Қазақ фольклорының жанрлары мен түрлері. Жанрлардың дамуындағы ортақ процестер.
Фольклор жанрлары туралы В.Я.пропптың пікіолері де жанды. Ол бір халықтың фольклорына тән жанрларды екінші бір елдің фольклор мұрасына қолдана салудың айтарлықтай нәтиже бермейтіндігін айта отырып, үш түрлі межені анықтайды. Олар: а) фольклор шығармаларының поэтикасын зерттеу; ә) фольклордағы халық тұрмысымен байланысты жанрларды анықтау; б) олардың орындалу тәсілдеріне (формасына) жете көңіл бөлу.
Осы айтылғандарға фольклор шығармаларының тағы да бірнеше сипатын қосуға болар еді. Олар – фольклордың коллективтік және ұлттық сипаты, варианттылығы, дәстүрлігі, тарихилығы және ауызекі дамуы.
Халық поэзиясын көпшіліктің өзі тудырғандықтан, ол елдің тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланыста болған. Әр ел өз басынан өткерген оқиғаларды құмарта жырлайды. Олай болса, фольклор шығармалары өзінің тарихилығы жағынан авторлық сипаты бар кез келген туындыдан анағұрлым шыншыл, әсерлі де көркем. Сол жырларға қарап, елдің әдет-ғұрпын, ой-санасы мен түрлі сезімдерін дәл танып-білуге болады. Қазақ фольклорының тарихилығының басты бір көрінісі осында. Ғасырлар бойы түрлі жырау, жыршы, ақын, көркем сөз зергерлерінің өндеуінен өткендіктен, қазақ фольклоры жанр жағынан да аса іргелі, қомақты. Жанр байлығына келгенде, қазақ фольклоры жазба әдебиетке жете қабыл. Мысалы, бір ғана үйлену жырлары тойбастар, жар-жар, сыңсу, қоштасу, беташар, жұбату болып жіктеле жөнеледі. Еңбек пен түрлі әде-ғұрыптарға байланысты салт жырлары да біршеше топқа бөлінеді. Олар төрт түлік мал туралы жырлар, бәдік, арбау, бата, бақсылық сарындары, наурыз, жарапазан, т.б. қазақ ертегілерін қиял-ғажайып (мифологиялық), хайуанаттар жайындағы және шыншын реалистік ертегілер деп бөлер болсақ, соның әрбір жанрында жүздеген сюжеттер бар. Эпос туындыларын батырлық, тарихи және ғашықтық жырлары деп бөлсек, мұның да әр саласында келелі жырлар аз емес. Айтыс поэзиясы жөнінде де осыны айтуға болады. Бұдан көретініміз: қазақ фольклоры оқып үйренуді, ғылыми тұрғыдан терең зерттеуді тілейтін қымбат қазыналардың бірі, бүгінгі мәдениетімізге келіп құйған халық творчествосының үлкен бір арнасы.
Достарыңызбен бөлісу: |