6.Дәрістер кешені
№1 дәріс тақырыбы: Жазудың маңызы мен қызметі
Қарастырылатын мәселелер:
Жазудың қызметтері.
Жазудың тілді нормалаушылық қызметі туралы.
Жазу - тілді жаңғыртудың, бекітудің құралы.
Жазу-адамдардың қашықтықта тұрып,қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ету.Өйткені жазу қоғамдық қажеттіліктен туындады.Адамдар арасындағы күрделі қоғамдық қатынастың дамып жетілуін ауызша сөйлеу тілі қанағаттандыра алмады.Сондықтан жазудың шығуы ең алдымен қарым-қатынастың маңызды бір құралына деген қоғамдық мұқтаждыққа қарыздар.
Ауызша сөйлеудің екі кемшілігі болды:таралу кеңістігінің шектеулілігі және уақыт жағынан шектеулілігі.Адамдардың қоғамдық-саяси,экономикалық және әлеуметтік қатынасында жоғарыдағы олқылықтарды толтыру үшін пайда болған жазудың миссиясы,бүгінде қарап отырсақ,тереңде екен.
Тілдің даму тарихы тұрғысынан келсек,тіл адам санасындағы ойды жарыққа шығарып,жазу ауызша айтылған ойды оптикалық құралдар арқылы визуалды дүниеге айналдырады.Сонда жазу тек қосалқы қызмет атқаратын құрал болып табылады.Алдымен аса маңызды қатынас құралы болған-тіл ауызша түрде өмір сүрді.Талай жүз жылдықтар бойы басқа қатынастың түрін іздемеді.Сөйтіп,ойды жарыққа шығарудың және айналасына қатынас жасаудың жалғыз түрі ауызша сөйлеу ғана болды.Жазу енді тілдің осы екі қызметінің көшірме түрі ретінде,қосалқы қызмет атқаруға келгендей.Оны сызба ретінде былай нобайлауға болады:
Тілдік сана тіл ауызша сөйлеу
жазу
Үшінші мыңжылдықтағы жаңа технологиялар тасқыны,ғылыми-техникалық прогресс,ақпарат таратудағы жаңа көздер,қашықтық пен уақыт барьерін жеңетін жаңа техника түрлерін ойлап табудың жоғары деңгейінде келеді.Осымен байланысты ауызша коммуникацияның жетілген технологиялы бүгінгі кезеңінде жазудың адамзат өркениеті үшін атқарар қызметін парықтаудың қажеттілігі бар.А.Байтұрсынұлы «Біздің заман-жазу заманы:жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деген.
Жазусыз өркениет болмасы анық.Тас дәуірінен атом дәуіріне дейінгі адамзат мәдениетінің жетістіктерінің бәрі жазу арқасында.
Біздіңше,өркениеттің дамуын сипаттауда жазудың маңызынан бастап айту оның әлдеқайда жүйелі,күрделі,дербес құрылым болып қалыптасқанын,жазудың адамзат өркениетіндегі болашақта атқарар қызметін танытпақ.Мысалы,шумер елінде жазудың пайда болуы ең алдымен мемлекеттік құрылыстың дамуы мен жетілуіне,сауданың өркендеуіне байланысты болғаны белгілі.Жазудың сол антикалық дәуірдегі қызметі бүгінгі әлемиет дәуірінде қайта күшейіп,жазу мемлекеттілікке,заңнама,құжатнамаға қызмет етеді.Бүгінде ресми іс-қағаздар адамдардың сөйлесуінсіз-ақ түсінісетін,құжаттар өзара «сөйлесетін» жүйе құрайды.Ресми іс-қағаздар-айқындылықтың,дәлелдіктің,аргумент,фактінің құжаты болды.Ендеше,жазудың бүгінгі күн тұрғысынан басты маңызы мен қызметі белгілі кеңістік шегіндегі әлем үнқосуларын бекітетін,растайтын деңгейге жетіп отыр.Яғни мемлекеттің күшеюімен байланысты,жазудың дерек болу (визуалдылық арқылы) сипаты артып отыр.
Жазу-тілді жаңғыртудың,бекітудің құралы.Жүйесі мен құрылымы бар тілдік таңба жазуға түсіп,денотаттық тұрпатқа ие болғаннан кейін мәңгілік құндылыққа айналды.Өйткені жазу ауызша сөзді таңбалап қана қоймайды,адамның тіл туралы түсінігін кеңейтеді,тереңдетеді.Тілдің инвариантты,абстракті,күрделі құрылымдық деңгейге жетуіне әсер етеді.Соған сәйкес тілдегі синтаксистік құрылымдар,күрделі фразалық тұтастықтар жазудың негізінде пайда болды.Тілдің (әдеби тілдің) стильдік тармақтары сараланды,стиль нормаларының қалыптасуына әсер етті.Сөйтіп,жазу сөйлеуде елене бермейтін тілдің барлық қалтарыстарын нақтылаудың негізінде тілдің сұрыпталып,нормаланған,електен өткен құрылымын ғана таңбалап,жазу нормасына сай сөйлемдер мен мәтіндерді тілдік жүйеге жатқызды.Сондықтан ауызша сөйлеудегі еркіндікті тілдік қалыпқа салу,яғни жазуға түсіру кез келген сауатты адамның қолынан келмейді.Адам күнделікті қарым-қатынас тілімен біреуге хат жазу мүмкіндігіне ие болғанмен,өзінің ойын жүйелі,толыққанды,мазмұнды етіп жазбаша жеткізуде қиындыққа тап болады.Сонымен,жазудың екінші қызметі тілдің жүйелі құрылымға айналуына әсер етуі болып табылады.Тілдің барлық потенциалды мүмкіндіктерін ашып,пайдалануға әсерін тигізеді.Сондықтан да бүгінде жазылған дүниені сол тілдің жүйесі мен құрылымы ретінде тануға,қабылдауға,тілдің «өзі» деп түсіндіруге,түсінуге күмән қалмайды.
Үшіншіден,жазу-адам ойының материалданып,жарыққа шығуының,дәлірек айтқанда творчестволық әрекетінің құралы. «Көңілдегі көрікті ойдың сыртқа шыққанда өңі қашатын» болса,жазудың арқасында қағазға түскен шашыраңқы ойды жүйелеуге болады.Жазудағы стандарттық құрылымдар,сөйлем мүшелерінің нормативті орын тәртібі ақыр соңында сыртқа шыққан адам ойын өзгеше сипат алдырады.Оның үстіне жазылған мәтінді қайталап оқып,толықтыруға,қысқартуға,нақтылауға,қайта құруға мүмкіндік бар.Мәтінді араға уақыт салып қайта қарап,жетілдіруге болады.Ой үстіне ой жалғауға болады.Сөйтіп,жазу түптің түбінде адамның өз сөзінің бөгделенуі болып шығады.Жазудың арқасында сөз екінші өмірге,дербес өмірге ие болады.Демек,жазу қарым-қатынас құралы емес,тілдік жағдаят болмаса да адам өз ойын монологті түрде жарыққа шығаратын сананың материалдану құралы болады.Оқу процесі тыңдауға қарағанда аз уақыт алады,қармап оқу,таңдап оқу,қайталап оқу мүмкіндіктерін береді.Жазу,сөйтіп,мәтін мазмұнын тез түсінуге,бірден қабылдауға,оңай меңгеруге ауызша тілге қарағанда қолайлы.Бүгінде сөздің графикалық бейнелері фонетикалық бейне сияқты адам санасында дайын тұратын болды.
Осы айтылғандарды түйіндей келе жоғарыдағы сызбаны былай жетілдіруге болады:
жазу
Тілдік сана тіл
ауызша сөйлеу
Төртіншіден,жазу адам санасындағы ойдың жетілуіне,жасалуына,жүйеленуіне,реттелуіне,нақтылануына қызмет етеді.Бұл бір қарағанда жазудың алдыңғы қызметімен бірдей болып көрінуі мүмкін.Алайда соңғысы ойдың өзіндегі жетілу туралы.Алдыңғысы сыртқа шыққан ой мен мәтінді оқыған оқырманның арасындағы түсіністіктің орнауы туралы болса,мұнда адам ойын қағазға түсіре отырып,жетілдіреді,жазу арқылы ойланады,сөйтіп,жазу енді ойдың өзіне түрткі болады.Әрине,ауызша сөйлеу де адам ойының нақтылануына,жүйеленуіне әсер етеді.Алайда жазу тілдік санадағы барлық қалтарыстарды қағаз бетіне түсіруге уақыт жағынан да мүмкіндік береді.Сондықтан жазудың ойжасамдық қызметі ауызша тілдің ойжасамдық қызметіне қарағанда қорытынды,түйінді аяққы болады.
Ал жазудың коммуникативтік негізгі қызметін бүгінгі таңда ауызша коммуникациянығ техникалық құралдары (телефон түрлері,интернет жүйесі) екінші қатарға ығыстырып отыр.Интернет жүйесін де ауызша коммуникация түріне жатқызып отырғанымыз,мұнда жазу графикасы мен таңбалары пайдаланғанымен,жазба тілжүйесі сақталмайды.Ақпарат ауызша тіл жүйесінде құрылып,тіпті өздік коммуникация (аудиалды-визуалды) жүйесін жасауға айналды.Сонда жазудың коммуникация қызметі бүгінде екі формадан көрініп отыр:1) хабарласудың ресми,іскерлік сипатында (ресми іс-қағаз); 2) интернет жүйесі арқылы хат жазысу аясында.
Алтыншыдан,жазу-адам жадының бір түрі.Біз есте сақтауға тиіс ақпаратты жазып жадылайтын болдық.Информация мазмұны мәтінге көз жүгірткеннен кейін еске түсіруге, «түртіліп» алынған ойды ауызша таратып айтуға,керісінше ауызша айтылған ойды қысқартып,«түртіп» отыруға болады.Қазіргі оқу орындарындағы оқу оқыту процесі осы әдіске құрылған.
Жетіншіден,жазудың тіл тарихын сақтаушы,уәжін көрсетуші қызметі бар.Бұны жазудың тілтанымдық қызметі деп атаймыз.Ауызша тіл үнемі өзгерісте болады,жаңарып,жаңғырып,үнемделіп отырады.Академик Л.В.Щерба ең бірінші өзгеретін сөйлеу тілі және зерттелмей жатқан сала да-сөйлеу тілі деген.Сондай-ақ жазу тіл бірліктерінің шығу тегін,уәжін,әсіресе түбір тұрпатын өзіне бейнелеп,тіл тарихы үшін аса құнды тарихи дерек жинап отырады.Сөйлеуде жаңаша дыбыстағанмен немесе сөйлегенмен,ол бірліктердің инвариантты тұлғасын жазу ғана сақтай алады.Енді жазудың келесі қызметін осы айтылғаннан шығара отырып,тілді нормалаушылық деп атаймыз.Ауызша тіл бір нәрсеге табан тіреуді керек етеді.Сонда ол «тіреу» көп өзгеруді «ұната» қоймайтын консервативті жүйе-жазу болып табылады.Адамзат тілі өзінің даму барысында реалдануға,үнемделуге,адресат пен адресанттың ішкі сөйлеуінде құрылымы бар конструкцияларды ауызша сөзге айналдырмай-ақ түсінісуге,тіл бірліктерінен гөрі просодикалық бірліктерді көп қолдануға,арго,жаргондарды жиі пайдалануға,тілді мамандануға барынша ұмтылады екен.Сонда жалпыхалықтық тілдің нормасын сақтап,узуалды,оккозианалды қолданыстарды,тілдің дыбыстық,морфемдік,лексикалық,синтаксистік бірліктерін нормалап отыратын жүйе жазба тіл болып шығады.Адам жады жазылған сөзді норма деп,белгіленбеген,көрсетілмеген сөзді норма емес деп тануды дәстүрге айналдырады.Сонымен,жазудың бұл қызметі ауызша сөйлеуді нормалап отырады дегенге саяды.
Сондай-ақ кез келген қашықтықта тұрып айтылған ой,жаңалық,нәтиже кітап болып басылса,бүкіл адамзаттың құндылығына айналады.Адамзат санасы ұрпақтан-ұрпаққа жазу арқылы жетеді,жазу арқылы сол дәуірдің бейнесін көреміз.Жазуы бар тілдердің тіл тарихын айқындауға мүмкіндік бар.Жазба тіл ескерткіштері бар тілдің мәртебесі жоғары саналады.Сонымен,бүгінгі күн тұрғысынан жазудың мынадай қызметтері бар деп білеміз:
1) аргументтік қызмет (әлеуметтік қызмет);
2) тіл жүйелеушілік қызмет;
3) ойжасамдық қызмет;
4) ойды жарыққа шығару қызметі;
5) жады қызметі;
6) тілтанымдық қызмет;
7) тілді нормалаушылық қызмет;
8) кумулятивтік қызмет (мәдениетті сақтайтын,жеткізетін қызмет);
9) коммуникативтік қызмет.
Сонымен,жазу уақыт пен кеңістік шектеулігіне тәуелсіз,адамдар арасындағы қатынас құралы ретінде пайда болды деп түсіндірілгенмен,негізінен оның маңызы мемлекеттік құрылыс пен сауданың,мемлекетаралық саясаттың дамуына тіреледі екен,сонымен бірге оның маңызы тілді жетілдіретін,жүйелейтін,нормалайтын,ой жасайтын,бекітетін,сақтайтын қызметтерімен өлшенеді екен.
№2 дәріс тақырыбы: Жазу мен ойлау қатынасы
Достарыңызбен бөлісу: |