Бақылау сұрақтары:
Жаңашылдық (инновация) дегеніміз не?
Мектепті басқаруда қандай жаңашылдық енгізілген?
Мектептегі инновациялық процестерге мысал келтіріңіз
Тақырып 6. Мектеп басқарудың педагогикалық жүйесі
және нысаны ретінде
Жоспар
«Жүйе» түсінігінің анықтамасы және оның негізгі қасиеттері
Педагогикалық жүйенің құрамдары
Басқару жүйесі
Әдістемелік жүйе
Педагогикалық процесс
Педагогикалық жүйенің жалпы белгілері
Негізгі түсініктер: жүйе, педагогикалық жүйе, әдістемелік жүйе
Жалпы педагогикада жүйе ұғымы әр түрлі мағынада қолданылады, мысалы оқыту немесе тәрбие жүйесі, әдіс-тәсілдер жүйесі және т.б. Оқыту үрдісін жүйе ретінде сипаттау үшін осы жүйенің динамикасын, яғни оның құрамындағы элементтер мен құрылысының функцияларына сай өзгеруін бақылай отырып қана айқындауға болады. Демек, мұнда кез-келген жүйе жайында сөз болып отырғанын ескерген жөн.
Жүйе дегеніміз – жалпы қызмет ету мақсатымен және басқару бірізділігімен біріктірілген, ортамен өзара әрекеттесетін біртұтас құбылыс ретінде болатын нақты қасиеттер негізінде ерекшеленген өзара байланысты элементтер. Сонымен, жүйе ұғымы жеке бөліктерден тұратын және ол әр уақытта тұтастықты белгілейді.
Жүйе (sistem) – біртұтас өзара байланысқан элементтер жиынтығы. (Рикки У.Гриффин. Менеджмент. 12басылым. А., 2018, 754-б)
Жүйе – бұл әрқайсысы тұтастың сипаттамасына өз үлесін қосатын, өзара байланысқан бөліктерден тұратын тұтастық. Жүйедегі бөлiктердi оның элементтері деп атайды. Белгілі бір шамада дербес жұмыс істейтін және жүйедегі басқа да дербес жұмыс істейтін бөлімдермен шамалы ғана байланысы бар жүйедегі элементтер жиынтығын жүйешелер деп атайды. Мәселен, күрделі жүйені құрайтындардың өзі де (мысалы, адам, машина) жүйе болып табылады.
Жүйе элементтерiнiң бiрлiгi олардың арасында байланыстар, яғни нақты әрекеттестiктер, орнатылуы нәтижесiнде туындайды. Олар мынамен сипатталады:
- бағытталуымен (бiрiздi, қиылысатын, тарайтын);
- күшiмен (күштi, әлсiз);
- еркiндiк дәрежесiмен (бағынышты, тең құқылы, парықсыз);
- сипатымен (бiр жақты немесе екi жақты);
- тұрақтылық дәрежесiмен (эпизодтық, тұрақты және т.б.).
Жүйе қандай да бір ішкі байланыстары болмайтын кездейсоқ объектілердің жиынтығы емес, ол бір-бірімен өзара байланысты және өзара әрекеттесетін, сыртқы әсерге жауап қататын тұтас организм секілді. Жүйе бiрқатар белгiлермен сипатталады.
1. Ол жүйешелер рөлiн атқаратын бiршама дербес элементтердің (жекелеген бөлiмдердiң) жинағын бiлдiредi. Элементтердiң қасиетi олардың жүйедегi орнын анықтайды. Элементтердiң екi түрi бар: жұмысшы және қорғағыш. Жұмысшы элементтiң негiзгi қызметi бастапқы факторларды белгiлiктi нәтижелерге түрлендiруден тұрады.
2. Әр жүйеде оның көмегiмен элементтер өзара, сондай-ақ оның өзiмен әрекеттесетiн механизм бар. Соның нәтижесiнде жүйенiң жекелеген элементтерiнiң өзгелерге немесе сыртқы объектiлерге ықпалы пайда болады. Олар, өз кезегiнде, мұндай ықпалды қабылдайды, түрлендiредi және оған сәйкес өзгередi. Мәселен, барынша дамыған элементтер мейлiнше дамығандарға ықпал ете отырып, олардың дамуының жеделдеуiне жәрдемдеседi. Сыртқы ықпал нәтижесiнде элементтер мен байланыстардың мүмкiн болатын түрлену дәрежесi аталмыш жүйенiң күшiн сипаттайды. Әрбiр жүйеде әлдебiр дәрежеде қалған барлықтарының бiрлiгiн қамтамасыз ететiн негiзгi жүйе құрағыш элемент бар. Егер ол жүйенiң табиғатымен анықталса, ол iшкi деп, өзге жағдайда – сыртқы деп аталады. Әлеуметтiк жүйелерде бұл элемент әрi айқын, әрi айқын емес болуы мүмкiн. Жүйе құрағыш элементтiң ықпалы нәтижесiнде өзге элементтерде жалпы жүйелiк қасиеттер, яғни жекелей олардың әрқайсысына және тұтастай жүйеге тән белгiлер, қалыптасады.
3. Әрбiр жүйенiң құрылымы, яғни белгiлiктi құрылысы, элементтер мен олардың арасындағы байланыстардың өзара орналасуы, бөлiктерден құралған тұтасты ұйымдастыру тәсiлi бар. Жүйе құраушы элементтер секiлдi байланыстар да жүйенiң тұтастығын, олардың бiрлiгiн қамтамасыз етедi. Құрылым жүйенiң мақсаттарымен және қызметтерiмен анықталады. Кең тұрғыда құрылым жүйенiң қызметiн реттейтiн ережелер мен ұйғарымдардың жиынтығы болып табылады.
Жүйенiң құрылымын келесi негiздер бойынша жiктеуге болады:
- иерархия деңгейiнiң саны бойынша – бiр деңгейлi және көп деңгейлi;
- иакабағыныштылық қағидасы бойынша – орталықтандырылған және орталықсыздандырылған;
- мақсатты тағайындалуы бойынша;
- атқаратын қызметтерi бойынша – жоспарлау, бақылау, есеп;
- элементтердi жүйешелерге бөлу қағидалары бойынша – функционалдық және объектiлi.
Тұтастай жүйенiң құрылымын сипаттамалардың екi негiзгi тобы суреттейдi:
- иерархиялықпен байланысты – жүйешелер, деңгейлер, байланыстар саны; жүйешелерге бөлiну қағидалары; орталықтандырылу дәрежесi;
- жұмыс iстеу тиiмдiлiгiн суреттейтiн – сенiмдiлiк, өмiршеңдiк, өткiзу қабiлетi, икемдiлiк және т.б.
Элементтер арасындағы байланыс сипаты олардың өзара орналасуына ғана емес, олардың ерекшелiктерiне де байланысты. Құрылым жүйеге тұтастық және iшкi ұйымдасуын бередi, оның аясында элементтердiң әрекеттестiгi белгiлiктi заңдарға бағынады. Егер мұндай ұйымдасу ең аз болса, жүйелер реттелмеген деп аталады, мысалы көшедегi бұқара. Бiрдей құрылымдық жинақ аясындағы элементтер мен байланыстар бiркелкi болмайтындықтан жүйенiң модификациялары болуы мүмкiн. Мысалы, штаттық кестесi бiркелкi екi ұйымның ұжымдары мүлдем өзгеше болады, өйткенi адамдардың өздерi және олардың жеке қарым-қатынастары басқаша болып табылады.
4. Оны сыртқы ортадан бөлетiн жүйенiң шекарасы бар. Олар оған сыртқы импульстардың енуiне мүмкiндiк беретiндей «мөлдiр» және оны өзге әлемнен мүлдем бөлектейтiн «мөлдiр емес» болуы мүмкiн. Қатаң бекітілген шегі бар әрі жүйені қоршаған ортаға тәуелсіз әрекет ететiн жүйе жабық жүйе деп, қоршаған ортамен әрекеттесетiн, өзін-өзі қамтамасыз етпейтiн әрі сырттан келетін энергия, ақпарат пен материалдарға тәуелді жүйе - ашық жүйе деп аталады.
Басшылар ашық жүйемен шұғылданады, себебі барлық ұйымдар ашық социотехникалық жүйе болып табылады. Ұйым сыртқы ортадан ақпарат, капитал, адам ресурстары мен материалдар алады. Бұл компоненттер кіруші деп аталады. Түрлендіру процесінде ұйым осы кiретін компоненттерді өңдеп, оларды өнімге немесе қызмет көрсетуге айналдырады. Бұл өнімдер мен қызметтер ұйымнан сыртқы ортаға шығатын компоненттер болып саналады.
5. Жүйеге эмердженттiлiк, яғни оның элементтерi үшiн тән емес немесе жоқ мүлдем жаңа қасиеттердiң пайда болуы, тән. Сонымен қоса жүйеге бiрiктiрiлген элементтер оларға жүйеден тыс болғанда тән қасиеттерден айрылуы мүмкiн. Сөйтiп, тұтастың қасиеттерi оларға тәуелдi болса да, бөлiмдерiнiң қасиеттерiнiң қосындысына тең емес.
6. Жүйе керi байланысқа ие. Керi байланыс деп бiр-бiрiнiң импульстарына және сыртқы ықпалға тұтастай оның (жекелеген элементтерiнiң) белгiлiктi жауап қатуы ұғынылады.
7. Жүйе бейiмделгiштiкпен, яғни өзгерiп отыратын жағдайларда белгiлiктi сапасын сақтап қалуымен, сипатталады. Бейiмделгiштiк құрылымның қарапайымдылығымен, икемдiлiкпен, ресурстардың молшылығымен қамтамасыз етiледi.
8. Жүйеге белгiлiктi жағдайларда ол оның элементтерiне қарағанда өзiн қарапайым түрде ұстайтындығынан көрiнетiн редуктивтiлiк тән.
9. Уақыт өте жүйе әрi сыртқы ортаның, әрi iшкi процестердiң ықпалымен бұзылуы мүмкiн.
10. Жүйенi басқаруға болады. Ол үшiн келесi тәсiлдер қолданылады:
- даму мен жұмыс iстеудiң берiлген бағытына iлесуiн қамтамасыз ету;
- ауытқуды тудыратын ойда болмаған ықпал жағдайында реттеу және түзету;
- егер мақсаттар мүлдем жеткiлiксiз және оны орындау мүмкiн болатын жаңа жүйенi iздеу қажет болса құрылымдық қайта құру.
Кез-келген білім беру мекемелері әлеуметтік ортаның бір бөлігі бола отырып, өзімен өзгермелі әлеуметтік-педагогикалық жүйені бейнелейді. Білім беру мекемелерін жүйе ретінде қарастырсақ, онда оның белгілі компоненттерден тұратынын байқаймыз. Мұнда компоненттері ретінде мұғалімдер ұжымы, оқушылар, ата-аналар алға шығады.
Педагогикалық құбылыстардың диалектикалық табиғатын, олардың тұтас сипатын көрсете отырып, педагогикалық жүйенің компоненттері оның оңтайлы жұмыс істеуіне қажетті және жеткілікті ретінде ұсынылуы тиіс. Бұл тұрғыда мектеп педагогикалық жүйе ретінде - бұл жүйе құраушы факторлардың жиынтығы, қызмет ету жағдайлары, құрылымдық және функционалдық компоненттер.
Жүйе құраушы факторлар-мақсаттар мен нәтижелер;
Қызмет ету жағдайлары — әлеуметтік-педагогикалық және уақытша жағдайлар;
Құрылымдық компоненттер — басқарушы (педагогикалық ұжым) және басқарылатын (оқушы ұжымы) жүйелер, педагогикалық қызметтің мазмұны, құралдары, нысандары мен әдістері;
Функционалдық компоненттер — педагогикалық талдау, мақсатты болжау және жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау, реттеу және түзету.
Достарыңызбен бөлісу: |