Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы


Білім беру процесін ұйымдастыру жағдайларына қойылатын талаптар



бет4/19
Дата25.12.2016
өлшемі3,08 Mb.
#5019
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

5. Білім беру процесін ұйымдастыру жағдайларына қойылатын талаптар

      55. Жалпы орта білім беретін ұйымдарды қаржылық қамтамасыз ету:



      1) жалпыға қолжетімді кепілді ақысыз орта білім беру үшін;



      2) жалпы орта білім беретін ұйымдарда қажетті материалдық-техникалық база құру үшін;



      3) білім алушылардың өмірінің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге жағдай жасау үшін жеткілікті болуы тиіс.



      56. Білім алушылардың денсаулығын нығайту және олардың қозғалыс белсенділігін жетілдіру мақсатында сыныптан тыс жұмыс нысанындағы спорт секцияларының сабақтарын ұйымдастыруды жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді.



      57. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында қызмет ететін қызметкерлерге еңбекақы «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабында белгіленген тәртіп бойынша төленеді.



      58. Денсаулығына байланысты ұзақ уақыт бойы жалпы орта білім беретін ұйымда оқи алмайтын оқушылар үшін үйінде немесе емделу орындарында ақысыз жеке оқыту қамтамасыз етіледі.



      59. Даму мүмкіндігі шектеулі білім алушылардың білім алуы, даму бұзушылықтарының түзетілуі және әлеуметтік бейімделуі үшін жағдай жасалады.



      60. Жалпы орта білім беретін ұйымдар санитарлық-гигиеналық ережелер мен нормаларға сай келетін материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілуі тиіс.



      61. Жалпы орта білім беретін ұйымдардың материалдық-техникалық базасына:



      1) сабақ өткізуге, сыныптан тыс іс-шараларға, демалуға, тамақтануға, медициналық қызмет көрсетуге, спортпен шұғылдануға, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастыруға және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға қауіпсіз және жайлы жағдайды қамтамасыз ететін және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келетін тиісті инфрақұрылымы бар ғимарат;



      2) заманауи құралдармен жабдықталған (байланыс және коммуникация құралдары, желілік өзара байланыс, кеңжолақты интернет, мультимедиялық кабинеттер, интерактивті тақта, аудио-бейне техникалар, цехтар, шеберханалар) оқыту пән кабинеттері;



      3) оқу бөлмелеріндегі қажетті жарық және жылу жабдықтары, киім шешетін орындар, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай жасалған тазалық бөлмелері;



      4) мүмкіндіктері шектеулі білім алушылар үшін ғимарат ішінде арнайы жасақталған жағдайлар;



      5) мектеп-интернат жағдайында білім алушылардың тұруы, тамақтануы және демалуы үшін салынған ғимарат, мектеп жанындағы телім енеді.



      62. Жергілікті атқарушы органдар және жалпы білім беретін ұйымдар білім алушылардың өмір қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау үшін:



      1) салауатты өмір салтын насихаттау;



      2) әлеуметтік және психологиялық қызметті күшейту;



      3) ғимаратты күзетуді қамтамасыз ету;



      4) жергілікті тұрғындар мен ата-аналар қауымдастығы арасында тығыз байланыс орнату;



      5) білім алушылардың бейресми ортасын зерделеу;



      6) алдын алу іс-шараларын (әлеуметтік сұрақ-жауап, психологиялық қолдау, құқық қорғау және медицина мекемелері қызметкерлерімен кездесулер) өткізу;



      7) профилактикалық медициналық тексеруді уақытылы ұйымдастыру;



      8) техника қауіпсіздігін, өрттің алдын алу ережелерін сақтау;



      9) үй-жайларындағы жарық пен әуелік жылу режимін сақтау;



      10) компьютерлік техникамен жұмыс істеу тәртібін сақтау;



      11) жолда жүру қауіпсіздігі ережелерін сақтауды насихаттау;



      12) балаларды тасымалдауда техника қауіпсіздігін сақтау жолдары арқылы жағдай жасайды.



      63. Жалпы орта білім беретін, оның ішінде жеке меншік ұйымдарда білім беру процесі ҮОЖ негізінде дайындалатын оқу жұмыс жоспары аясында жүзеге асырылады және білім саласындағы жергілікті атқарушы органдармен келісіліп, жалпы орта білім беретін ұйымдардың өзінде бекітіледі.



      64. Жалпы орта білім беретін республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттардың білім беру процесі ҮОЖ негізінде дайындалатын оқу жұмыс жоспары шеңберінде жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасының білім саласындағы уәкілетті органымен бекітіледі.



      РҚАО-ның ескертпесі!



      65-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 292 (01.09.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      65. Сыныпты екі топқа бөлу қалалық жалпы орта білім беретін ұйымдарда сыныптарда білім алушылар 24-ке немесе одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар 20-ға немесе одан артық, шағын жинақты мектептерде кемінде 10-ға толған жағдайда:


      1) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін 2-11-сыныптарда қазақ тілі бойынша;



      2) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін 5-11-сыныптарда қазақ әдебиеті бойынша;



      3) оқыту қазақ, ұйғыр, тәжік және өзбек тілдерінде жүргізілетін 3-11-сыныптарда орыс тілі бойынша;



      4) 2-11-сыныптарда шетел тілі бойынша;



      5) 5-11-сыныптарда информатика бойынша;



      6) бейінді пәндер бойынша;



      7) 5-11-сыныптарда технология бойынша (сынып толымдылығына қарамастан ұлдар мен қыздар топтары);



      8) 5-11-сыныптарда дене шынықтыру бойынша сабақтарды жүргізу кезінде жүзеге асырылады.



      
Ескерту. 65-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 327 (01.09.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      66. Сыныпта мүмкіндігі шектеулі балалар болған жағдайда сыныпты топтарға бөлу осындай әр балаға барлық оқушының санын үшке кеміту есебінен жүзеге асырылады.



      67. Үлгілік оқу жоспарының оқушы компонентіндегі оқу жүктемесі көлемінде қоғамдық пайдалы еңбекті ұйымдастыру, еңбек тәжірибесін өткізу қамқоршылық кеңестің немесе ата-аналар комитетінің қатысуымен жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы



Үкіметінің      


2012 жылғы 23 тамыздағы


№ 1080 қаулысымен   


бекітілген      

Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты

      Ескерту. Қаулы қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 327 (01.09.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – Стандарт) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 56-бабына сәйкес әзірленді және білім алушылардың дайындық деңгейіне, бастауыш білім беру мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне қойылатын талаптарды айқындайды.



      2. Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан білім беру қызметін:



      1) осы Стандартқа;



      2) оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарларына;



      3) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органы белгіленген тәртіппен бекіткен басқа да нормативтік құқықтық және құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.



      3. Стандартты қолдану:



      1) оқытудың күтілетін нәтижелері түрінде көрсетілген бастауыш білім берудің мақсаттары жүйесіне қол жеткізу есебінен оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыруға;



      2) мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде білім беру процесін ұйымдастыру үшін қажетті жағдайлар жасау арқылы үштілді білім беру саясатын іске асыруға;



      3) қолданбалы сипаттағы міндеттерді шешу үшін білім алушылардың теориялық білім негіздерін меңгеруі мен алған білімдерін қолдана білуін дамытуды көздейтін бастауыш білім берудің академиялық және практикалық бағыттылығының үйлесімділігіне;



      4) білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу пәндері мазмұнының тереңдігі мен күрделілігін қамтамасыз ететін пәндік білім мен дағдыларды кезең-кезеңмен толықтырып отыруға;



      5) күнделікті білім беру процесінің мазмұндық негізін айқындайтын білім берудің құндылықтары мен оқытудан күтілетін нәтижелер жүйесінің өзара байланыстылығы мен өзара шарттылығына негізделген оқыту мен тәрбиелеудің бірлігі қағидатын іске асыруға;



      6) балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ білім алушылардың ерекше білімге деген қажеттіліктері мен қосымша білім беру қызметтерін алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға қолайлы жағдайлар жасауға;



      7) орта білім беру ұйымдарының типтері мен түрлерінің әртүрлілігі жағдайында бастауыш білім берудің баламалылығын қамтамасыз етуге;



      8) білім беру ұйымдарындағы инновациялық практиканы қолдау мен дамытуға;



      9) білім сапасын қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымдарының қызметін объективті бағалауды ұйымдастыруға бағытталған.



      4. Стандарт:



      1) білім беру ұйымдарының әртүрлі типтері мен түрлері үшін бастауыш білім берудің үлгілік оқу жоспарын;



      2) бастауыш білім берудің пәндері бойынша оқу бағдарламаларын;



      3) пәндер бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді;



      4) пәндер бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау критерийлерін;



      5) білім беру ұйымдарында оқыту мен тәрбиелеуден күтілетін нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін басқару жүйесін;



      6) білім беру ұйымдарының білім беру процесін мониторингтеу жүйесін;



      7) білім беру ұйымдарының білім беру процесін материалдық-техникалық, ақпараттық қамтамасыз етуге қойылатын бірыңғай талаптарды;



      8) білім сапасын қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымдарының қызметін бағалау параметрлерін әзірлеу үшін негіз болып табылады.



      5. Білім беру ұйымдары тәрбиелеудің, оқыту мен дамытудың әртүрлі әдістерін, нысандарын және педагогикалық технологияларын қолдану арқылы білім алушылардың Стандартта айқындалған оқытудан күтілетін нәтижелерге қол жеткізуі үшін денсаулық сақтайтын ортаны қамтамасыз етеді.



      6. Стандартта Заңға сәйкес терминдер мен анықтамалар қолданылады. Оларға қосымша мынадай терминдер мен олардың анықтамалары енгізілді:



      1) бастауыш білім берудің базалық мазмұны – типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан білім беру ұйымдарында оқып білуге міндетті бастауыш білім беру мазмұнының құрамы, құрылымы мен көлемі;



      2) оқу жүктемесінің вариативтік компоненті – білім алушылардың білімге деген қажеттіліктеріне сәйкес білім беру ұйымы айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құраушы компоненті;



      3) сабақтан тыс іс-әрекет – білім беру ұйымындағы біртұтас оқу-тәрбие процесінің құраушы бөлігі, үлгілік оқу жоспарында айқындалған оқу жүктемесінен тыс іске асырылатын білім алушылардың бос уақытын ұйымдастыру нысандарының бірі;



      4) сыртқы жиынтық бағалау – негізгі орта және жалпы орта білім беру аяқталғаннан кейін меңгерген білім мен қалыптасқан дағдылар деңгейін айқындау;



      5) ішкі жиынтық бағалау – оқу тоқсанының соңында оқу бағдарламасының бөлімдерін оқып аяқтағаннан кейін білім алушылардың меңгерген білімі мен қалыптасқан дағдылары деңгейін айқындайтын бағалау;



      6) білім беру саласы – мәндес оқу пәндерінің жиынтығын қамтитын бастауыш білім берудің базалық мазмұнының құраушы бөлігі;



      7) ерекше білім беру қажеттіліктері (мұқтаждықтар) – дене бітімінде және ақыл-есінде кемістігі бар балаларды қоса алғанда, білім алуда қандай да бір себептермен тұрақты немесе уақытша қиындықтарға тап болатын балалардың қажеттіліктері;



      8) оқу жүктемесінің инвариантты компоненті – білім беру ұйымдарында типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан барлық білім алушылардың оқып білу үшін міндетті оқу пәндерін айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құраушы компоненті;



      9) инклюзивті білім беру – білім беру бағдарламаларына сәйкес басқа да санаттардағы білім алушылардың тең қолжетімділігін көздейтін даму мүмкіндіктері шектеулі адамдарды бірге оқыту мен тәрбиелеу, арнайы жағдайларды қамтамасыз ету арқылы түзету-педагогикалық және әлеуметтік қолдау;



      10) бағалау критерийлері – мұғалім мен оқушыға формативті бағалау кезінде оқытудың мақсатына қол жеткізгенін тануға мүмкіндік беретін тұжырым (табыс критерийі) және ішкі жиынтық бағалау кезінде білім алушының жұмысты қаншалықты орындағанын бағалауға мүмкіндік беретін тұжырымдар (балдарды қою критерийлері);



      11) білім беру процесін мониторингтеу – білім беру ұйымдарында білім беру процесін жүзеге асырудың нәтижелері мен жағдайларындағы өзгерістердің динамикасын жүйелі бақылау, диагностикалау, талдау, бағалау және жай-күйін болжау;



      12) үлгілік оқу жоспары – оқу пәндерінің (сабақ) тізбесін регламенттейтін және тиісті білім беру деңгейінің оқу жүктемесінің инварианттық және вариативтік компоненттерінің көлемін айқындайтын құжат;



      13) формативті бағалау – сабақта және/немесе үйдегі күнделікті жұмыс барысында білім алушылардың меңгерген білімдері мен қалыптасқан дағдыларының ағымдағы деңгейін айқындайтын және ол оқыту барысында білім алушылар мен мұғалім арасындағы жедел өзара байланысты жүзеге асыратын, білім алушыларға жаңа материалды меңгеру кезеңінде тапсырманы қаншалықты дұрыс орындағанын және оқыту мақсаттарына қол жеткізгенін түсінуге мүмкіндік беретін бағалау.



      7. «Білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар» деген бөлімде бастауыш білім берудің белгілі бір білім беру саласына енетін пәндер бойынша ұзақ мерзімді сипаттағы мақсаттар жүйесі түріндегі оқытудан күтілетін нәтижелер көрсетілген.



      8. «Бастауыш білім беру мазмұнына қойылатын талаптар» деген бөлімде типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан білім беру ұйымдарында оқып білуге міндетті бастауыш білім беру мазмұнының құрамы, құрылымы мен көлемі көрсетілген.



      9. «Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар» деген бөлімде апталық оқу жүктемесі, оқу жылының ұзақтығы, бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру мерзімі, топтарға бөлу үшін сыныптардың толымдылығы көрсетілген.



      10. Стандарт кезеңмен-кезеңмен:



      1) 2016 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1-сыныптарда;



      2)



      РҚАО-ның ескертпесі!

      2) тармақша 01.09.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 327 қаулысымен.

      3)



      РҚАО-ның ескертпесі!

      3) тармақша 01.09.2018 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 327 қаулысымен.

      4)



      РҚАО-ның ескертпесі!

      4) тармақша 01.09.2019 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 327 қаулысымен.

2. Білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

      11. Білім алушылардың дайындық деңгейі «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Жаратылыстану», «Адам және қоғам», «Технология және өнер», «Дене шынықтыру» сияқты бірнеше мәндес оқу пәндерін біріктіретін әрбір білім саласының ерекшеліктері ескеріле отырып жобаланған оқытудан күтілетін нәтижелер арқылы айқындалады.

      12. «Тіл және әдебиет» білім беру саласының мазмұны:



      1) қазақ тілінде оқытатын сыныптарда «Сауат ашу», «Әдебиеттік оқу», «Қазақ тілі» пәндері, орыс тілінде оқытатын сыныптарда «Русский язык», оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда «Қазақ тілі», оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптарда «Орыс тілі», «Ағылшын тілі» оқу пәндерінде іске асырылады;



      2) Қазақстан аумағында жинақы тұратын этностардың тілінде оқытатын білім беру ұйымдарында «Тіл және әдебиет» білім беру саласына осы этностың «Ана тілі мен әдебиеті» қосымша енеді. Ұйғыр, өзбек, тәжік тілдерінде оқытатын білім беру ұйымдарына арналған «Ана тілі» оқу пәні үлгілік оқу жоспарының инвариантты компонентіне енеді.



      13. «Тіл және әдебиет» білім беру саласы бойынша бастауыш білім беру аяқталғанда күтілетін нәтижелер.



      Бірінші тіл (оқыту тілі), әдебиет


      1) тыңдалым және айтылым:



      білім алушы әңгімелесудің, оқылған немесе тыңдалған мәтіннің негізгі мазмұнын түсінеді және жеткізе алады; сөйлеушінің көзқарасын жеткізу жолдарын айқындайды, қорытындылар жасайды; пікірталастың тақырыбын түсінеді және әдеби тіл нормасын сақтай отырып, оны талқылауға қатысады; сөйлеу барысында синонимдерді, антонимдерді, омонимдерді, тура және ауыспалы мағыналы сөздерді саналы түрде қолданады; мәнерліліктің эмоциялық-реңкті құралдарын қолдана отырып, әңгімелеу және сипаттау мәтіндерінің мазмұнын баяндаудың түрлі тәсілдерін пайдаланады; көркем шығармалардың мазмұнын баяндаудың түрлі тәсілдерін қолданады, тыңдағандарына және оқығандарына қатысты пайымдайды, өз ойымен және эмоциясымен бөліседі; логикалық дәйектілікті сақтай отырып, өз көзқарасын дәлелдейді, берілген тақырып пен коммуникативтік берілген нұсқауға сәйкес өзара байланысқан, логикалық тұрғыдан дәйектелген дербес пікір білдіреді; тілдік қатынастың әртүрлі тәсілдерін қолдана отырып, диалогқа қатысады; оқылған, тыңдалған ақпараттың негізінде қазақ халқының және өзге де халықтардың рухани-адамгершілік құндылықтары туралы түсінікті талдайды;


      2) оқылым:



      білім алушы халық ауыз әдебиеті мен балалар әдебиеті туындыларын оқиды және кейіпкерлердің мінез-құлықтарын талдайды және іс-әрекеттеріне баға береді; көркем мәтіндерді көркем емес мәтіндерден ажыратады; көркем шығармалардың негізгі идеялары мен композициясын айқындайды; көркем туындының жанрын айқындайды; өзінің жауабына/таңдауына негіздеме береді; автордың бейнені сомдау үшін қолданған әдеби көркемдеуіш құралдарын айқындайды; жазушының өз кейіпкерлеріне қатынасы туралы қорытынды жасайды; белгілі бір оқу түрлері мен стратегияларын қолдана отырып оқиды; мәтін түрлерін (сипаттау, әңгімелеу, пайымдау) айқындайды; әңгімелерді/өлеңдерді мәнерлеп оқиды; өлеңді мәнерлеп жатқа оқиды; көркем әдебиет туындыларында адамзаттың ортақ құндылықтарын айқындайды;


      3) жазылым:



      білім алушы тиісті сөздерді негізді түрде іріктей отырып, әртүрлі типте, жанр мен стильде өз мәтіндерін құрастырып жазады; меңгерген грамматикалық, пунктуациялық және орфографиялық нормаларға сай жазады; жеткізудің түрлі тәсілдерін (суреттер, сызбалар, кескіндер, кестелер т.б.) қолдана отырып, мәтіндер жазады; жазудың гигиеналық және каллиграфиялық дағдыларын сақтайды; өз халқының және басқа халықтардың мәдениетіне, салт-дәстүріне байланысты тақырыптарға өзінің жеке көзқарасын білдіре отырып, шағын мәтіндер құрастырады.


      Екінші тіл (қазақ/орыс тілі):


      1) тыңдалым:



      білім алушылар қарым-қатынас жасаудың әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-мәдени сын өзекті аудиовизуалды материалдардың мазмұнын түсінеді; мәтіннің тақырыбын, негізгі идеясын, мәтіндегі басты және қосалқы ақпараттың мағынасын барынша толыққанды, терең және дәл түсіне алады; қарым-қатынас жасау жағдаяттарына, қарым-қатынас орнына және қарым-қатынасқа (коммуникацияға) қатысушыларға қарай сөйлеу стильдерінің қалай өзгеретінін түсінеді; түрлі пікірлерді ескере отырып, оқиғаның/әңгіменің мазмұнын болжайды;


      2) айтылым:



      білім алушы алдын ала дайындалған жазбалар мен жоспарды пайдалана отырып, әңгіменің, оқиғаның мазмұнын жеткізеді; оқығаны, естігені жөнінде сұрақтар құрастырады және көзқарасын білдіреді; ұсынылған тақырып пен белгіленген коммуникативтік тапсырма бойынша өзара байланысқан, логикалық жүйеге құрылған хабарламаны құрастырады; қарым-қатынастың әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-мәдени саласында түрлі тілдік жағдаяттарға сай өзінің коммуникативтік ниетін білдіре отырып, диалогқа қатысады; әлемдік мұраға ұлттық мәдениеттің қосқан үлесін түсінеді және түсіндіреді;


      3) оқылым:



      білім алушы оқу түрлері мен стратегияларын пайдалана отырып, мәтіндерді оқиды; таныс емес сөздері бар мәтіннен негізгі ақпаратты, автордың шешімі мен бағасын түсінеді; көркем және көркем емес мәтіндерді ажыратып таниды; алуан түрлі дереккөздерден қажетті ақпаратты табады; идеяны, оқиғаларды және кейіпкерлер іс-әрекеттерінің себептерін түсінетінін көрсетеді; сөздіктер мен анықтамалықтарды пайдаланып, таныс емес сөздер мен фразалардың мағынасын анықтайды; қазақ және орыс әдебиетінің көркем туындыларындағы адамзаттың ортақ құндылықтарын айқындайды;


      4) жазылым:



      білім алушы тыңдалған мәтіннің, оқылған ақпараттың және көрген оқиғаның (тақырыптар, жекелеген деректер, пікірлер) қысқаша жазбаларын жасайды; тыңдалған/оқылған мәтіндегі ақпаратты үлгі бойынша жинақтайды; стильдік тиесілігін ескере отырып, мәтін құрастырады; орфографиялық, грамматикалық және пунктуациялық нормаларды ескере отырып, баяндау/баяндаусыз сипаттағы мәтіндерді құрастыру үшін тиісті лексикалық бірліктерді пайдаланады.


      Үшінші тіл:


      1) тыңдалым:



      білім алушы таныс тақырыптар бойынша қысқа әңгімелесулердің негізгі мазмұнын түсінеді, таныс сөздер мен фразалардың айтылуын ажырата алады; түстер мен сандар туралы қысқа сұрақтарды түсінеді; таныс тақырыптар бойынша қысқа әңгімелердің мазмұны мен мәнін болжау үшін мәнмәтіндік тірек сөздерді пайдаланады; баяу және айқын дыбысталып айтылған шағын әңгімелердің жалпы мәнін түсінеді;


      2) айтылым:



      білім алушы өзі туралы тіркестер мен сөйлемдер құрастырады, сұрақтар құрастырады; сұрақтарға жауап береді; заттар мен оқиғаларды сипаттағанда негізгі сөздер мен фразаларды дұрыс интонациямен және екпінмен айтады; өзіне не ұнайтынын және не ұнамайтынын айтады;


      3) оқылым:



      білім алушы қарапайым иллюстрацияланған сөздікті пайдаланады; тұрмыстық-әлеуметтік тақырыптағы көлемі шағын көркем және көркем емес мәтіндерді түсінеді; қысқа мәтіндердің негізгі ойын айқындайды; қысқа мәтіндерден нақты және детальді ақпаратты айқындайды; қазақ және шетел әдебиетінің көркем туындыларында адамзаттың ортақ құндылықтарын айқындайды;


      4) жазылым:



      білім алушы жиі қолданылатын сөздердің жазылуы мен айтылуы арасындағы айырмашылықты білетіндігін көрсете отырып, дұрыс жазады; дауыстап оқығанда жай сөйлемдерді жаза алады; сөйлем соңында тыныс белгілерін дұрыс қояды.


      14. «Математика және информатика» білім беру саласы бойынша оқудың күтілетін нәтижелері.



      Бастауыш білім беру аяқталғанда білім алушы:


      1) «цифр», «сан», «координаталық сәуле», «санның бөлшегі», «жай бөлшек», «аралас сан», «санды өрнек», «әріпті өрнек», «теңдік», «теңсіздік», «бұрыштың градустық өлшемі», «жазық бұрыш», «сыбайлас бұрыш», «пайыз», «жиын», «симметрия», «ақпарат», «объект», «файл», «папка», «затбелгі», «модель», «компьютер желісі», «Интернет» ұғымдарының мәнін; ондық санау жүйесіндегі разряд бірлік мәндерін; жазық және кеңістік геометриялық фигуралардың түрлерін және олардың элементтерін; шаршы және тік төртбұрыш периметрі мен ауданын есептеу формулалары, бірдей дәрежелі бөлшектерді қосу және азайту қағидаларын; операциялық жүйе нысандарының қызметін; ақпаратты ұсыну түрлері мен өлшем бірліктерін; компьютердің негізгі құрылғыларын, кіру мен шығу құрылымдарын; қолданбалы, сервистік бағдарламалардың және операциялық жүйенің мақсатын компьютерде жұмыс істеген кезде қауіпсіздік техникасы қағидаларын біледі;



      2) натурал сандарға, шамаларға және олардың арасындағы байланысқа қатысты арифметикалық амалдардың мәні мен ретін; шамалар арасындағы қарапайым өзара тәуелділікті; жиындардың «қиылысуы» мен «бірігуіне» қатысты операциялардың мағынасын; пайызды бөлшек санмен өрнектеуді, бөлшек сандарды пайызбен өрнектеуді; тұрақты және айнымалы шамалар арасындағы айырмашылықтарды; компьютердің негізгі бөліктерінің қолданылуы, құрылымдарының, операциялық жүйе интерфейсі элементтерінің кіру және шығу құрылғысы; компьютерлік техниканың адам денсаулығына тигізетін әсері; ақпаратты және құрылымдарды зиян келтіретін бағдарламалардан қорғаудың маңыздылығы; ақпараттың авторларға сілтеме жасалған ілеспе қажеттілігін түсінеді;



      3) өрнектер жазу үшін, санды өрнектерді түрлендіру үшін, есептер шығару үшін математикалық символдарды, арифметикалық амалдар мен қасиеттерді; натурал сандар мен арифметикалық амалдарды ауызша және жазбаша есептеу амалдарын; шамалардың стандартты және стандартты емес өлшем бірліктерін (ұзындық, аудан, көлем, масса, уақыт); шамаларды өлшеу құралдарын; есеп шарттарын жазудың математикалық тілі мен графикалық модельдерін; теңдеулер мен теңсіздіктерді шешу алгоритмдерін; периметр мен ауданды есептеу формулаларын (шаршының, тік төртбұрыштың, тікбұрышты үшбұрыштың); жиын элементтері арасындағы қатынастарды көрсету үшін Венн диаграммасын; санның бөлігін және оның бөлігі бойынша санды табу білігін; ақпаратты жинауға, сақтауға, өңдеуге және жеткізуге арналған ақпараттық-коммуникациялық құралдарды; ақпараттың алуан түрлерімен жұмыс істеуге, модельдер құруға арналған қолданбалы бағдарламаларды; алға қойылған міндеттерді шешу үшін интернет қызметін; компьютерде жұмыс істеу қағидаларын қолданады;



      4) ауызша және жазбаша санаудың рационалды тәсілдерін; геометриялық фигуралардың ерекшеліктерін; сандық өрнектер мен айнымалысы бар өрнектердің мәндерін салыстыру нәтижесін; әртүрлі шамалар арасындағы тәуелділіктер (сан, баға, құн, жылдамдық, уақыт, арақашықтық, еңбек (жұмыс) өнімділігі, жұмыс ұзақтығы, жұмыс көлемі); заңдылықтарды және тізбектің жетіспейтін элементтерін табуды; күрделі емес комбинаторикалық және логикалық есептерді; есеп шартының сызба, кесте түрлеріндегі жазбасын; санаумен, өлшеумен байланысты деректер мен нәтижелерді; қолданбалы бағдарламалардың мүмкіндіктерін; желіде этикалық және құқықтық нормалардың бұзылу салдарын; мәлімделген талаптарға сәйкес іріктеп, түрлі дереккөздерден алынған ақпаратты талдайды;



      5) заттарды олардың белгілері мен кеңістіктегі орналасуына қарай сыныптауышын; шамалар арасындағы тәуелділіктің математикалық моделін; шынайы әлемнің нақты нысандары мен үдерістерінің бейнелер мен сызбалар түріндегі ең қарапайым модельдерін; ұсынылған мәліметтер немесе математикалық модельдер бойынша есеп құрастырады және оған кері есеп құрайды; берілген заңдылықтар бойынша тізбек құрастырады; практикалық міндеттерді шешу үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданып, нысандар мен жағдаяттардың модельдерін; қолданбалы бағдарламалар мен желілік қызметтердің мүмкіндіктері туралы білімдерін түрлі міндеттерді шешу үшін жинақтайды;



      6) өлшем нәтижелерін; сандар, шамалар, геометриялық фигуралар туралы қарапайым тұжырымдардың ақиқаттылығын немесе жалғандығын; графика, кесте, диаграмма түрінде берілген деректерді; модельдің берілген критерийлерге сәйкестігін; қолданбалы бағдарламалар мен желілік қызметтердің түрлі міндеттерді шешуде пайдалану мүмкіндіктерін бағалайды.



      15. «Жаратылыстану» білім беру саласы бойынша оқытудың күтілетін нәтижелері.



      Бастауыш білім беру аяқталғанда білім алушы:


      1) Күн жүйесінің ғаламшарларын және олардың ерекшеліктерін; Жер мен оның табиғаты туралы, Ғалам туралы негізгі жаратылыстану түсініктерін; ғылыми таным әдістерін: бақылау, эксперимент, тәжірибе; зерттеуді жоспарлау мен жүргізу барысындағы қауіпсіздік техникасы негіздерін; апатты табиғи құбылыстар кезінде әрекет жасау қағидаларын; адамның, өсімдіктердің, жануарлар мен саңырауқұлақтардың өмірлік циклдерін; адамның, өсімдіктердің, жануарлар мен саңырауқұлақтардың негізгі органдарының құрылымы мен орналасу ерекшеліктерін және олардың функцияларын; өсімдіктердің, жануарлар мен саңырауқұлақтардың жіктелуін; фотосинтез процесінің негіздерін; жарықтың кейбір қасиеттерін; кейбір физикалық күштерді және олардың пайда болу себептерін; қуаттың кейбір түрлерін; Жер бетінде кеңінен таралған заттектердің құрамы мен қасиеттерін; түрлі денелердің қасиеттерін және олар қолданатын кейбір салаларды; пайдалы қазбалардың негізгі түрлерін және олардың маңызын, Қазақстан Республикасындағы пайдалы қазбалардың негізгі кеніштерін біледі;



      2) макро- және микроәлем ұғымдарының мәнін; қоршаған ортаға қамқорлықпен қараудың және жер бетіндегі биоалуантүрлілікті сақтаудың маңыздылығын; жеке бас гигиенасын сақтаудың қажеттілігін; ағзаның қорғану функцияларын; табиғат компоненттерінің тірі ағзалар үшін маңызын; қоршаған ортаға енудің құралы ретіндегі ағзалар ерекшеліктерін; омыртқалы және омыртқасыз жан-жануарлардың қарапайым айырмашылықтарын; табиғат ресурстарын ұтымды пайдаланудың қажеттілігін түсінеді;



      3) табиғи объектілерді, процестер мен құбылыстарды зерделеу үшін кейбір зерттеу әдістерін; табиғи объектілерді, құбылыстар мен процестерді өлшеудің стандартты және стандартты емес бірліктерін; табиғи объектілерді, процестер мен құбылыстарды өлшеудің қарапайым құралдарын; жүргізген зерттеулерді түсіндіруге қажет тиісті ғылыми терминологияны; өзі тұрып жатқан жердегі өсімдіктер мен жан-жануарларды жіктеу үшін олардың қарапайым белгілері туралы білімді қолданады;



      4) табиғат компоненттері арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды; материалдарды қолдану мүмкіндіктерін айқындау үшін олардың қасиеттерін; белгілі бір аумақтың жануарлар мен өсімдіктер әлемін; алуан түрлі өмір сүру орталарының ұқсастығы мен айырмашылығын; өз зерттеулеріндегі және түрлі дереккөздерден алынған материалдарды талдайды;



      5) тірі және өлі табиғаттың объектілері мен құбылыстарына зерттеу жүргізуді жоспарлау және өткізу үшін алынған білімі мен дағдыларын; сурет, сызба, графиктер, диаграммалар, кестелер түріндегі ақпараттық материалдарды; қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қатысты идеяларды; микро- және макроәлемнің объектілері, құбылыстары мен процестерінің имитациялық және географиялық үлгілерін жинақтайды;



      6) табиғи объектілердің, құбылыстар мен процестердің даму факторлары мен жағдайын; адамның әрекеті мен қоршаған ортаның жағдайына ғылыми-техникалық прогрестің салдары; ғылыми-техникалық прогрестің адамның тіршілік әрекетіне әсері; жасалған болжамға өз зерттеулерінен алынған нәтижелердің сәйкестігін бағалайды.



      16. «Адам және қоғам» білім беру саласы бойынша оқытудың күтілетін нәтижелері.



      Бастауыш білім беру аяқталғанда білім алушы:


      1) білім алушының күнделікті өмірі өтетін отбасының, мектеп қоғамдастығының құрылымын, құрамы мен функциясын; адамның ең негізгі әлеуметтік функцияларын; «адам – қоғам» өзара байланысы туралы бастапқы мәліметтерді; «қауіпсіздік», «денсаулық» ұғымдары және олардың басты белгілерін; жеке тұлғаның, отбасының, қауымдастықтардың және тұтас қоғамның ерекшеліктерін және олардың адам өміріндегі маңызы мен атқаратын рөлін; тұтыну тауарларының негізгі түрлерін және олардың құрамын; Қазақстанның тарихы мен географиясы туралы жалпы мәліметті; Қазақстан халқы мен Қазақстан халықтарының негізгі дәстүрлері мен фольклорын; Қазақстанның әлемдегі орны мен рөлін; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін; жалпыадамзаттық құндылықтарды; оң және достық қарым-қатынас жасау қағидаларын, этикет қағидаларын, мектеп оқушысының құқықтары мен міндеттерін, саламатты өмір салтының қағидаларын біледі;



      2) адамның сыртқы белгілерінің себептілік шарттылығын; өзінің Қазақстанның жас азаматы ретіндегі және белгілі бір ұлт өкілі ретіндегі өзінің азаматтық болмысын; отбасының, туған жері мен Атамекенінің құндылығын; көпұлтты қазақстандық қоғамның құндылығын; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің маңызын; қоғамдағы адамның адамгершілік мінез-құлық нормаларын; өз өмірінің мектеп өмірімен, ауыл, қала өмірімен, тұтас ел өмірімен тығыз байланыста екендігін; қоғамға қызмет етудің маңыздылығын; әртүрлі тұрғылықты жер түрлерінің функционалдық және құрылымдық ерекшеліктерін; өз ойы мен сөзінің, іс-әрекетінің бір жерден шығуына өз жауапкершілігін; ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың мәнін; адам өміріндегі және қоғам дамуындағы саяхаттардың рөлін; адамның өзін тануы мен өзін дамытудың маңыздылығын; «еңбек», «өзара түсіністік», «өмірге қуанышпен қарау», «қиындыққа мойымау», «мейірімділік», «жомарттық», «кең пейілділік», «патриоттық», «шығармашылық» ұғымдарының мазмұнын және маңыздылығын; саламатты өмір салтын ұстануы керектігін; табиғаттың өмірлік қуат көзі ретіндегі мәнін; табиғатқа қамқорлық көрсетудің маңызын түсінеді;



      3) таным әдістерін қоғамдық процестер мен құбылыстар зерттеу үшін, оқу тапсырмалары мен шығармашылық, танымдық, зерттеу, жобалау сипатындағы жұмыстарды орындау үшін; қарапайым қаржылық қарым-қатынастардағы жеке басының тәжірибесі мен білімін; саламатты өмір салты туралы, жеке бас гигиенасы туралы, тамақтану және күн тәртібі туралы білімін; дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету туралы қарапайым білімін; қоршаған ортаға бейімделудегі өзінің жеке және қоғам тәжірибесін; отбасында және ұжымда өзара оң және достық қарым-қатынасты сақтау мақсатындағы қатынас қағидаларын қолданады;



      4) Қазақстанның әлемдегі орнын; қазақ халқының және елде тұрып жатқан басқа да ұлт өкілдерінің мәдени және салт-дәстүрлерінің ортақ және ерекше белгілерін; жеке тұлғаның, отбасының, мектеп қауымдастығының даму факторларын; адам өміріндегі негізгі ресурстардың мәнін; денсаулық пен қауіпсіздік факторларын; адамның көңіл-күйінің, сезімі мен адамдар іс-әрекетінің көрінісі, олардың себеп-салдарын; өзіндік эмоционалдық күйін талдайды;



      5) қоғамдық құбылыстар мен процестерді жүйелеу және топтастыру үшін білімі мен дағдыларын; қоғамның кейбір өзекті проблемаларын айқындау үшін білімі мен дағдыларын; кеңістікте (орын), уақытта (хронологияда), әлеуметтік ортада (қоғамда) бағдарлануы үшін жеке шешімдерін; отбасылық, тұлғааралық және қоғамдық салаларда коммуникация модельдерін; өмір қауіпсіздігі, саяхатты ұйымдастыру бойынша өз жобаларын, өзіндік рухани-адамгершілік дамуы бойынша шешімдерін жинақтайды;



      6) адамгершілік нормасы тұрғысынан өзінің мінез-құлқы мен айналадағы адамдардың істерін; отбасының, қоғамның, мемлекеттің әрбір адам өміріндегі маңыздылығын; заманауи өмірдегі дәстүр мен фольклордың рөлін; тұтыну заттарының маңыздылығы мен құны бойынша құндылығын; сабақта өз жұмысына қанағаттану дәрежесін; тұлғааралық, қоғамдық және қаржы-экономикалық қарым-қатынас саласында өзінің ілгерілеу деңгейін, өзінің эмоциялық және физикалық қалпын; адамдардың тәртібін жалпы қабылданған адамгершілік нормалары тұрғысынан бағалайды.



      17. «Технология және өнер» білім беру саласы бойынша оқытудың күтілетін нәтижелері.



      Бастауыш білім беру аяқталғанда білім алушы:


      1) сызықтардың және формалардың негізгі түрлерін; негізгі және қосымша түстерді; сурет салуға және сәндік-көркем жұмыстарға керекті негізгі материалдар мен құралдарды; өнердің негізгі түрлері мен жанрларын; өнердің әр алуан түрлері бойынша жұмыс істеудің негізгі техникаларын; әлемдік және отандық суретшілердің кейбір үздік туындыларын; музыкалық сауаттылықтың негіздерін; музыкалық мәнерліліктің басты құралдарын; вокалдық және аспаптық жанрлар мен стильдерді; қазақтың халық аспаптарын және әлем халықтарының аспаптарын; қазақ халық музыкасының, Қазақстан сазгерлерінің және әлемнің басқа елдерінің ән және аспаптық репертуарларының кейбір үлгілерін; қарапайым музыкалық импровизациялар жасаудың тәсілдерін біледі;



      2) өнердің өмірмен байланысын; орындау техникасының өнердің түрімен, стилімен, жанрымен байланысын; Қазақстанның сәндік-көркем өнеріндегі ұлттық салт-дәстүрлердің ерекшеліктері мен маңызын; қазақ халқының мәдениеті мен басқа да халықтардың мәдениеттеріндегі өнер туындыларының маңызын; қазақ халқы мен басқа да халықтардың ұлттық музыкалық дәстүрлерінің ерекшеліктері мен маңызын; музыкалық туындылардағы берілетін идеяларды, сезімдерді, көңіл-күйлерді; халықтық және сазгерлік музыканың ерекшеліктерін түсінеді;



      3) заттарды бейнелеудегі перспектива және композиция заңдарын; қарапайым көркем жұмыстарды жасау үшін, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, шығармашылық идеяларды; көркем және техникалық еңбек өнімдерін жасау үшін түрлі көкемдік жұмыс құралдары мен техникаларын; шығармашылық жұмысты орындаудағы өнер туындыларының түрлері, жанрлары мен стильдері бойынша білімін; техникалық қауіпсіздік қағидаларын; қарапайым вокалдық және аспаптық импровизациялар мен аранжировкаларды жасауға арналған музыкалық мәнерлілік құралдарын; жеке және ансамбльмен ән айту, музыкалық аспаптарда ойнау дағдыларын қолданады;



      4) өзіндік жұмысты ұйымдастыру үшін өнердің алуан түрі бойынша ақпаратты; қазақ халқының және әлемнің басқа да халықтары өнерінің стильдері мен жанрларын; эксперименталдық, зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған материалдар мен аспаптардың қасиеті мен сапасын; бейнелеу өнері, техникалық және көркем еңбек бойынша шығармашылық жобаларды; композиторлық музыканың стильдері мен жанрларының ұқсастықтары мен айырмашылықтарын; қарапайым эксперименталдық жұмыстарды орындау және музыкалық импровизация мен аранжировкаларды жасау үшін дыбыстардың қасиеттерін талдайды;



      5) бейнелеу өнері, техникалық және көркем еңбек бойынша, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып шығармашылық жобаларды; негізгі және аралас техникада алуан түрлі материалдар мен құралдарды, жұмыс істеудің тәсілдері мен амалдарын қолдана отырып көркем жұмыстарды; музыкалық шығармалардың қарапайым импровизациясы мен аранжировкаларын; зерттеулер нәтижесі бойынша шығармашылық идеяларды жинақтайды;



      6) көркем жұмыстардың және музыкалық шығармалардың негізгі мақсатын, образдары мен идеяларын; жеке/ұжымдық орындалған көркем және техникалық еңбек туындыларын, музыкалық шығармаларды, импровизациялар мен аранжировкаларды бағалайды.



      18. «Дене шынықтыру» білім беру саласы бойынша оқытудың күтілетін нәтижелері.



      Бастауыш білім беру аяқталғанда білім алушы:


      1) ағзаның дамуына ықпал ететін негізгі дене шынықтыру жаттығуларын, оларды орындаудың қағидалары мен техникасын; дене шынықтыру жаттығуларын орындау барысындағы техникалық қауіпсіздік қағидаларын; сергіту жаттығулары мен ширатып шынықтыру жаттығуларын орындау қағидаларын; дене жаттығуларын орындау кезіндегі ағзадағы өзгерістерді бақылау тәсілдерін; дене даярлығын жақсарту үшін дене бөліктері мен бұлшық еттерді дамыту әдістерін біледі;



      2) дене шынықтырудың денсаулықты нығайтудағы маңызын; дене шынықтыру мен спорттың елдің дамуындағы және сол үшін мақтаныш сезімін қалыптастырудағы рөлін; орындалатын жаттығулардың күрделілік деңгейін; түрлі физикалық жүктемелердің талап етілетін қарқындылығына қол жеткізу қажеттілігін; дене, психикалық және эмоциялық саламаттылықты сақтау мен қолдаудың маңызын; түрлі дене жаттығуларын орындау кезінде туындайтын тәуекелдерді түсінеді;



      3) келісілген мақсаттарға қол жеткізу үшін өзіндік/бірлескен жұмысты орындау дағдыларын; кешенді дене жаттығуларын орындау кезінде қолданылатын композициялық амалдар мен ережелер туралы білімін; уақытты, кеңістікті, дағды мен қозғалыс координацияларын түсінетінін көрсете отырып, дене жаттығуларын орындаудың дұрыс бірізділігін; дене дамуындағы кемістіктерді және денсаулық үшін ықтимал тәуекелдерді жоятын арнайы жаттығуларды; дұрыс тамақтану мен қозғалу режимінің негізгі қағидаттарын қолданады;



      4) болашақ оқуды және мінез-құлқын басқару үшін топта дене шынықтыру жаттығуларын орындаудағы өзінің жетістіктері мен тәжірибесін; дене шынықтырудың әр түріндегі жеке қабілеттерін және сенімділігін жақсарту; ортақ мақсатқа қол жеткізудегі ынтымақтастық және әділ жарыс жағдаяттарын талдайды;



      5) қозғалыс түрлерінен тұратын белгілі бір қозғалыстар комбинацияларын, сондай-ақ түрлі спорт тактикаларын пайдалана отырып стратегияларды; дене шынықтырудың алуан түрлі жағдаяттарына бейімделу үшін білім мен дағдыларды жинақтайды;



      6) әртүрлі физикалық жүктемелерді орындау кезінде туындайтын қиындықтар мен тәуекелдерді; өзінің және өзгелердің физикалық мүмкіндіктерін; мектепішілік және мектептен тыс спорттық іс-шараларға қатысу үшін өзінің мүмкіндіктерін бағалайды.



      19. Білім алушыларға үй тапсырмалары олардың орындау мүмкіндіктерін ескере отырып беріледі, 2-3-сыныптарда 1,5 сағаттан, ал 4-сыныптарда – 2 сағаттан (астрономиялық сағатта) аспайды.



      20. Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау критерийлік бағалау арқылы жүзеге асырылады. Критерийлік бағалау нақты айқындалған, оқу процесіндегі барлық оқушыларға алдын ала белгілі бағалау критерийлерімен (формативті бағалаудағы табыс критерийі және жиынтық бағалаудағы балдарды қою критерийі) білім алушылардың оқу жетістіктерін білім берудің тиісті мақсаттарымен және мазмұнымен салыстыруға негізделген.



      21. Бағалау әр тақырыптық бөлім бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін тексеру негізінде нақты оқу пәні бойынша оқу жоспарларында көрсетілген оқу мақсаттары жүйесіне сәйкес жүзеге асырылады.



      22. Критерийлік бағалау жүйесі үш бағалауды қамтиды: формативті бағалау, ішкі жиынтық бағалау, сыртқы жиынтық бағалау.



      23. Бастауыш білім беру деңгейінде бағалау формативті және ішкі жиынтық бағалауды пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Бастауыш білім беру деңгейінде сыртқы жиынтық бағалау жүргізілмейді.



      24. Бастауыш білім берудің оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың оқу жетістіктерін критерийлік бағалау тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.



      25. Даму мүмкіндігі шектеулі білім алушылардың білім алуы, даму бұзушылықтарын түзету және әлеуметтік бейімделуі үшін жағдай жасалады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет