1. КРИТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІ
Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың шынайы және сенімді жүйесі білім беру мазмұнының ажырамас бөлігі болып табылады.
Бағалау - оқытудың ағымдағы және қорытынды кезеңдеріндегі оқушылардың үлгерімі туралы ақпаратты жинау мен талдауды білдіретін білім беру процесінің маңызды құрамдас бөлігі.
Оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау тәсілі көптеген шет елдерде кеңінен қолданылады және бұл технология барынша шынайы, нақты және валидті болып табылады. Бұл тәсіл, ең алдымен, процестің барлық қатысушыларына оқу материалын игеру деңгейін түсінуге мүмкіндік беретін кері байланысты жүзеге асыруға көмектеседі.
Тәжірибе критералды бағалаудың практикалық маңызы мен артықшылықтарын көрсетеді, өйткені мұнда:
оқушының жеке тұлғасы емес, оның орындаған жұмысы бағаланады;
оқушының жұмысы оларға алдын ала белгілі бағалау критерийлері бойынша бағаланады;
оқушылардың нені оқығаны бағаланады, себебі бағалау критерийлері нақты оқу мақсаттарын сипаттайды;
оқушылардың оқуға және өзін-өзі бағалауға және деген ынтасы артады.
Оқушылардың оқу жетістігін критериалды бағалау тәсілі олардың игерген білімін белгілі бір кезеңде меңгеруге тиісті білім көлемімен салыстыруға мұмкіндік береді. Мұнда мұғалім оқушының қандай оқу мақсаттарына қол жеткізгенін, ал қандай оқу мақсаттары оған қиын болғанын бағалайды, қандай тақырыптар бойынша қосымша жұмыс жасау керектігін анықтайды. Осылайша оқушының дербес бағыты, өзіндік оқу жетістіктері бағаланады.
Критерийлер арқылы бағалау оқушыларды оқу тапсырмаларын барынша сапалы орындауға ынталандырады, олардың білімін тереңдетіп, түсінігін кеңейтеді, оқушылардың ойлау қабілетінің деңгейін көтеріп, эмоциялық зиятын дамытады.
Оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі оқу, оқыту және бағалаудың өзара тығыз байланысына негізделген. Ол оқу процесін ұйымдастыруға біртұтас көзқарасты қамтамасыз етеді (Бойл және Чарльз, 2010). Бұл теориялық негіздеуді және бағалаудың барлық элементтерінің - оқу мақсаттары, бағалау түрлері мен құралдары және бағалау нәтижелері арасында өзара байланыс болуын қажет етеді.
Критериалды бағалау оқушылардың өз оқу әрекетін бақылау, бағалау қабілетін қалыптастыруына мүмкіндік береді, білім алу барысында туындаған қиындықтарды анықтап, оларды жеңу жолдарын іздеуге ынталандырады. Бұл оқушылардың функционалды сауаттылығын қалыптастырып, орта білім беру стандарттарында қарастырылған кең ауқымды дағдыларды дамытуға көмектеседі.
Оқыту мен бағалаудың тұтастығына негізделген білім алушылардың оқу жетістігін критериалды бағалау жүйесі оқушылардың үлгерімін, ілгерілеуін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілін қалыптастыруға бағытталған. Ол оқу бағдарламасында қарастырылған дағдыларды дамытуды, білім алу дәлелдерін жинақтауды, оқу мақсаттарын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді және оқу бағдарламасының мазмұнына сәйкес барлық сыныптар көлемінде пән бойынша бағалаудың әр түрлі формалары мен тәсілдерін қамтиды.
Достарыңызбен бөлісу: |