Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2019 жылғы «___» ___________
№ __ бұйрығына
10-қосымша
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2013 жылғы 3 сәуірдегі
№ 115 бұйрығына 206-қосымша
Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған
«Қазақстан тарихы» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы
1-тарау. Жалпы ережелер
Оқу бағдарламасы «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №604 бұйрығымен бекітілген Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17669 болып тіркелді).
Тарихи сана – тарихты білу, тарихи тәжірибе мен оның сабақтарын ұғынып түсіну, әлеуметтік болжау, өз іс-әрекеті үшін тарихи жауапкершілікті түсіну. Оқу-тәрбие процесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын тарихи білім тұлғаның, азамат пен патриоттың қалыптасуынакөмектеседі.
«Қазақстан тарихы» оқу пәнінің мазмұны әлем тарихындағы Қазақстанның алатын орны мен рөлін, оның жалпыәлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесін түсінуге мүмкіндік береді.
«Қазақстан тарихы» оқу пәнінің мақсаты – білім алушылардың бойында тарихи сана, қазақстандық патриотизм, өз елінің тарихы мен мәдениетіне құрмет, өз ата-бабаларының жетістіктеріне деген мақтанышсезімін қалыптастыру, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды дарыту, зерттеушілік, ойлау, коммуникативті дағдыларды дамыту.
Оқу пәнінің міндеттері:
1) Қазақстан аумағындағы ежелгі заманнан бастап бүгінгі күнге дейінгіқоғамның әлеуметтік, мәдени, саяси, экономикалық дамуының негізгі кезеңдері мен ерекшеліктері туралы білімін қалыптастыру;
2) Қазақстанның тарихи дамуы барысында қалыптасқан ұлттық құндылықтар жүйесі туралы білім беру;
3) Қазақстанның тарихи дамуының негізгі оқиғалары, құбылыстары мен процестердің мәні туралы түсінік қалыптастыру;
4) тарихи оқиғаларды, құбылыстар мен процестерді және тарихи тұлғалардың қызметін Отандық тарих контекстінде сын тұрғысынан талдау және баға беру дағдыларын қалыптастыру мен дамыту;
5) тарихи деректердің негізінде дәлелді пайымдау дағдыларын дамыту;
6) тарихи зерттеу жүргізу дағдыларын қалыптастыру мен дамыту (гипотезаларды ұсыну, зерттеу сұрақтарын құрастыру, деректерді талдау, әртүрлі көзқарастарды салыстыру, нәтижелер мен қорытындыларды шығару, өзінің ұстанымын анықтау);
7) қазіргі кездегі саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени процестерде бағдарлану үшін тарихи білімдерін қолдана білу дағдыларын қалыптастыру;
8) коммуникативті дағдыларды қалыптастыру, өз ойын ауызша және жазбаша түрде анық білдіру, командада жұмыс істей алу, түрлі деректерден алынған ақпараттарды қоса алғанда,жарияланым мен электронды құралдарды қолдану.
2-тарау. «Қазақстан тарихы» оқу пәнінің мазмұнын ұйымдастыру
6. «Қазақстан тарихы» оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің жоғары шекті көлемі:
5-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағат;
6-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағат;
7-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағат;
8-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағат;
9-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағат;
9-сынып (өтпелі кезең) – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағат.
Оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі «Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу жоспарына тәуелді (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 болып тіркелді).
7. «Қазақстан тарихы» оқу пәнінен білім мазмұны бөлімдер арқылы қамтылған. Аталған бөлімдер сыныптар бойынша оқу мақсаттарын қамтитын бөлімшелерден тұрады.
8. Оқу пәнінің білім мазмұны төрт бөлімді қамтиды:
әлеуметтік қатынастардың дамуы;
мәдениеттің дамуы;
мемлекеттің дамуы;
Қазақстанның экономикалық дамуы.
9. «Әлеуметтік қатынастардың дамуы» бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:
этникалық қатынастар;
әлеуметтік қатынастар.
10. «Мәдениеттің дамуы» бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:
дүниетаным мен дін;
өнер мен әдебиет;
білім және ғылым.
11. «Мемлекеттің дамуы» бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:
мемлекеттің ішкі саясаты;
мемлекеттің сыртқы саясаты.
12.«Қазақстанның экономикалық дамуы» бөлімі келесі бөлімшелерден тұрады:
шаруашылық;
өндірістік қатынастар және сауда.
13. Оқу мақсаттары әр бөлімше ішінде мұғалім мен білім алушыға болашақ қадамдары жөнінде өзара ой бөлісуге, оларды жоспарлау мен бағалауға мүмкіндік беретін бірізділік пен сабақтастықты көрсетеді.
14. Оқу бағдарламасы базалық тарихи ойлау дағыдыларын: тарихи деректердің интерпретациясы, уақыт пен кеңістікте бағдарлану, тарихи талдау және түсіндіруді қалыптастыруға бағытталған.
15. «Қазақстан тарихы» оқу пәні бойынша тарихи ойлау дағдыларын қалыптастыру және оқу мақсаттарын тиімді жүзеге асыру төмендегі тарихи концептілерге (түсініктерге) негізделеді:
1) өзгеріс пен сабақтастық;
2) себеп пен салдар;
3) дәлел;
4) ұқсастық пен айырмашылық;
5) маңыздылық;
6) интерпретация.
16. Тарихи концептілер негізінде оқытудың қүтілетін нәтижелері:
1) «Өзгеріс пен сабақтастық» бойынша білім алушылар: сабақтастық пен өзгеріске қатысты тарихи мысалдарды уақыт пен кеңістікте талдайды және бағалайды, сабақтастық пен өзгеріске қатысты тарихи мысалдарды ұзақ уақыт бойы ауқымды тарихи процестер мен тақырыптарға дейін біріктіреді, тарихи оқиғалар мен процестердің белгілі бір уақыт межесінде жүйеленуі мен ұйымдасуының негізін (критерийлер) түсіндіреді;
2) «Себеп және салдар» бойынша білім алушылар: бір немесе бірнеше себептердің және/немесе ықпалдардың өзара әрекеттесуін талдайды және бағалайды; ұқсастықтарды, себеп-салдарды, өзара байланысты көрсете отырып тарихи себептілікті түсінеді, тарихи құбылыс, оқиға немесе процесті басқа ұқсас тарихи құбылыстармен уақыт пен кеңістікте байланыстырудың әдістерін түсіндіреді және бағалайды;
3) «Дәлел» бойынша білім алушылар: қарастырылып отырған дәлелге қатысты: аудитория, мақсаттар, көзқарастар, формат, аргумент, шектеулер және контекст сынды тарихи айғақтың ерекшеліктерін талдайды, тарихи айғақтарды талдау және бағалау негізінде дәйекті қорытынды жасайды, өткен заман туралы объективті түсінік қалыптастыру мақсатында түпнұсқалық және қосалқы деректерден әртүрлі, қарама-қайшы айғақтарды талдайды;
4) «Ұқсастық пен айырмашылық» бойынша білім алушылар: белгілі бір жерде, белгіленген бір уақыт кезеңінде және/немесе әртүрлі қоғамдарда, немесе бір қоғамның ішіндегі өзара байланысқан тарихи оқиғаларды салыстырады.
5) «Маңыздылық» бойынша білім алушылар: қоғамның дамуы үшін тарихи оқиғаның, құбылыстың, процестің маңыздылығын анықтайды;
6) «Интерпретация» бойынша білім алушылар: белгілі бір тарихи оқиғаға, құбылысқа, процеске қатысты әртүрлі көзқарастарды түсіндіреді және бағалайды.
Достарыңызбен бөлісу: |