Білім берудегі менеджмент



бет29/60
Дата11.06.2023
өлшемі309,25 Kb.
#178621
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   60
Байланысты:
әдістемелік құрал Менеджмент

Мектепте əдiстемелiк жұмыстарды ұйымдастырудың негiзгi түрлерi
Мектепте əдiстемелiк жұмыстарды ұйымдастырудың түрлерi өзгермелi болып келедi. Олар мынадай негiзгi факторларға байланысты өзгерiп, жаңарып отырады.

  • Бiлiм беру төңiрегiндегi мемелекеттiк саясат, заң актiлерi, құжаттар;

  • Мұғалiмдердiң педагогикалық мəдениетiнiң деңгейi, олардың жеке кəсiптiк өлшемдерi болжамдау процесiнде анықталған əдiстемелiк сауаттылығы.

  • Мектеп ұжымының моральдық-психологиялық ауа-райы, əдiстемелiк жұмыстарды ұйымдастырудағы материалдық-техникалық мүмкiндiгi.

  • Мектептегi педагогикалық тəжiрбиенi оқып үйрену, мұғалiмдердiң инновациялық белсендiлiгi, мектеп басшыларының əдiстемелiк жұмысты кəсiптiк деңгейде iске асыруға дайындығы;

  • мұғалiмдердiң арасындағы, мұғалiмдер мен оқушылар арасындағы нақты жағдай.

Көптеген мектептерде əдiстемелiк жұмыстарды үйлестiретiн əдiстемелiк кеңестер жұмыс iстейдi. Мектептiң педагогикалық кеңесiне қарағанда əдiстемелiк кеңестiң бiр ғана функциясы бар, ол - əрбiр мұғалiмнiң педагогикалық қызметiнiң ғылыми-əдiстемелiк деңгейiн көтеру. Оның жұмысының тиiмдiлiгi ең кемi екi жағдайға тəуелдi: кеңеске кiмнiң жетекшiлiк жасауы жəне мүшелерiнiң құрамының қандай екендiгi. Əдiстемелiк кеңеске бiлiм берудiң əртүрлi оқу пəндерiнен сабақ беретiн барынша тəжiрибелi мұғалiмдер енедi. Олар əртүрлi əдiстемелiк құрылымдардың жетекшiлерi болуы мүмкiн. Көбiне əдiстемелiк кеңеске оқу iсiнiң меңгерушiсi басшылық жасайды.
Мектеп əдiстемелiк кеңесi мұғалiмдердiң кəсiптiк бiлiктiлiгiн арттырудың тактикасын айқындайды. Кеңес бiрлестiкте, комиссияларда қаралатын мəселелердi жоспарландырады. Мектептiң əдiстемелiк жұмыстарының жалпы бағдарламасын, семинар, практикалық материалдардың жоспарын жасайды.
Осылайша, əдiстемелiк кеңес мектептегi əрбiр мұғалiмнiң кəсiптiк-педагогикалық мəдениетiн көтеру жұмысын басқаруда сайланбалы жəне ақылы өкiлдiктi танытады.
Мектептiң əдiстемелiк жұмыстарының өзiн ақтаған мынадай түрлерiн атауға болады: Пəндiк əдiстемелiк бiрлестiктер, мектептегi бiрыңғай əдiстемелiк күн, проблемалық семинарлар мен практикумдар, жас мұғалiм мектебi, озат тəжiрибе мектебi, мұғалiмдермен дербес жұмыс жүргiзу, ашық жəне үлгiлi сабақтар өткiзу, ғылыми-педагогикалық конференциялар, педагогикалық оқу, рөлдiк, iскерлiк жəне ұйымдық-қайраткерлiк ойындар, педагогикалық жағдайды талдау жəне модельдеу, мұғалiмдердiң шығармашылық есебi, педагогикалық консилиум жəне т.б.
Осылардың арасында мұғалiмдердiң пəндiк əдiстемелiк бiрлестiктерi барынша кең тараған. Ол пəндес мұғалiмдермен бастауыш сынып мұғалiмдерiн бiрiктiредi де, ең кемi 4-5 пəн мұғалiмiн топтастырады.
Пəн бiрлестiктерiнiң əдiстемелiк жұмысының мазмұны көп қырлы болып келедi. Онда оқу-тəрбие жұмыстарының жəне оқушылар бiлiмiнiң деңгейiн көтеру, тəжiрибе алмасуды ұйымдастыру, озық педагогикалық тəжiрибенi жəне педагогика ғылымының жетiстiктерiн енгiзу мəселелерi қаралып, жаңа оқулықтар мен оқу бағдарламаларының күрделi тараулары талқыланады. Сонымен бiрге тəжiрибелiк оқу бағдарламалары мен оқу құралдарының нұсқалары, олардың нəтижелерi деп талқыланады. Бiрлестiк мүшелерi бiлiм беретiн жəне қадағалайтын компьютерлiк бағдарламаларды талдап жасайды жəне сынақтан өткiзедi. Оның тиiмдiлiгi мен нəтижесiне баға бередi. Бiрлестiк жұмысының мазмұны оқушылар бiлiмiн тексеретiн тақырыптық, шығармашылық бақылау жұмыстарын қарастыруды да қамтиды.
Əдiстемелiк бiрлестiктiң жұмысы сол пəннiң мұғалiмдерiнiң педагогикалық қызметiн, оқушылардың бiлiм сапасын арнайы жоспармен iске асырылады. Жоспарда жаңа оқу жылының мақсаттары мен мiндеттерi айқындалып, негiзгi ұйымдық-педагогикалық шаралар (кабинеттердi безендiру, дидактикалық материалдарды сыннан өткiзу, бақылау жұмыстарының мəтiнiн бекiту жəне т.б.) қамтылады, ғылыми-əдiстемелiк баяндамалардың тақырыптары, пəн бойынша ашық жəне үлгiлi сабақтар белгiленiп, оқушылардың бiлiм, iскерлiк жəне дағдыларының сапасын тексерудiң мерзiмi мен түрi айқындалады.
Əдiстемелiк жұмыстардың тиiмдi түрлерiнiң бiрi бiрыңғай əдiстемелiк күн (мектептiң барлық педагог қызметкерлерi үшiн оқу тоқсанына бiр рет) екi тоқсан аралығында атқарылған əдiстемелiк жұмыстарды қорытындылауға арналады. Бiрыңғай əдiстемелiк күннiң тақырыбы мұғалiмдерге алдын ала хабарланады. Бiрыңғай əдiстемелiк күннiң қарсаңында арнайы тақырыпқа педагогикалық бюллетень шығарылып, əдiстемелiк талдамалардың, мұғалiмдермен оқушылар шығармашылығын, психологиялық-педагогикалық əдебиеттердiң көрмесi ұйымдастырылады.
Бiрыңғай əдiстемелiк күнi атқарылар жұмыстың мазмұны мыналарды қамтиды: ашық сабақтар мен сыныптан тыс шаралар өткiзу, оларға талдау жасап, кеңiнен талқылау, жаңа əдiстемелiк əдебиеттерге шолу жасау, өткiзiлген шараға баға берiп, талдау жасайтындай бiрыңғай əдiстемелiк күннiң қорытындысы мен ''дөңгелек үстел'', мəжiлiс немесе баспасөз конференциясын өткiзу.
Мұғалiмнiң теориялық жəне практикалық дайындығының бiртұтастығы проблемалық семинарлар мен практикумдар барысында көрiнедi. Олар мұғалiмнiң өз бiлiмiн көтеру əрекетiн ынталандырып, оны педагогикалық инновацияға ұмтылдырады. Проблемалық семинар жұмыстарының мазмұны қазiргi заманғы педагогикалық теорияны қамтиды.
Соңғы жылдары əдiстемелiк жұмыстар жүйесiнде практикалық сабақтардың белсендi түрлерi кеңiнен қолданылуда. Олар: iскерлiк, рөлдiк ойындар, ойын-практикумдар, ұйымдық-əрекеттiк ойындар, түрлi тренингтер. Бұл жұмыс түрлерiнiң даусыз жетiстiгi – орындалған əрекеттiң көп нұсқалылығы, нақты практикаға барынша жақындығы ұжым болып талқылауға қолайлылығы жəне т.б. Əйтседе практикумдарды ұйымдастырушылар мұғалiмдердiң бұндай шараларға қатысуға ықылассыздығы, оларды жүргiзуге əдiстемелiк дайындықтың аздығы сияқты кедергiлерге тап болуда. Бұның бəрiде проблемалық семинарлар мен практикумдарды ұйымдастыруға бiлiктi басшылықтың керектiгiн танытады.
Озат тəжiрбие мектебi негiзiнен дербес жəне ұжымдық тəлiмгерлiктiң мақсаты мен мiндетiн iске асыратын əдiстемелiк жұмыс түрi. Қазақстан мектептерiнде тəлiмгерлiк дəстүрдiң бай тарихы бар болғанымен бiр мектеп қабырғасында ұйымдастырылған озат тəжiрбие мақсатты, толыққанды сипат алады. Бұл мектептiң негiзгi мiндетi - тəжiрибелi мұғалiмнiң, басшының тəжiрибесi өз əрiптесiне əдiстемелiк көмек көрсету. Бұндай мектептi қалыптастыру көбiне ерiктi негiзде басталады.
Озат тəжiрбие мектебi жұмысын бағалау екi жақты тиiмдiлiктi ескеру тиiс. Мектеп басшысы мұғалiмдердiң сабақтарына қатысып, оларға сабақ технологиясы мен əдiстемесi, жоспарластыру мəселелерiмен ақыл-кеңес берiп, бiлiм берудiң теориялық мəселелерiн талқылаумен бiрге мектептiң педагогикалық жүйесiн жетiлдiредi, өзiнiң кəсiптiк позициясының дұрыстығына көз жеткiзедi. Озат тəжiрбие мектебiнiң екiншi тиiмдiлiгi – мұғалiм əрiптестердiң жаңашыл, шебер мұғалiмнiң шығармашылық лабораториясымен тiкелей танысуға мүмкiндiгiнiң болуы деп бiлемiз.
Озат тəжiрбие мектебiнiң құрылымында оның бiр көрiнiсi немесе дербес буыны ретiнде жас мұғалiм мектебiнiң жұмысын ұйымдастыруға болады. Оның мəнi - жұмысты жаңа бастаған жас мұғалiмдер тəжiрибелi мұғалiмнiң немесе мектеп басшысының жетекшiлiгiмен бiрлестiкте бiрiгедi. Оның жұмысы сабақтың жəне сыныптан тыс шараның мақсатын белгiлеудiң техникасы мен əдiстемесi, сынып жетекшiсi жұмысын жоспарлас-тырудың ерекшелiктерi, сынып ұжымының тəрбиелiк деңгейiн анықтау сияқты арнайы жоспармен жүргiзiлдi. Жас мұғалiм мектебiндегi оқуларда сабақтың технология-лық картасын жасау, оқу процесiнде компьютер құралдарын қолдану сияқты практикалық шаралар қарастырылады. Тəжiрибелi педагогтiң жетекшiлiгiмен бiр-бiрiмен араласқан жас мұғалiмдер кəсiптiк дамуын жолға қойып, өзiнiң шығармашылық қасиетiн iске асыруға ұмтылады.
Көптеген мұғалiмдердiң тəжiрибесi көрсетiп отырған-дай, педагогикалық шығармашылық пен белсендi əрекеттiң күрт бəсеңдеуi болашақ мұғалiмдердiң жоғары оқу орнында алған теориялық бiлiмдерден соң мектептегi алғашқы жылдары бiрден таза практикалық қызметпен айналысуынан туындайды. Сондықтан бұл кезеңде арнайы теориялық дайындықты үзбей оны практикада қолдану арқылы тереңдетудiң маңызы зор. Жас мұғалiм мектебi мiне осы маңызды мiндеттi шеше алады.
Мектептерге эксперименттiк жұмыстар ұйымдастыруға кең мүмкiндiк берiп отырған кезеңде проблемалық (инновациялық) топтың əрекетi қызу қолдау табуда. Мұғалiмдердiң мұндай тобы мектеп басшыларының, ғалым-педагогтардың, мұғалiмдермен өзiнiң бастамасымен құрылуы мүмкiн. Бұл топ озат тəжiрибенi өз мектебiнде жəне одан тысқары жерлерге де жинақтап, таратуға күш салады. Егер проблемалық топ өз концепциясын немесе əдiстемелiк жаңалығының талдамасын жасап, практикаға енгiзумен айналысатын болса, онда ол топ ғылыми-зерттеу жұмыстарының негiзгi белгiлерi бар эксперимент-тiк-тəжiрбиелiк əрекет жүргiзедi. Ал ондай жұмыстар зерттеу тақырыбы мен мəселелерiн негiздеу, күткен нəтижелерге болжам жасау, зерттеу əдiстерiн таңдау сияқты маңызды мiндеттердi қамтиды. Проблемалық топтың қызметiне басшылық тарапынан ықылас қойылып, мүдделiк танытылса, ол мектептiң педагогикалық ұжымында жақсы инновациялық атмосфера қалыптастыра алады.
Мектептегi əдiстемелiк жұмыстардың ұжымдық түрлерiнiң бiрi педагогикалық ұжымның таңдаған ғылыми-əдiстемелiк тақырып бойынша қызметi. Бұл жұмыс түрiнiң тарихы терең болғанымен оның жұмысында көптеген шарттылықтар сақталып қалған. Оның негiзгi себептерiнiң бiрi – тақырыпты кездейсоқ таңдаудан туындайды. Бұндай жағдайда зерттеу тақырыбы нақты ұжымның нақты мəселелерiн шешуге арналмаса, онда ол зерттеу тақырыбының өмiрi қысқа жəне соңы сəтсiз аяқталады. Бұндай жағдайда мектеп басшылары алынатын нəтиженi, оған жеткiзетiн мақсаттарды, əдiс-тəсiлдердi анықтап, ұжымды соңынан ерте бiлуi, олардың сол тақырып пен жұмыс iстеуге деген құлшынысын оятып, шығармашылық қасиетiн жұмылдыра бiлуi тиiс. Бұл iсте қажеттiлiгiне қарай ғылыми-педагогикалық күштердi бiрлесiп жұмыс жасауға (кеңес, жетекшiлiк, ынтымақтастық) тартудың маңызы зор.
Ғылыми-əдiстемелiк тақырыппен жұмыс iстеудiң тиiмдiлiгiнiң төмен болуының бiр себебi - педұжымның өз мектебiндегi мəселелердi айқындап, мақсатын белгiлей алмауы, бiрлесе жұмыс iстеудi жолға қоя алмауы. Келесi бiр себеп, педагогтың зерттеу тақырыбы бойынша озат тəжiрибемен теориялық негiздердi, оның үйренуге деген ынтасының болмауы. Осыдан келiп жұмысқа деген ынта жойылады, уақыт, күш босқа жұмсалады. Ұжымдық зерттеу тақырыбы бес жылға жоспарлануы мүмкiн. Бұндай жағдайда əр жылдың мақсаты, мiндетi айқындалып, əр əдiстемелiк буынның (пəндiк-əдiстемелiк бiрлестiк, пəндiк комиисия, проблемалық топ) жұмыс көлемiмен мазмұны белгiленедi, оны iске асырудың, есеп берудiң мерзiмдерi жоспарластырады, əрбiр аралық кезең ғылыми пракатикалық конференция, педагогикалық оқу, жалпы мектептiк семинар, педагогикалық немесе əдiстемелiк кеңес түрiнде жалпы мектептiк есеппен қорытындыланады.
Ғылыми-педагогикалық конференциялар, педагогикалық оқулар, шығармашылық есептер жекелеген мұғалiмдердiң, əдiстемелiк бiрлестiктердiң əдiстемелiк жұмыстарының қорытынды түрi болып табылады. Авторлар хабарлама, баяндамаларында əрiптестерiн зерттеу жұмыстарының нəтижесiмен таныстырады. Ал қатысушы мұғалiмдер, оны өз жұмыстарының нəтижелерiмен салыстырып, ұсынылатын əдiстəсiлдердiң тиiмдiлiгiне көз жеткiзе алады. Мектеп директорының ғылыми iстер бойынша орынбасары қызметi енгiзiлген мектептерде бұл жұмыс барынша қомақты, нəтижелi болып жүргiзiледi. Ғылыми-практикалық конференциялар, педоқулардың қорытындысы салтанатты сипат алып, өзге ұжымдардан шақырылып, зерттеу жəне əдiстемелiк жұмыстарының нəтижелерi бойынша мұғалiмдер марапатталады.
Əдiстемелiк жұмыстардың түрлерiн ұйымдастырудың негiзгi сипатына тоқтала отырып, əдiстемелiк жұмысты ұйымдастырудың түрлерiн ескi не жаңа, күнi өткен не қазiргi заманғы деп бөлуге болмайтынын атап айтуға тура келедi. өйкенi, оның тиiмдiлiгi дербес, топтық жəне ұйымдық қажеттiлiктер мен олардың мүмкiндiктерiне тiкелей байланысты.
Портфолионың негізгі мақсаты – мұғалімнің кәсіби өсуінің мониторингінің, кәсіптік нәтижелерінің, жетістіктерінің талдауын қамту; Портфолио мұғалімнің өз қызметіндегі әр түрлі – оқыту, тәрбиелеу, шығармашылық, өз білімін көтерудегі нәтижелерін жинауына көмек береді. Портфолио педагогтың сол білім мекемесінде жұмыс атқарған уақытындағы директордың орынбасарларының қатысуымен және өз күшімен жасақталады. Мұғалім өз портфолиосын ұжым алдында таныстыруына болады, бұл бір жағынан кәсіптік қызметінің қорытындысымен бөлісу болса, әрі жас мамандар үшін үлгі бола алады.
Мұғалім портфолиосы файлдары бар арнайы папкада жасақталады. Портфолиоға салынған әр материалда күннің жады, яғни (уақыт) көрсетіліп отыруы тиіс. Портфолио құрамы әдістемелік бірлестік жетекшісінің немесе мұғалімнің өзінің алдына қойған міндеттері негізінде жасалады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   60




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет