38-бап. Білім алушылардың кәсіптік практикасы 1. Білім алушылардың кәсіптік практикасы мамандар даярлайтын кәсіптік оқу бағдарламаларының құрамдас бөлігі болып табылады.
Кәсіптік практика тиісті ұйымдарда жүргізіледі және оқыту процесінде алған білімдерді бекітуге, практикалық дағдыларды игеруге және озық тәжірибені меңгеруге бағытталған.
2. Кәсіптік практиканың түрлері, мерзімдері мен мазмұны жұмыстық оқу бағдарламаларымен және жұмыстық оқу жоспарларымен айқындалады.
3. Кәсіптік практиканы өткізу үшін білім беру ұйымдары шарттық негізде практиканың базасы ретінде ұйымдары айқындайды, олармен практиканы өткізудің келісілген бағдарламалары мен күнтізбелік кестелерін бекітеді.
Шарттарда білім беру ұйымының, практиканың базасы болып табылатын ұйымдардың және білім алушылардың міндеттері мен жауаптылықтары айқындалады.
4. Кәсіптік практикаға кететін шығындар білім беру ұйымдарында және практиканың базасы болып табылатын ұйымдарда көзделеді және жасасылған шарттармен айқындалады.
5. Практиканың базалары болып табылатын ұйымдармен шарттар білім алушылардың кәсіптік практикасын өткізуге арналған шарттардың үлгілік нысаны негізінде жасасылады.
39-бап. Білім беру туралы құжаттар 1. Лицензиясы бар, мемлекеттік аттестаттаудан өткен және негізгі орта, жалпы орта, техникалык және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қорытынды аттестаттаудан өткен азаматтарға білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттар береді.
Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды толтыруға қойылатын талаптарды білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2. Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттың болуы келесі деңгейдегі білім беру ұйымдарында білім алуды жалғастыру үшін қажетті талап болып табылады.
3. Білім алуды аяқтамаған не қорытынды аттестаттаудан өтпеген азаматтарға белгіленген үлгідегі анықтама беріледі.
4. Шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттар (келісімдер) негізінде танылады.
Халықаралық шарттар (келісімдер) болмаған кезде азаматтардың шетелдік білім беру ұйымдарында алған білімі туралы құжаттарын нострификациялау және оларға тиісті куәліктерді беру білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.