32-бап. Техникалық және кәсіптік білім беру 1. Техникалық және кәсіптік білім беру негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім беру базасында кәсіптік лицейлерде, училищелерде, колледждерде және жоғары техникалық мектептерде жүзеге асырылады.
Техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардағы оқу процесі оқу-өндірістік шеберханаларында, оқу шаруашылықтары мен оқу полигондарында өндірістік оқыту шеберінің басшылығымен орындалатын теориялық сабақтарды және өндірістік оқытуды қамтиды.
2. Кәсіптік оқыту тікелей өндірісте, оқу-өндірістік комбинаттарында, оқу орталықтарында, курстарда, білім беру қызметін жүзеге асыру құқығына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген лицензиясы бар болған кезде және жұмысшылар даярлауды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың оқу-өндірістік құрылымдарында жүзеге асырылуы мүмкін.
33-бап. Орта білімнен кейінгі білім беру Орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары негізгі түрі колледж болып табылатын білім беру ұйымдарында іске асырылады.
Орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша мамандарды даярлау, тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін гуманитарлық мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.
34-бап. Жоғары техникалық мектептер Жоғары техникалық мектептер техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі интеграцияланған білім беретін оқу бағдарламаларын іске асырады.
35-бап. Жоғары білім беру 1. Жоғары білімді жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімі бар азаматтар алады. Азаматтың конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар.
2. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары негізгі түрлері университет, академия, институт және оларға теңестірілгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) болып табылатын жоғары оқу орындарында іске асырылады.
Инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізетін университеттер инновациялық университеттер болып табылады.
Жоғары оқу орындарының филиалдары, лицензиялануға жататын білім беру қызметінің кіші түрлерін қоспағанда, білім беру қызметін жүзеге асыруға құқылы.
3. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгеру бойынша қорытынды аттестаттаудан табысты өткен білім алушыға біліктілік және (немесе) “бакалавр” академиялық дәрежесі беріледі.
4. Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ғылыми-қолданбалы зерттеулерді жүргізу үшін жоғары оқу орындары инновациялық-білім беру консорциумын құруға және (немесе) оған кіруге құқылы.