Кез-келген дыбыс дыбысжазудың (дыбыстық жазудың) деңгейін парықтау үшін, жалпы жазу теориясы үшін тілдің фонологиялық негіздері ізделеді. Кезінде академик Л.В.Щерба жазу теориясы үшін мына жайларды анықтап алуды ұсынған:1) сол тілдің дыбыстық қорын түгендеу және оның жазуда таңбаланғандарын анықтау; 2) жазу таңбасына ие болған мағыналық элементтерді анықтау және 3) жазу элеметтерін: а) дыбыстық мағынасы бар элементтер, яңни әріптерге; ә) таза иероглифтік мағына бар немесе аралас, жартылай дыбыстық, жартылай иероглифтік мағынасы бар элементтерге бөліп алу.
Дыбысжазу ашық әліпби түрін икемдеп, жетілдіріп алу арқылы дамыды. Сонда таңба көбіне ортақ, ал оның мәні неше жүз тілде неше жүз түрлі болып шықты. Сондықтан жазу билігінің басталған заманы- ХХғ. басында әліпбидегі әріп пен дыбыс қатынасы деген мәселе көтерілді. Жазуы жоқ тілдердің әліпби қабылдауы, емле ережелерін түзету, құру, жазуы бар тілдердің графика мен емлені жетілдіруі күшейді.
Әліпби шартты таңбалар тізбегі емес, сол тілдің дыбыстық құрамын танытатын белгілер жүйесі болып анықталады. Әріптің негізгі, әліпбилік атауынан басқа, кейде оған сәйкес келмейтін мазмұны болатыны белгілі болады. Ауыздан шыққан және құлаққа шалынатын дыбыс реңктерінің (түрленімдерінің) ішінен негізгі дыбыс реңкіне таңба арнау қиын болды: дыбыс көп, әріп аз. Ал қанша дыбыс реңкі болса, сонша әріп алу мүмкін бола бермеді. Өзара ортақ белгілері бар дыбыс қатарын бір әріпке теліп қою қандай шартты болса, оның сондай шеберлікті керек еткені, керек ететіні ашылды. «Өздігінен ешқандай мағына бермейтін осыншама кішкентай элементтің қатысуымен сөз жасауды қалай ғана біздің арңы ата-бабамыздың ойлап тапқаны әлі күнге дейін жұмбақ». (Панов Е.Н. 1983:231)
Бірақ дыбыстан әріпке барар жол алыс еді. Ол жолда «өткел» болды, ол өткел ауыздан шыққан дыбыс тізбегін сүзіп, танып, таңдап отыратыны білінді. Сөйтіп, дыбыс түрлері көп болғанмен дыбыстың асылы (Е.Омаров термині) ғана әріп таңбаға ие болатыны белгілі болды. Сонда сөйлеуді жазуға, жазуды сөзге айналдыратын код және оның кілті- әліпби сол тілдің фонологиялық құрамына тірелді. Сөйтіп, әліпбимен графиканың, орфографияның негіздерін іздеу жолында фонема ұғымы пайда болды.