«Қазақстандағы ұлттық тарихи білімнің қалыптасу алғышарттары» деген екінші тарауда әлемдік өркениетке сай келетін қазақ халқының мәдени-тарихи мұраларының, тіпті сақтар мен үйсін-хұн дәуіріндегі ерлік дастандар мен қазақ батырлар жырының мазмұн бірлігінің, эпостық жырлардың тарихпен сабақтастығының ерекшеліктері ашылған. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы тарихи білімнің дамуындағы өзіндік орны бар қазақ эпосының тарихи кезеңдерге бөлу тарихнамасындағы Ә. Марғұланнан бастау алатын шығыстық қиса-дастандар түрінің ерекшеліктері де осы тарауда көрініс тапқан. Біздің байқауымыздағы эпос зерттеушілерінің бәріне тән ортақ белгі-мәселенің тарихи білімдік маңызына емес, оның тарихилығын айтумен шектеледі.
Дүние жүзіндегі халықтар ғасырлар бойы бір-бірімен қаншама соғысқан күннің өзінде, олар бәрібір бірінен-бірі үйренді. Ал бұл үрдістердің көбі тарихи білім арқылы болған діннің ықпалымен болғанын жасыра алмаймыз. Орта ғасырлардағы біздің Мауараннаhp, Моғолстан сияқты рухани орталықтарымыздағы негізгі жазба жазуынның рөлін араб, парсы, кейінірек шағатай жазуы атқарса, осыған байланысты біздің кезіндегі бабаларамыздың көпшілігі ислам дінін енгізген сол елдерердің жазуын пайдаланып, тарихи білім жетістіктерін түркі тілінде әлемге танытты. Діннің енгізілуімен тарихта алғаш рет түркі тілі ғылыми айналасқа енгізіліп, зерттелді. Осы үрдіс яғни тарихи білімдегі ислам дінінің басымдығы өз эстафетасын кеңес дәуіріне дейін жеткізіді.
Дегенмен, XIX ғасырдың ортасында Қазақстанның Ресейге толық қосылуына байланысты өлкеде еуропалық үлгідегі мектептердің көптеп ашыла бастауы ұлттық рух белгілеріне қауіп туғызды. Міне, осындай көріністерге ашынған «зар-заман» ақындары ұлттық тарихи білімдік дәстүрді жалғастырып, оны қазақ ағартушы-демократтар тобына жеткізе білді. Ал XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ еліндегі баспа ісінің қолға алынуы ғылыми тарихи білімнің қалыптасуына жаңа жол ашты. Оны қазақ интеллигенциясының алғашқы шоғыры жалғастырып әкетті.
Ұлттық тарихи білімнің қалыптасуындағы «жауыінгерлікдәстүр» ерекшелігі диссертацияның осы бөлімінде айрықша қарастырылады. Оның себебі қазақтың еркін, жауынгер болған қасиеттерінен туындайды. Ұлттық тарихи білімнің өзегі де осы жауынгерлік дәстүрмен тікелей байланысты болғанын және оның дәлелдерінің де көптігіне қарай біз Райымбек батырдың тарихи білімдегі жауінгерлік дәстүрді жалғастыра білу шеберлігін үлгі етіп, оны көне көз қариялардың ауызша тарих айту дәстүрімен байланыстыруға тырыстық. Сондай-ақ арнайы тармақшада, бір жағынан, Қабай, Сабдалы жыраулардың деректеріне сүйену арқылы Райымбек батырдың тарихи тұлғасын көрсетсек, екінші жағынын Райымбектің Хангелді, Орақ сияқты тарихта болған адамдардың өнегесін тарихи білімдік тұрғыдан қабылдау ерекшелігін жеткізуге ұмтылыс жасадық. Анығы, бүгінгі ұрпаққа жеткен таңбалы тас та, ойма немесе, бітік түрік жазуы мен, шешендік өнері де жоғарыдағы біз айтып отырған тарихи өнегенің білімдік жемісінің нәтижесі екендігін назарда ұстаған жөн.
Біз осы диссертациямызда XIX ғасырдағы қазақ демократтарының ұлттық тарихи білімді дамытуға қосқан үлестерін мына төмендегіндей тұрғыдан көрсетуге тырыстық:
- Ы. Алтынсарин өз шығармаларын ана тілінде жазу арқылы балалар әдебиетінің үлгісін қалыптастыра отырып, тарихи білімнің ұлттық моделін негіздеуге әрекет жасаған қазақ арасынан шыққан алғашқы демократ. Ол өзінің «жақын досы» Н. Ильминскийге жазған бір хатында қырғыздардың өз тарихын жазуға ниетінің барып білдіріп, бірақ оны бастау үшін материал жоқ деген сылтау айтса, бұл оның өз елінің тарихынан хабарсыздығын білдірмейді. Балқожа бидің тәрбиесінде өсіп, сол кездегі қазақ тарихынан хабары мол ғалымдар арасында жүрген Ыбырайдың ең болмаса, ауызша тарих айту дәстүрін білмеген дегендей қорытынды шығарсақ, әбестік болар. Біз өз жұмысымызды осы жағдайларды ой-елегінен өткізе келе, Ы. Алтынсариннің Н. Ильминскийге қазақ тарихы туралы жазған хаты орыс саясаткерлерлерін қазақ тарихын әділ жазуға астарлы түрде құлшындыру болғанын дәлелдедік. Расында, Ыбрайдың сол хатынан кейін В.В. Радлов, Н.М. Ядринцев, Н.А. Аристов, Н.И. Василевский, Ф.А. Щербина, В.В. Бартольд сияқты аса көрнекті ғалымдардың қазақ тарихын зерттеудегі таланттары жарқырай көрінсе, ол Ыбырайдың қазақтар туралы деректерге сұрау салуының нәтижесі болатын.
- Қазақтың ауызша тарихын оның ұлттық болмасының негізінде одан әрі дамытуда Абай Құнанбаевтың рөлі ерекше. Оның ұлттық тарихи білімді дамытудағы осы қасиетін алғашқы байқаған Міржақып Дулатов болатын [21]. Ол Абай мұрасын халықтың тарихи жадының көрінісі ретінде ұғыну керектігін ұсынған алғашқы көрегенді адам болса, онда тәуелсіздік жағдайындағы бүгінгі біздерге, Абайды қазақтың ауызша тарих айту дәстүрін сақтап, дамытқан аса ірі қоғам қайраткері ретінде де бағалайтын мезгіл жетті.
Ұлы ақын інісі әрі талантты шәкірті Шәкәрімге қазақтың шығу тегі жөнінде арнайы зерттеп, оны халықтың өз төл шежіресімен сабақтастыра отырып, бұрыннан қалыптасып қалған жансақ ұғымдардың терістігін ұғынықты етіп дәлелдеп, жаңаша жазуды тапсырған. Оны «Абай қазақ шежіресін жаз» деген соң, он тоғыз жасымнан қазақ шежіресін жинай бастадым [22] деп Шәкәрімнің өзі де растайды. Абайдың туған халқының тарихын зерттеуге пейіл білдіруі «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деп алатын еңбегі арқылы ғана белгілі емес. Ол 1890 жылы «Орта жүз қазақтарының рулары туралы» шежірелік – тарихи мақаласын Н. Коншин атынан жарияласа, талантты шәкірті Көкбайға Абылай мен Кенесары туралы дастан жазуды тапсырған. Абай би бола тұрып, шежірені ашық жазбағаны біз үшін беймәлім. Бірақ ол өзінің қара сөздерінде қазақтың тұрмыс тіршілігін, заңдық – құқықтық, әдет – ғұрып нормаларын тарихи білімділік тұрғыдан нақышына келтіре баяндап, оны білім ретінде оқытуды молдаға табыстаған. Абайдың немересі Уәсиланың естелігіне жүгінсек, одан басқа молдалар көшіріп алып, Абайдың қара сөздерінен қазақтың көптеген балалары таныс болған. Демек, Абай халықтың «көне сөздерін» өзінің қара сөздеріне жинақтап, қазақ халқының болашағы үшін ұлттың ділдік ерекшеліктерін тарихи білім көзі ретінде көпшілікке ұсына білген. Ендеше Абайды қазақ қоғамындағы ұлы билердің соңы болуымен бірге қазақтың ауызша тарих айту дәстүрін жалғастырған тарихшы деп айтуға болады. М. Әуезов пен В.П. Юдиннің «қара сөз» туралы пікірлері бір жерден шығып, олар «қара сөзді» тарихи білім ұғымына жатқызған. Олай болса, қазақ қоғамында осы киелі ұғымды Абай сияқты би дәрежесіне жеткен тарихшылар ғана ұрпақтан – ұрпаққа эстафетаға қалдырып отырған. Оның бұл арадағы қайраткерлігі поэзияны өз заманының адамдарының қабылдау түйсігіне сәйкестендіріп, халықтың күнделікті өмірінде жиі кездесетін тарихи құбылысты жеке адам тағдыры арақылы бере алу талантына байланысты. Ол өзінен бұрынғы халық жадында сақталған қаһармандық эпостардың сюжетін бұзбайды, қайта оны жинақылап, нақтылап, оқиғаны реалистік тұрғыдан көрсетіп, тарихи білімді өз тұрғысынан таныта білді. Оның адамды басты идея етіп алу шеберлігі шығыс фальклорының сюжеті мен дінмен бірге келген тарихи білімді тілге тиек ету арқылы жазылған үш поэмасында да кездеседі («Ескендір», «Масғұт», «Әзімнің әңгімесі»).
Тарихи білімнің ауызша тарих айту дәстүрінің өмірге үйлесімді болуын қадағалай білген Абай өзінің жиырма тоғызыншы сөзінде «Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарайматыны да бар» [23] – деп кейіп, көптеген мақалдардың қолданыстағы түріне сын айтса, бұл сол тарихи білімнің тазалығына деген қамқорлық болатын.
Тіпті ол өзінің өлеңдерінде дәстүрлі мәтелдерді мақал дәрежесінен асырып, афоризмге дейін ұластырып, ауызша тарих айту дәстүрін заңғар биіктерден көрсете білген.