Білім беру бағдарламасының 2 курс студенттеріне арналған «Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы мен лексикологиясы»



бет29/34
Дата14.04.2023
өлшемі230,6 Kb.
#174494
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   34
Байланысты:
ПрактикаФонетикаЛексикологияҚТӘ

Бақылау сұрақтары:
1. Фразеологизм дегеніміз не?
2. Түйдектердің сөз табына қатыстылығы қандай?
3. Фразеологизмдердің мағыналық қатынастары қандай?
4. Фразеологизмдер қалай жасалады?
5. Фразеологизмдер мағына тұтастығының деңгейіне қарай қалай бөлінеді?
6. Фразеологиялық тұтастық дегеніміз не? Мысал келтіріңіз.
7. Идиома дегеніміз не?
8. Фразеологиялық бірлік дегеніміз не? Мысал келтіріңіз.
9. Фразеологиялық тізбек дегеніміз не? Мысал келтіріңіз.
Глоссарий:
Фразеологизм – тіркес құрамындағы сөздер әуел бастағы негізгі, тура мағыналарынан айырылып, бәрі жиналып бір ғана ұғымды білдіретін тілдік бірліктер.
Фразеологиялық тұтастық – фразеологизмнің құрамындағы сөздердің бір-бірімен тұтасып, жымдасып кеткен мағыналық жігін ешқандай ажыратуға болмайтын тұрақты тіркестер.
Идиома – өзінің мағынасы жағынан бүтінді құрайтын элементтердің мағыналарымен сәйкеспейтін тілдік единицалардың тіркесі.
Фразеологиялық бірлік – фразеологизмнің құрамындағы сөздердің мағыналарының тасалануы сәл бәсеңдеу.
Фразеологиялық тізбек – еркін тіркесті ауыспалы мағынада қолдану, яғни тұрақты тіркес сыңарларының бастапқы лексикалық мағынасы бүтіндей жойылмағанымен, жойылуға жақындап, күңгірт тарта бастауы.
Тапсырмалар:
1. Фразеологизмдерді тауып, мәнін түсіндіріңіз және қай сөз табына қатысты екенін айтыңыз.
Бірақ сенің жолың да тым оңай болмас. Әркім өз лағын текешік қойғысы келетін, алты бақан ала ауыз елің мынау. Ежелгі салты бойынша, қазақты адам орнына санамайтын, керауыз, керден жағдайларың анау. Түбінде осы екі оттың ортасында шыжықтай шыжғырылатын сен боласың ба деп қорқам. Бұрын мен әкелік айбармен болса да, саған қалқан сияқты едім. Қорыққанын сыйлайтын Керімбайдың баласы деп, сенен де ығып жүретіндей еді. Менің көзім жұмылса, тағдардың талқысына сен қаласың ба, қайдан білейін? Тек бір айтарым: «бай – бір жұттық, батыр – бір оқтық» деген сөз бар. Өзіңді сақта, балам. Осы мәнсабы құрғырға да тым бой ұрып кетпеші (Қ.Жұмаділов).
2. Берілген фразеологизмдерді сөз табына қарай жіктеңіз.
Тонның ішкі бауындай, жер-жебіне жету, ай десе аузы, күн десе көзі, мұртын балта шаппау, сойылын соғу, түймедейді түйедей ету, көлденең көк атты, есік пен төрдей, атой салу.
3. Фразеологизмдерді тауып, мәнін, жасалу жолын түсіндіріңіз.
Жалдың орта тұсында самалдай жарқырап биік жуан-жуан ақ қайыңдар қарағайдай түзу. Сол күйіктен осы күнге дейін қысы-жазы киіз үйде отырып келген Еменалы қыстау салуға бел байлады.
Ішің күйсе – кек байланғаны да. Ол кек Еменалының Еменалы екенін Мүсірептің түбі құл – түрікпен екенін тал-түсте танытса ғана қайтпақ. Әсіресе, қатыны ұл тауып, мәз-мейрам болып жатқанда, жұрт көзінше ойын-күлкілерін күлдей шашып ұшып жіберсең ғана қайтпақ... (Ғ.Мүсірепов).
4. Сөйлем ішінде берілген фразеологизмдердің мазмұнын жоғалтпай, басқа фразеологизмдермен ауыстырыңыз.
Тартынбаса, дос-дұшпанның көзінше сағын сындырды ғой (Т.Әлімқұлов). Мынаны естігенде төртеуінің көзі тас төбелеріне шоршып-шоршып шыққандай болды (Ә.Кекілбаев). Аяқ бассам-ақ болғаны, қаланың бір дәстүріне мұрындығым іліне кетеді. ...Ешқайсысының бүйрегі бүлк ете қойған жоқ (Ғ.Мүсірепов). Зейнеп таң атқанша кірпік айқастырмады (С.Мұқанов). Түнімен дөңбекшіп көз ілген жоқ (Б.Тоғысбаев). Аралбайдың аузына құм құйылды (Ж.Омаров). Жамал жым болды (Ғ.Мұстафин).
5. Фразеологизмдерді тауып, мәнін түсіндіріңіз, фразеологиялық тұтастықтың астын сызыңыз.
Төртуылдың маңдайына біткен екі палуанның екі түрлі жолға түскеніне қайран қалды. Бөкенікі ештеңе емес-ау, кедейлік жігіттің қолын байлады, ауру меңдетті. Тұрмыстың тауқыметінде жүріп, көзін енді ашқан секілді. Ал енді Байсеркенікі не сонда? Ұрлық-барымтамен қайда барам, не бітірім деп жүр екен? Әнеукүні орманда қалғанын айтып, өкінуіне қарағанда, одан жақын арада ұрлықты қоятын кісінің түрі байқалмайды. Жұмыққа жығып бердің деп, анада бұған қырын қарап қалып еді. Содан бері бұл жаққа ат ізін салуды қойды. Ал жаңағы Бөкеге берген уәдесі ертең қазақтың «ұзын құлағы» арқылы дүйім елге жайылатыны сөзсіз. Ендігі сын салмағы өзіне түседі (Қ.Жұмаділов).
6. Көп нүктенің орнына тиісті сөзді қойып, фразеологиялық тұтастықты аяқтаңыз, мәнін түсіндіріңіз.
Мұрнынан ..., мұрнына ... жетпеу, ... түгімен жұту, төбе ... тік тұру, ... жұтқан, ... қабақ болу, ... жаба тоқу, ... суға кету, тонның ішкі ... .
7. Фразеологизмдерді тауып, мағынасын түсіндіріңіз, фразеологизмдердің қай түріне жататын анықтаңыз.
Осы сапарда көп елдің қауырт көшімен қатар жаңағыдай үйіле қонуына себеп болатын тағы бір нәрсе: сыртта алғашқы күндерде қасқыр қатты болды. Елсіз болғандықтан осы өңірде, тау сыртында күшіктеген қасқыр ел келгенше тышқан, суыр аңдумен күн көріп жүрсе, енді мал қаптаған уақытта, түн баласында тыным бермей құйындай соғатын. Көп ауылдар түні бойы қотандарын атпен күзетіп, ауыл-ауылдың шеттеріне лапылдатып жағып отырып, айғай-шумен таңды таңға ұратын. Осының бәрі жайлауға көшу сапарын жайшылықтағы, өзге мезгілдегі өзге тұрмыстың баршасынан басқаша қып жіберді. Күндіз болса барлық жұрт ат үстінде. Еркек атаулы көш бойында қолдарына найза, сойыл, айбалталарын ұстай жүреді. Бұл көрініс те жалпы көшу сапарын жортуыл-жорыққа, шеру мен аттанысқа ұқсатады (М.Әуезов).
8. Берілген фразеологизмдерді түрлеріне қарай жіктеңіз.
Ескі жараның аузын ашты, бота көз, жатқан жыланның құйрығын басты, қоян жүрек, ит байласа тұрғысыз, асқар бел, қарғы бау, тоң мойын, сойдақ тіс, қауға бас, оймақ ауыз, бауырсақ мұрын, кем иек, қабырға ағайын, көк жұлын, жүйке тамыр, аш бүйір, еркек кіндік, салқын қанды, көк бет, қысыр сөз, қасқа жол, көз ұшында, көз жеткісіз, көзін тырнап ашқалы, көзі тірісінде, көз шалым жер, көз барда, көзімдей көр, көзі жоғалды, көзі ілінді, көзі жетті, шақша бас, қарақат көз, ашық ауыз, ала қол, бүйрек бет, қамыт аяқ, құба жон, қалқан құлақ, мұрты шағылмаған, жауырын құрлы көрмеді, саусақпен санарлықтай, кең иықты, ат жақты, иығы босады, алақанның аясындай, бармақ қазы, езуі жиылмайды, тісін басты, қас қарайды, кірпік қаққанша, сақалды басымен, қу тілді, кеңірдектен келді, тұмсығы батпады, еңбегі қатпаған, төбесі тесік, өр көкірек, арқасы бар, бүйірі шықты, мұрынның қанындай, бір қолын екі ете алмады, екі иығынан дем алды, табанын жерге тигізбеді, аузына ақ ит кіріп, қара ит шықты, көзіне көк шыбын үймелетті, көрер таңды көзімен атырды, аяқ-қолын бауырына алды, басы ауырып, балтыры сыздады, жеңген иттің желкесінен алды, көңілі су сепкендей басылды, қой үстінде боз торғай жұмыртқалады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   34




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет