Еңбек - кәсіппен байланысты туған өлең-жырлардың жанрлық түрлері. Төрт түлік жырлары.
Қазақ фольклорында бала бағу, бала асырау, қыз ұзату, жаназалау, бақсылық наңымдары, діни әдет-ғұрыпқа байланысты туған салт өлеңдері өте көп. Орыс халқының ауыз әдебиетінде оны «бытовые песни» (бірде «обрядовые песни») десе, біз оларды «Тұрмыс-салт жырлары» дейміз. Бұлардың көпшілігі анонимдік түрде туып, халық аузында сақталып келген. Тұрмыс-салт жырларының кейбіреулерінде тотемдік, мифтік ойлау, бақсылық ұғымдары мен діни әдет-гұрыптардың да ізі бар. Елдің тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпы, түрлі наным-сенімдеріне байланысты туған сюжетсіз ұсақ өлеңдерді «Тұрмыс-салт жырлары» дейміз. Бұл жырларды олардың мазмұны мен тақырыбына қарай бірнеше түрге бөлуге болады. Олар: а) бақташылық жырлары (төрт түлік мал туралы); ә) діни әдет-ғұрыптар тудырған жырлар (жарапазан, бәдік); б) үйлену жырлары (той бастар, жар-жар, сыңсу, жұбату, беташар); в) ұлыс жырлары; г) бөбек жырлары; жаназалау жырлары (естірту, қоштасу, жоқтау), т. б.
Бір көздері жабайы аңдарды ұстап, үй түлігіне айналдырған шаруаларды халық төрт түлік малдың «пірі» деп ұғынып, солар жайында түрліше аңыздар тудырып отырған. Сол кезеңнен бастап бақташылық жырлары туса керек. Бұрын жабайы аңдарға сыйынған халық енді төрт түлік малды құт санап, олардың Шопан ата, Шекшек ата, Жылқышы ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба деген иелеріне табынған. Ел ұғымында Шопан ата — қойдың, Жылқышы ата — жылқының, Ойсыл қара — түйенің, Зеңгі баба — сиырдың, Шекшек ата — ешкінің пірі. Олар малды құт деп біліп, аязды қыстан, жұтаған жұттан, аш бөрілерден аман алып шығудың жолдарын айтқан.Төрт түлік мал жайындағы жырлардың өзі тілек-бата түрінде айтылады.
Шаруаның бір түлік пірі — Шопан.
Келтірмей қу, пір ата, қойға топан.
Қойды аңдыған пәленің бәрін құртып,
Бықпырт тиіп, үні өшсін қасқыр апан.
Халық төрт түлік малдың төлін анасы қалай сүйсе, адам да солай сүйе білуге тиіс деп, қозы, лақ, құлын, торпақ, ботақап, қойшы, құс жөнінде түрлі өлеңдер тудырып келген. Қойды қасқырға бермеу үшін қойшының көлігі, құралы сайлы болуға тиіс. Кейбір өлеңдер қасқырды да сөйлетеді.
Атты қойшы - ашуы қатты қойшы.
Түйелі қойшы - тұрған қойшы,
Төбесінен ұрған қойшы.
Өгізді қойшы - өлген қойшы,
Жем болғанда көрген қойшы.
Халық мал бағудың қызығы мен қиындығы көп, соның үдесінен шыға білу керек деп ойлаған.
Ешкі бақтым — еңіреп бақтым.
Қой бақтым — қоңырау тақтым.
Сиыр бақтым — сидаң қақтым,
Жылқы бақтым – жорғалаттым.
Түйе бақтым – түйме тақтым,-
деген өлең жолдары жас буынды еңбекке, шаруашылыққа шақырған.
Достарыңызбен бөлісу: |