Бірбөлімді қарын – құрсақ қуысында диафрагмадан кейін, сол жаққа ығыса көлденең орналасады. Оның алдыңғы қабырғалық беті (facies parietalis) – бауыр және диафрагмамен, артқы висцеральды беті (facies visceralis) – ішек ілмектерімен жанасыды. Жоғарғы алдыңғы жағында қарынның кіші иіні (curvatura ventriculi minus), ал төменгі артқы жағында қарынның үлкен иіні (curvatura ventriculi majus) болады. Қарынның сол жақ ұшына өңеш тесігі ашылады. Қарынның сол жақ бөлігін кардиальды бөлік (жүрекке - kardia - жақын орналасады), ал оның он екі елі ішек шығатын оң жақ бөлігін қақпақшалық бөлік (қақпақ - pylorus), бұлардың арасындағы қарынның негізгі бөлігін қарын түбі (fundus) немесе қарынның фундальды бөлігі деп атайды. Қарынның қабырғасы да үш қабықтан: кілегейлі, етті және сірлі қабықтардан тұрады. Бірбөлімді безді қарынның кілегейлі қабығы бірқабатты призма тәрізді эпителиймен астарланған. Безді қарынның кілегейлі қабығында қарын сөлін бөлетін бездер болады. Олар орналасу орындарына сәйкес: кардиальды бездер (gl. cardiaca), фундальды бездер (gl. fundalis) және пилорустық бездер (gl. pylorica) болып бөлінеді. Кілегейлі қабықтың безді бөлігі орналасқан бездеріне байланысты үш аймаққа: кардиальды, фундальды және пилорустық аймақтарға бөлінеді. Кілегейлі қабықтың безсіз аймағын көпқабатты жалпақ эпителий астарлайды. Итте бірбөлімді безді қарын, жылқы мен шошқада бірбөлімді аралас қарын. Безді қарынның кілегейлі қабығының ішкі эпителий қабатының астындағы өзіндік тақташада (борпылдақ дәнекер және ретикулалы ұлпалардан тұрады) қарапайым түтікше бездер орналасады. Қарын сөлін бөлетін негізгі бездер – фундальды бездер. Пішіні түтікше келген қарын түбінің бездері кілегейлі қабықтың ішкі бетіндегі қарын шұңқырларына ашылатын без мойнынан, өзіндік тақташа боймен ұзынынан орналасқан без денесінен және кілегейлі қабықтың етті тақташасымен жанасып жатқан без түбінен тұрады. Без мойнының қабырғасында бөлініп көбею арқылы камбиальды қызмет атқаратын және кілегейлі қабықтың ішкі бетін сылап тұратын кілегей бөлетін мукоциттер (сопақ ядролы, цитоплазмасы солғын базофилді боялады), бездің денесі мен түбін пепсиноген ферментін бөлетін негізгі клеткалар (дөңгелек ядролы, цитоплазмасы базофилді боялады) құрайды. Негізгі клеткалардың сыртқы жағында мөлшері үлкендеу келген, дөңгелек ядролы, қышқылдық бояумен қызыл түске боялған париетальды (көмкерме) клеткалар орналасады. Бұлар тұз қышқылын түзуге қажет хлоридтер бөледі.