6-тарау. БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ СУБЪЕКТІЛЕРІ 40-бап. Білім беру ұйымдары 1. Бір немесе бірнеше білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын және (немесе) білім алушыларды, тәрбиеленушілерді асырау мен тәрбиелеуді қамтамасыз ететін заңды тұлғалар білім беру ұйымдары болып табылады.
Білім беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар (құрылтайшылар) құрады.
Білім беру ұйымдарының қызметі тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелерімен және солардың негізінде әзірленген жарғылармен реттеледі.
2. Білім беру ұйымдарында білім беру қызметін жүргізу құқығы лицензия алған кезден бастап туындайды және соттың лицензиядан айыру туралы шешімі заңды күшіне енген немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен лицензия жарамсыз деп танылған сәттен бастап тоқтатылады.
3. Білім беру ұйымының мәртебесін (үлгісін, түрін) оның құрылтайшылары айқындайды және осы Заңның талаптары, білім беру қызметін лицензиялау кезіндегі біліктілік талаптары, тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелері ескеріле отырып, оның жарғыларында көрсетіледі.
4. Білім беру ұйымдары үлгілері мен түрлерінің номенклатурасын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
5. Медициналық білім беру ұйымдары қаржыландырылуы Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылатын клиникалық базасы бар болған кезде ғана жұмыс істеуі мүмкін.
Клиникалық базалар туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
41-бап. Білім беру ұйымының жарғысы 1. Білім беру ұйымының жарғысы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген талаптардан басқа, мыналарды:
1) іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларының тізбесін;
2) білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібін;
3) білім беру процесін ұйымдастыру тәртібін (оның ішінде оқыту және тәрбиелеу тілін (тілдерін), білім алушылардың, тәрбиеленушілердің сабақ режимін);
4) білімдерді ағымдағы бақылау, білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттау жүйесін, оларды өткізудің нысандарын және тәртібін;
5) ақылы қызмет көрсетудің тізбесін және тәртібін;
6) білім беру ұйымының білім алушылармен, тәрбиеленушілермен және (немесе) олардың ата-аналарымен және өзге де заңды өкілдерімен қатынастарын ресімдеу тәртібін қамтуға тиіс.
2. Білім беру ұйымының жарғысында оның қызметіне қатысты және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер қамтылуы мүмкін.
3. Білім беру ұйымының жарғысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітіледі.