Бұлшықеттің анатомиялық бөліктері. Бұлшықет (лат. musculus) – үш бөліктен: бұлшықет басы (лат. caput musculi), бұлшықет құрсағы (лат. venter musculi) және бұлшықет құйрығы (лат. cauda musculi) тұрады. Бұлшықеттің сіңірлі басы қозғалмайтын сүйектегі нүктеден (punctum fixum) басталады, бұлшықеттің сіңірлі құйрығы – қозғалатын сүйектегі нүктеде (punctum mobile) аяқталады. Бұлшықет бас мен бұлшықет құйрығы – бұлшықеттің сіңірлі (tendo musculi) ұштары. Бұлшықет құрсағы – бұлшықет талшықтарынан (паренхима) және оларды біріктіріп тұратын дәнекер ұлпалық аралықтардан (строма) құралған. Бұлшықет сіңірлерінің құрылысы да бұлшық ет құрсағына ұқсас, яғни паренхимадан (коллаген талшықтарынан) және стромадан (борпылдақ дәнекер ұлпасынан) тұрады.