Білген соң ойласақ, әлеуметтік сатыны сипаттауға мал өсірген көшпелі



Дата29.12.2021
өлшемі35,7 Kb.
#106222
Байланысты:
Документ Microsoft Word


«АСПАННАН КИІЗ ЖАУҒАН КҮН». Қазақ «Аспаннан киіз

жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайды» дейді. Алғаш естіген бала

кезімізде «аспаннан қалай киіз жауады?» деп таңырқағанбыз. Ес

білген соң ойласақ, әлеуметтік сатыны сипаттауға мал өсірген көшпелі

тірліктің мол шикізаты – киіз бен одан жасалатын зат – ұлтарақты

қалай тапқыр пайдаланған. Құлдың ештеңеге хақылы еместігін

дәлелдеу үшін қар жауатын аспаннан киіз жауғызған, қайран бабалар!

Түсі сол баяғыдай қоңырқай, иісі де сол баяғыдай екен. Жоқ, киіз

емес. Ежелден отырықшы швед елінің астанасы Стокгольмде жиырма

бірінші ғасырдың екінші онжылдығында қайдан киіз болсын. Мынау

– алпысыншы жылдары ауыл дүкенінен кәмпит пен пірәндік, халва

мен қалаш алсаң шиыршықтап орап, ішіне салып бере қоятын қағаз.

Кейін біз айныдық, жерідік, ақыры ұмыттық. Ал, шведтердің әйдік

дүкенінен бірнеше гүлдің өскінін сатып алғанымызда қолайлы орама

қағазға салып бере қойды. Сөйтіп, елу жыл бұрынғы танысымызға

тап болдық.

Бұлардың: скандинав елдерінің экологиялық жағдайы көш ілгері.

Біз «пластик пакеті қайда» деп, айналаға алақтап, экологиялық

сауаттылық пен жауаптылық жағынан артта жүргенімізді аңғаттық.

Иә, қазақ даласын неше түрлі полиэтилен пакет пен пластик бөтелке

улап жатқан заманда швед дүкендері қайтадан қағаз орамаға көшіпті.

Елге оралған соң апта бойы тәжірибе жүргіздік. Дүкеннен алған

тағамдарымызды кемінде он пластик пакетпен көтеріп келеді екенбіз.

Аптасына екі рет дүкенге барамыз десек, жиырмасы жиналады. Оған

наннан бастап етке дейін жұқа полиэтиленмен оралатынын қосыңыз.

Оған қаймақтың, ірімшіктің, балмұздақтың, түрлі тәттілердің жеке

пластик қораптарын қосыңыз. Шай қайнату мен көже пісіруге керек 5

литрлік таза судың бір аптадағы жеті бөтелкесі және бар. Сиыр мен бие

ұстайтын апа үш күнде бір рет сүт пен саумалды пластик бөтелкелерге

құйып әкеледі. Алты бөтелке. Апта сайын қоқыс жинайтын қызметке

өткізіп беретін екі қанардың бірі пластиктерден тұрады. Бұл тек –

азық-түлік саласында қордаланатыны. Әрі балаларға газды сусындар

ішкізбейтін үйде.

Жуынып-шауынатын заттардың бәрінің қорабы мен құтысы

пластиктен. Анда-мұнда біркиер киіміңді мұнтаздап беретін «химтаз»

оны пластик бүркеме жауып қайтарады. Дүкеннен алынған тұрмыстық

техниканы, жиһазды, киімді қаттап келетіні қаншама. Иә, сатып

алған кітап, оқулық, баланың дәптер, қаламын «фирмалық» пакетпен

бермесе, іштері ауырады. Не керек, баяғы кеңестік замандағы торқалта, кенеп дорба, тіпті шыны бөтелке көзден бұл-бұл ұшып,

бәрінің орнын полиэтилен өнімі толықтай басты. Екінші қанарды

осындай қалдықтар толтырады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Табиғатты сақтау жөніндегі комитетінің

мәліметіне жүгінсек, Жердегі пластик қалдықтар кесірінен жылына 1

миллион құс, 100 мың сүтқоректі, 100 миллион балық қырылады. Олар

пластикті тамақ деп жұтып қояды. Сосын бөтеке, асқазан, ішектері

қорыта алмай, іштері түйіліп өледі. Зауалға қатты ұшырап жатқандар

тізімінде теңіз тасбақасы, итбалық және кит тұр. Мұхиттарда қалқып

жүрген пластик қалдықтары судағы сүтқоректілердің тұқымын толық

құртады дейді ғалымдар. Біздің аядай көл-тоғандарымызда балық

пен шаян, бақа мен құс біткенді Қытайдың нейлон аулары қынадай

қырып тастағаны ол есепке кірмеген де!

Ежелгі кендірден тоқылған торды, кенептен тігілген дорбаны

тозған соң тастай беруге болатын. Өйткені, олар табиғаттың өз

шикізатынан жасалған. Бірер жылда шіріп, қайта топыраққа айналады.

Ал полиэтиленнің ыдырау уақыты – 400 жыл. Жеті атасын жадыда

сақтайтын қазақтардың он алты атасы ауысқанша алақандай пластик

айналаны ластаумен болады. Мамандар осы кезге дейін қолданыста

болған пластиктер егер жанып кетпесе, тегіс жер үстінде қалғанын

айтады. Табиғат қорытып үлгергенше Шахановша айтқанда, 500 жыл

күтуге тура келеді:

Ел тағлымын аяқ асты төсенбе,

Той аз болмас әлі сенің көшеңде.

Бес жүз жыл күт, содан кейін рұқсат

Он бес қызды қабат алам десең де.

Пластик бұйымдарды жағу – оның жер үстінде қалғанынан да

қатерлі. Ауаға зиянды заттар бөлініп, адамның, жан-жануардың

тыныс мүшелеріне у тарайды. Ал күлінде ауыр металдар бар. Одан

– шөп, шөптен – мал, малдан – адам ағзасына түскен ауыр металл

қатерлі ісікке себепкер деседі.

Міне осының бәрін ескерген шведтар целлофан, полиэтилен,

пластик пакеттер мен қаптамалардан мүлде бас тартып, орама

қағаздарға оралыпты. Экологиялық санасы оянып, саңылауы ашылған

елдер үшін аспаннан киіз жауып жатқанда бізге әлі ұлтарақ бұйыратын

емес-ау деп ойлағанбыз сол Стокгольм дүкенінде.

«АСПАННАН ШҰҒА ЖАУҒАН КҮН». Қазақ жазушыларының

бірі Сейдахмет Бердіқұловтың спорт тақырыбындағы хикаяларының

бірі осылай аталатын. Кейіпкері Тұйғын велошабандоздың Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекетінде жарысқа түскен күнгі көңіл күйі осылай

сипатталады. Спорттағы сайыстың бар бояуын көрсету үшін жаңбыр

жауатын аспаннан шұға жауғызған, қайран қаламгер!

Қазір жер мен көкті басып қалған пластик құтыларды алғаш ХХ

ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Оңтүстік Азияның ірі

мемлекеті Пәкстанның астанасы Исламабадтың әуежайында көріп

едік-ау. Аты танымал «кока-кола», «спрайт», «пепси-кола» және

басқа сусындар соған құйылған. Аузын ашу ыңғайлы, алып жүруге

қолайлы, сынып, төгіліп қалар деген қорқыныш жоқ. Баяғы кеңестік

«лимонад» пен «сарыағаш» құйылатын шыны бөтелкеге қарағанда

анағұрлым сүйкімді көрінген.

Ғылым мен білім адамзатты жыл сайын дамытып келеді. Әттең

кейде, сол шектен тыс зерттеу мен жаңалықтың пайдаға емес, зиянға

шығатыны бар. Атом бомбасын жасаған Оппемгеймер мен Сахаров

мұхиттың екі жағында қартайған шақтарында сол әрекеттері үшін сан

соқты емес пе?

Он тоғызыншы ғасырдың соңы деседі. Неміс ғалымы Ганс

фон Пехманн кезекті тәжірибе жасай отырып, торсық шыны түбіне

балауыз сияқты шөгінді пайда болғанын байқайды. Шөгінді қазіргі

полиэтиленнің атасы еді. Оны өндіріске шығару келесі ғасырда 1933

жылы жүзеге асады. Ғасырлар тоғысында химиялық келесі қосынды

целлулоид ойлап табылды. Және бірден киноға қажет пленка жасауға

жұмсалды. Осы «пленка» сөзін әр жерде «үлдір» деп аударғанды

оқыдық. Неге сүйеніп аударғандары белгісіз. Ең болмаса «үлбір»

десе қисынды еді.

Бұл бүйірлей қосылған ой соқпағынан шығып, басты жолға қайта

түссек, кино пленкасын шығару жұмысы өте қауіпті болды. Оны

жасайтын қоспа кенет жарылып кететін. Өндірісі қауіпсіз целлофан

1911 жылы жасалды. Орауға қолайлы, әрі ар жағы көрінетін мөлдір.

Мұның «әттеген-айы»: қымбат еді. Сондықтан, әу-баста бағалы

металдан жасалған әшекей бұйымдарды орауға жұмсалған. Кейін

целлофан өндірудің арзан жолы табылып, 1927 жылдан бастап

тағамдарды орау мен тасу басталған.

Қазіргі жаппай қолданыстағы полиэтиленді 1933 жылы Нортфич

зертханасында Фосет пен Гибсон деген екі ғалым ашқан. Олар

газдарды жоғары қысымға түсіргенде тұнып қалған шөгіндіні көреді.

Осылай ашылған полиэтилен алғаш Жер шарын орап шыққан телефон

сымдарының сыртқы қорғаныш қабығы үшін қолданылған. Екінші

дүниежүзілік соғыс кезінде радар жасау үшін қажет болды. Радарды

ағылшын ғалымдары аралды бомбалауға анталап келе жатқан фашист

ұшақтарын анықтау үшін жанталаса жасағаны мәлім. Сөйтіп, соғыстан

мүлде қирап қалмаған британ аралына елуінші жылдары дүрілдеген

даму дүмпуі келді. Елде керемет супермаркеттер пайда болды. Олар

тауарларды алғаш полиэтилен пакеттерге салып берді. Біріншіден:

арзан. Екіншіден: қолайлы. Үшіншіден: әмбебап. Кейін дүкеннің,

сауда белгісінің жарнамасы басылды. Мұны төрт деңіз.

Оның алдында АҚШ-та нанды полиэтиленге орап сата бастаған.

Ондай ораулы нан кеуіп қалмайды. Наннан кейін сендвич, көкөніс

пен жемісті осылай орап сата бастайды.

Тура осы жолдарды жазған кезде есімізге тағы Сейдахмет аға

түсті. Жас журналистердің қылығына кейігенде: «сендер сендвич

жеп, кола ішкен американдық емес, көмбе жеп, айран ішкен ауылдың

балалары емессіңдер ме» дер еді. Ауылда айранды – кола, көмбені –

сендвич ауыстырғанын көрмей кеткені дұрыс болыпты, жарықтықтың.

Кеңес Одағы бастапқыда бұл жаңалыққа шүйлікті. Пластик пакетті

сағызбен бірге «іріп-шіріген капитализмның» белгісіне жатқызды.

Мәліметтерге жүгінсек, «темір шымылдық» берік тұрған 1973 жылы

Батыс Еуропада 11,5 миллион дана пластик пакет шығарылса, Кеңес

Одағында оның өндірісі мүлде болмаған! Әттең, солай қала берсеші.

Бірақ сағыз да, пластик пакет те «темір шымылдықтың» әр тұсынан

шым-шымдап ене бастады. Ал, «бұзылған Батыс» 1982 жылы пакетті

қос құлағы бар, көтеріп жүруге қолайлы етіп жасайды.

«Темір шымылдық» тарих сахнасынан ысырылған соң 5 келіге

дейінгі затты салатын, ылғалды сақтайтын, киім мен көлікті

бүлдірмейтін бұл пакет Алматыны қойып, ауыл-ауылда тор қалта

мен кенеп дорбаны ығыстырып әкетті. Енді супермаркет тұрмақ

дүңгіршекте сатып алған затыңызды ірі-ұсақ, қалың-жұқа, өңді-өңсіз

пакетке салып береді. Тегін. Шын мәнінде қайдан тегін болсын,

пакеттің құнын саудагер қулар тауардың бағасына қосып қойған.

Алматыдан бастап оның іргесіндегі талай елді мекенде пакет

шығаратын қытайлық өндіріс күндіз-түні істеп тұр. Бір полиэтилен

пакетті шығаруға автокөлікпен 115 метр жүретіндей қуат кетеді.

Демек, пакет топырақты ластаса, оны шығарғанда ауа ластанып,

артық қуат жұмсалады. ХХІ ғасыр басында Жер шары бойынша 5

триллион дана пластик пакет өндірілсе, арасында Қазақстанның үлесі

бар. Ол үшін мақтану емес, ұялу керек!

Сонымен, Пәкстанда түрлі сусын құйылған пластик құтыларды

алғаш көргенде таңырқадық дедік қой. Ал түңілген жағдайымыз

мынадай: осы елдің Үнді мұхит жағасындағы Қасым портында бала

жетектеген кедей шалды көрдік. Әлгі шалдың аяғындағы шақайы

ерекше екен. Бұл қандай аяқ киім дегенбіз. Сөйтсек, жаңағы қарт

«спрайттың» екі пластик құтысын жаныштап, бірнеше жерден тесіп,

жіппен шандып, екі табанынын жауып тұрар ілдебай жасап алыпты.

Құлағалы жатқан дуалдарының өзін әлгі «кока-кола» жарнамаларымен

әлеміштеп тастаған елдегі мына шарасыздық түңілдірген. Таңырқау

мен түңілудің арасы осылайша аспаннан шұға жауғандай қас-қағым

сәт екен.

«АСПАННАН КӘМПИТ ЖАУҒАН КҮН». Қазақ

журналистерінің арасында өлеңге де талабы болғанның бірі

қостанайлық Ғұбай Әбіловтің «Жалын» журналына шыққан балладасы

осылай аталатын. Баланың көзқарасымен жазылған жырда қаншама

қиындықтармен келген Жеңіс күні осылай сипатталады. Жеңіс күнгі

желпініс пен жомарттықты айғақтау үшін бұршақ жауатын аспаннан

кәмпит жауғызған, қайран ақын!

Бастапқыда Батыстан шыққан пластик бөтелке Жер шарын

айналып, Пәкстаннан соң Орта Азиядағы жаңа мемлекеттерге жетті.

Оны 1992 жылы Түркіменстаннан көрдік. Өз мемлекетімізде пластик

ыдысқа сусын құятын желінің жұмысымен 1995 жылы Қарағанды

қаласында танысып едік. Кәсіпкердің тегі – Ааб. Қарағандының

шетіндегі су қоймасының жағасынан сусын шығаратын кәсіпорын

ашыпты. Соны аралатқан. Бас бармақтай ғана жартылай өнімдер

ыстық станокта үрленіп, 1,5-2 литрлік қауаққа айналып шығатынын

көрдік. Осы пластик қауақтар бірнеше жылдан соң қазақ даласының

басты қатеріне айналады деп ойламап едік-ау.

2012 жылы мұндай сусын шығаратын желіні аудан орталығы не,

ауылдан да ашып жатыр. Сусын түрлерін былай қойғанда құтының

өзін қырық құбылтып жасайды. Оны қалыптайтын станоктің қымбатын

Германия мен Италиядан, арзанын іргедегі Қытайдан әкеледі.

Бізге сусын құятын желіні жөнелтіп жатқан Италияңыздың

бірталай қаласында қазір пластик бөтелкеге тыйым салынған.

Айталық, Легурия жағалауына жолатылмайды. Соңғы рет 2011 жылы

курортты өлкеде туристерден 2 миллион пластик құты қалған екен.

Сол жылдың тамыз айында Генуя қаласында 400 мың пластик құты

жиналған. Енді біржолата тоқтау салған. Есесіне 1 евроға темір құты

сатылады. Ауыз суды соған арнайы шүмектен құйып аласыз. Екі

мыңыншы жылдар басында біз дамылдаған Бибиони курортында

еркіндік еді. Енді барсақ, атамыз Олжайдың Екінші дүниежүзілік

соғыста Сталиннің атынан спирт құйып алатын металл құтысын

ұмытпаспыз-ау.

Иә, біз барғаннан бері АҚШ-тың Сан-Франциско қаласының да

көзқарасы өзгеріпті. Қала басқармасының мүшелері 2012 жылғы 27

наурыздан бастап барлық дүкенде пластик пакеттер беру мен сатуға

тыйым салған. Ондағы есеп бойынша, жылына қоқысқа тасталатын

пластик пакет 1400 тонна болады екен. Біреуі емес, онының салмағы

бір мысқалдай сезілмейтінін пакеттің мың жарым тоннасын көзге

елестетіп көріңіз. Жарайды, басыңызды қатырмаңыз, ол үшін 200

миллион пакет қажет, ал оны жасауға 1 миллион 700 мың литр

мұнай өнімдері жұмсалады. Бұдан былай мұнай үнем, әрі жерге

шірімейтін қалдық көмуден құтылады. Қазақтың «апама да барып

келейін, тайымды да үйретіп келейін» дейтіні осындайда. Жалпы,

алып көпірлі қала 2020 жылы қалдықсыз технологияға көшеді. Осы

елдегі Сан-Хосе қаласы 2012 жылды пластик пакетсіз бастаған.

Сиэтл қаласы да солай.

Біз ат басын тіреген және бір мемлекет Дания сонау 1994 жылдан

бері пластик құты мен пакетті шектеген. Алдымен мәдениетті жолмен.

Яғни, өндірушілердің экологиялық сауаттарын ашу арқылы. Сосын

қаржылық жолмен. Яғни, сатушыларға пластик ыдыс пен пакет үшін

зор салық салу арқылы. Сөйтіп, 90 пайызға төмендеткен. Салық

саясатын Ирлания мен Шотландия да жүргізіп, елеулі нәтижеге

жеткен. Ол елдерде арнайы салықтан түскен қаржы қалдықтарды

көмуге жұмсалады. Пластик пакеттерді енді Парижден ешкім

таппайды. Бұрын осындай қалдығының өзі 8 мың тонна, оны өңдеуге

1,5 миллион евро жұмсайтын еді. Тәубе, тазарыпты. Парижге баға

жағынан бәсекелес Мәскеуге бұл тазалық жете қойған жоқ. Орыстың

бас қаласында жылына 2 мың тонна пластик пакет шығады. Оны

тасудың өзіне 30 теміржол вагоны қажет.

Әу-баста пластик пакетті бастаған ағылшындар ақылға келді.

Супермаркеттерде енді әлеуметтік жарнамалар ілініпті. «Бізге өз

дорбаларыңызбен келіңіздер. Қоршаған ортаға қамқорлық болсын!»

Ребекка Хоккинг деген әйел 43 дүкеннің иесін көп мәрте тұтынатын

шүперек дорбаға көшуге көндіріпті. Ақыры Премьер-Министр

Джордж Гордон барлық дүкендерді пластик пакеттен қағаз қапшыққа

көшуге шақырды.

Іргелес Қытай жер-көкті басып кеткен пластикті бір аптада

жинатып алды. Жұқа 0,025 миллиметрлік полиэтилен шығаруға

тыйым салды. Тіпті, бұл ел пластик стаканды құртыпты. Бейжинде

жүргенде көрдік, метро мен дүкеннің алды мен ішіне қаз-қатар

автоматтар қойылған. Одан бүктеулі қағаз стаканды суырып аласыз.

Бүктеуін жазып, бір тетікті бассаңыз, әлгіге таза су құйып береді.

Сосын шөліңізді қандырып, қайта бүктеп автоматтағы келесі тесікке

сұғып кетесіз. Көше таза, көңіл шат. Су газсыз, ыдыс пластиксіз.

Бұл – нағыз Қытай.

Австралияда Қоршаған ортаны және мәдени мұраларды қорғау

министрі «полиэтилен обаға» қарсы жорықты бастады. Дүкендерде

тегін берілу тұрмақ сатылмайды. Осы ел әлемде алғаш полиэтиленнен

ада аймақ жарияланды. Ол құрылыққа жақын бір арал көрінеді.

Үндістанның Раджастхан штаты өзін «пластик пакеттен азат

аймақ» деп заң қабылдаған. 2012 жылдың 1 тамызынан бері штатқа

пластик пакет апарған адамға 100 мың үнді рупийі көлемінде айып

салынып, 5 жыл түрмеге отыру жазасы белгіленеді.

Африкада қалай? Руанда мен Эритрея сияқты елдер оны өндірмек

түгіл, ішке жолатпайды. Егер затыңызды пластик пакетпен көтеріп

барсаңыз, шекарада кәмпескелеп алады. Руанда бүкіл пакетті бір

сенбілік арқылы тазалап шығыпты. Занзибарда және солай. Бұрын

осы ел арқылы басқа мемлекеттерге апарылатын жүктің арасында

пластик пакеттер болатын. Енді тыйым салынған соң бюджет

ай сайынғы 400 000 доллардан қағылып қалыпты. Бірақ, жердің

тазалығы, ұрпақтың саулығы үшін әлгі түсімнен бас тартқан! Кім

де кім жасырып пакет шығарса, саудаласа, не басқа елге алып өтсе,

2 мың доллар айып төлеп, 1 жылға түрмеге жабылады! Сырттағы

әрнені көргіш, тез қабылдағыш біздің билік үшін айып мөлшері мен

жаза кесімін көрсетіп жазып жатырмыз.

Амал не, Астанамыз «ұшатын пакеттер қаласы» деген теңеумен

интернетте бүкіл әлемге танылып жатқанда біздің парламент, облыстар

мен қалалар мәслихаттары бұл тақырыпты талдаған емес.

Ал мына жаңалық ғарышқа құлағы тігулі қалың елді бір дүр

еткізді. 2012 жылы 6 тамызда Марсқа түсірілген «Кьюриосити» атты

өздігінен жүретін зерттеу стансасы Жерге жиі-жиі суреттер жолдап

жатады. Соның бірінде Қызыл планета бетіндегі әлдебір зат көрініп

тұр. Қызыл топырақта жатқан ұзындығы бір жарым сантиметрден

аспайтын бөгде нәрсе полиэтилен қиындысынан аумайды. Оның

тура «Кьюриоситидің» табанының астында жатуына қарап ғалымдар

түссіз қатты пластик зерттеу стансасының өзінен түсіп қалған деседі.

Демек, бұл құрыған химиялық қоспа енді өзге планеталарды улай

бастады.
«АСПАННАН ПАКЕТ ЖАУҒАН КҮН». Қазақта бұрын

мұндай күн болмаған еді. Енді жерінің көркі ықылым заманнан

саяхатшыларды таң қалдырған Жуалыда Шерхан Мұртазаның 80

жылдығы тойланғанда дүйім жұрттың алдынан пакет бұрқырады.

Тұрар тамсанған, Бауыржан сағынған, Шерхан шаттана жазған

табиғаттың неге айналғанын айғақтау үшін сырғақ жауатын аспаннан

пакет жауғызған, қайран ағайын!

Иә, күн желкем еді. Өз көзімізбен көріп отырдық. Көпшіліктің

қошеметімен Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед,

Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбай, бұрынғы

Сенат Төрағасы, енді ел ағасы Өмірбек Байгелди кезегімен мінберге

беттегенде солармен жарысып пакеттер де көп алдынан өтіп жатты.

Жермен домалап өтті, ауамен қалықтап өтті. Бірі мінбер қойылған

сахнаның босағасына, бірі әріректе тулар ілінген сырыққа, енді бірі

одан әрі қаз-қатар теректерге тіреліп жатты.

Біздің жаман қасиетіміз бар. Санаймыз. Австрия мен Италия

арасында тескен тауларды, Лондоннан Нью-Йоркке ұшқанда

Атлант мұхитында иненің жасуындай болып көрінетін кемелерді,

бөлімше орталығы болған Үштөбеден фермер ағамыздың қыстауы

Молдажарға дейін Тарбағатай төскейіндегі суырларды санағанбыз.

Енді алдымыздан көктей ұшқан пакеттерді санадық. Мемлекеттік

хатшы мінберге шығып түскенше алуан түрлі, алуан пішінді төрт

пакет желмен ұшып өтті. Жүрісі де, сөйлеу мәнері де інісінен баяулау

Әбекеңді алты пакет «алқалады». Берідегі Шерхан Мұртазаның

«Айынан» арыдағы Ли Баоның «Айына» дейінгі аралықты адақтаған

Байгелдидің ұзақ сөзіне тоғыз пакет тап келді.

Аспаннан пакет жауып жатса да, еліміз осы экологиялық кеселмен

күресті бастаған жоқ. Мана әлем елдерінде, олардың жекелеген

қалалары мен аймақтарында пластик ыдыс пен пакеттерге тыйым

салынғанын айтсақ, енді оны жинап кәдеге жарату тәжірибесіне

тоқталайық.

Іргелес Өзбекстанда бірнеше жылдан бері пластик құтыларды

жинау жолға қойылған. Янигул қаласында бүкіл Ташкент облысынан

шыққан полиэтилен қалдықтарды өңдейтін зауыт бар. Қайта

балқытып, көкөніс пен жеміс салатын жәшіктер шығарады. Бұрынғы

ағаш пен темір жәшіктерден қолайлы болған соң диқандар жаппай

алу үстінде.

Айтпақшы, осылай полиэтилен қалдықтарды басқа қоқыстан

айырып, жинап беруге машықтанған бір топ өзбек азаматы Қазақстанның солтүстігіндегі Петропавл қаласындағы күлтөкпеден

нәпақа тауып жүрген. Олар ай сайын екі тонна полиэтилен жинап

береді екен. Әр келісін он теңгеден өткізеді. Осы төрт жігітті өзгеге

үлгі ету орнына біздің қырағы полиция үш тәулік абақтыға жауып,

одан соң ата мекендеріне аттандырыпты.

Орал қаласында жергілікті кәсіпкер пластик құтыларды сығым

аппаратына салып, салмағы 120 келі болатын текше шығарады.

Бір текшеге кемінде он қап пластик керек. Жылына 80 мың тонна

тұрмыстық қалдық шығаратын Оралды зиянды қоқыстан арылтып

жатыр. Тек, оны қайта өңдейтін зауыт Ресейде екен.

Семейден де бір хабар жеткен. Мұндағы жұрт Қытайға темір

қалдығы ретінде өткізу үшін кәріздің шойын қақпағын ұрлай береді.

Енді қала әкімшілігі құдықтардың аузын пластикпен тығындауды

ұйғарыпты. Сөйтіп, пластик қалдықтардан осындай қақпақтар

құйылмақ. Тек, Ресейге өткізу үшін оны да ұрламасын деңіз.

Әлемде бұған дейін жиналып қалған полиэтилен қоқысты өңдеудің

небір әрекеттері кездеседі. Филиппин елі осы қалдықтардан қайық

жасай бастаған. Бұл қайық елді анда-мұнда басып қалатын топан су

кезінде тұрғындарды құтқаруда таптырмайтын құрал болып шықты.

Жыл сайын 16 миллион тонна қоқыс шығаратын мемлекет сол

қоқыстарды қатынас құралын шығару үшін кәдеге жаратты.

Жалпы, жағалаудағы елдердің қоқыстарын көбінесе су шайып,

әлемдік мұхаттарға алып кетеді. Ғарыштан түсірілген суреттерге

қарасаңыз, мұхиттардың ағыстары, олар тоғысатын иірімдері

баршылық. Тек Тынық мұхиттағы солтүстік иірімде аумағы 700 мың

шаршы шақырым мен 1,5 миллион шаршы шақырым аралығындағы

пластик қалдықтар қалқып жүр. Көздеріңізге елестету үшін айта

кетелік: Түркия, Чили, Замбия сынды мемлекеттердің аумағы 700

мың шаршы шақырымнан асады, ал 1,5 миллион шаршы шақырым

дегеніңіз Монғолия аумағымен тең. Осы «қалдық құрылықтың»

сексен пайызы – жағалаудан су шайып кеткен полиэтилен тастандысы

екен. Демек, Филиппин елі өзгелерге үлгі.

Ондай үлгіні өзіміз Даниядан естігенбіз. Елдегі Торбьерн

Анкерстьерне деген дизайнер пластик қалдықтардан көп мәрте

пайдаланылатын себет жасаған. Ол себет ағылшын әліпбиіндегі

әріптерден өрілген. Басын қосып оқысаңыз: «Жыл сайын

Ұлыбританияда 6 миллиард пластик пакет қолданылады. Одан

қоршаған орта айтарлықтай зардап шегеді. Сондықтан, қамқорлық

жасаңыз. Осы қорапты ұдайы пайдаланып, табиғатты сақтаңыз»

деген мәтін шығады.

Мысалға келтірілген Ұлыбритания мізбақпай отырған жоқ.

Ғалымдары әлемде алғаш өздігінен ыдырап кететін биологиялық

пакет жасады. Онымен нан орайды. Орама төрт жыл ішінде су мен

көмір қышқылына бөлініп кетеді. Өндіріске еңгізілді.

Норвегияда жасалған жаңалық бұдан да жағымды. Елдегі

дүкендер азық-түлікті кейін шіріп кететін биологиялық пакеттерге орап

береді. Жүгерінің шырышынан жасалған бұл пакеттен денсаулыққа

зиян жоқ. Әрі ауыр салмаққа шыдамды. Әзірге қымбат көрінеді.

Бірақ, жергілікті тұрғындар экологиялық мәдениетті танытып,

бағасына келіскен!

Польшаның мысалы да жүректі әдемі әуезге бөлейді. Тура және

ауыспалы мағынасында осылай. Мұнда бір топ студент қоқыстағы

пластик қалдықтарды теріп, одан өздеріне гитара, дауылпаз және

басқа музыкалық аспаптар жасаған. Сөйтіп, біріншіден айнала

ортаны тазартса, екіншіден өздерінің қалтасы көтермей жүрген саз

аспаптарына ие болған. Бұлардың экологиялық-эстрадалық концертін

қолдаушылар көп болыпты.

Мексиканыңыз да өзін басып қалған осындай қоқыстан құтылудың

амалын тауыпты. Олардың «Куадро» фирмасы пластик құтыларды,

шлангтер мен өзге де полиэтиленнен жасалған бұйымдарды қайта

ерітіп, үй құрастырады. Іргетасы 18 шаршы метр баспананы салуға

1,7 тонна пластик жұмсалады. Мұндай құрылыс материалдарының

тапшылығы сезілмейді. Себебі, ай сайын қоқыс төгілетін жерден 3

мың тоннадай пластик жиналады. Осындай үйдің бір шаршы метрдің

құны 152 доллар. Яғни, аумағы 32 шаршы метрлік үйді 5 мың

долларға сатып алуға болады.

Сөзді Стокгольмнен бастап едік. Айналып соған қайта соғалық.

Көркіне көз сүйініп, тазалығы талайды таңырқатқан Швеция

астанасында 15 мың тұрғынға арналған экологиялық аудан салынды.

Хаммарбю Шестад аталатын мөлтек аудандағы тұрмыстық қалдық

әр пәтерде органикалық, пластик, әйнек және темір болып төрт бөлек

жиналады. Әрқайсысы үйден жер астындағы төрт құбыр арқылы

ваккум тәсілімен сорылып әкетіледі. Органикалық қалдықтардан

газ шығарып, сол үйлерге қайта береді. Жанатын қалдықтар жылу

болып оралады. Бірақ, түтіні ауаға тарамайды. Жуынып-шайынған

су тазартылған кезде одан да жылу бөлінеді. Сол жылумен суды

ысытады. Қуатты күн батареяларынан алады. Қалай, ондай ауданда

тұрғыңыз келе ме? Астананың немесе Алматының жаңа аудандарын

жобалайтын атқамінерлердің мазасын ала беріңіз.

Әзірге біздің атқамінерлер алға қарау орнына кері шегініп, шыны

бөтелкелерді қайталап пайдаланудан бас тартқалы жатыр. Оны жуу

тазалыққа жатпайды-мыс. Ал пластик құты пайдалану гигиеналық

талапқа сай-мыс. Солай ма? Жоқ! Шыны бөтелкені Кеңес Одағы

кезінде 70 жыл бойы жуып, қайта пайдаланғанда еш ауру тарамаған.

Мұны бір деңіз. Екіншіден, бөтелкені санитарлық нормаларға сай

тазалау ісіне ескі шишаны балқытып, жаңасын құюға қарағанда 10 есе

аз қуат жасалады. Әлем «қуаттарды үнемдеу керек» деп жатқанда

мыналардың дайын шөлмектен бас тартуы тегін емес. Бұл арада өте

құйтырқы лобби жатыр, соған Парламент тоқтау салса, қане.

Жалпы, Парламент полиэтилен пакеттерге неге тыйым салмайды.

Пластик ыдыспен сусын шығаратындар қанша өнім өндірсе, соншама

құтыны кері қабылдауын заңмен неге реттемейді? Үкімет Жәркентте,

Қызылқұмда қайта жүгері өсіртіп, шырышынан Норвегиядағы сияқты

биологиялық пакет жасата алар еді. Шу бойында ырыққа көнбей

жер-көкке қаптап өсетін кендірден қорап пен себет шығарта алар

еді. Сонда болашақтағы Шерхан Мұртазаның тойында болашақтағы

Әбіш Кекілбаев сөйлегенде жасанды пакет емес, шынайы гүл жауып

жатпас па!



Алматы-Стокгольм-Исламабад

Бейжин-Жуалы.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет