Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:
Ересек жануарлар мен ұрықтағы қан айналым шеңберлерінің ерекшеліктері.
Қан тамырларының құрылысы.
Қан тамырларының тарамдану заңдылықтары.
Дәрістің қысқаша мазмұны:
1 – сұрақ. Қан айналым жүйесін – жүрек, артериялар, микроайналым арнасының қан тамырлары (артериолалар, капиллярлар, венулалар), веналар және олардың қуысымен үздіксіз ағып, ұдайы қозғалыста болатын сұйық та, тірі ұлпа – қан құрайды.
Қан тамырлары: артериялар – қанды жүректен организм мүшелеріне алып шығатын қан тамырлары, веналар – қанды организм мүшелерінен жүрекке алып келетін қан тамырлары. Артериялар мен веналар қан тасымалдайтын ірі қан тамырлары. Бұлардың қабырғалары арқылы қан мен қоршаған ұлпа арасында зат алмасу процесі жүрмейді. Зат алмасу үдерісі – микроайналым арнасы қан тамырларының қабырғалары арқылы жүреді.
Артериялар – қабырғасының құрылыс сипатына байланысты үш топқа: эластинді, эластинді-етті және етті артериялар болып бөлінеді.
Эластинді артерияларға жүрекпен тікелей байланысқан ірі артериялар (қолқа, өкпе артерия бағаны) жатады. Қабырғасы (қалың және серпімділігі күшті болып келеді) үш қабықтан: интима (эндотелий (негіздік жарғақта орналасады), эндотелийасты қабат – БДҰ, жас жұлдызша жасуша – эндотелиоциттерге камбий қызметін атқарады, макрофаг, аздаған миоциттер), медиа (фенестрлі эластинді жарғақтар, эластинді талшықтар, миоциттер), адвентиция (БДҰ – коллаген талшықтары артерияның ұзын бойымен бойлай орналасады, қан тамырлары, жүйкелер).
Эластинді-етті артериялар – қолқа мен өкпе артерия бағанының жүректен алысырақ жатқан мүшелерге дейінгі ірі тармақтары. Аталмыш артериялар қабырғаларында эластинді талшықтарға байланысты іс жүзіне асатын серпімділік қасиетімен қатар, құрамындағы миоциттердің арқасында жиырылу қасиеті де пайда болады. Медиа қабығын эластинді жарғақтармен араласып сақинаша орналасқан бірыңғай салалы ет ұлпасының миоциттері тең мөлшерде құрайды. Сондықтан, мұндай артерияларды аралас артериялар деп те аталады. Басқа қабықтары мен қабаттарының құрылысы эластинді артерияға ұқсас.
Етті артериялар – организм мүшелеріне артерия қанын әкелетін немесе мүшелер ішіндегі артериялар. Интима – эндотелийден, эндотелийасты қабатынан және ішкі эластинді жарғақтан, медиа – толығымен сақинаша орналасқан миоциттерден (ірі артерияларда сыртқы эластинді жарғақ болуы мүмкін), адвентиция – БДҰ – сынан құралған. Жануарлар организміндегі барлық артериялардың серпімді және жиырылғыш элементтерінің жиынтыған «шеткі жүрек» деп атайды.
Веналардың қабырғалары да үш қабықтан: интимадан, медиадан, адвентициядан тұрады. Веналардың артериялардан айырмашылығы:
1.Қабырғасы жұқа болып келеді;
2.Интимада ішкі эластинді жарғақ болмайды;
3. Интимасында қанның бір бағытта ғана, тек жүрекке қарай ағуын қамтамасыз ететін қақпақшалар (клапандар) болады (қақпақшасыз веналарда қақпақшаларды қызметін арнайы қысқыштар – сфинктерлер атқарады. Бұндай веналар дроссельді веналар деп атайды);
4.Веналардың қуыстары кең болып келеді (организмдегі қан тамырларындағы қанның 15% артериялар қуыстарында, ал 85% - веналар қуыстарында болады).
Медианың құрылысына байланысты веналар: етті веналар және етсіз веналар (сүйек, көкбауырдың перделік, ми қабықтарының, көздің торлы қабығының, бауыр бөлікшелерінің орталық веналары) болып бөлінеді. Етті веналар: медиасы нашар жетілген веналар (жүрек деңгейінен жоғары орналасқан веналар), медиасы орташа жетілген веналар (жүрек деңгейінде жатқан веналар) және медиасы жақсы жетілген веналар (аяқтар веналары) болып үш топқа бөлінеді.
Микроайналым арнасының қан тамырларына қабырғалары тым жұқа, қан мен қоршаған ұлпалар арасындағы зат алмасуды қамтамасыз ететін жіңішке майда қан тамырлары: артериолалар, капилллярлар, венулалар, артериола-венулалық анастомоздар (жалғамалар) жатады.
Артериолалар (арнасы – 50-100 мкм, интима – эндотелий, эндотелийасты қабаты, ішкі эластинді жарғақ; медиа – 1 – 2 қабат миоциттер; адвентиция - БДҰ), И.М. Сеченов артериолаларды «тамырлар жүйесінің шүмегі» деп атаған.
Капиллярлар (орташа арнасы – 4 – 8мкм: тар арналы 4-7 мкм – бұлшық еттерде, жүйкелерде, өкпеде; кең арналы 7-11мкм – теріде, кілегейлі қабықтарда; қойнауша 20-30мкм; Сүйектің қызыл кемігі майында, көкбауырда – 50мкм). Организмдегі барлық капиллярлардың жалпы арнасы қолқа арнасынан 500-800 есе кең. Қабырғасы үш қабаттан (ішкі - эндотелий қабаты, ортаңғы – негіздік жарғақпен қапталған перициттер, сыртқы – БДҰ – адвентициялық жасушалар болады) құралған. Жануарлар организмдерінде капиллярлардың үш түрі кездеседі: 1.Қабырғасы тұтаса жанасып жатқан эндотелийден және негіздік жарғақтан (ең көп тараған); 2.Фенестрлі капиллярлар (бүйрек денешігінің шумақтары, ішек бүрлері, эндокринді бездер); 3.Эндотелиоцитер мен негіздік жарғақта диаметрі әр түрлі тесіктері болатын капиллярлар (көкбауыр т.б.).
Венулалар – құрылысы артериолаларға ұқсас, бірақ арналары кеңдеу келеді. Үш түрі болады: посткапиллярлық венулалар (8-30мкм, құрылысы капиларларға ұқсас), жинағыш венулалар (30-50мкм, медиасында жекеленген миоциттер болады), етті венулалар (50-100мкм, 1-2 қабат миоциттер). Венулалар арқылы қан төменгі қысыммен (10мм сынап бағаны) және тым баяу (1-2 мм/сек.) ағады.
Артериола-венулалық жалғамалар (анастомоздар) – артериолалардың капиллярларға дейінгі байланысы. Жалғамалар барлық мүшелерде кездеседі. Олардың қызмет деңгейіне байланысты қанның ағу мөлшерін реттеп отырады. Жалғамалар – қабырғаларының құрылысы жағынан артериолалар мен венулаларға ұқсас (интима, медиа, адвентиция).
Қан тамырларының тарамдалу заңдылықтары. Іштөлінің дамуы барысында бастапқы кезде біркелкі қан тамырлар торы жетіледі. Мүшелердің қызметіне сәйкес қан тамырларға әр түрлі деңгейде қысым түсіреді. Нәтижесінде арнасы әр түрлі қан тамырлары жетіліп, олар қызметіне байланысты: артерияларға, веналарға және микроайналым арнасының қан тамырларына ажырайды. Жануарлар денесіндегі қан тамырларының орналасу бағыттары мен тарамдалуы белгілі заңдылықтарға бағынады:
1.Қан тамырлары жүйкелермен бірігіп, тамыр-жүйке будаларын түзеді.
2.Қан - дененің жүректен алыс негізгі аумақтарына (бас, тұлға, аяқ т.б.) магистральды қан тамырларымен тасымалданады.
3.Магистральды қан тамырларынан мүшелерге бүйірлік тамырлар тармақтарын бөлінеді.
4.Бүйірлік тамырлар тармақтарының таралуы барлық жануарлар үшін тұрақты болғанымен, олардың таралу реттері жануарлар түрлеріне байланысты ерекшеленеді.
5.Магистральды қан тамырлары мен олардың бүйірлік тамырлар тармақтарының бағыттары мен тарамдалуы - хордалы жануарлар денеқұрылысының жалпы заңдылықтарына (бірбіліктілік, екіжақты симметриялық, метамерия) бағынады.
6.Бүйірлік тамырлар тармақтары бір-бірімен өзара жалғамалар (анастомоздар) арқылы жалғасып, магистральды қан тамырларымен қатарласа орналасатын коллатеральды қан тамырларын құрайды. Магистральды қан тамырлары істен шыққан жағдайда, олардың қызметін коллатеральды қан тамырлары атқарады.
7.Жануарлар организмінде артериялар тарамдалуының төрт түрі ажыратылады: шашыраңқы, магистральды, дихотомиялық және соңғы тарамдалу.
8.Жануарлар организмінде жалғамалардың (анастомоздардың) бірнеше түрлері кездеседі: артерия доғалары, артерия торлары, «ғажап торлар», тамырлар тораптары (өрімдері), артериола-венулалық анастомоздар.
Артерия доғалары – бір мүшеге бағытталған бірнеше артериолаларды өзара біріктіреді (ішек, бақай артериолалары).
Артерия торлары – қан тамырлары соңғы тармақтарының бір-бірімен өзара байланысып торлануы (тізенің дорсальды торы).
«Ғажап торлар» - екі артериялар немесе екі веналар арасындағы капиллярлар торы (бүйрек денешіктеріндегі артериолалар арасындағы артериялық капиллярлар шумағы, бауырдағы веналар арасындағы веналық капиллярлар торы).
Тамырлар тораптары – дененің деңгейі әр түрлі жазықтықтары бойында орналасқан, бір-бірімен жалғамалар арқылы байланысқан қан тамырлары құрайды (ми қан тамырлар торабы).
Артериоло-венулалық анастомоздар (жалғамалар) – артериолалар мен венулалардың капиллярларға дейінгі өзара жалғасы.
Достарыңызбен бөлісу: |