Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:
1. Қаңқа сүйектерінің анатомиялық құрылысы.
2. Сүйектің химиялық құрамы және физикалық қасиеттері.
3. Қаңқа сүйектерінің түрлері және дамуы.
Дәрістің мазмұны:
1-сұрақ. Жануарлар қаңқасы сүйектер жүйесінің мүшесі – сүйек. Сүйектер бір-бірімен заңды түрде байланысып, сүйектер жүйесін құрайды. Орта есеппен жылқы қаңқасында – 214, сиырда – 213 - 219. шошқада - 288, итте – 272, ал алабуғада (балық) – 4386 сүйек болады екен. Аам қаңқасында 266 сүйек болады.
Мүше ретіндегі сүйектің құрылысы. Сүйек – сыртынан дәнекер ұлпалық қабықпен қапталған. Бұл қабықты сүйекқап (лат. Periosteum) – деп аталады. Сүйекқап арқылы сүйекке қан тамырлары мен жүйкелер еніп, оның қоректенуі мен сезімталдығын қамтамасыз етеді. Сүйекқап өз кезегінде екі қабаттан тұрады. Оның сүйекқапқа беріктік қасиет беретін сыртқы талшықты (фиброзды) қабаты талшықты тығыз дәнекер ұлпасынан, ал сүйекпен жанасатын ішкі түзгіш (камбиальды) қабаты – сүйек ұлпасын түзуге маманданған жас жасушаларға (остеобласттарға) бай борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады. Остеобласттар – жас төлдердің сүйектерінің қалыңдап және ұзынынан өсуін, сақа жануарлардың сынған, болмаса жарылған сүйектерінің қалпына келуін қамтамасыз етеді. Сүйектер де басқа мүшелер сияқты бірнеше ұлпалардың бірлестігінен (дәнекер, шеміршек, жүйке, сүйек ұлпалары) құралғанымен, олардың негізін сүйек ұлпасы құрайды. Сүйек екі түрлі заттан: сүйектің қатты затынан (substantia ossea compacta) және кемік затынан (substantia ossea spongiosa) құралған. Сүйекке қаттылық және беріктік қасиеттер беретін сүйектің қатты затын бір-біріне тығыз пареллельді орналасқан сүйек тақташалары құрайды. Сүйектің қатты заты - барлық сүйектерді сыртынан қаптайды және жіліктердің денелерін (диафиздерін) түзеді. Сүйектің кемік заты – жіліктердің бастарының (эпифиздерінің), омыртқалардың және басқа жалпақ сүйектердің ішіндегі кемігін құрайды. Кемік затты құрайтын сүйек тақташалары аралықтарында қалатын тым майда ұяшықтарда организмдегі қантүзілу процесін іс жүзіне асыратын сүйектің қызыл кемігі майы (Medulla ossium rubra), ал жіліктердің қуысында жілік майы (Medulla ossium flava) орналасады. Жіліктер қуыстарының жілік майы жағындағы ішкі беті жұқа дәнекер ұлпалық қабықпен (Endosteum) астарланған. Сүйектердің буындық беттері гиалинді шеміршекпен (Cartilago articularis) қапталған.
2 – сұрақ. Сүйектің химиялық құрамында органикалық және бейорганикалық заттар болады. Жаңадан сойылған мал сүйегінің 28,2 % органикалық зат құрайды. Оның ішінде протеин (оссеин талшықтары) 12,7%, липид – 15,5%. Сүйектің бейорганикалық затының 50% - су, ал қалған 21,8% - минеральдық тұздар. Кептірілген сүйек – оссеиннен және минеральдық тұздардан тұрады. Тұздар: фосфорлы қышқыл кальций – 85 %, көмірқышқыл кальций - 9%, фторлы кальций - 3%.
Сүйектердің физикалық қасиеттері құрамындағы органикалық және минеральдық тұздардың ара қатынасына байланысты. Минеральдық тұздар қаңқа сүйектеріне қаттылық қасиат, ал органикалық зат (коллаген талшықтары) оларға серпімділік және иілгіштік қасиет береді. Бірақ, қаңқа сүйектерінің құрамындағы минеральдық тұздардың мөлшері қалыпты жағдайдағы көрсеткіштен артып кетсе, онда сүйек омырылғыш және сынғыш, ал тұздардың мөлшері азайып, керісінше, сүйектерде органикалық заттың үлесі салыстырмалы көбейіп кетсе, онда қаңқа сүйектері иілгіш болып кетеді. Көктемгі кезде азықтың құрамында кальций және фосфор тұздары аз болса, онда буаз сиырлар сүйектерінің құрамындағы тұздар іштеріндегі төлдердің қаңқа сүйектерінің қалыптасуына жұмсалып, сиырлар сүйектеріндегі тұздардың мөлшері күрт азайып кетеді де, мал сүйектері жұмсарып иілгіш болып, өз денелерін көтере алмайтын көтерем ауруына (остеомаляцияға) шалдығады. Жаңадан туған жас төлдер қаңқа сүйектерінің құрамындағы кальций және фосфор тұздарының қалыпты жағдайдағы мөлшерден аз болуы – төлдер буындарының ісініп, аяқтары майысып денелерін көтере алмайтын мешел ауруының (рахиттің) өрбуіне әкеліп соқтырады. Сонымен, қаңқа сүйектерінің беріктік қасиеті – олардың минеральдық тұздарға байланысты болатын қаттылық қасиеті мен органикалық заттармен байланысты сепімділік қасиеттерінің ара қатынастарына тікелей байланысты. Қалыпты жағдайда жануарлар қаңқа сүйектерінің орташа құрамы: су – 50%, оссеин (коллаген талшықтары) – 12,4%, май – 15,75%, минеральдық тұздар – 21,85%. Қаңқа сүйектерінің химиялық құрамы мен физикалық қасиеттері жануарлардың жасына, жынысына, түріне, сүйектердің қаңқадағы орындарына, организмнің физиологиялық жағдайыны байланысты.
3 – сұрақ. Қаңқа сүйектерінің пішіні мен түрлері, олардың қаңқадағы орналасу орындарына және атқаратын қызметіне тікелей байланысты. Сүйектер пішіндерінің қалыптасып дамуына, оларға сырттан бағытталатын күштер мен бұлшықеттер әсер етеді. Жануарлар қаңқасындағы сүйектер, өздерінің пішініне қарай: ұзын, қысқа, жалпақ, аралас және ауалы сүйектер болып ажыратылады.
Достарыңызбен бөлісу: |