«1920-1940 жылдардағы Қазақстан тарихының пән ретінде қалыптасуы» деп аталатын үшінші тарауда ұлттық тарихтың ғылыми даму жолына түскеніне қарамастан, саяси – идеологиялық ықпалдың салдарынан болған қарама - қарсылықтар ашылады.
Кеңес басшылығы азамат соғысы кезінде әскери өктемдік әдістерге негізделген «соғыс коммунизмі» саясатының үлгісімен 1919 жылдың желтоқсан айында Орынбор қаласында тарихи – статистикалық бөлімше дегенді құрды. Бұл бөлімше 1920 жылы 10 наурызда халыққа үндеу жариялай отырып, тариха қатысты материалдарды саралап, топтау, жүйелеу, қорытындылау ісінің бәрін қырғыз өлкелік әскери комиссариатына тапсыруды белгіледі [24]. Бөлімше 1920 жылдың 23 қыркүйегінде Қырғыз (қазақ) өлкесін зертеу қоғамы болып өзгертілсе, бұл қоғамның 41 адамдық құрамында С.М. Меңдешев, А.К. Кенжин, А.Б. Байтұрсыновтан басқа жергілікті ұлттың өкілдері болмады.
1921 жылдың 1 желтоқсанынан бастап РКП(б)ОК-ның жанынан партия тарихын зерттеу бөлімінің құрылып, келешектегі бүкіл тарих ғылымындағы зерттеу істерін ұйымдастырғанда, партиялық және таптық ұстанымды алдыңға орынға шығарды. Осындай жағдайда дәстүрлі тарихи білімге қатысты деректерді мұрағаттарға топтастырудың шектеулі үрдістері де басталды.
Негізінен, кеңес өкіметіне берілген және таптық партиялық ұстанымға берік славян тектестерден тұратын мұрағат қызметкерлері 1924 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айлары бойынша жоғарыға берген есептерінде патша саясатына қарсы болған қазақтардың толқулары мен қозғалыстары туралы мәліметтерді ғана жинастыра алғандарын мәлімдейді. Ал 1927 жылғы 16 қарашадағы есептерінде ұлттық тарих деректерінің тапшылығынан қазақ тарихын болжамдар негізінде жобамен жазуды ұсынады [25]. Шындығында, қазақтардың діндік ерекшелігіне сәйкес тарихи факторларды ашып беретін аңыз - әңгіме, өлең – жыр, шешендік көне сөз мақамдары мен мақал – мәтелдерсіз бүтін бір халықтың тарихын жазу мүмкін емес еді. Олай болса, кеңес дәуірінен 20 жылдарынан бастап ІІ жаһандық соғысқа дейінгі аралықта ұлттық тарихи білімнің өрістеу болашағына қианат жасалып, тек партия тарихын күшейту үшін Истпартқа материал жинау қозғалыстары өрістеген деген қорытынды жасауға тура келді.
Жергілікті халыққа қатысты материалдарсыз Қазақстанның тарихын жазудың қиындығын тарихшы А.П. Чулошников та мойындаған [26].
Рас, А.П. Чулошниковтың 1924 жылы жазылып біткен «История Казах – киргизского народа» деген еңбегі Кеңес дәуірінде қазақ тарихын ғылыми тұрғыдан жүйелеген ең алғашқы туындылар қатарынан орын алады [27]. Бірақ өз кезегінде оған қазақтың көрнекті тарихшысы М. Тынышбаев өзінің көңілінің толмайтынын білдірген. Оның айтуынша, А.П. Чулошниковтың еңбегінің 4/1 бөлігі ғана қазақ тарихымен үйлеседі, сондықтан қолданысқа жарамайды [28].
Мұрағат деректеріне жүгінсек, 1921 жылдың соңынан бастап қазақ тарихын жазуды Москва арқылы шешуге талпыныс байқалады. Тек қана 1921 жылдың қазан айынан 1922 жылдың қыркүйек айына дейін Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының 14 рет колегия мәжілісі өткізілсе, сондағы қаралған 16 мәселе өлкенің этнографиясымен қазақ халқының тарихын жазу үшін орталықтан ірі ғалымдарды шақыруға қатысты болған [29]. Алайда Қазақстандағы ізденіс жұмыстарын жүргізуге орталықтан көп ешкім ынталы бола қойған жоқ. Тіпті Москвадан ашылуы жоспарланған қазақ тарихын зерттеу институты да ашылмай қалды. Ал осы кезде Ташкент қаласында халық ағарту институтында сабақ беріп, қазақ тарихын зерттеуге сүбелі үлес қосып жүрген жергілікті ұлт тарихшысы М. Тынышпаевтың еңбегі ескерілмеді. Бүгінде сары түсті, сопақ басты, көк көзді, қаба сақалды (Түрік тектестердің арғы ата-бабалары) деген сөз тіркестерін тарихи айналымға қиналмай енгізіп жүрсек, бұны қытай деректері арқылы бізге жеткізген М. Тынышпаев болатын.
М. Тынышбаевтың ізденістері «Қазақстанды зеттеу қоғамын» ұлт зиялыларымен санасуға мәжбүр еттіі. Қоғам өзінің 1926 жылы болатын конференциясында М. Тынышбаевтан өздері 5 жылда қорытынды шығара алмаған жұмыстарына жауап күтіп, мынадай салада ғылыми баяндама жасап беруін өтінді: Қазақтардың тарихы; олардың тайпалық жіктелуі және басты рулары; КСРО қазақтарының шетелдегі тайпа-рулармен байланысы; соңғы санақ бойынша қазақтардың саны және қазіргі әкімшілік бөлуге сәйкес оларды орналастыру: Тайпалар арасындағы байланыс: Тайпалық және рулық бөлінудің қырғыз-қазақ халқының экономикасына әсері: қазақтарға қатысты маңызды тарихы еңбектерге және статистикалық–экономикалық материалдарға қысқаша сиппттама т.б.
Өкішінке орай, М. Тынышбаев өзіне жүктелген жауапты басқа да жұмыстардан қолы босамай, конференцияға қатыса алмады. Бірақ зерттеуші Г. Жүгенбаеваның айтысында, М. Тынышбаев «Қырғыз-қазақ тарихына материалдар» еңбегінің жалғасы ретінде «Қырғыз-қазақтар он жетінші және он сегізінші ғасырларда» деген тарихи шығармасын жазған. Біздің ойымызша, М. Тынышбаевтың осы шығармасы қазақ тарихына байланысты А.П. Чулошниковтың оқулығына көңілі толмай, қайта оған наразылық белгісі ретінде балама тұрғыда жазылған сыңайлы.
1924 жылдан, яғни М. Тынышбаевтың қазақ тарихына қозғау салуынан бастап, орыс тарихшылары да нақты деректерге негізделген зерттеулерін жариялай бастады. Мысалы, 1924-1927 жылдар қазақ халқының ұлттық қозғалыстарының тарихына қатысты тек қана А.Ф. Рязановтың бір өзінің бір қатар еңбектері жарық көрді.
А.Ф. Рязановтың зерттеулерінің негізгі тақырыбы - патшаға қарсы қимылдар мен қазақ жеріндегі ұлттық-әскери бөлімдерінің құрылу алғышарттары. Ол нені білдіреді? Біріншіден, қазақ тарихын жазғанда, нақты деректерге сүйенудің жаңа кеңестік жолын көрсетіп отыр; екіншіден, қазақтардың патша өкіметінің озбырлығына қарсы күресін насихаттап, қазақ тарихын жазудың саяси-идеологиялық бағытын нұсқауды мақсат еткен.
«Қазақстанды зерттеу қоғамының» басқармасы, мұрағат құжаттары көрсетіп отырғандай, жергілікті тарихшы М. Тынышбаевпен санасуға барған: 1928 жылдың 22 ақпанында болған «Қазақстанды Зерттеу Қоғамының» Басқарма мәжілісінде «баспа жұмыстары мен басып шығару және М. Тынышбаевпен тілдесу» мәселесі арнайы қаралып, онда М. Тынышбаевтан жұмыстарын мүмкін болса, телеграф арқылы тездетіп жіберуді өтініп сұраған қаулы қабылданған. Онда «Сообщать автору, что согласны принять их прав переписка относится за счет автора.
Сделать запрос относительно заявке Наркомпросу на работу М. Тынышбаева» – деген жолдарын оқимыз [30].
Көп кешікпей, М. Тынышбаевтан басқа да ұлт тарихшыларымен санасу қажеттігі туындап, Ғылыми және ғылыми әдістемелік кеңестің жоспары бойынша 1924-1925 жылдары М. Дулатовтың «Қырғыз халқының тарихы» оқулығын 25 баспа табақ көлемінде таралымы 3 мың дана етіп шығару белгіленді. Сондай-ақ Т. Шонановтың таралымы 3 мың даналық 15 баспа табақ көлеміндегі «Қырғыздардың жер мәселесіндегі тарихының очерігі» оқулығын шығару да жоспарланған.
Алайда кейін осы жоғарыдағы ұлт тарихшыларының еңбектерін оқырман қолынан көре алмасақ, онда ол оқулықтар кеңес тарихшыларының атасы Н.М. Покровскийдің еңбектерінің қасында цензурадан өтпей қалған деген тоқтамға келуге болады.
1927 жылдың аяғына қарай Қазақстанның ғылыми зерттеу институтын құру туралы уақытша Ереженің шарттарына сәйкес Қазақстан аумағында өлкені тануға байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізу қолға алынған еді. Бұған «КСРО-ның әрбір азаматы өлке танушы болуы керек!» ұранымен 1927 жылдың 11-14-ші желтоқсанында Москвада өткен конференцияның ерекше ықпалы болды. Осыдан кейін көп кешікпей, Ташкентте Т. Жүргеновтың басшылығымен Қазақ Өлкетану Бюросы жұмыс істей бастады. Онда қазақ халқының тарихына қатысты зерттеу жұмыстарының институты қарқын алғаны соншалық, ҚХАК тарапынан Ғылыми зерттеу институты құрылғанша бюроның кез-келген ғылыми зерттеу жұмыстарын өз бетімен жүргізуіне сенім білдірілді.
Алайда 1928 жылы 14 қаңтар айынан бастап ашылған Қазақстандағы ғылыми зеттеу институты Т. Жүргенов ұйымдастырған Қазақ Өлкетану Бюросының базалық негізінде құрылған жоқ. Тіпті осы мекеменің құрылуына ұйтқы болған С.Ж. Асфендияров 1932 жылы КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық базасы құрылғанда, оның жұмыс әдістеріне сын айтам деп, кейін жазықсыз жазаланды.
Кеңес дәуіріндегі қоғамдық ортада ұлттық тарихи білімнің қыспаққа алыну көрінісі Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеттерінің ислам дініне қарсы жасалған озбырлығынан да анық көрінді. Айталық, 1924 жылдың 9-шы маусымындағы осы Комитеттің қаулысында ұлттық тарихи білімдегі мұсылмандық діннің ықпалын төмендету мақсатында шешім қабылдаса [31], осы жылдың 24-ші шілдесіндегі қаулыда мұсылмандық сенім іліміне берілгендікті оқытып, насихаттау кеңес мектептеріне жат құбылыс екендігі көрсетілді.
Кеңес басшылығы атеистік тәрбие жүргізуде 1921 жылы Әулиеатада дүниеге келіп, 1930 жылдың қаңтарына дейін өмір сүрген «Қосшы Одағын» шебер пайдаланды.
«Қосшы одағы» – дәстүрлі тарихи білім үлгілерін рушылдық пен ұлтшылдыққа балап, саясатпен безендірілген тарихи білімнің орнығуына дәнекер болған ерікті қоғам болатын.
1926 жылдан бастап тарихи білімнің кеңестік үлгісі айқындалды. Осы тұста кеңес басшылығы «мәдени революцияны» іске асыру ұранымен 1916-1917 жылдардағы күрделі оқиғаларға араласқан немесе оны көзімен көрген жергілікті ірі қоғам қайраткерлеріне сол оқиға жөнінде естелік жазуды тапсырып, олардың болашақ шығармаларын цензуралауды мақсат етті. Оны жүзеге асыру үшін ҚХАК-тағы Академиялық орталықтың (Акцентр) аты өзгертіліп, оған Мемлекеттік ғылыми кеңес (ГУС) мәртебесі беріліп, күшейтілді. Енді бұл мекеме ғылыми және ғылыми әдістемелік болып, екі бөлімде жұмыс істейтін бірнеше секциялар мен кіші секцияларға бөлінді. Осылайша кең ауқымды құрылған ГУС көп кешікпей, тарихи білімнің кеңестік түп негізі ретіндегі «Қазақстан тарихынан орта мектептің оқулығы үшін конспекті» дегенді дүниеге әкелді.
Ол бойынша Алашорданың уақытша өкіметпен ымыраға баруы сыналып, уақытша өкімет тағайындаған комиссарлар патша өкіметінің саясатын жүргізушілер ретінде айыпталды. Сондай-ақ Алашорданың тамыры «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының шығарылуында деп ұйғарылып, Алашорданың өткізген съездері қанаушылардың мүддесін шешуге баағытталған деген тұжырым жасалынды.
1935 жылы «Орта мектептегі қазақстан тарихы оқулығы үшін конспекті» деген атаумен дүниеге келген екінші кеңестік тарихи білімдік бағдарлама шығарылып, оның негізгі мазмұны «Қазақ ұлтшылдығының» халыққа жат мәнін ашуға бағытталды. Бірақ сол кездегі халық ағарту комиссары Т. Жүргенов ол конспектінің схемасына өзгеріс еңгізіп, оның үшінші бөлімін «Қазақстан – патша өкіметінің отары. ХІХ ғасырдың ортасы – ХХ ғасырдың басы» деп түзеткен [32].
Сөйтіп екінші «Конспект» Т. Жүргенов енгізген түзетуге дейін патша отарлауының ауқымды мақсатын айқын көрсете алмай, , саясатқа бой алдырды.
Ал Т. Жүргенов болса, «Конспектінің» мазмұнын тарихта нақты болған оқиғалармен байланыстыруды жақтап, қоныс аударудың салдарын, миссионерлердің қызметін, отарлаушылардың шикізатқа қызығу мақсатын «Конспектіге» енгізген. Тіпті ол батыл қадам жасай отырып, қазақ ұлтшылдығының тамырын іздеуге қызықпай, Алашордашылардың саяси партиясына баға беруді «Конспектіден» алып тастаған.
Белгілі бір елдегі тарихи білімдік ой сананы басқа бір бөтен елдің мүддесі тұрғысынан шешу – сол елдегі тарихи білімнің даму динамикасын тежесе, Қазақстан – өз тәуелсіздігін алғанға дейін тарихи білімде сондай кедергілерді көрген ел. Тіпті социалистік жүйе деп аталатын саяси құрылымның ұлт саясатына сәйкес тарихи білімнің тек кеңестік үлгісі ғана дәріптелді.
Бүгінгі Қазақ елінің жаңашыл тарихшылары өзі елінің рухани жаңаруын жаңа сападағы тарихи танымды қалыптастырудан іздейді. Айталық, М.Қ. Қойгелді Орталық Азия мемлекеттерінің тарихи мәдени және рухани тұтастықтарының бірегейлігін аталған мемлекеттердің одағын құруға жетелейтін тарихи алғышарт ретінде қарайды. Бөгде ел көзқарастарында кездесетін жаңсақтықтарды әр елдің өз зерттеушілері бүтіндемей болмайды - деп айтқан В.О. Ключевскийдің пікірін жақтаған М.Қ. Қозыбаев та, тарихи білімнің әлемдік түзілуінің сипатын көрсете алды.
Расында, Ресей тарихы ХХ ғасырдағы осы елде болған үш төңкерістерден кейінгі дәуірге өзінің ұлттық қаймағын бұзбаған күйде жетсе, оның осы қалпын сақтау үшін, әсіресе орыс халқының тарихтағы мерейін үстем ету үшін, бірінші орыс төңкерісінен басталған кеңестердің халықтық – бұқаралық мәнін дәріптеудді бүркеніп қана жүзеге асыра алған еді.
1922 жылы КСРО-ның құрылуын «Социолизмнің мүддесі» деген дақпыртпен безендіру тарихшы М.Н. Покровскийдің есімімен байланысты. Ол КСРО құрылғаннан кейін, 1924 жылы 1905-1907 жылдардағы орыс төңкерісінің 20 жылдығы қарсаңында бірінші орыс революциясының бұқаралық мәнін дәріптей келе, КСРО-ны құрудың ұйтқысы болып отырған Ресейдің бұрынғы басып алған жерлерін осы елдің пайдасына шешіп берудің тарихи білімдік жымысқы түрін ұсынды [33].
Осы мақала жалиялана салысымен 1924 жылдың соңғы үш айының ішінде Қазақстанға үш жеделхат хат келіп түскен. Онда кеңестік үлгідегі социализм орнатуды бірінші орыс революциясының 20 жылдығымен байланыстырудың астары ашылған [34]. Осыдан бастап кеңестік тарихнамада бірінші орыс революциясы келесі революцияларға репетиция болғандығы дәріптелген болса, Қазақстан үшін оның ондай бағаға лайық еместігін кезінде С.Ж. Асфендияров айтқан еді. Ол Қазақстанда «Қанды жексенбіні» бірден қолдаған орыс – қазақ еңбекшілерінің бірлескен бас көтерулері болмағанын мәлімдеген. Дегенмен, 1920-30 жылдар тарихнамасындағы тарихи білімге қатысты С.Ж. Асфендияровтың көзқарастары бүгінгі күні М. Шоқай еңбектерінің ғылыми айналысқа түсуіне орай, өзінің бұрынғы қайшылықты қалпын одан әрі күрделендіріп отыр. Қалай болғанда да, С.Ж. Асфендияровтың сол кездегі қазақ тарихи біліміндегі басты міндет – социалистік құрылыстың тәжірибелері мен «әділетті» қоғам құруға жету жолдарын марксизм теориясы тұрғысынан зерттеуді ұсынуға мәжбүр болғаны тарихи шындық. Осының нәтижесі бірінші орыс революциясында дүниеге келген кеңестердің халықтық мәнін дәріптеуде С.Ж. Асфендияровты шебер пайдалана білген кеңестік идеологтардың тарихи білім үлгісінің саясаттандырылған түрін әкелгені бүгінде мәлім болып отыр.
1932 жылы кеңестік тарих ғылымына большевизм теориясын орнықтырған Н.М. Покровский қайтыс болысымен, кеңестік тарихнама сталиндік доктринаның жетегіне ілесті.
БКП(б)-ның қысқаша тарихы жарыққа шыққанға дейін Қазақстандағы тарихи білімді дамытуда «мәдени революция» идеясын іске асыру науқанын пайдаланған А. Байтұрсыновтың арқасында, мәдени істерге араласуға қырғыз интеллегенциясын тарту арқылы біршама жұмыстар атқарылды [35]. 1921 жылдың 18 қаңтарында болған жалпы қазақ халық ағарту конференциясының шешіміне сәйкес қазақ тарихының оқулығын жазуға мүмкіндік туып, 1921 жылдың 26 тамызында қабылданған Халық ағарту комисариатының колегия қаулысымен қазақ тарихының ұлттық белгілеріне негізделген материал жинастырудың жолдары қарастырылды. Сондай-ақ ғылыми бөлімдер мен қоғамдардың рөлі өсіп, ықпалы арттырылды. Өкінішке орай, ұлттық тарихи білімді жетілдіруге байланысты науқандарға араласудан жергілікті интелегенция өкілдері шеттетілді. Ақыры 1924 жылы А.П. Чулошниковтың қазақ тарихына қатысты очеркі асығыс жазылып, жарияланды. Дегенмен осы еңбектің жарыққа шығуымен М. Тынышбаев, Х. Досмұхамедов, С. Асфендияров сияқты ұлт тарихшыларының таланты жарқырай көрінді. Бірақ 1939 жылы «БКП(б)-ның қысқаша тарихының» дүниеге келуімен, ұлт тарихының әділ жазылуына шек келтірілді.
Қазақ тарихының ХХ ғасырдың 40 жылдарында шындыққа бейімделіп, қайта жазылуы Е. Бекмаховтың есімімен байланысты. Бірақ оның жазған еңбектері соғыс жылдарындағы «халықтар достығы» ұранын көтерген кеңестік саясаттың либералистік көріністерін шебер пайдаланудың жемісі болатын. Шынында, 1943 жылдан бастап соғыстағы орыс халқының рөлі күшейген тұста, «халықтар достығы» миссиясының аяқталуымен, орыстық шовинизм элементтері белең алып Е. Бекмахановты қуғындау да басталып кеткен еді. Дегенмен Е. Бекмаханов қазақ тарихын «Ақтандақтардан» арашалауды бірінші болып бастап берді.
«Е. Бекмахановтың ісінен» кейінгі ұлттық тарихи білімнің тұмшалануы 1947 жылы құрылған «Білім» қоғамының қызметімен де байланысты. Ол соғыстан кейінгі тарихи білімдегі бағытты марксизм-ленинизм ілімімен безендіріп, оның өрісіндегі ұлттық белгілерді санадан аластау үлгісін көздеген қоғамдық ұйым болды. Сөйтіп 1920-40 жж. әр түрлі саяси идеялық жоспарлардың күш алуынан ұлттық тарихи білімнің даму қарқыны барған сайын тежеле берді.
ХХ ғасырдың 20-40 жж. Қазақстандағы ұлттық тарихи білімнің тежелуі кеңестік педагогикалық оқу жүйесіндегі қарама-қайшылықтардан ерекше байқалды.
1920 жылдың өзінде Қазақстандағы мұғалімдер саны 1914 жылмен салыстырғанда 2 есеге артты. Әртүрлі оқу орындары мен мектеп саны да өсті [36]. Осыған байланысты тарихи білімнің ғылыми тұрғыдағы жүйелі жолға түсуі де басталды. Бірақ бұның бәрі әскери өктемдікпен барынша тез жүргізілді.
1928 жылдың күзінде ашылған ҚазМУ-де 2 факультет жұмыс істеді (педагогикалық және ауыл шаруашылық). Педагогикалық факультеттің тіл және әдебиет бөлімінде этнография бөлімшесі құрылды, бірақ онда Батыс және Ресей тарихы басыңқы түрде, ал Қазақстан тарихы этнографияға бейімделіп қосалқы түрде ғана оқытылды. Бұл үрдіс 6 жылға созылып, 1934 жылы тарих-экономика факультеті ашылды. Оның алғашқы деканы қазақ халқының тарихынан хабары жоқ, 1905-1907 жж. революция жайлы еңбек жазған Е.Ф. Федеров деген болды. 5 жылдық факультеттің студенттері тек үшінші курста ғана 1440 сағаттық 1 жылға жоспарланған оқу жүктемесінің ішінде 150 сағатқа жоспарланып әлі жүйелі жолға түсе қоймаған «Қазақтар тарихымен» таныса алды.
Республикада 1940 жылдарға дейін тарих факультеттері бар 10 мұғалімдер және педпгогикалық институттар жұмыс істеді [37]. Бірақ бұлардың бәрінің тарихи білімдік бағытында тіл мен әдебиет және педагогика пәндері басыңқы оқытылды. Біздің байқауымызша, мұндағы ой (идея) комунистік тәрбиені насихаттауға бағытталып, кеңестік тарихи білімнің рөлін көтеру болатын. Яғни кез-келген саясатты жүзеге асыруда тіл мен тәрбиенің рөлі жоғары болса, кеңестік дәуірдегі большевиктер өз саясаттарын осы логикаға бейімдей отырып, ұлттық тарихи білімнің өрісін шектеп, болашағы бұлыңғыр комунистік тәрбиені насихаттау бағытын жүргізді.