Диссертациялық жұмыстың деректік негізі. Зерттеудің негізгі деректері республика мұрағаттарының әр түрлі қорларынан алынды. Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатындағы мына қорлардағы: 139-қор «РҚ(б)П Қырғыз (Қазақ) Комитеті РҚ (б) П Қыропкомы», 140-қор «РҚ (б) П Қырғыз (Қазақ) Өлкесінің облыстық Бюросы (Қырпартбюро)» және 141-қор «БҚ (б) П Қазақ өлкелік Комитеті» құжаттар пайдаланылды. Бұл материалдардан басқа зерттеу жұмысында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағат қорларының деректері пайдаланылып, ғылыми айналымға енгізілді: Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті (5-қор), Халық Комиссарлар Кеңесі (30-қор), Торғай облыстық басқармасы (25-қор), Жетісу облыстық әскери министрлігінің басқармасы (44-қор), Дала генерал-губернаторының концеляриясы (64-қор), Халық Ағарту Комиссариатының (81-қор), Қазақ КСР халық ағарту министрлігінің (1692-қор), Қазақ КСР жоғары және орта арнаулы білім министрлігінің (1982-қор), «Білім» қоғамының (1810-қор), Абай атындағы Қазақ Педагогикалық институтының (1142-қор) т.б.
Жұмыстағы деректердің келесі тобын тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуына ерекше үлес қосқан тарихшы, философ, экономист, педагог, психолог, политолог, филолог ғалымдардың тарихнамалық мұралары мен тарих ғылымы мен білімінің теориялық-методологиялық түжырымдамаларының негізін қалаған тұлғалардың еңбектері құрайды.
Диссертациялық жұмысты жазуда Қазақтың ауызша тарихнамасы мен қазақ ауыз әдебиеті дерек көздері ретінде пайдаланылды; Ғылыми, саяси және әдеби көркем шығармалар да зерттеу жұмысына тартылды; Сонымен қатар тарихи білімді дамытуға қатысты қоғам және мемлекет қайраткерлерінің жарық көрген материалдары мен мемуарлық еңбектері ғылыми айналымға түсті; Марксизм классиктерінің шығармалары мен большевиктер партиясының идеологтары В.И. Ленин, И.В. Сталин, Н.К. Крупская, А.В. Луначарский, А.С. Макаренко т. б. еңбектерінен алынған деректер кеңестік тарихи білімнің сипатын ашу үшін қолданылды. Деректер ретінде тарихи білімге байланысты әр түрлі зерттеу еңбектері мен фактологиялық материалдарды топтастырған құжаттар жинақтары, партия және кеңес органдарының съездері, пленумдарының және конференцияларының материалдары пайдаланылды; Сондай-ақ мерзімді басылымдарда әр жылдары жарық көрген мақалалар мен статистикалық, библиографиялық құжаттар зерттеу жұмысының деректік негізінің бірі болды; Кеңес және Тәуелсіздік жылдары ауық-ауық өткізіліп, тарихи білімді игеруді жетілдіру мен оны таратудағы жоғары оқу орындарының қызметі мен тарихи білімді дамыту жобаларын ұсынған ғалымдардың шығармашылық мұраларын талқылаған халықаралық, Одақтық, Республикалық және аймақтық деңгейдегі конгрестер мен симпозиумдардың, конференциялар мен сессиялардың, сондай-ақ түрлі кеңес шешімдерінің материалдары дерек ретінде алынды; КСРО-ның, Каз.КСР-нің және тәуелсіз Қазақстан Республикасының білімге қатысты шығарған заңдық құжаттарын, тұжырымдамалар мен білім стандарттарын, бағдарламаларды деректік қажетке жараттық. ҚР Президент еңбектері мен оның әр жылғы халыққа арнаған Жолдауларының тарихи-білімдік қағидалары дерек ретінде талдау нысанына айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |