық-элегиялық өлеңдерінде осындай кеселді қырсыққа ұшырағандар сыналған.

Қазақ әйелдері арасында үй-ішінің, отбасының күтімін ойламай дүкендерді көшелерді аралаумен уақытын өткізетін өсекші, қыдырымпаз әйелдер бейнелері «Күләйым солай ұдайы» өлеңінде сыналған. Адамдар ортасында қыз кезінде тұлғасымен, келбетімен, мінез-құлқымен сүйкімді болғандардың тұрмысқа шығып әйел болғаннан кейін жағымсыздығымен танылатыны да «Қызық қыз едің мөлдіреп қана күлетін» атты сатиралық өлеңде сипатталған. Ал, «Қара бұрым» атты сатиралық өлеңінде қыз сұлулығының негізгі көрсеткіші болып саналатын бұрымын сақтай алмаған, қиып, күзеп тастап, ұлттық болмысынан, әйел жынысына, тән нәзіктігінен, ұнамдылығынан жұрдай болған көңілсіз жағдай сыншыл-элегиялық сарынмен өрнектелген:
Хош иіс қолаң шашы-ай қарағымның,

Арқада тарқатылған қара бұрым ...

Кейде бір мойынымды қытықтайтын,

Қолаң шаш, қадіріңді жаңа білдім.


Қайтейін, қайран қыздар, жүдедің ғой,

Бір басыңды күтіп те жүре білмей.

Аңсатты-ау ару қыздың қолаң шашы,

Мап-майда Самарқанның жібегіндей.


Қос бұрым кеше бізге жырдай болған,

Жоқ бүгін

Қайшы ұшында жұрдай болған.

Бұл жүрек құлазиды

Кездескендей,

Жұртына ескі ауылдың бір бай қонған.


Қолаң шаш табиғаттың сыйлығындай,

Сол сыйын қызға ғана қиды Құдай.

Сипадым ... Қолға тиді түрпідей боп,

Бірдеңе ту биенің құйрығындай [91, 185-186-бб.].


Ақынның бірқатар сатиралық өлеңдерінде тұрмыстық қарым-қатынастар жүйесіндегі кемшіліктер сыналған. Еркектің әйелін орынсыз қызғанышпен айыптауынан туындаған берекесіз түрмыс («Күнұзын кейіс, керіс, ұрыс ұдай, түн ортасын аударып татуласып, қу өмір итшілеген құрысын-ай!»), маңындағы ілгері басқандарды орынсыз қызғанған іштарлық («Іші тар, оның әлде қызғаншақ па?!), баласын босбелбеу, дүниеқұмар, жалқау, өзімшіл етіп тәрбиелеген жауапсыз ата-атаның теріс тәрбиесін («Оның ұлы» өлеңі), сүйген жары әйелін бағаламайтын өркөкірек надандарды («Ғайбаттап тұрсын кімді, ей, ақымақ?!») айыптаған ақынның сатиралық өлеңдері қазақ поэзиясындағы ата-бабалық адамгершілік-имандылық тәрбиесін ұлықтаған өнеге өрісін танытады. Зейнолла ақынның сатиралық өлеңдері қазақ ұлтының саналы, сапалы ұрпақ өсіруді, салауатты өмір салтын ұстанған халықтық мәдениет тағылымын ұлықтаған азаматтық-қайраткерлік ұстаным биіктігін көрсетеді.

Қорыта айтқанда, ақынның лирикалық өлеңдері ұлттық сөз өнері тарихындағы көркемдік-эстетикалық дүниетаным кеңістігіндегі ұлағат жолының мәңгілік тағылымын таныта алады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет