Ғылыми менеджмент – жеке жұмысшылардың өнімділігін арттыруды көздейтін бағыт. 1900 жылдары өнімділік мәселесі бизнестегі күрделі мәселе болды. Бизнес кеңейді, капитал жеткілікті болғанымен еңбек ұсынысы аз болды. Нәтижесінде, менеджерлер еңбекті тиімді пайдалану жолдарын іздестіре бастады. Мұндай қажеттілікке жауап ретінде эксперттер әр жұмысшының жеке өнімділігін арттыру керек деп шешті. Осы шаралар ғылыми менеджмент бағытын қалыптастырды. Ең алғаш ғылыми менеджмент бағытын пайдаланғандар Фредерик Тейлор, Франк Гилберт, Лилиан Гилберт, Генри Гант, Харингтон Эмерсон болды. Осылардың арасында Тейлордың рөлі басым болды. Оның еңбек жолы Филадельфиядағы Midvale Steel компаниясында прораб қызметін атқарудан басталған. Осы жұмыста жүргенде ол өзі soldiering деп атаған құбылысты – адамдар өз мүмкіндігіне қарағанда едәуір баяу қозғалатынын байқаған. Soldiering – жұмысшылардың саналы түрде баяу қарқынмен жұмыс істеуі.
Тейлор компаниядағы болат қорытатын жұмысшылардың жұмыс уақытын, атқаратын қызметін бақылаған. Ол әр жұмысшы өнімді жұмыс істеуі керек және жалпы тапсырманы орындауда әрбір жұмысшыға тиімді тәсіл ретінде кесімді жалақы жүйесін енгізді. Барлық жұмысшыға бірдей жалақы төлеудің орнына, ол өнім өндіру жоспарын орындаған әр жұмысшыға жеке төлем белгіледі. «Жұмысшылардың барлығы дерлік жұмысты бұдан да баяу істеу амалы туралы ойлануға көп уақыт жұмсайды, сөйте тұра басшысын жақсы ырғақпен келе жатырмын деп сендіруге тырысады. Олай істемейтін білікті жұмысшы табыла қоюы қиын», – дейді Ф. Тейлор.
Ғылыми менеджмент жаппай өнім өндіруде конвейерлік технологияны дамытуда үлкен рөл атқарды. Жұмысты бөліктерге бөлу, содан кейін оның орындалуын бақылау арқылы өнімділік жылдам артты. Бүгінде көптеген автомобиль, мотоцикл және басқа көлік құралдары конвейерлік әдіспен өндіріледі.
Ғылыми менеджмент жеке қызметкерлердің жұмысымен айналысса, әкімшілік менеджмент жалпы ұйымды басқаруға бағытталған. Әкімшілік менеджментті дамытуға негізінен үлес қосқандар Анри Файоль, Линдэлл Урвик, Макс Вебер және Честер Барнард болды. Әкімшілік менеджмент тұтас ұйымды басқаруға бағытталады.
Анри Файоль әкімшілік менеджменттің ең көрнекті өкілі болды. Француз индустриалисті Файольдың «Жалпы және индустриялық менеджмент» атты әйгілі еңбегі 1930 жылы ағылшын тіліне аударылғанға дейін АҚШ менеджерлері мен ғалымдары оны танымайтын еді. Өзінің басқарушылық тәжірибесіне сүйене отырып, ол өзге менеджерлерге басшылық пен бағыт беру үшін басқару тәжірибесін жүйелеуге тырысты. Сондай-ақ Файоль жоспарлау, ұйымдастыру, жетекшілік ету және бақылау сияқты басқару функцияларын алғаш анықтады.
Файольдің тұжырымы бойынша өндірістік менеджменттің бірінші функциясы жоспарлау болып табылады. Жоспарлау – бұл басқару процесінің бір кезеңі. Бұл кезеңдегі іс-қызметтің мақсаты, оған қажетті қаражат, басқа да заттар сонымен бірге нақты жағдайдағы ең тиімді әдіс-тәсілдері жасалынады. Әрбір басқарушы немесе өндірісті ұйымдастырушы өз кәсіпорнын құрмас бұрын мақсат қояды, стратегия, қажетті жоспарлар мен бағдарламалар құрады, яғни кәсіпорынның қандай деңгейде тұрғанын анықтап алады және қандай іс-қимыл жасайтынын ойластырады.
Келесі функция ұйымдастыру – бұл ұйымның құрылымын қалыптастыру кезеңі, сонымен бірге оның бірқалыпты тиімді жұмыс жасауына барлық қажеттіліктермен, яғни ресурстармен қамтамасыз ету, алдын ала құрылған жоспарларды жүзеге асыру, ұйымдастырушының міндетіне кәсіпорынды құру, оның құрылымын жасау, басқару жүйесін жасау, керекті ісқағаздармен жұмыс істеу, ұйымдастыру процесімен айналысу жатады.
Менеджменттің үшінші маңызды функциясы үйлестіру – бұл басқару процесінің ортаңғы, яғни негізгі қызметі. Ол осы процестің үздіксіз, үзіліссіз жұмыс жасауын қамтамасыз етеді. Кәсіпорын білікті мамандар арқылы жұмыс жасайды, олардың жұмыстарын дұрыс бағыттай білу керек, сондықтан да бағыттау функциясы өте қажет.
Төртінші маңызды функция мотивация – бұл іс-әрекет, қызмет, оның мақсаты ұжым мүшелерінің жұмысын жандандыру, оларды тиімді еңбекке, мақсатқа жетуге деген ынта тудыру. Кәсіпорынның қызметі қарқынды жүру үшін, оның жоғарғы сапалы жұмысшылары мен білікті мамандарының қызметіне тәуелді. Сондықтан да жұмысшылардың сапалы жұмыс істеу үшін оларға тиімді жұмыс жағдайын орнату қажет. Ол үшін жұмысшылардың нені қажет ететінін біліп алып және де оған оңтайлы ұсыныстар жасалынады. Мотивацияның бір түрі жазалау, ол жұмысшы өз қызметін дұрыс орындамаған жағдайда қолданылады және бесінші басқару функциясы бақылау – бұл басқару қызметі, оның негізгі мақсаты жұмыс, еңбек нәтижесін сапа, сан жағынан бағалау және олардың есебін жүргізу. Менеджменттің классикалық функцияларының бірі – бақылау. Бақылау функциясы төніп келе жатқан қауіпқатермен, қателіктерді дер кезінде табумен, стандарттан ауытқуларды зерттеумен айналысады. Бұл функция кәсіпорынның жұмысына нұқсан келтіргендерді тауып, ол не себептен болғанын анықтайды.
Менеджмент қызметтерінің жүйесі – басқару субъектісінің объектіге мақсатты ықпалы нәтижесінде іске асырылатын өзара және кеңістікте байланысқан іс-қимылдар кешені. Ол бұл функциялар басқару процесінің өзегін дәл көрсететініне сенді. Менеджмент жөніндегі қазіргі заманғы көптеген кітаптар (соның ішінде осы кітап та бар) әлі де осы негізді пайдаланады, ал тәжірибелі менеджерлер бұл функциялар өз жұмысының маңызды бөлігі екенін растайды.
А.Файольдің ойлары классикалық менеджмент теориясын ілгері жылжытты және оған толығымен сай болды. Іскерлік тәжірибе тұрғысынан А. Файольдің қағидалары белгілі жағдайларда тамаша қызмет етеді: нақты міндеттің болуы, өнімге немесе қызметке деген болжамды сұраныс, дайындалатын өнімге енгізілетін мерзімдік аз ғана құрылымдық өзгерістер және жетекшілері жоспарлағандай әрекет ететін жұмысшылар. Аталған көзқарастың тиімділігінің ең қарапайым мысалы – McDonalďs ресторан желілерінің табыстылығы, олар бүкіл әлемде жылдам тамақтану саласында үлкен беделге ие. Осындай көзқарасты үлкен табыстылықпен көптеген ұйымдар қолданды, әсіресе оны стандартты және күнделікті қызмет көрсетумен айналысатын және бизнестері географиялық алыс орналасқан аймақтарда сауда орындарының көп көлемде қызмет етуін қарастыратын ұйымдар, мысалы банктер, қонақ үйлер желілері, персоналды жұмысқа алу және қозғалмайтын мүлік бойынша агенттіктер жиі қолданады.
Бүгінгі классикалық менеджмент көзқарасы
Классикалық көзқарас кейінгі кейбір теориялардың дамуына негіз болған, ал оның көптеген түсініктері бүгінгі күні де шындыққа сәйкес келеді. Мысалы, Тейлор мен оның замандастары қолданған көптеген жұмысты мамандандыру тәсілдері мен ғылыми әдістері әлі күнге дейін көптеген өнеркәсіптік жұмыс орындарының әзірленуінен көрінеді. Бұған қоса қазіргі заманғы көптеген ұйымдар әлі күнге дейін Вебер ұсынған бюрократиялық рәсімдерді пайдаланады.
Классикалық көзқарастың кемшіліктерін де ескеру қажет. Алғашқы зерттеушілер тұрақты, қарапайым ұйымдармен жұмыс істеді: қазіргі заманғы көптеген ұйымдар, керісінше, өзгеріп, күрделеніп келеді. Cондай-ақ олар әмбебап нұсқаулықтар ұсынды, олардың барлық ұйымдарға сәйкес келе бермейтіні түсінікті. Классикалық менеджмент көзқарасының үшінші кемшілігі – ұйымдағы жеке тұлғаның рөлін азайту. Бұл рөлді менеджменттегі мінез-құлық көзқарасын қолдаушылар толық дамытты.
Сонымен менеджментке келесі анықтамаларды беруге болады:
Менеджмент ынтымақтаса қызмет атқаратын адамдар тобы өздерінің күш-жігерін ортақ мақсаттарға жетуге бағыттайтын процесс ретінде;
Менеджмент қарым-қатынас тәсілі, сонымен қатар, әкімшілік қарым-қатынас дағдылары ретінде;
Менеджмент айрықша басқару түрі ретінде;
Менеджмент – қажетті нәтижеге немесе алға қойылған мақсаттарға басқа адамдардың күш-жігері арқылы қол жеткізу өнері немесе әдіс-тәсілдердің, қағидаттардың және басқару нысандарының жиынтығы, яғни басқару өнері.
Менеджмент – ұйымдық мақсаттарға тиімді түрде қол жеткізу үшін, ұйымның ресурстарына (адам, қаржы, материалдық және ақпараттық) негізделген әрекеттер (жоспарлау және шешім қабылдау, ұйымдастыру, жетекшілік ету және бақылауды қоса алғанда) жиынтығы (Рикки У.Гриффин. Менеджмент. 12 басылым. А., 2018, 29-б).