Тақырыбы: ҚР мен шет мемлекеттердегі инклюзивті білім берудің салыстырмалы талдауы Дәріс мазмұны: Жалпы білім беретін мектептердегі мүмкіндігі шектеулі балаларға сиаттама беріп, инклюзивті білім беруге енгізу
Мүмкіндігі шектеулі балаларды түзете дамыту жұмыстарының ерекшелiктерi
Инклюзивті білім беру немесе «білім баршаға» бағдарламасы - барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ-ның Конвециясына 2006 жылдың 13 желтоқсанында енгізілді.
Сонымен, инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс жүргізетін мектептерде білім мазмұнын үш түрлі бағдарлама бойынша реттеген абзал. Атап айтқанда: жалпы мектептерге арналған типтік оқу бағдарламалары; мүмкіндігі шектеулі балалардың ақаулық типтеріне сәйкес арнаулы білім беру бағытындағы оқу бағдарламалары; мүмкіндігі шектеулі балалардың психофизикалық ерекшеліктерін есепке ала отырып әзірленетін оқытудың жеке бағдарламасы.
Жалпы білім беретін мектептердегі мүмкіндігі шектеулі балаларға сиаттама беріп, инклюзивті білім беруге енгізу
Инклюзивті білім беру мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алады, ал 90 жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді. Ал, біздің елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы туралы ресми дерек «Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілді. Осы бағдарлама төңірегінде инклюзивті білім беруді жетілдіру мәселелері қарастырылып, 2015 жылға мына міндеттерді шешу көзделген:
-мүмкіндіктері шектеулі балаларды біріктіріп оқытудың модульдік бағдарламалары жасалады;
- мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім беретін ортада біріктіріп оқыту ережесі әзірленеді;
- түрлі кемістігі бар балалар үшін бірігу нысандары анықталады;
-мүгедек балаларға қашықтықтан білім беруді ұйымдастыру қағидалары әзірленеді. Мемлекеттік бағдарлама негізінде 2020 жылға қарай мектептерде мүгедек балалар үшін көтергіш жабдықтар, пандустар, санитарлық бөлмелерде арнайы құралдар орнату, тұтқалармен, арнайы парталармен, үстелдермен және басқа да арнайы компенсаторлық құралдармен жабдықтау арқылы «кедергісіз аймақтар» құруы жоспарланған. 3030 мектепте мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытуға және тәрбиелеуге тең қол жеткізу үшін жағдайлар жасалу міндеті (мектептерде педагог-дефектологтардың, балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің, арнайы жеке техникалық және компенсаторлық құралдардың болуы) алға қойылған. Үйде білім алатын мүгедек балалар жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктері ескеріле отырып, компьютерлік техникамен қамтамасыз ету сияқты істері жүзеге асырылмақшы. Осылайша мемлекетіміз мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау, олардың қоғамға етене араласуына, оларды оңалту, жұмысқа орналастыру және жаңа жұмыс орындарын құру, білім алу, оқыту, қайта мамандандыруда қолдан келгенше жағдай жасамақшы.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды түзете дамыту жұмыстарының ерекшелiктерi
Жаңа үлгідегі арнайы (түзету) ұйымдар қызметтері «Бала құқықтары туралы» БҰҰ Конвенциясына, ҚР «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Заңдарына және басқа да нормативтік құқықтық құжаттарға сәйкес және осы ережелер негізінде жүзеге асырылады. Оңалту орталығының қызметін ұйымдастыру тәртібі. Оңалту орталығы арнайы білім беру ұйымдары түрлерінің бірі болып табылып және облыстың әкімдерінің шешімдерімен құрылады. Оңалту орталығының негізгі міндеттері: 1) сөйлеу тілінде, көру, есту, тірек-қозғалыс аппаратында бұзылуы, оқып-үйрену, қарым-қатынас жасау мен жүріс-тұрысында қиындықтары бар балалар мен жасөспірімдерге психологиялық түзеу мен оңалту түрінде кешенді психологиялық – медициналық - педагогикалық көмек көрсету; 2) дамуында, оқытуда, қарым-қатынас жасауда, жүріс-тұрысында проблемалары бар балалардың әр түрлі топтарына қатысты жаңа педагогикалық технологияларды әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу; 3) мамандардың пәнаралық тобымен (командалық бағалау) балаға қатысты мәселелерді кешенді оқып-үйрену және баланың медициналық, психологиялық, түзету-педагогикалық көмекке деген мүмкіндігі мен қажеттілігін анықтау; 4) баланың дамуының әлеуметтік жағдайын ескере отырып, жеке дамыту бағдарламасын әзірлеу және жасап шығару; 5) жеке, топтық сабақ түрінде түзете-дамыта оқытуды жүргізу; 6) отбасы жағдайында даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеу мәселелері бойынша ата-аналарға (заңды өкілдерге) ақыл-кеңес беру және оқыту; 7) жалпы білім беру және арнайы (түзеу) білім беру мекемелерінің педагогтеріне мүмкіндіктері шектеулі балалардың психофизикалық күйінің ерекшеліктері мен даму мүмкіндіктері жайынан әдістемелік басшылық жасау және көмек беру. Оқыту мазмұны түзеу мекемелерінің білім беру стандарттарымен, Оқу жоспарымен және оңалту орталығында түзеу көмегін алатын әрбір баланың мүмкіндігі мен қажеттілігі ескеріліп әзірленетін жеке дамыту бағдарламасымен анықталады.