Берлібаев бақДӘулет тұрбекұлы қазақстанда тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуы: тарихи-теориялық зерттеу


«Тәуелсіз Қазақстандағы тарихи білімнің дамуы»



бет24/38
Дата06.02.2022
өлшемі0,89 Mb.
#35684
түріДиссертация
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   38
«Тәуелсіз Қазақстандағы тарихи білімнің дамуы» деп аталатын диссертацияның бесінші тарауында егеменді елдегі тарихи білімнің қалыптасу ерекшеліктері, ұлттық қасиеттерді сақтап қалудағы Отандық тарихи білімнің рөлі, тарих емес мамандықтарда Отан тарихын оқытуға қойылатын жаңа талаптар, ұлт тарихын бастауыш сыныптарда оқытудың мәні, жаңа Қазақстандағы тарихи білімдік ой-сананың өріс алуы, тарихи білімдік ойдың әдебиет пен «мәдени мұра» аясында даму барысы қарастырылады.
Кез-келген мемлекеттің прогрессивті даму өрісі тарихи білімнің шынайылылығымен өлшенсе, ол әр елдің ғасырлар бойғы ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға бейімделген саясат белгілей білуіне байланысты. Мемлекеттің білім саясаты болса ол жалпыға міндетті стандарттар арқылы белгіленеді. Тәуелсіз Қазақстан Республикасына халықтың рухани тағдырын шешетін осы құжаттарды негіздеуде кеңестік дәуірден қалған тарихи білімдік кедергілерді жоюға тура келді.
Кеңестік қоғамдағы экономикалық дағдарыс белгілерінің тарихи білімге жасаған кедергілері мына төмендегідей болатын:
- тарихи білімде биліктің әкімшіл-әміршіл әдісіне көндігу орын алды;
- кеңес қоғамы ғылыми-техникалық революцияның әлемдік дамуына ілесе алмай қалса да, тарихи білімде оны дәріптеу көріністері байқалды;
- тарихи білімде басшылыққа алатын зеттеу жұмыстарының бәрінде халық шаруашылығын дамытудың жоспарлы сипаты дәріптелді;
- шикізатты өндіру мен өңдеудің республика мүддесінен тысқары дәрменсіз күй кешуін әспеттеу міндеттеріне байланысты тарихты оқытудың шынайылығы бұрмаланды, т.б.
Кеңестік дағдарыстың қоғамдық саладағы белгілері тарихи білімге мынадай жағынан әсер етті:
- тарихи білім беру жүйелерінің бәрінде әлеуметтік әділетсіздікке жол берудің көздері әшкерленбеді;
- тарихшылар кеңес қоғамындағы жағымсыз көріністерді халықтан жасыруға мәжбүр болды;
- тарихшылар қазақ тілінің қолдану аясы мен қазақ халқының үлес салмағының қысқару шындығын көрсете алмады;
- тарихи білімдегі шежірешілдік, бүкіл ауызша тарих айту дәстүрімен бірге ұлтшылдық пен рушылдыққа жатқызылып, қоғамдық ортадан шеттетілді;
- тарихи білімде ұлттық діл мен ислам дінінің ерекшеліктері елеусіз қалып, бүтін бір халық мәдениетінің ішкі дәт-қуатының шайылу қуіпіне бейімделу көріністері орын алды;
- тарих ғылымы санада «КСРО халқы» деген түсінікті орнықтыруға міндеттелгендіктен, аймақтың ұлттық мүддесі ескерусіз қалды, т.б.
Қазақстан Коммунистік партиясынаның Орталық Комитеті 1988 жылдың өзінде Алаш зиялыларының шығармашылығына қатысты «тарихи шындықты толық көлемде қалпына келтіру» мен «уақытша адасуларын сын тұрғыдан қарап зерделеу» қажеттігін мойындауға мәжбүр болды [41].
Еліміз тәуелсідік алғаннан кейін 1995 жылы дүниеге келген «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасында» Қазақстандағы тарихи білімнің іргелі принцптері айқындалып, негізгі басымдықтары анықталды. Ақыры Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1998 жылдың «Отандық тарих жылы» деп жариялануының өзі еліміздің динамикалық дамуына, ұлтттық мәдениеті мен руханиятының өсуіне, қазақ халқының сана сезімінің жандануына арқау болып, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарды шығаруға жол ашып берді.
Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің 1998 жылғы 21 тамыздағы № 465 бұйрығымен бекітілген қоғамдық гуманитарлық пәндер циклына арналған Қазақстан Республикасы орта білім мемлекеттік стандартының бірінші кітабында тарихи білімнің сипаты былай түсіндірілген: «Қоғам мүшелерін қажетті дәрежеде тарихи білімммен қаруландырмай, оларда тарихи сананы қалыптастырмай, ешбір мемлекет тарихи дамудың жоғарғы сатысына жете алмайды». Бұл стандартта тарихи білім мазмұнын іріктеуде ұлттық деректердің басыңқы болуына көңіл бөлініп, ғылымда ұзақ уақыт бойы үстемдік еткен Европацентрлік ұстаным мен коммунистік идеологияның солақай саясаты сыналды. Бұның өзі Тәуелсіздік жағдайындағы тарихи білімнің құрсаудан шығуына көмектесіп, оның ұлттық белгідегі өрісін кеңейте түсті.
Ал 2002 жылы Қазақстан мектептеріне арналған жаңа стандарт бойынша мектепте «Тарих» пәнін оқытудың жалпылы мақсаттары ықшамдалып, отандық тарихты оқыту арқылы оқушыларға бүкіл адамзат жасаған құндылықтар мен мәдени-тарихи тәжірибенің нәтижелерін табыстап, меңгертудің барысында олардың санасында жүйелі білім негіздерін қалыптастырудың жолдары қарастырылған. Стандартта діннің тарихтағы қызметін дұрыс түсіне білуге тәрбиелеу міндеттері көрсетіліп, «Тарих» оқу пәнінің оқытатын нысандары нақтыланумен бірге, оның таяудағы даму болашағы айқындалған. Жңа тарихи сана қалыптастыру ісіне Елбасы көңіл бөліп, бағыт-бағдардың кең болуын еске салды: «Бүгінгі таңда біз, әлеуметтік даму динамикасын ескермесек, өзгелердің даму қарқынына қарап отырмасақ, тарих шеруінің соңында шаң қағып қалуымыз әбден мүмкін» [42]. Н.Ә. Назарбаевтің бұл сөзі қазіргі әлемдік мәдениет дамуының «Мәдениет – Білім – Тарих» болсын деген ұсынысымен де үндеседі.
Әлемдік талғамдарға сай қимылдау үшіін тарих емес мамандықтарда Отан тарихын оқытуға қойылатын талаптар мен оқытудың ерекшеліктері қазірдің өзінде байқалып отырған жас ұрпақ сана-сезіміндегі түрлі қауіптермен байланысты. Кеңес дәуірінде жоғарғы мектепте өзінің ұлттық тарихын білуге орын жоқ болды. Осыған орай ақылды балалардың көбі өзінің рухына жетімсіздігінен бүгінгі тәуелсіздік заманның салмағын көтеруге дәрменсіз болып шықты. Себебі ауыл жастарына нарық әкелген объективтік себептер туындатқан бүгінгі көңіл-күй олардың арасынан қылмыскерлер мен бұзақыларды көптеп шығаруда. Ең өкініштісі, өз халқының тілін білмейтін, тіпті оны ерсі көріп, жат санайтын, сөйтіп басқа тілдің жетегіне еріп, санасында басқа түсінік қалыптастырып, ұлттық намысын жоғалтатын тәрбие жолына түсе бастаған жаңа буынның әкімшіл тобы бәрінен де қауіпті. Демек, бұл, мемлекеттік дәрежеде ойланып, жастарды, әсіресе ауыл жастарын, оқыту мен тәрбиелеудің арнайы заң жобаларын әзірлеп, халық талдауына беруді қажет ететін күрделі мәселе.
Мектеп жасындағы Қазақстан жастарын Отанға берілген нағыз патриот етіп тәрбиелеудің бір жолы болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің ұлттық тарихи білімді жан-жақты меңгеруі арқылы шешіледі. Ал бастауыш сыныптағы тарихтан бастапқы түсінік беретін «Ана тілі», «Дүниетану» пәндердің мазмұнына ұлттық тарихқа қатысты материалдарды молынан ендіру мен оларды оқыту әдістемесінің жасалуы тарихшы ғалымдардың қамқорлығына алынса, баланы тарихпен тәрбиелеудің тағы бір жолы ашылған болар еді. Олай дейтініміз, қазіргі «Дүниетану» пәнінің жағрапиялық-биологиялық білімдік мәні басым болғандықтан, оның аты мен заты бір-біріне сәйкес келмейді.
Жаңа Қазақстан жағдайындағы тарихи білімдік ой-сананың өріс алуы тарихтағы ақтаңдақтар пердесінің ашылуымен ерекшеленеді: Академик К. Нүрпейіс пен тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қ. Қойгелдиев бастаған бір топ тарихшылар Алаш ұлт-азаттық қозғалысы мен «Алашорда» автономиясының және айрықша тұлғалардың қызметін зерделейтін ғылыми мектептің іргетасын қаласа, академик М.Қ. Қозыбаев пен профессор Т. Омарбеков бастаған тағы бір тарихшылар тобы Ф.И. Голощекин ұйымдастырған кеңестік ұжымдастырудың зобалаңдары мен қасіреттерін жариялап, тарих қалтарысындағы шындықты халыққа жеткізіп бере алды. Академик М.Қ. Қозыбаевтың ХХ ғасырдағы саясатқа бейімделген тарихи білімнің қалыптасып, дамуына берген қорытынды бағасы мынау еді: «ХХ ғасыр Отандық тарих, қазақ халқының тарихы саясат құрбандығына шалынды. Мифтерге негізделген жалған, жантақ тарих осы тұста ірге тасын қалады. Отан тарихын саясатқа бейімдеп «өңдеу», «өзгерту» сол бір аумалы – төкпелі замианда модаға айналды» [43].
Отан – адамның туып өскен жері, елі, мекені. Адамның азамат болып қалыптасуы, өмірі Отанына қызмет етумен байланысты. Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы. Ондағы әрбір адам осында мекендейтін халықтар мен ұлтын сүйе білсе, бұл Отаншылдық болып табылады. Отан сөзі «отар» ұғымының қырларын әшкерелеген сайын қасиеттеле түседі. Отан жөнінде ой тапшылығында Отандық тарихи білімді объективті қалыптастыру ерекше маңызға ие болуда.
ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлт зиялылары оқытудың жаңа әдіс-тәсілдеріне, жастардың жаңа бағдарламалар арқылы білім алуына, ғылыми дидактикалық қағидаларға бай оқулықтар жазуға ерекше назар аударды. М. Дулатов «балалардың оқыған нәрселерін бір-біріне байланыстырып ойлануына, оқып шыққанын кейін жадында жүйелі һәм толық мағынасымен қалдыруға әрекет ету керек» [44] десе, М. Жұмабаев оқу әдістемелік мәселелерге ерекше назар аудара келе «оқу құралдарының мінезі – мектеп мінезінің айнасы» – деп ұлттық оқулықтар теориясына көңіл аударды. Ұлт зиялылары қандай пәндерге арналған оқулық болмасын, ол тек ғылыми мағлұмат қана беріп қоймай, шәкірт бойында елге, жерге, ұлттық салт-дәстүрмен отандық ғылыми жетістіктерге дейін сүйіспеншілік сенімін қалыптастыруға негізделу қажет деп көрсетті.
Ұлтты сүю – ұлтшылдық емес (Бауыржан Момышұлы). Сондықтан ұлтжанды адам – өз ұлтының тегі мен тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ділін, тілі мен дінін ардақтап, өмірінің соңына дейін қастерлей білетін адам. Бұның бәрі, негізінен, адамға ұлттық тарихи білім арқылы қалыптасатын құндылық болып табылады.
XXI ғасырдағы әлемдегі жоғары білімнің жаңа, ізгілікті міндеттерінің бірі – үздіксіз зерттеу арқылы тарихи білімді жетілдіру болса, оған ұлттық және аймақтық мәдениетті дамыту жолдарымен жетеміз. Бүгінде БҰҰ, ТҮРКСОЙ, ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдардың ұсынып отырған тиімді тәсілі де осы [45]. Қазақстан Республикасы оның маңыздылығына ерекше мән беріп, «Қазақстан – 2030» даму стратегиясында атап көрсеткендей, мәдениетті жете бағаламау – өркениетті былай қойғанда, азаматтық қақтығыстарға қарай жетелейді – деп көрсетіп, өз Конституциясында азаматтарды мәдени мұраларды сақтауға қамқорлық жасауға міндеттеді. Егер тарихи білімді мәдениеттің бір бөлшегі деп қарасақ, мұндай шаралар Қазақстан Республикасы тарапынан тарихи білімнің әлемдік рөлімен санасудың белгісі болып табылады.
Қазақстан ғалымдары 1997 ж. француз ғалымдарының бастама көтеруімен өткізілген «Дала және адам» атты халықарапық конференцияда тарихи білімнен туындайтын көшпелілер өркениеті туралы баяндамалар жасап, бабаларымыздың қоршаған ортаны қорғай білу жөніндегі философиялық болжамдарын айтқанда, ондағы тыңдаушылардың бәрі оны тың дерек ретінде қабылдаған. Осы оқиға Қазақстанның мәдени мұралары адамзат тарихындағы үздіксіздік және сабақтастық принциптрмен дамып келе жатқанын айғақтай түсті. Сондықтан бүгінгі өркениет үдерістері қазақтар үшін жаңалық емес. Бартольд айтқандай, буддашылдық Орта Азиядан кеткенмен, мұндағы рухани негіздегі медреселер солардан қалған [46]. Сол сияқты ежелгі қазақ жерінен арабтар кеткенмен, ислам дінінің тарихи білім негіздері өзінің мәнін жойған жоқ. Немесе, кеңес дәуіріндегі тарихи білімнің ғылыми жүйелі даму тәжірибесі өзінің бүгінгі таңдағы құнын жоғалтпады. Сондықтан өркениет үрдісі бүгін ғана басталған құбылыс емес, ол тарихи білім арқылы бір – бірінен үйреніп, білу жолындағы адамзаттың өмірімен бірге жасасып келеді.
Кез – кеген елдің тарихи білімі өз өрісін әдебиет арқылы да толықтырып отырады. Кеңестік қуғындаудан ықпаған қазақ әдебиеті де ұлттық тарихи білімді көркем әдебиет арқылы астарлы түрде дамыта білді. Бұл туралы М. Әуезовтың «Абайдың жеке басында, жанұясына тән немесе бүкіл халық тағдырына қатысы бар көптеген оқиғалардың негізінде деректі шындық бар. Сөз жоқ, тарихи романның құзыры бойынша –менде ой, жоба топшылау, елестету, өзімше қорыту дегендер болды, бірақ соның бәрінің негізінде нағыз болған шындық жатыр» [47] – деп көрсетуі тегін емес. Осыған орай тарихшы К. Аманжолова «Көркем әдебиеттегі кейбір оқиға желісінен тарихи деректердің білімдік шындығын аңғаруға болады» [48] – десе, заман қыспағынан ықпай, нағыз сын сағатта тарихқа жүгінген І. Есемберлин сияқты көптеген жазушылар өз шығармаларында дәуір шындығын шебер бейнелеген.
Қазіргі таңда 2004 жылы белгіленген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының негізінде Қазақстан тарихымен байланысты алыс шет елдерден алынған деректер жалпы халықтық мәнге ие болып отыр. Қазақстан тарихына қатысты тек қана Қытай деректерінің өзі КСРО тарихнамасынан жеткен сақтар мен үйсіндерге қатысты мәліметтерді қайта ой елегінен өткізуге шақырып, тарихи білімдегі Еуроцентрлік ұстанымдарды санадан аластатуға алғышарт қалыптастырды [49]. Дегенмен, «Мәдени мұра» аясындағы деректердің тарихи білімдік мәнін ажыратып, оларды ғылыми айналымға ендіру мақсатындағы зерттеу орталықтарының жұмысы кемелдене қойған жоқ. Соған қарамастан Отандық тарих ғылымы жаңа деректерді бір орталыққа топтау мен сұрыптауда және оны жүйелі зерделеу мен зерттеу әдістеріне өзгеріс жасауда бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге қол жеткізіп, өзінің білімдік қорын ешбір кедергісіз кеңейте бастады.

Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   38




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет