37
«Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша оқу бағдарламалары
оқушылардың алдыңғы меңгерген білімдері мен дағдыларын жетілдіруге, сонымен қатар,
жаңа түсініктерді қалыптастырып, қабілеттерін дамытуға бағдарланған. Пән бойынша оқу
бағдарламалары оқушылардың төменде аталған мүмкіндіктерін дамытуды көздейді:
-
зерттеу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беру;
-
кез келген қабылданатын ақпаратқа сын тұрғысынан қарап, талдай білу дағдысын
белсенді дамыту;
-
өзіндік рефлексияға және тәуелсіз, өз бетінше ойлануға ынталандыру;
-
қазір және келешекте кез келген өмірлік жағдайда кездесуі мүмкін негізгі жаһандық
проблемаларды түсінуге және оларға сәйкес әрекет ете білуге ынталандыру.
Мектептегі негізгі пәндерді оқу арқылы оқушылар өз түсінігін кеңейте отырып,
өзінің
оқуы үшін жауапты болуға үйренеді. Оқушылар өзіндік көзқарасы мен пайымдауын
қалыптастырып, дамытуға, мұқият зерделеуге және өз ойын сенімді айта білуге
дағдыланады. Мысалы, олар дәлелдерді талдау мен бағамдауды және ойлау дағдылары
туралы ойлануды үйренеді. Сонымен қатар, пәнаралық байланыс орнату арқылы олар
ақпаратты тиімді пайдалануды үйренетін болады.
Оқыту үдерісінде белгілі бір нақты пәнді зерттеу маңызды болғанымен, пәнаралық
жұмыстарды жүргізу пәнді анағұрлым сапалы меңгеруге оң ықпалын тигізеді. Кэрридің
(Kerry, 2007)
пайымдауынша, пәнаралық байланыс тәсілі білімді өзара байланысты
құбылыс деп санаған Джон Дьюидің еңбектеріне негізделеді. Оқыту мен оқудың бұл тәсілі
оқытудың сындарлы тәсілімен тығыз байланысты, себебі оқушылар бірлесіп жұмыс істей
отырып, пәндердің арасындағы мәселелерді талқылап пікірталас жүргізеді (Hayes, 2010).
Оқушылар бір пәннің аясында үйренген мәселелерін екінші пәнге пайдалана алады немесе
бір пәннің негізінде басқа пәнді оқуды жақсарта алады. Пәндер бойынша білімдерді
ықпалдастыру оқушылар үшін білім беру үдерісінің өзара байланыстылығы мен маңызын
арттыруға бағытталған. Орта және жоғары сынып оқушылары Қазақстан тарихы мен құқық
негіздерін басқа пәндермен байланыста қарастыруы тиіс, себебі пәнаралық байланыс
олардың оқуын барынша тиімді модельдеуге мүмкіндік береді.
Қазақстан тарихы және құқық негіздері сабақтарында пәнаралық байланысты жүзеге
асыру оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыруға және білім сапасын арттыруға,
оқушылардың ғылыми ойлау деңгейін дамытуға, оқу пәндеріне біртұтас жүйелі көзқарас
қалыптастыруға, оқушыларды шығармашылығын дамытуға және ғылыми-зерттеу
жұмыстарына тартылуына мүмкіндік береді. Пәнаралық байланыс белгілі бір тақырып
бойынша басқа пәндерден алған білімін пайдалану,
эксперименттік жұмыс орындау,
экскурсиялық сабақ өткізу және көлемді оқу материалын жалпылама қорыту барысында
жүзеге асады.
Қазақстан тарихы – қазақ халқының басынан өткізген жағдайын, тарихи тәжірибиесін
баяндайды, тарихи білімі бар адам ғана өзі өмір сүрген қоғамдағы орнын, атқаратын
қызметін дұрыс ажырата алады. Мектепте оқытылатын пәндердің ішінде Қазақстан тарихы
мен қазақ әдебиеті пәндері аса тығыз байланысты. Екі пән де қоғамның дамуы, ондағы
адамдардың өмірі мен арақатынасы, атқаратын қызметі туралы және қоғамдық өмірдің
заңдылықтарын таныстырады, қоғамдық құбылыстарды,
фактілерді, оқиғаларды терең
танып, дұрыс бағалауға тәрбиелейді. Зер салып қарасақ, қазақ қоғамының тарихи
дамуының барысындағы елеулі оқиғалардың барлығы көркем әдебиетте суреттелген және
жырланған. Әдебиетте тарихтың қайталанбас келбеті және өзіндік қасиеттері мен
ерекшеліктері көркемдік тұрғыдан бейнеленіп берілген жағдайда оқырманға берер
танымдық мәні арта түседі. Бұл Қазақстан тарихын оқытуда көркем шығарманы
пайдаланудың маңызын арттыра түседі.
Қазақстан тарихын оқытуда көркем әдебиетті пайдалану оқушылардың тарихи фактіні
ойында ұзақ сақтауына әсер етеді. Өйткені тарих қоғамдық құбылыстарды, тап тартысын
нақты деректермен дәлелдесе, көркем шығарма сол фактілерді бейнелі кескінмен
елестетеді. Бұл оқушының шығармашылық тұрғыдан ойлануына және патриоттық сезімін
38
оятуға зор ықпалын тигізеді. Тарих сабағында әдебиетпен пәнаралық байланысты қолдану
оқушыны өз бетінше ізденуге және еңбектене білуге баулуда аса тиімді тәсіл. Мысалы,
жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ халқының жағдайын көрсету үшін Ілияс
Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы халықтың тарихын таңба басқандай өрнектеген
тарихи туынды. Ал Абылай ханның
ХVIII ғасырда мемлекет басшысы, қолбасшы және
дипломат болғаны және Абылайдың қазақ хандығының тәуелсіздігін сақтау жолындағы
ішкі және сыртқы саясаттағы қызметі туралы түсіндіргенде, Абылай бейнесін Бұқар
жыраудың толғаулары арқылы суреттесе, халқын сүйген ханның тарихтан мәңгі өшпес
орын алғаны туралы оқушыларда айқын түсінік қалыптастыруға болады. Бұл
оқушылардың Абылай дәуірін, оның тұлғасын, сыртқы саясат саласындағы қайраткерлігін
ғылыми тұрғыдан талдауына, саналы түрде түсіне білуіне, оның дипломатиялық қызметі
туралы өздігінен ізденуіне бағыт-бағдар береді.
«Қазақстан тарихы» пәні бойынша сабақтарды өткізу барысында географиямен және
әдебиетпен тығыз байланысты жүзеге асырып, белгілі ақын-жазушылардың
шығармашылығына, еліміздің аумағындағы ежелгі қорғандар мен мәдени мұраларға назар
аудартылады. Тарихи және географиялық карталармен жұмыс жүргізу арқылы, оқушыларға
Ұлы Жібек жолымен жүріп өткен керуендер, ежелгі қалалар мен қорғандар туралы тарихи
және географиялық деректерді зерделеуге мүмкіндік беру арқылы география пәнімен
тығыз байланыс орнатуға болады. Сондай-ақ экономикалық географияның қазіргі заманғы
ерекшеліктерін көп жағдайда сол жердің немесе басқа аумақтың тарихи дамуын еске
түсірмей түсіндіру мүмкін емес, сондықтан география сабақтарында ғылыми деңгейді
көтеру үшін тарихпен пәнаралық байланыс жүргізудің маңызы зор.
«Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері» пәндерінің
пәнаралық байланысының
негізгі шеңбері әрбір тақырыпты оқыту барысында анықталып отырады. Оларды пайдалану
үшін мұғалім басқа пәндердің мазмұнын да білуі тиіс. Пәнді басқа пәндермен
байланыстыра оқытудың екі түрлі тиімді жағы бар: біріншіден, Қазақстан тарихы
оқушылардың басқа оқу пәндеріне дайындығын күшейтеді, екіншіден, өз кезегінде әдебиет,
география, дүниежүзі тарихы пәндерінде қарастырылатын мәселелерді қатар зерттеуде оқу
базасын толықтырады (7-кесте).
Достарыңызбен бөлісу: