14 - ТАҚЫРЫП . Жаза үғымы мен мақсаттары. Дәріс жоспары
1.Жазаның түсінігі
2.Жазаның мақсаттары
4. Жазаның жүйесі және түрлері
Дәріс тезистері
Жаза түсінігі Қылмыстық жаза – заңмен белгіленген және қылмыс жасаған тұлғаға қатысты қолданылатын мемлекеттік күштеу шарасы. Жаза қылмыстық әрекетке сәйкестей отырып қолданылады және оның қоғамдық қауіптілігіне және ауырлығына сәйкес болуы керек.
Қылмыстық жаза қылмыстың қылмыстық-құқықтық салы болып табылады және қылмыспен күресудегі қажетті құқықтық құралдардың бірі ретінде танылады.
Қылмыстық жаза адам және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, ұйымдардың меншігін, құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын және аумақтық тұтастығын, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің басқа да заңмен қорғалатын мүдделерін түрлі қылмыстық озбырлықтардан қорғау үшін қызмет етеді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 38-бабында жазаның келесі түсінігін береді: «Жаза дегеніміз - соттың үкімімен тағайындалатын мемлекеттік күштеудің шарасы. Жаза қылмыс жасауда кінәлі деп танылған тұлғаға қатысты қолданылады және осы Кодексте көзделген осы тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын айыру немесе шектеуге саяды».
Жаза, мемлекеттік күштеудің шарасы болып табыла келе, қылмыс жасаған адамға тек сотпен үкімнің негізінде ғана қолданылуы мүмкін. Мұндай жағдайда үкім Қазақстан Республикасының атынан шығарылады.
Заңды күшіне енген соттың үкімі барлық ұйымдар, кәсіпорындар, мекемелер, сондай-ақ азаматтар үшін міндетті және Қазақстан аумағында орындалуы тиіс. Сонымен қатар, жазаны орындау мемлекеттің күшімен қамтамасыз етіледі.
Үкімде тағайындалған жаза қатаң жеке сипатқа ие, яғни қылмыс жасаған тұлғаға нақты қатысты қолданылады және басқа тұлғаларға тарала алмайды.
Мемлекет жазаны қолдану жолымен қылмыскерді қоғам алдындағы кінәсін жууға күштейді және қылмыс жасаған тұлғаны белгілі бір заңды мойынсұнған тәртіпке мәжбүрлейді.
Жаза қылмыскерге белгілі құқынан айыруды, қасіретті әкеледі. Олар физикалық, моральдық және материалдық сипатта болуы мүмкін. Осылайша, бас бостандығынан айырылған кезде сотталған адам тұтастай алғанда жеке құқықтарында шектеледі. Мүлікті тәркілеу, айып төлеу кезінде сотталған адамның материалдық жағдайы жамандайды. Белгілі бір қызметте болу немесе белгілі қызметпен айналысу құқығынан айыру секілді жазалау шарасы қызмет, кәсіп таңдаудағы құқықтың шектелуімен байланысты.
Мұндай шектеулер кез келген демократиялық қоғамда қажетті. Бір де бір қоғам адамға шексіз бостандықты ұсына алмайды, себебі бұл қоғамның басқа мүшелерінің құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына, бетімен кетуге және дау-жанжалдарға әкелетін еді.
Жазаның мәжбүрлеу, күштеу жағы, яғни сотталған адамның заңмен көзделген құқықтары мен бостандықтарын айыру немесе шектеу қылмыстық құқықта саза деп аталады. Жазалаудың сазалық элементтері жазаның қорқыту секілді қасиетін сипаттайды. Саза жазаның ауырлығының дәрежесін көрсетеді. Жазалаудың сазалық, күштеулік жақтары неғұрлым интенсивті болса, жаза соғұрлым ауыр болады. Өз кезегінде, тағайындалатын жазаның ауырлығы жасалған қалмыстың сипатына және ауырлық дәрежесіне, қылмыскердің жеке тұлғасына және істің басқа жағдайларына тәуелді болады.
Осылайша, жазаның міндетті қасиеті болып саза табылады, оны жазаның күштеу жағы деп, яғни заңмен көзделген құқықтарынан айыру мен сотталған адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеуді қолдану деп қарастыру қажет. Сонымен бірге, қылмыстық жазаның физикалық қасіреттер қолдану мен адамның қадір-қасиетін төмендету мақсатына ие болмайды.
Жазалау үшін жағымсыз құқықтық және моральдық салдарға әкелетін соттылық секілді қасиет тән болады. Осылайша, егер тұлға жаңа қылмыс жасаса, бірінші қылмыс үшін сотталғандықтың болуы қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын жағдай ретінде бағаланады.
Жазаның оны мемлекеттік күштеуден ерекшелендіретін белгісі деп жазалауда сотпен қылмыскерді және ол жасаған әрекетті тек құқықтық емес, моральдық та жағымсыз бағалау берілетіндігін есептеуге болады. Сол себепті жаза қылмыс жасаған тұлғаға мемлекттің атынан берілген жағымсыз баға болып табылады. Сонымен қатар, жазаны орындау сондай-ақ мемлекеттің күшімен қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексімен реттемеленген жаза түсінігі адам құқықтары мен сотталғандарға қатынас туралы халықаралық-құқықтық актілерге сәйкес келеді. Атап айтсақ, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 29-бабына сәйкес қоғамның әрбір мүшесіне басқалардың құқықтары мен бостандықтарын тиісінше мойындау және құрметтеуді және мораль, қоғамдық тәртіп пен демократиялық қоғамдағы жалпы әл-ауқаттың әділ талаптарын қамтамасыз ету мақсатымен заңмен белгіленген шектеулер ғана қолданылуы тиіс.
Осылайша, қылмыстық жаза дегеніміз – қылмыстық заңмен белгіленген қылмыс жасауда кінәлі тұлғаға сотпен қолданылатын, саза қасиетіне ие және қылмыс жасаған адамға мемлекеттің көзқарасын сипаттайтын мемлекеттік күштеу шарасы.