Тіл үйрену –әлемді тану кілті



Дата27.12.2016
өлшемі74,68 Kb.
#6177
Тіл үйрену –әлемді тану кілті

Мақала тіл үйренушінің тіл үйрену арқылы халық мәдениетінің қыр-сырын танып, ой өрістерін кеңейтетіні жайында баяндалады. Тіл мен мәдениеттің бір бірімен тығыз байланыстылығы айтылады. Қазақ тілін шет тіл ретінде үйреніп жатқан тіл үйренушілерге тіл үйретумен қатар қазақ ұлтының дүниетанымын, мәдениет-тарихын, салт-дәстүрін таныстыру жолдары көрсетіледі.

Тілді үйрену, мәдениет,дүниетаным, шет ел азаматы, тіл үйренуші


Қазақстанның халықаралық деңгейге шығуы саясат әлемінде, экономикада, білім саласында, жаңа іскер, мәдени, экономикалық қарым - қатынасты қалыптастырды. Соған байланысты қазіргі кезеңде қазақ тілін шет тіл ретінде оқыту мәселесі үлкен әлеуметтік маңызы бар ғылым түріне айналып, қазіргі заманғы өркениеттің белгісі болып отыр.

Кез келген тілді үйрену арқылы халықтар арасындағы өзара байланыс дами түседі. Тіл үйрену – әлемді тану кілті екені рас. Тіл үйрену арқылы тіл үйренуші сол елдің әдебиетін, мәдениетін, тарихын оқып, идеялық-эстетикалық ой өрістерін кеңейтеді. Тіл мәдениетпен тығыз байланысты, оның құрамдас бөлігі, бір жағынан мәдениетті анықтайды және оның бір бөлігі болып табылады. Халық мәдениетінің барлық қыр-сыры - сол ұлттың тілінде. Тіл мәдениетпен қатар өседі, дамиды, көрініс табады.

Қазақ тілін шет тіл ретінде оқытуда тіл үйренушілер тіл үйренумен қатар мәдениаралық қарым-қатынастық қабілеттерін, үйреніп жатқан тілдерін дамытады. Іскерлік қарым-қатынас жасау үшін қазақ елінің мәдениетімен, тарихымен, географиясымен, қазақ ұлтының дүниетанымымен, этносымен, салт-дәстүрімен, ұлттық тағамдарымен танысып, әдет-ғұрпын, мінезін, құндылығын, өзгешелігін, ұлттық менталитетін қарастырып, түсінуге тырысады. Тіл арқылы ұлттың ерекшелігі, әлеуметтік мәртебесі, этно-мәдениеттік ерекшелігі байқалады. Сондықтан біздің міндетіміз-тіл үйренушілерге қазақ тілінің табиғатына кіруге көмектесу, тілдесуге, лингвистикалық және мәдени-тарихи ерекшеліктерін айқындауға мүмкіндік беру. Әрине шет ел азаматтарына тілді үйрету күрделі әрі қиын үрдіс, сондықтан тіл үйренушілердің айналасындағы болып жатқан құбылыстарға зейінін аударту арқылы қабылдатуымыз қажет...

Өзге халықтың тілін меңгеру арқылы сол халықтың рухани өмірін, оның психологиялық тереңдігін де тани алатынын да баса айтқымыз келеді.Оқу үрдісінде біз тілдік дағдыны, шеберлікті байыта отырып, қазақ халқының тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, дәстүрін, ел тануды оқыту арқылы тіл үйренушінің әлемдік қоғамдастығын, мәдениетін кеңейтеміз. Осы арқылы тіл үйренуші ұлтаралық келісімнің артықшылығын, өз мәдениетін, өзге ұлттың мәдениетін, құндылығын бағалайды. Тұлға ретінде мәдени кәсібін көтеріп, халықаралық байланыстарды жетілдіруге қадам жасайды, халықаралық интеракция өкілі ретінде рухани құндылықтарға құрметпен қарауды қалыптастырады. Түрлі аутентикалық, теледидарлық жанрларды жинақтау, шолу оқытулары, шағын әдеби шығармалар, әңгіме, эссе, новелла, деректі, көркем фильмдер, тарихи материалдарды қолдану өте тиімді.

Тіл үйренушілерге берілетін тілдік материалдар ең алдымен лингвистика ғылымына негізделеді. Лингвистика әдістеме үшін базалық ғылым болып саналады. Оның ережелері қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту жүйесін құрады. Тiл бiлiмiндегі тілдік фактiлердiң нақты, дау тудырмайтын, шешімін тапқан мәселелерi ғана тіл үйренушілерге жеткiзiледi. Тіл үйренушілерге берiлетiн бiлiм мазмұны, көлемi және оны оқытудың жүйесi жан-жақты сараланып, ғылыми мәлiметтер өмірмен байланыстыра отырып ұсынылады.

Тіл үйренушілерге берiлетiн тiлдiк мәлiметтер төмендегi талаптарға сай болуы қажет:

1) Қазақ тiлiнен берiлетiн тақырыптар ғылыми сұрыптаудан өтіп, ең қажеттісінің ғана берілуі керек.Тiлдiк мәліметтерге байланысты тақырыптардың дәл, анық, қысқа да нұсқа болуы оларды жылдам меңгеруге септiгiн тигiзедi.Тақырыптардың жан-жақты ашылуы, өзара байланыстылығы, көлемi мен мазмұнының тіл үйренушінің білім деңгейіне, мүмкіндіктеріне сәйкес келуі  ғылымилық ұстанымы арқылы жүзеге асады.

2) Тiлдiк тақырыптарға байланысты берiлетiн қатысымдық жаттығулардың тақырыпты жан-жақты ашуы, тақырыптан ауытқымауы керектігін басты назарда ұстауы керек.

Тілді оқытуда қандай әдіс қолданылса да ол әдіс оқу үрдісінің алдында тұрған дидактикалық міндетті шешуі керек. Оқу іс-әрекетінің тиімді болып, оқытушының белгілі бір нәтижеге қол жеткізуі үшін өзі жақсы меңгерген әдістері болуы қажет. Ол кейде бір әдістің өзін бірнеше мақсатқа пайдалануы мүмкін. Бірақ оқытушы қай әдісті таңдамасын, оның тіл үйренушінің қабылдауына жеңіл, тиімділігі мол, нәтижелі болуын, ең негізгісі, дидактикалық мақсат-міндеттерге сәйкес келуін ескеру қажет.

Тіл – адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Адамның іс-әрекетінің маңызды бір формасы – адамдардың бір-бірімен қарым-қатынаста болуы.  Коммуникативтік үрдісте адамдардың арасында өзара ақпарат алмасу жүзеге асырылады. Бұл жерде қарым-қатынасқа түсушілердің әрқайсысы үшін ақпараттың маңыздылығы үлкен рөл атқарады себебі «...адамдар өзара сөз алмасып қана қоймайды, сондай-ақ, ортақ мәмілеге келуге тырысады». Ал адамдардың ортақ мәмілеге келуі ақпарат жай қабылданып қана қоймай, терең сезілгенде ғана жүзеге асуы мүмкін. Сол себепті кез-келген коммуникативтік үрдіске іс-әрекет, қарым-қатынас, таным үшеуі бірге кіреді.

Коммуникация (лат. Communicatio - байланыс, қатынас) – араласу, ойлармен, идеялармен, деректермен бөлісу т.б. 1) Қатынас жолы, бір орынның екінші жақпен байланысы; 2) Сөйлесу, ақпарат беру. Коммуникативтік негізінен, танымдық қызмет, тілдің көмегімен жүзеге асырылады. Еңбек ету мен танымдық процесс барысында адамдар арасында болатын қатынастардың ерекше түрі бар. Қатысым үрдісінде ақпарат алмасу іске асырылады, қарым-қатынасқа түсушілердің әрқайсысы үшін ақпараттың маңыздылығы үлкен рөл атқарады. Себебі адамдар өзара сөз алмасып қана қоймайды, сондай-ақ, ортақ мәмілеге келуге тырысады. Ақпарат жай қабылданып қана қоймай, түсініліп, терең сезілгенде ғана ортақ мәмілеге келу, тіл табысу жүзеге асады. Сол себепті кез-келген қатысым үрдісі іс-әрекет, қарым-қатынас, танымнан тұрады.

Ұлттық тіл ерекшеліктері жалпы адамзатқа тән мағына жасау жүйесіне бағынышты болады. Коммуниканттар араласуында сөздік (вербальды) емес бөліктер де, (мысалы: ым, қимыл, мимика т.б.) қолданыс табады. Қалай болғанда да, коммуникация экстралингвистикалық факторлар негізінде жасалады.

Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін шет тілі ретінде үйретуде оның білімділік, қатысымдық қызметімен қатар тіл арқылы адамзат баласы жинаған тарихи-мәдени, рухани мұраларды меңгерудің және өз ойын жеткізудің, өзін-өзі тану мен өзгені танудың бірден-бір құралы тіл екендігіне көз жеткізетін танымдық қызметін меңгерту міндеті тұр. Біздің ойымызша, қажеттілік болса, елтанымдық мәліметтерді кез-келген адам өзі қалаған тілінде меңгере алады. Ал тілді жеделдетіп үйретуде қосымша елтанымдық курсты жүргізудің мүмкіндігі де болмайды. Осыдан келіп, тіл үйрету сабақтары барысында меңгерілетін лексикалық минимумдардың ішіне ұлттың қоғамдық және мәдени өмірі, дүниетанымы жайындағы мәліметтерді әр деңгейге сәйкес ұтымды жолмен сұрыптай отырып енгізу қажеттілігі туындайды. Ал бүгінгі күндегі қазақ тілін үйретуге арналған оқулықтардың басым көпшілігінде кездесетін қазақ хандары, билері, өнер адамдары, ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері жайлы артық энциклопедиялықмәтіндердің тіл үйренуге септігі жоқ. Себебі оқулықтарымызда берілетін мәтіндер көпшілік жағдайда тіл үйренушінің деңгейіне лайықталмаған, үйренушіге бейтаныс тілдік құрылымдардан тұратын көркем шығармалардан алынған үзінділер түрінде болып келеді.

Елтану дегеніміз – үйреніп жүрген тілді оқыту әдістемесінің зерттеу пәніне айналған сол тілде сөйлеуші елдің мәдениеті. Тіл үйретуде қолданылатын елтанымдық дректер тілін үйреніп отырған елдің қоғамдық және мәдени өмірі, дүниетанымы, басынан кешкен тарихы, географиясы, экономикасы, ішкі, сыртқы саясаты, мемлекеттік құрылымы жайындағы мәліметтерді қамтиды. Бірақ көп жағдайларда елтану пәні үйреніп жүрген тілде емес, аралық бір тілде жүргізіледі де, тіл үйренуге ешқандай көмегі тимейді. Соған байланысты елтану пәні мен тіл үйрету сабақтарының арасындағы байланыс алшақтай түсуде (мысалы, неміс тілін білмесе де, ол елдің спорттағы жетістіктерін өте жақсы біліп, өз ана тілінде осы тақырыпта қызу пікірталас жүргізуге болады).

Бірақ солай екен деп, ұлттанымдық деректерден бас тартуымызға да болмайды. Себебі, тіл үйретудегі басты мақсат - тіл үйренушінің бойында сол тілді қолданушы халықтың жанын түсіну, ол халыққа, тілге деген сый-құрмет сезімдерін ояту болуы керек. Тіл үйрету әдістемесі ғылымының алдында тұрған көптеген мәселелердің ішіндегі бүгінгі күндегі өзектісі ең қажетті деп алынған лексикалық минимум арқылы елтану, мәдениеттану, этностануды қоса қамту болып табылады.Тіл үйретудің бастапқы деңгейінде  сол тілді қолданушы ұлт жайындағы мәліметті күрделі мәтіндер түрінде емес, әрбір сабақта, біртіндеп, шамадан тыс көп, түсініксіз болып кетпейтіндей, үздіксіз  беріп отыру керек, қысқасы, қазақ тілін үйретудің әрбір дәрісі ұлттық рухқа толы жүргізілуі керек.

Біздің практикамызда тіл үйренушілердің коммуникативтік құзіреттілігін дамытумен қатар тыңдап түсіну мен сөйлеу дағдысын дамыту мақсатында базалық деңгейдегі тіл үйренушілерге Г.Ә. Мұсаеваның «Қазақ тілі: аудовизуалды курс» (шетелдік және өзге тілді азаматтарға арналған) атты оқу құралы қазақ тілі сабақтарында арнайы сабақ ретінде өткізіледі. Сабақта А. Краустың «Алдаркөсе хикаялары» атты анимациялық топтамасынан төрт мультфильм және Б. Соқпақбаевтың романы бойынша түсірілген режиссер А. Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» атты көркем фильмінен екі үзінді көрсетіліп, мәтінмен жұмыстар бірнеше кезеңмен беріледі. Аталған мультфильмдер мен фильмде қазақ ұлтының әдет-ғұрпы,тұрмысы, мәдениеті, мінез-құлқы, ұлттық ойындарын тамашалай отырып, тіл үйренушілер жеке-жеке сюжеттермен жұмыс істей алады. Көріністі бірнеше рет қайталап көріп, мәтінді тыңдайды, сөздер мен сөз тіркестерінің, сөйлемдердің мағыналарын ұғынып меңгере алады. Өз ойларын айтып, әрбір кейіпкерге баға беруге үйренеді, оқып білгендерін күнделікті ортада мәдениетаралық қарым-қатынаста белсенді қолдануға дағдыланады. Бұл аудиовизуальды курс тіл үйренушілердің тіл үйренуге деген қызығушылығымен қатар, қазақ елінің мәдениетін, салт-дәстүрін, мінез-құлқын тануға көп септігін тигізетініне сеніміміз мол.



Қолданылған әдебиеттер

  1. Леонтьев А.А. Тіл жат болмау керек/ Шетел тілін оқытудың этнопсихологиялық аспектілері. - М., 1996.

  2. Милосердова Е.В. Ұлттық-мәдени стереотиптер және мәдени аралық қатынастар проблемалары.// Ғылыми-әдістемелік журнал ИЯШ. 2004. №3. - 80-84бб.

  3. Гүлбағиза Мұсаева. Қазақ тілі: Аудиовизуальды курс (шетелдік және өзге тілді азаматтарға арналған) оқу құралы. – Алматы., «Қазақ университеті», 2011. - 61б.


В статье докладывается о том, что обучающий может открыть для себя много аспектов народной культуры и расширить мышление путем изучения языка. Рассказывается о тесной связи между культурой и языком. Обучающимся казахскому языку, как иностранному, вместе с преподаванием будут предоставлены пути ознакомления с традицией, культурой и историей и мировоззрением казахской нации.

The article reports that the student can discover the many aspects of national culture and expand the mind by learning the language. Describes the close relationship between culture and language. For students who are studying the Kazakh language as a foreign language, along with teaching will be provided by ways of familiarization to the tradition, culture and history and world view of the Kazakh nation.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет